“Құсшы”. Аллаһ Бақи мархум уа мағфур: Тама руы, Таз тайпасының Санабай Рахымының ұлы Маранұлы Бəйтөре уфат болды 33-жасында, 1256-хижрада (1839) жыл. Қалдырды інісі Қосай мырза, – деген жазбаны Кенжебайтегі Тоқабай Калдыбек фейсбуктегі парақшасында 2017 ж. 6 желтоқсан күні қалдырған екен.
Құлпытас қойылған адамның жеті атасы (жобаменен): Тама – Нәрік – Шора батыр – Бурахан – Әліп – Қара – Шотқара – Есенкелді – Мәжібек – Кенжебай – Ақпан (Таз) -? -? -? -? – Санабай – Рақым – Маран – Бәйтөре және Қосай.
Құсшы ата қорымында түрікмендер мен қазақтардың 17-20 ғасырлар аралығындағы 500-ге жуық ескерткіштері шоғырланған. 1982 жылы Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғалиев) зерттеген. Қорым Үстірттің орталығы бөлігінде орналасқан. 17—18 ғасырларға жататын ескерткіштер зираттың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ескерткіштер ішінде тас қоршаулар, түрлі “қойтастар”, сағана тамдар бар. Осы тарихи мұралардың арасында түрікмендердің салор, қожа, иомутбаға тәрізді тайпаларының, қазақтардың табын (шөмішті) және адай руларының таңбалары ұшырасады. Шөмішті-табын таңбасының 20 нұсқасы бар. Сондай-ақ, тарақты-табын, шекті, тама, жаппас сияқты рулардың да таңбасы салынған ескерткіштер кездеседі. Мұның өзі Үстіртті қазақ тайпалары мен рулары орта ғасырлардан бастап қоныс еткендігін дәлелдейді. Бұл кешен тас қашау өнерінің қалыптасуын, дамуын ғана емес, оны жасаушы қазақ халқының рухани дүниетанымын да көрсетеді.