Шымкенттен бір кісі хабарласып жатыр. Тегінің Тама екендігін ғана біледі. Кентау жақтағы Ащысайда Өмірбек деген тама болыпты, қырманда есеп-қисап жағында қызмет істеген. Әйелі Сіргелі-Қарабатырдың қызы Ұлдан деген болады. 1941 жылы Өмірбек пен Ұлдан ажырасып кетеді. Ұлдан төркініне Шаянға кетеді, соңында баласы Нышанбай бар (іште кетіпте қалуы мүмкін). Шаянға келген соң Ұлдан басқа адамға тұрмысқа шығады. 1959-1960 жылдары Ащысайдан аттылы 4 адам келеді. "Ұрпағымызды алып кетуге келдік. алшын, тамамыз" деген секілді. Бала бара қоймайды.
Нышанбай қайтыс боларында "Мен Тамамын, әкем Өмірбекті табыңдар" дейді. Нышанбайдың баласы Қайрат Ащысайға барады. Өмірбек деген кісіні білетін 90-нан асқан қария табылған, ертеректе қырманда істеген, кейін Созақ жағына, әлде Сарысу жағына көшіп кеткен дейді.
Өмір бойына сіргелі болып келген едік, бірақ бала кезімде сыртымыздан "Бұлар сіргелі емес" деп айтатындығын байқаушы едік, ол кезде мән бермедік. Енді ата тегімді тапқым келеді. Осындай тарихтан кімнің хабары бар?