Шора Нәрікұлы (1480 жж., Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Өтес ауылдық округі, Шөлтау мекені  – 15.08.1546, Қазан қаласының маңы) – Қырым хандығының және Қазан хандығының қараша-бегі, қазақ халқының даңқты батырларының бірі. Ноғайлы дәуіріндегі тарихи тұлға, Түркі жұртына ортақ қайраткер. Өз халқын жауларынан қорғаған, халықтың адал ұлы.
Қазақтың шежіреші, тарихшысы Мәшһүр Жүсіп: «Біздің қазақта атақты, даңқты үш батыр болған. Бірі – ер Едіге. Бірі – Қарақыпшақ Қобыланды. Бірі – Тамадан шыққан Шора батыр» деп жазған екен заманында. Ал, жазушы-ғалым М.О.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» еңбегінде батырлар жырын ұлы батырлар, кіші батырлар деп бөледі. Ұлы батырлар – көшпелі елдің шабынгершілік, жауынгершілік, құба қалмақ заманында жүргендегі батырлар дей келе, ұлы батырларға Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын, Шора батырларды жатқызады.
Шора батыр туралы деректер Алматы, Бішкек, Ташкент, Нөкіс, Мәскеу қалаларындағы кітапханалар мен мұрағаттардағы деректер тарихи-ғылыми айналымға енгізілді. Шора батыр туралы жырдың Түркия, Польша, Румыния, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресейдегі әр қилы дәуірлердегі транскрипция түрінде және әр түрлі графикада жарық көрген басылымдары түпнұсқада оқылып, олар да айналымға түсірілді.
Жалпы Шора батыр туралы жырдың 7 (ноғай, қырым татарлары, татар, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт) ұлттық нұсқалары бар. Ағылшын, румын, поляк, түрік, орыс, башқұрт, чуваш ғалымдары «Шора батырдың» әр түрлі ұлттық нұсқаларына талдау жасады. Жырдың жиырмаға жуық нұсқалары бар.
Шора батыр туралы әдеби мұралар мен орыс жылнамаларында, Мұрат Мөңкеұлы, Мұрын жырау, Майлықожа ақын, Молда Мұса, Құлыншақ ақын, Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқаларда, сондай-ақ М. Әлиакбарұлы, С. Сариев, М. Тоққожаев, Ш. Ш. Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Ә. Диваев, М. Тынышбаев, С. Сейфуллин, М. О. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, С. Қасқабасов, А. Сейдімбек, І. Жақанов, Р. Бердібай, Ә. Оспанұлы, Т. Тоқбергенов, А. Мамытов, Б. С. Қорғанбековтер зерттеулерінде айтылады.

Шора батыр башқұрт ертегісінде

Жалпы Ресей құжаттарында Шора Нәрікұлы «князь» деп көрсетілген. Негізінде, ол Қазан хандығының ел билеу саясатына тікелей араласып, ханға тікелей ықпал еткен «қараша» атты ақсүйектер тобына жатқан. Оны Шора Нәрікұлының Шах-Әлиге қамқор болып, жаудан қорғауы, орыс патшасына елшілікке баруы дәлелдейді. Әдетте «қараша» атағы әр рудың ең таңдаулы әулет өкілдеріне беріліп, ұрпақтан ұрпаққа мирасқорлық жолмен ауысып отырған.

Чура батыр татар аңыздарында

«Шора батыр» және «Нәріктің ұлы Шора» атты жыр-дастандар халық жадында сақталып, хатталған. Осы әдеби мұралар мен орыс жылнамаларында 15–16 ғасырларда Тама руының Қазан қаласы маңын жайлағаны баяндалады. Туысқан татар халқы да Шора Нәрікұлы мен оның әкесі Нәрік ханды Қазан қаласының тарихында елеулі із қалдырған қаһармандар ретінде таниды. Олар өмір сүрген кезең айбынды Алтын Орда мемлекеті ыдырап, Еуразия кеңістігінде бір-бірінен оқшаулана бірнеше мемлекеттік бірлестіктер – Қазан, Ноғай, Астрахан бой көтерген бұлағай уақиғаларға тұтас келді. Әсіресе, Қазан билеушілері күш біріктіріп, қуаты кемелдене бастаған Мәскеу патшалығына жартылай тәуелді күй кешіп отырған еді. Шора Нәрікұлы осы кезде тарих сахнасына шыққан. 1545 ж. ол Галица боярының баласы Васька Бортевті Мәскеудің ұлы князі Иван Грозныйға жіберіп, Қазан хандығының бұрынғы билеушісі Сафа-Гирейге қарсы күресу үшін әскери көмек сұрайды. Көп ұзамай 1546 ж. 17 қаңтарда орыстардың Қазандағы елшісі Игнатий Яхонтьевтен Мәскеудегі патша сарайына хат келеді. Онда Шора Нәрікұлы Гамет шейх, Әбүйірхан, Сейіт және Қадыш мырзалар бірігіп Сафа-Гирейді Қазаннан қуып шыққаны баяндалды. Сөйтіп, Қазанда Шора Нәрікұлы тобының жақтасы Шах Әли билік құра бастады. Бірақ қазандықтар Қырым ханының азғыруымен Шах Әлиге қарсы шығып, хан жағында аз ғана топ қалды. Оған қастандық жасалуынан алдын ала сақтанған Шора Нәрікұлы үлкен жиын сәтінде Шах Әлиді қашырып жіберді. Сафа-Гирей үшінші рет келіп Қазан тағына отырады да Шах Әлидің жақтастарын қуғындай бастады.
1546 ж. 15 тамыз күні Қазанда Шора Нәрікұлы, Баубек, Қадыш, т.б. мырзалар өлтірілді. Осыдан кейін Шора Нәрікұлының бауырлары – Ислам, Әлікей Нәрікұлдары және аталық Шапқын Отышев бастаған 76 адам Мәскеуге қашып, бас сауғалады. Кейін олар еліне қайтып оралып, халықты кәпірлерге (орыстарға) қарсы шығуға үгіттеді. Орыс тарихшысы Н.Карамзиннің еңбектерінде ағайынды Нәрікұлдарының 1546 ж. 26 тамызда Қазан қаласын Мәскеу басқыншыларынан қорғауға қатысып, ерлікпен шайқасқандары айтылады.

Дағыстан ноғай театрының «Шора батыр» атты спектаклінен көрініс

Қазақстан жеріндегі Тама руының бөлімдері шежіре бойынша Шора батырдың Бурахан деген баласынан тарайды.
Қазіргі таңда Шора батыр атында:
– Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Зашаған шағын ауданында көше;
– Дағыстан Республикасы, Ноғай ауданы, Нариман ауылында көше;
– Дағыстан Республикасы, Ноғай ауданы, Тереклі-Мектеб ауылында көше;
– Қырым Республикасы, Симферорполь қаласы, Пионерское ауылында көше;
– Ресей, Дағыстан Республикасы, Ноғай ауданы, Тереклі-Мектеб ауылында Шора-Батыр стадионы бар.
Шора батыр ерлігін Ықылас Дүкенұлының «Қазан» атты күйінде жырлаған. Күйші Нұрғаным Саятқызы репертуарында «Шора батыр» атты халық күйі бар.
1546 жылы Сафа-Герей ханмен шайқаста қаза тапқан, Қазан хандығының әйгілі қараша-бегі Шора Нәрікұлы туралы «История Казанского царства» атты тарихи повесте баяндалады.
Дағыстан ноғай театры репертуарында «Шора батыр» атты спектакль бар.
Шора батыр туралы Ресейде 1, Қарақалпақстанда 1, Қазақстанда 2 диссертация қорғалған.