2021 жылдың 22-24 қаңтар күндері ақ түлей боран болып, көптеген ауылдар электр жарығынсыз қалды. Ауылдар арасындағы, ауыл ішіндегі көлік жолдары қарға көмілді. Табиғаттың осынау көрінісін, адамдардың демалыс күндеріндегі әрекетін созақтық ақын Елнұр Қайратұлы өлең жолдарына түсірген екен. Аудиокітапты тыңдап, жазбаны оқи отырыңыздар.
Демалыс.
Далада ақ боран,
Жолдарда көліктер тоқтаған.
Үш тәулік байланыс үзіліп,
Достар да қоңырау соқпаған.
Көмірді аршыдым ақ қардан,
Отыным нәм екен тапталған.
Айнаға қарасам күлкілі,
Түрім де түтінге қақталған.
Аулада омбы қар үйілген,
Күреуге шықтым мен үйімнен.
Еңбегім түк өнбей шаршатты,
Заңдылық қабағым түйілген.
Көлікпен бет алдым дүкенге,
Алуға шай, нан, су, шекерге.
Тұлпарым тығылып омбыға,
Әуре боп шығыппын бекерге.
Көре алмай ұл-қызым “Балапан”,
Кеш батса көздері алақан.
Үш тәулік ертегі көрместен,
Тағы да атырды жаңа таң.
Жарықсыз тағы да таң атты,
Кім болжап алысқа қарапты?!
Қай кезде дайын бол дегендей,
Табиғат үйретті сабақты.
Қайратұлы Елнұр.