ЕСЕНОВ Лұқпан Досжанұлы (08.02.1939, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақсу ауылы – 13.10.2007, Алматы) – мәдениет қайраткері, режиссер, продюсер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003). «Тамаша» ойын-сауық отауының бас режиссері.
Музыкалық білім алып шыққаннан кейін, 1969-1976 жылдары «Гүлдер» мемлекеттік эстрадалық ансамблінің солисті болды. Оның дауысы ерекше болғаны сонша, «Гүлдер» ансамбілінің даңқын шығарған еді. 1976-1992 жылдары Қазақ мемлекеттік телевидениесінде режиссер болып жұмыс істеді. 1977 жылы ол Қазақ телевидениесінің арнасында «Тамаша» әзіл-сықақ шоу-бағдарламасын жасады. «Тамаша» театрын ашу арқылы ұлттық әзіл-сықақ саласының дамуына, қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Осы еңбегі үшін Қазақстанның жоғарғы ұлттық «Алтын Жұлдыз» телевизиялық сыйлығымен марапатталды.
Әнші Сәуле Жанпейісованың естелігінен:
– Баяғыда “Тамашаның” бас режиссері Лұқпан Есенов өзі Оралдың тамасы еді, оның ішінде Дәулеткелді болатын. Сол кісі айтып еді: “Тамаша” деген Тама деген сөзден шыққан. Ертеде басқа рулар қатты риза болғанда “Ай, мынау Тамаша екен” деп, не нәрсе жақсы болса, соны тамаға теңеген” деп. “Тамашаны” өзім Тама болған соң осылай атадым” деген еді. Ол кісі нағашыларының қолында тәрбиеленген екен, әйелі орыс қызы болды. Соған қарамастан, тама десе іші бұрып тұратын. Қайраткер тұлғалар туралы кітаптарға Лұқпан ағамыз туралы міндетті түрде жазылуы қажет.
Тележурналист Әбілғазы Көпбай:
– Ағамыз «Хабар» арансына монтажға сьемкаға келгенде айтатын әңгімесі тек Тамалар жайлы болатын. Қарабура асына бірге барайық деп ұсыныс айтқанда: “Менің Лұқпан Есенов деген атым бар. Келесі жылы ТАМАША-ның толық құрамын ертіп бірге барайын. Жекеге барғаным жараспас”, – деп еді. Марқұм сол күнге жете алмай кетті.
Туған қарындасы Жұмагүл Тіржанқызы Нұржанова:
– Лұқпан Досжанұлы Есенов /нағашы атамыз “артымнан құран оқытып отыратын ұлым жоқ, балаңды маған бер” деп қолқа салады, содан 1,5 жасынан нағашы атасының тәрбиесінде болғандықтан сол кісінің атына жазылған/ ағамыз “Тамаша” ойын-сауық отауының негізін қалаушылардың бірі, руы – Тама, Дәулеткелдінің Сәнкібайы. Нағашысы он екі ата Байұлының Байбақтысы. Біздің ардақты ағамыз. Жібек атты апамыздан туған Темір Санжарұлы Сегізбаев – Қазақ футболының майталманы, біздің мақтанышымыз. Біздің әулеттен шыққан сайыпқырандар осылар.