Байшора Өтешов

Байшора Қыздарбекұлы Өтешов (1909-1942) – екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы.
1909 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы Меңғұл ауылында туған. Жамбыл облысы Меркі ауданынан 1942 жылдың 8 шілдесінде Ұлы Отан соғысына аттанған. 30.11.1942 жылы Украинаның Кировоград облысы Александров ауданындағы Березовка ауылы түбінде хабар-ошарсыз кеткен. Осы соғыстан туған жеріне оралмады. Соғысқа кіргеннен кейін отбасына жазған хатын бұл күнде Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұратын ұрпақтары осы күнге дейін қастерлеп сақтап келеді. Сіздердің назарларыңызға осы өлеңмен жазылған хатты ұсынғымыз келеді.


Байшора, жол үстінде жазған хатым,
Бір Алла салғай бізге махаббатын.
Жүрегім еш нәрседен сескенбейді,
Жүргенде мені қолдап ата затым.

Арғы атам ту ұстаған батыр заты,
Шықпаған еш уақытта жаман аты.
Төремен Кенесары болған жолдас,
Кіші жүз ұруынан Тама заты.

Таманың тең жартысы болар Жөгі,
Кісіде кеткен емес, сірә, кегі.
Мен-дағы ата жолын қусам деймін,
Осындай қан майданда келсе жөні.

Туған соң адам затқа өлім, бірақ,
Болады ер жігіттің сөзі, бірақ.
Көңілімді аздап менің қажытады,
Жас балалар ауылдағы, бала – шырақ.

Рекеннің оқып көрдім жазған хатын,
Біз көрдік әрмияның салтанатын.
Әншейін осы сөзді жаза салдым,
Жөңдерсің оқып көріп жарақатын.

Қолыма қалам алып жазамын хат,
Бір Алла, шыбын жаным, Сізге аманат.
Есекем, шешем менен бала-шаға,
Сіздерді аман көрсем сау-саламат.

Сіздердің амандығын сұрағаным,
Тәртіптен мойын бұрып бұрамадым.
Барамыз аман болсақ бізде қайтып,
Ал, шеше, уайымдап жыламағын.

А–Ж Күлжан, хат жазамын осы тұста,
Жігітке жолдас көп қой көңілі қошта.
Шамаңның келгенінше балаларды бақ,
Осымен сөз аяғын еттім қысқа.

Есеке, кемпірлерге жаздым сәлем,
Бұл күнде күйзеліп жүр қанша әлем.
Келерміз аман болсақ бізде қайтып,
Жақсылық етсе, Алла, бізге деген.

Аман бол ауылдағы үлкен-кіші,
Алланың қыйсық болмас салған ісі.
Рахым етсе Аллах қыйын емес,
Байшораның түзелмей жүр көрген түсі.

Июльдің 22-де түстік жолға,
Ойланып кім қарайды оң мен солға.
Егерде олай-бұлай бола кетсек,
Бір Алла жәрдем болсын балаларға.

Жалғанда бала деген жәннен тәтті,
Бір Алла өзі сақтар аманатты.
Егерде олай бұлай-бұлай бола қалсақ,
Жастығы балалардың жанға батты.