Шежіре – тарихымыздың бір бұтағы
Халқымыздың ғасырлар бойы тарихи дамуының айрықша ескерткіші – қазақ шежіресі, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан асыл қазынамыз. Соңғы жылдары тәуелсіз елге айналып, өз қолымыз өз ауызымызға жеткелі шежіре кітаптар көптеп шыға бастады. Міне, біз газетіміздің бүгінгі санынан бастап, қаламыздағы зиялы ақсақалымыз, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдығали Жалмағанбетұлы Батырхановтың жинаған Тама руының шежіре-баянын оқырмандар назарына ұсынғалы отырмыз. Жеті атасын білу бұрын халқымыздың тамаша салт-ғұрпының бірі болатын. Ол бауырмалдыққа, туысқаншылдыққа, ағайынды бірлікке бастайтын жақсы дәстүр болатын. Бірақ та жеті ата, руды білуді рушылдықпен, жікке бөлінушілікпен шатыстырмау керек. Ауданымызда шежірелік жазбаларды жинап жүретін кәріқұлақ, зерделі азаматтар аз емес. Айталық, Хайдар қажы Нағымұлы Әлтекенің қабырғалы тайпалардың бірі – Мамат тайпасының шежіресін, С.Мүқаметқалиевтің,К.Ғ.Ахметовтің, Х.А.Ғабдуллиндердің авторлығымен шыққан «Байұлы мен Жетіру және Төре, Төлеңгіт, Ноғайқазақ шежірелері» кітабына енгізді.
Бүгінгі ұсынылып отырған шежіреде де халқымыздың тарихымен байланысты көптеген танымдық деректер бар. Алдағы уақытта біз газетімізде осы үрдісті жалғастырмақ ойдамыз.
«Бөрлі жаршысы – Бурлинское вести» газеті, 03.07.2003 ж.
Тама руының шежіресі
Таманың ұраны – Қарабура, таңбасы – көсеу, тарақ, әліп.
Осы құрастырып жазған Тама руының шежіресін
тама руының жылтиы, жұбайым
Кәрімқызы Дариғаға арнадым.
Жолдығали Жалмағанбетұлы Батырханов
«Жеті атасынбілген ұл, Жеті Жұрттың қамын жер. Өзін ғана білген ұл, Құлағы мен жағын жер» деген екен. Осы жеті атаға дейін мүдірмей білетін ескі құлақты қарттар ертеде әр ауылда болған.
Өз аталығын білу әр азамат, азаматшаның ардақты борышы, мақтанышы.
Тама руы – жауынгер халық. Болған жерлері; Азов теңізінің жағасы, осы күнге дейін Тамань бұғазы деп аталады. Қырым, Астрахан, Жайық, Еділ, Тобыл, Шыңғырлау, Елек, Қобда, Жем өзендерінің бойында, Қазан қаласының маңайында, Әму, Сырдарияның жағасында, Әулие ата. Тамалар Қазақстанның қай жерінде де бөлек-бөлек қоныс тепкен, Оңтүстік, Қызылорда, Жезқазған өңірінде бар. Тамаға ұқсас атауды Рәшид-әд-дин жылнамасынан кездестіреміз. Атақты шежіреші қырғыздармен қоңсылас жайлаған жауынгер Тұма халқы туралы айтады. Бұл жұрт Шыңғыс ханға бірнеше рет қарсы көтерілген. Сол үшін оларды монғолдар аяусыз жазалаған. Тамалар башқұрттардың, ноғайлардың, қырғыздардың құрамында жеке ру түрінде кездеседі. Алтай аймағында ұшырастыруға болады. Б.Қажымұрат деректері бойынша Тама елінің ата қоныс еткен Жайық өңірінен басқа жерге қоныс аударуының бірнеше себептері болған – Арынғазы көтерілісінен 1821 жылы тама Жұбан мырза бастаған бір топ тамалар, қазіргі оңтүстікке көшкен. Бакес ақсақалдың айтуы бойынша Жабал руынан Есейдің 5 баласы Шу бойына көшіп кеткен. Көтібар көтерілісі басылғасын 1825 жылы Тама Арап деген жігітке ерген көп ауыл Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының жеріне келген.
