15 жасар Жүсіп Баянаула, Қызылтаудан шығып Түркістанға бет алады. Осында қонған елі мен жүрген жерін жырға қосады. 1908 жылы шыққан Мәшһүр Жүсіп «Ит дүние» атты кітабынан “Түркістанға сапар” атты жырынан алынған үзіндіні ұсынамыз.

Мәшһүр Жүсіп

Атасу, Манақ сонда, Сарысу өттік,
Кім бар, кім жоқ үш суда, білмей кеттік.
Мұңлы, Қулы, Арқарлы Ақшидегі,
Әлиф жүк тамаға жаңа жеттік.

Арқарлы мен Қайнарда бар Мыңбұлақ,
Тамаға болып өттік аз күн қонақ.
Барсақ та қай ауылға бақыруда,
Бірде арық, бірдле семіз жазған лақ.

Нар жүгін, көтере алмас, айыр өркеш,
Мен жалздым көргенімді тіркес-тіркес.
Ақшиде Жақсылықтың ұлы Таймас,
Оңбаған жаздай от жеп, сойды, серкеш.

Бос жер жоқ, Сарыарқада ел қонбаған,
Құйғанмен, түпсіз ыдыс, бір толмаған.
«Кемпір ұлы-көр ұлы» – деген бар-ды:
Жан екен оңбағанда, шын оңбаған!

Дөң асып неше күндер шықтық жалға,
Көп екен шоқынған жұрт хайуан малға.
Шабдардан шыққан күні келіп түстік,
Отырған Жиделіде Аташалға.

Тамаға кез келген соң құдай бастап,
Сөйледім бейпіл сөзді мен құлаштап.
Ыбырай, сұмырай, диуана-суаналар,
Қарамай, озып кетті бізді тастап.

Тамадан бір төрт сабаз жолдан ерді,
Зарығып, тарыққанда құдай берді.
Айдала – жазы жапан, бостан болды,
Сұрама онан соңғы жүрген жерді!

Өзіміздің иттердің көбі кетті,
Ит төлеуі кісіден түгел жетті.
Ер Танаштың баласы – Тама-Құлбек,
Бірге жүріп он бес күн қызмет етті.

Арқаның ұмыт болды өзен-көлі,
Нұраның бойы тола құырысын елі!
Кез болып жақсы жолдас жапан түзде,
Жаннаттай жайлы болды Бетпақ шөлі.

Болған соң өзіңе сай жолдас ері,
Әр жерден қонақасы келді тірі.
Ешкі, лақты шұбыртып жолмен айдап,
Айт пен той, болды сауық, жүрген жері.

От-су жоқ, Бетпақ шөлі, мидай тақыр,
Елсізде ешкі сойып, астық бақыр.
Әр құдықтың басында бірін сойып,
Жейтін ауыз бар болса, дедік: «Шақыр!».

Самауырды қайнатып, бақыр асып,
Ойын, күлкі, сөзіміз қатты ұнасып.
«Сен же, мен же!» – тамаққа болдық дарқан,
Қазан алып жатақтан палау басып.

Жігіттер, жаманнан қаш, жаманнан қаш,
Жаманмен жолдас болсаң, ағарар шаш.
Он бес күн Тама жолдас болған соңғы,
Дәуренім, бір жасаған, болды ғой жас!

Болғанда жолдас мұндай әуел баста,
Зарланбас едім, қалсам, тас қапаста.
Айырылдық жыласумен қош айтысып,
Асуы Қаратаудың Жамантаста.

Ырзамын келген мейман – он «бесіме»,
Кездеспей қаңғып өттім теңдесіме.
Қоштасып төрт Тамадан айырылған күн,
Жалғыздық жамандығы түсті есіме.