Таманың Молдас руынан шыққан Шөшікұлы Махамбет деген кісі ақын, әрі әншілігі бар жан екен. Табанда жанынан қиыстырып өлең айта береді дейтін бұрынғы қариялар. Менің әкем Дәукенұлы Зікірия біраз әңгімелерін, өлеңдерін жатқа айтып отырушы еді.
Ұлы Отан соғысы бітіп, ел енді-енді жетіліп қалған кез. Сол уақытта Кеңес өкіметін басқарып отырған Маленьков деген кісі халықтың жағдайына қарап, әр шаңыраққа бір ат, тағы да басқа малдан ұстауға рұқсат беріпті. Кейін бұл кісі ауысып, орнына Берия келіп, баяғы Маленьков берген бір-бір атты қайтадан жинатып алып етке салдыртады. Мал өнімдерін дайындайтын кеңседе Аташал Мақажанов Киікбай деген кісі жұмыс істейді екен.
Махамбет те ел қатарлы бір байталын жетектеп дайындау кеңсесіне келсе, осында Сарысудың бірталай тәуір адамдары жиналып тұр екен. Орайлы сәтті пайдаланып, Махамбет өлеңдетіп қоя береді.Сондағы айтқаны:
– Маленьков берген байталды,
Берия келіп қайта алды.
Бірі беріп, бірі алды,
Көргем жоқ мұндай сайтанды, – деген екен.
Сол жерде тұрған кісілер де, қабылдаушы Киікбай да:
– Ойбай, Маха, мына сөзіңізді біреу-міреу естіп қоймасын, – деп байталын өзіне жетектетіп қайтарып жіберіпті.
Махамбеттің осы сөзі бүкіл қазақ даласына жайылып кеткен екен.

Ордабай Дәукенов,
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы,
Шайқорық ауылы.