Ер Көгіс атақты Мұрын жырау жырлайтын «Қырымның қырық батыры» дастанындағы қалмақ ханы Андызды шайқаста жеңетін ноғайлы елінің болат қорғаны.
– Көгіс батыр жеңеді,
Ханға жақын келеді.
Андыз да артық ер еді,
Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын,
Қайсар туған неме еді, – деп сүгіреттелетін көріністегі бахадур Көгіс.
Ал, Ер Көгістен Туған Тама да – Қырымның қырық батырының бірі. Оның ерлігі де өзгеше бір жыр-хикая. Мұнда Тама батыр ел шетінде, жау бетінде жүрген шағында ойда-жоқта қалмақтың қалың қолына кездеседі. Қалмақтың ханы өркөкірек адам екен. «Осы жалғыз тұрған ноғайлы (қазақ) қайтер дейсің, жекпе-жекке өзім шығам!» деп тұра ұмтылады. (Ондағы болған шайқасты жырда):
– Жұмсады Тама болатты,
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Қарамады көбіне,
Тоқталмады қалмақтың,
Жасаған айла ебіне, – деп жандандыра бейнеледі.
Халық ауыз әдебиетіндегі аңыз – әңгіме, дастан-жырлардағы шежіре-тарих деректері бойынша Тама батыр қарақытай, қалмақтармен болған бір қырғын шайқастан жеңіспен оралып, әбден қалжырап келе жатқанда ноғайлы әскерлері бір шалқыған дарияға лап қояды. Тама батыр да суға құлай жығылады. Ол су ішіп, сусыны қанған соң басын көтерді. Бір кезде қарсы алдындағы қалың қамыс сыбдыр ете түсті. Қараса қамыс арасында анадан туғандай бір жалаңаш сұлу қыз тұрады. Шаршаған жігіттер батырға «Оу, неғып сілейіп тұрып қалдың? Отыр, жат. Біраз дем ал!» – дейді. Тама әлгі қыздан көз алмайды. Қыз омырауын қалың қою шашымен жауып отыра қалды. Тама сол тұрған қалпы Жамалы…, Жамалы дей береді. Бұл көрініске аң-таң болған жігіттер өре түрегеліп, қамыс ішіндегі дір-дір етіп қорқып отырған қызды көреді. Тама «Тоқтаңдар» деп ақырып жібереді де, қалың қамысқа өзі жеке кіріп барып қызды алып шығады. Бұл батырдың үиленбеген кезі екен. Содан барлық әскерлер жиналып Таманы осы қызға қосады. Бейтаныс ару осылайша Жамал атанады. Ол су перісінің қызы екен. Тама мен Жамал Бура (Қарабура), Құлай есімді екі ұл, Баян атты қыз сүйеді. Оны мына жыр жолдары айғақтай түскендей:
– Тамадан Қарабура туған,
Құлайдан туған екен Ер Шамырхан…
Әкесі Тама секілді Қарабура әулиенің де су перісінің қызына үиленуі – қиялдан туғаны назар аударатын жәйт. Тарихи ұлы тұлға – Тама батырдың ұрпақтары қазақтың негізін құраған көне тайпалардың біріне өскен, өнген жұртқа, бір қауым елге айналады.
Жыр дерегіне сүйенсек, Қарабура Қазанды…, Еділ мен Жайықты жайлаған. Ал, Еділдің арғы беті ежелден басқа халық. Оларды ескілікті ұғымда кәпірлер (дінсіздер) дегені белгілі. Көне жырдың көркемсөз кестелерінде Қарабура батыр бейнесі былайша көрініс тапқан:
– Әй, Ноғайлы, Ноғайлы,
Еділ менен Жайық тоғайлы.
Қарабура, әз Бура,
Қисық қылыш алмаса,
Ол атына қонбаса,
Кәпір деитін доңызға,
Жер болуға қолайлы.
