Созақтық ақын Елнұр Қайратұлының Абайдың 175 жылдығына орай шығарған шығармасы. Шығарманы оқу үшін, бейнебаянды тамашалау үшін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Жас ақынның алар асулары әлі алда, үлкен шығармаларды өмірге алып келетіндігіне, шығармаларының елден лайықты бағасын аларына сенеміз.

Абай – дана, дара – тұлға, данышпан,
Жарық жұлдыз шашыраған ғарыштан.
Білімімен бойға жиған ғұмырлық,
Бірмен емес, мыңмен жалғыз алысқан!

Ұлы Абай төлқұжаты қазақтың,
Ал, Абайсыз айтыңызшы қазақ кім?
Әрбір сөзі айнасындай қоғамның,
Шындық туын биік қойған ғажап тым.

Ұлы ойшыл заманының көреген,
Жастайынан өнерді де елеген.
Дарыды ма қасиеті бойдағы,
Ақ жаулықты асыл әже Зереден.

Абай – ұстаз! Білім нәрін жаудырған,
Шабыт алған биік Шыңғыс тауынан.
Түркі жұрты білетұғын әйгілі,
Шәкәрімді ұлылыққа баулыған.

Аудармашы, саналы да ой төккен,
Пушкинді де біздің тілде сөйлеткен.
Онегинге жазған хатын қазақша,
Жолдап еді Татьяна бойжеткен.

Күміс айы желсіз түнде жарқырап,
Терең сайы, өзені де сән құрап.
Ауыл маңы ұлы сазгер Абайға,
Тұрды ме екен шабыт беріп ән сұрап?..

Өзі айтқан жұмбақ жан талайға да,
Болғаны мың ықпалы маңайға да.
Түсінбеген оны ешкім заманында,
Тек Абайды түсінген Абай ғана!

Айтсамда мен, айтпасамда мұны бір,
Сылтау емес карантинің құрығыр.
Бүкіл әлем тойлатуға тиісті,
Биыл дана, Ұлы Абай жылы бұл!!