Әубәкiр Әбілдаұлы Орымбаев ойда жоқта 2020 жылдың 1 желтоқсанында дүниеден өтті. 10 желтоқсан күні алпысқа толады, ағайын-туыс болып мерейлі датаны атап өтерміз деген ниетте жүргендер көп еді. Амал таусылып, Әубәкір ағамызсыз туған күнін атап, еске алып отырған замандас інілерінің жанынан суырып айтқан жыр жолдары сіздердің назарларыңызға ұсынылады.

Әбеке, келген жасың алпыс екен,
Алпыс деген бұл күнде тал түс екен.
Аяңдап алпысқа да келіп қалдың,
Аяғыңды абайлап басып бекем.

Жас келдi деп жан-жағыңа жаутаңдамай,
Кәрiлiкке бой беріп қалтаңдамай.
Елудегi жiгiттей ебiн тауып,
Әбеке, тік жүріңіз талтаңдамай.

Әркiмнен көмек сұрап жалынбаңыз,
Компьютердi үйрендiңiз, жаңылмаңыз.
Талпынған талабыңыз таудай болып,
Алпыс үшке келгенше жалындаңыз.

Аяқ асты түнеріп ашық аспан,
Бурадай бақырасыз көбiк шашқан.
Шәйі орамал кепкенше басылады,
Ашуыңның зілі жоқ артық астам.

Кұтты болсын алпысыңыз алқымдаған,
Табаныңнан түспесiн алтын тағаң.
Еңбегiңіз елеулi ортамызда,
Мәртебеңiз биiк болсын жарқыраған!

Бабадан өсиет боп бата қалған,
Қазыналы қартысың Ата болған.
Өміріңнің жалғасы ұрпағыңыз,
Немерелер көп болсын аталаған.

Теңеймін сізді терең дарияға,
Жан жылуын аямаған жанұяға.
Еңбектің зейнетіне шығып алып,
Жетіңіз ақ сақалды қарияға!

Деп айтар, ақ тілегім өтпей қалды,
Әбекеңнің құлағына жетпей қалды.
Сұм ажал ортамыздан алып кетті,
Сиясы қаламымның кеппей қалды.

Алпысыңды тойлауға жақын қалған,
Ақ тілектер, құттықтау ойда болған.
Тәңірдің бұл ісіне шара бар ма?!
Он күн жетпей тоқтады-ау, өмір – жалған.

Аяқсыз қалмаушы еді әр ісіміз,
Құлағымнан кетпейді дауысыңыз.
Дәм-тұзыңыз таусылды, амал қанша,
Жақсылармен жұмақта қауышыңыз.

Замандас ініңіз Абдулла.
10.12.2020 ж.