Қарабура – сөз жоқ, елінің уәли басшысы, біртуар ұлы, қайталанбас қолбасшы батыры болған. Оны елі хан көтерген. Соныдықтан да ол Қарабура хан аталған.
Жас жігіт Бураның Қарабура атануы, оның есімінің бір елдің батырлық ұранына айналуы жайлы халық арасында әр нұсқада айтылатын аңыз-әңгімелер баршылық. Соның бірі Бураның Батмаға үилену тойына байланысты. Тойдың аламан бәйгесіне Бура өзінің ботасынан асыраған жалғыз сенімді серігі – қара бурасын да қосыпты. Бура үстіндегі балаға «Қарабуралап шап!», – депті. Бәйгеде «Қарабуралап» шапқан бала бірінші болып бәйгені алады. Сонда Бура «Құдай-ай, өз тойымның даңқы өзімнен аспады-ау!», – деп налыпты. Тойға жиналған игі жақсылар оған басу айтыпты. Бура үш күн, үш түн бауырлап жатып алады. Төртінші күн дегенде қара бурасы тұсына келіп жер тарпыпты. Бураның шешесі Жамал; «Тұр, балам, қара бураны мін, балам!», – дейді. Бура қара бураға мініп, Астраханды бетке алып тартыпты. Сол жолда ол біреудің ұланасыр тойына кезігіпті. Жолаушы жігіт бұл елдің жасы үлкендеріне аламан бәйгеге қара бурасын қосатынын айтыпты. Олар «Жат ел, жат жердің жігіті екенсің, бағыңды сынай ғой» десіпті. Сол бәйгеде анадайдан жеке-дара қара дауылдатып келе жатқан бураны көрген жұрт «Қара бура, Қара бура!» деп айқайлап қарсы алыпты, Бура осы тойдан қайтқан соң тағы да отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты. Батма екеуі бақытты өмір сүріпті. Сол күннен бастап Қарабура атаныпты (Жазушы-сазгер Илья Жақановтың «Қарабура» эссесінен алынды). Ежелгі Созақ жеріндегі Қарабура әулие кесенесі жаңартылып, 1997 жылы маусымның 13-14 жұлдызында Созақ дуанында әруақ-рухтарға арнап ас берілген. Әулие бабаның мешіті салынды. Кесенесін жаңартты. Құрал Ержанов Қарабураның кесенесін салдырған адам.
Күллі Түркі әлемінде Қожа Ахмет Ясауи өмірімен байланысты жайларды әңгіме еткенде Қарабура әулиенің есімі еске түседі. Өйткені, ол кісі халқымыздың бүтін бір тайпа елінің жауынгерлік ұранына айналған қолбасшы батыр, Әзіреті Сұлтан бабамыздың иманын үйіріп, ақ жуып арулаған, ақтық киімін кигізіп шығарған, жамбасын жерге тигізген ерекше қасиетті діндар адам. Оның жанына қырық жылдан астам хан болып елді билеген Ақназар ханның жерленуі жайдан жай емес. Тек өз елінің кемел келешегімен шектелмей, бүкіл исі Түркі жұртының бірлігін, олардың мақсат-мүдделерінің ортақтығын жете түсінген кемел ойлы Ақназар хан Қарабураның ноян батырлығын, оның үстіне Қожа Ахмет Ясауимен ой-арман, көңіл көкжиектері жақын екенін, сыйлас болғанын жақсы біледі. Сірә, дана хан үлкен әулиемен әруақ-рухының қатар жақын жатқанын, қияметтік көрші болғанын қалаған да шығар. Осы қауымда басқа да әйгілі адамдар, би, ұлы әулиелер жерленген. Иә, Қарабура сондай тарихи ұлы тұлға. Тарих беттеріне зер салсаңыз, Қарабура батырдың шоқтығы әр жерде, әр кезеңде жылт етіп көрініп қалады. Оның есімінің ең бір ерекше көзге түсетін тұсы – көне Түркі тайпалары одағынан құралған Қарахан мемлекетінің билік құрған кездері. Қарахандықтардың дін-исламды қабылдауы Х ғасырдың орта шенінен басталады. Қарабураның Қарахан әулетімен жақсы қатынаста болғанын, ханның өзімен сыйлас, мұраттас адам болғанын айтады. Бұл пікірлер Құл-Қожа Ахмет Ясауи мен Қарабураның ақыреттік достығы, дін-ислам жолындағы мақсат-бірлігі жайлы аңыз-әңгімелермен де үндес келеді.
Түрік шежіресін жасаған Әбілғазы еңбегінен де Бураның атын кездестіреміз.
Қарабура әулие өмірінің имандылық астарларына үңілу арқылы оның идеялық тәрбиелік мәнін танимыз.
Қарабура батырдың әулиелік, ізгілігі Ясауи ұстаған сопылық жолды жан жүрегімен қабылдап, өмір мәнін сонымен өлшеуінде жатыр. Оның көздегені – Алланың ақ жолы, адалдық, шынайы адамшылық қасиеті. Сол болмысымен оның әруақ-рухы күшейген, әр нәрсені алдын ала болжай білген, айтқаны айнымай келген, жақсылықты да, жамандықты да күні бұрын сезген. Сондықтан оның атағы жер жарған. Ол Түркі жұртының қасиетті әулиесі саналған. Қарабура өмірден өткеннен кейін сан халық оны әз әулие, Әзім ата, Баба әулие деп атап кеткен.
Қазақ жеріндегі шаһарлардың ірге көтеру тарихы ықылым замандар тереңінде жатыр Түркістан шаһары – солардың бірі. Ал, тарихи мағлұматтар не дейді, оны біздің біліп-түйген болмысымыз қандай?
Шаһар… Қазақ жері Шыңғысхан жаулап алған ХІІ ғасырда, Отырар қырғыны кезінде Ясы (Жаса) немесе Түркістан қаласының аты аталмайды. Демек, ол шақта бұл қала ірге көтергенімен, тым шағын болса керек.
Осы шағын қаланың өсіп, келе-келе даңқының жайылуына себепкер болған тарихи тұлға барын ескеру лазым. Ол – Қожа Ахмет Ясауи. Осы біздің ғасырдың 1093 жылдары Испиджаб қаласында (осы күнгі Шымкент облысының Сайрам жерінде болған қала) дүниеге келіп, сол қалада балалық, жастық шағын өткізген. Әкесінің аты Ибыраһим, шешесі Қарашаш.
Сонымен Қарабура ХІ ғасырда өмір сүрген. Оның жүрген жері, ішкен суы, өзен, -бұлағы, ол шыққан асу-тау Қарабура атымен аталған. Солардың бірі – Қарабура асуы. Тянь-Шанның батыс сілемі, Талас жотасындағы асу. Биктігі – 3415 метр. Жотаның солтүстігіндегі Талас өзенінің саласы Қарабура бастауынан, оңтүстік беткейіндегі Шатқал өзенінің саласы Қарақалпақ бастауына соқпақ жол ашады (ҚСЭ, 6-том). Қырғыз жерінде Шілбелі мен Қарабура сулары қосылып Талас Алатауының солтүстік қапталынан ағады. Онда Қарабура қыстағы бар. Тәжікстанның Қорғантөбе қаласының оңтүстік-шығыс тарабында да Қарабура атты жер бар. Бұрынғы өткен әруақ-рухтарын, әулие бабаларымызды еске алу, осы арқылы жас жеткіншектерге тәрбиелік мақсатқа пайдалану ләзім. Еліміздің мәртебесі өркендеп өсіп, мерейі үстем бола бергей, ардақты ағайын!
Қарабурадан – Нәрік. Нәріктен – Шора батыр, Алике, Ислам, Бұрхан, қызы Шырын, Әлқисса, Орманбек ханның тұсында ноғай мен қазақтың бүлінуі және Еділді жау қолынан қайтарып алу идеясы айтылады. «Шора батыр» жырында Нәріктің ұлы Ер Шора:
– Берген жанын өзі алар,
Жасаған жалғыз құдайым.
Мені жаудан өлер деп,
Ана жан, қылма уайым…
Қазыналы Қазанды,
Қәпір алды деген соң,
Анығын бүгін білген соң,
Мұнда мен не ғып шыдайын?!
Бармай қайтып тұрамын, – деп атына ер салады. Қазанның құлауы тек ерлердің ғана емес, Ноғайлының қыздарының да намысына тиеді.
– Қазанды орыс аралап,
Қол салды елдің беліне.
Жау шапты жұртты жылатып,
Келтірмей елді күйіне.
Қол салды деген не болар,
Мұсылманның еліне, – деп Шораның қарындасы Шырын таң қалғандай болды. Еділден айрылу қазақ елін құлдыққа түсірудің басы екендігін он тоғызыншы ғасырда Бұқар жырау бастап айтқан.
– Еділ мен Жайық жер еді-ау,
Мекен еткен шаруаның…
Еділ үшін егістік (Махамбет).
– Еділді алды,
Есілді алды (Шортанбай).
– Еділді кәпір алғаны,
Етекке қолды салғаны.
Еділ-Жайық екі су,
Ел қонуға тар болды (Әбубәкір).
«Еділ үшін егестік» сөзі – Ноғай ұлысы мен Қазан хандығының тоқсан тарау байланысының түйіні. Қазан хандығы өзінің бір жарым ғасырлық тарихында үш кезең бастан кешті, екі рет күшейіп, бір рет Мәскеу боданы болды, ақыры 1556 жылы бір жола құлады. Сол мезгілде Алтын Орда жетіге бөлшектенді. Бұл орайда Тоқтамыс ұрпақтары билеген әрі түркі тілдес Қазан мен Ноғай ұлттары өзара үнемі саяси одақта болды. Қиын кезде бір-біріне жәрдем қолын созып, білек күшін қосқан, айқасса – жауы, ағайындасса – досы болған. Қазақ ұғымында татарлардың әлі күнге Ноғай аталатыны осыдан болса керек. Бұл байланыста алдымен көзге түсетін тарихи тұлға – жоғарыда сөз болған Шора батыр Нәрікұлы. Кіші жүз құрамындағы Тама руы өздерін осы Қарадөң ұрпағы Нәрік пен Шорадан таратады. Орыс тарихшылары көрнекті қайраткер деп бағалаған Шорсеид Бұйырған, кінәз Қадыштармен бірге Қазанды билеуші Қырым хандарының ұрпағы. Сафа-Герейге қарсы күрескен. Бұл топ 1546 жылы Сафа-Герейді тақтан қуып, елде уақытша үкімет билігін құрады. Уақытша үкімет жеңілгеннен кейін Шора батыр мұраттастарымен бірге Сафа-Герей қолынан өледі. 1552 жылы Қаһарлы Иван Қазанға алғашқы жорығында хандықты бағындырып тұрғанда, халықты қарсы көтерген, жүрек жұтқан үшеудің екеуі Шора батырдың інілері Алике мен Ислам. Сол көтерілістен соң Қазан тағына отырған Жәдігер ханның тұсында Ноғай кінәзі Зениетпен бірге ел басқаруға араласқан екі атамыз Алике мен Ислам («Ана тілі» газеті).
Еңбегі сіңген жауынгерлер ұрпақ үшін, жер үшін қантөгіс соғыстарда болған, күндіз-түні, қысы-жазы жылдар бойы ат үстінде өткен палуан батыр аталарымызға Шора, Алике, Ислам Таманың құрметіне Үш баһадүр деген атаумен Таманың туған жерінде бір ескерткіш тұрғызатын болса аталарымыздың аруағы риза болып, бір аударылып жатар еді. Болашақ ұрпағымыз тарихымызды білер еді.
(жалғасы бар)