Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылының тұрғыны болған, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі Әбдікәрім Әбдірайымовтың 1997 жылғы жазбасын назарларыңызға ұсынамыз. Жазбаның бас жағы Кіші жүз руларының Жаңаарқа жеріне келіп орналасу, орта тұсы Сарысу ауданының құрылу, кейінгі бөлігі Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылының өркендеу тарихына арналған.

Халық қашанда тарихқа бай. Әрі халықтың өмірге келу, қалыптасу, даму заңдылықтарына үңілер болсақ, оның кешегісі мен бүгінін саралап салыстырар болсақ, таусылмайтын қазынаға тап боларымыз хақ. Халық тарихы деген сөзіміздің өзі аса күрделі ұғым. Жер бетінде бағзы заманнан бері қаншама ұрпақ дүниеге келіп, өздерінің тіршілік дәуірін бастан өткеріп келеді десеңізші?!
Өмірге келіп тіршілік қамы үшін күресте тарих керуенін тізбегін тіркелген халықтардың, ұлттар мен ұлыстардың қилы-қилы заманды бастан өткергені тарих қатпарларында сақталып келе жатыр.
Туған халқымыздың өткен тарихы жолдарымен танысу, оның шежіре сырларына қанығу бүгінгі ұрпақтың аса маңызды істерінің біріне айналып отырғаны да содан туындайды. Әсіресе, соңғы кезеңде елімізде етек жайған жариялылық пен демократияның жылы лебі әр халықтың өз тарихын қайта зерттеуге, оның асыл мұраларын ақтармалай отырып, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп тартуға кең жол ашып берген кімді болса да қуантарлық саяси мәні зор, тарихи оқиға болып отыр. Осыған орай, біз бұл бұл баяндамамызда Жанаарқа ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі болып отырған, өзіндік тарихы мол «Жеңіс» кеңшарының, оның негізгі тұрғындарының өткені мен бүгіні туралы біраз шолу жасап, сыр шертуді мақсар еткен едік.
«Жеңіс» кеңшары негізгі тұрғындарының даму, қалыптасу жолын баяндау үшін, ойымыз жүйелі болу үшін мына төмендегі жоспар бойынша мағұлмат беруді жөн көрдік.
І. «Жеңіс» кеңшары тұрғындарының ата мекені Түгіскен топырағында мекендеген кіші жүз руларының қалыптасу тарихы туралы деректер.
2. Түгіскен жерін мекендеген халықтардың Қазан төңкерісіне дейінгі шаруашылығы, кәсібі және әкімшілік жүйесі.
3. Елдің ерлігі мен бірлігін, шаруашылық жай-күйіне, өнері мен рухани өзіндік үлес қосқан ел басқарушылар мен өнер қайраткерлері туралы деректер.
4. Қазан төңкерісінен кейінгі саяси жағдайлар. Түгіскен жерінде құрылған Сарысу ауданы мен оның тарауы жөніндегі мәліметтер.
5. Сарысу ауданынан қалған елдің Жанаарқа ауданына қосылуы. Түгіскен жерінде құрылған алғашқы артельдер мен колхоздар. Колхоздар іріленгеннен кейінгі «Жеңіс» атты миллионер колхоз туралы мәліметтер.
6. Еңбек Қызыл Ту орденді «Жеңіс» кеңшарының құрылуы, шаруашылықтың өткен жолдары мен бүгіні.
Түгіскен жерін қазақ даласында болған бірнеше аумалы-төкпелі заманнан кейін, атап айтқанда біздің елмен үнемі жауласып келген қалмақ, жонғар шапқыншылығының үлкен бір сойқанынан кейін Кіші жүздің Алшын, Жағалбайлы, Тама руларының бөліктері келіп мекендеген. Олардың дәл қай жылдары, қандай оқиғаларға байланысты екені беймәлім. Біз білетін деректер тарихи құжаттарға, архив материалдарына негізделген мәліметтер емес екенін ескерте кеткеніміз жөн. Елдің келуі, қоныстануы туралы деректер атадан балаға, кейінгі ұрпаққа қалып келе жатқан ел ішіндегі кәрі құлақ қарияалар мен сөз терген шежірешілерден сақталып келе жатқан аңыздар, тарихи деректер. Ең әуелі кіші жүз руларының келіп қоныс тебуінен бұрын біздің жердің Түгіскен деп аталуынан бастаған жөн сияқты. Бұл жаққа келген кіші жүз руларының өз жерінен ауысуы тарихымызға белгілі 1723 жылдары болған «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан да бұрын деп топшылауға негіз бар. Ол туралы кейінірек Алшын мен жағалбайлы руларының және одан кейін бір бөлек келген Тама руларынын келуін баяндаған кезде толығырақ тоқталамыз. Ал ең соңғы қонысты, қазіргі Түгіскен жеріне келуі Абылай ханның тұсында қазақ елі ес жинап, елдік салт құра бастаған, Абылайдың дәуірлеп тұрған шағында болған. Бұл туралы да сәл кейінірек тоқталмақпыз.
Сонымен туған жер, ата қонысынын зорлықтық күшімен ауысқан кіші жүз рулары Абылай ханнан жер таңдау еркін алғаннан кейін елдің болашақ қамы, тұрақты мекен-жайын іздеген ақсақалдар мен игі жақсылары атқа отырып қоныс іздеп, Сарыарқа өңіріндегі осы Түгіскен жеріне келіп тірелген. Бұл жер өздеріңізге белгілі басынан құнарлы жер. Белуардан көк шалғын, кең жайылым, ортасынан ағып өтіп жатқан нар қамысты Сарысу өзені, оңтүстігінде шалқар көл «Бозкөл» мен «Қаракөл», одан әрі Кенжебай-Самайдың Бетпақ далаға шейін ұштабатын ұшы-қиыры жоқ шұрайлы да шүйгін жалпақ жайлауын көріп қызығады. Қазіргі «Жеңіс» кеңшарының орталығында ауыл ішінде Арап деп аталатын биік төбе бар. Жаңағы жолаушы ел басшылары бір қоналқыға Сарысу өзені бойына қонып, ат шалдырып дем алуға келгенінде «Арап» биігінің үстіне шығып, батар күннің алдындағы күн сәулесінің нұрына бөлініп тұрған жердің әсем табиғатына мейірленген ішіндегі бір ақсақал:
– Мынау не еткен жаннат жер еді, түгін тартсаң май шығады дейтін түгі өскен жер осы болар, бұл жер біздің баламыздың баласына – ұрпағымызға берекелі қоныс болар, – деген екен.
Сол түгі өскен жер дегеннен Түгіскен болып аталып кетіп еді, – дейтін біздің елдің атақты азаматының бірі, кейін кеңес жылдарында ақындығымен аты шығып, халық ақыны атанған Бұралқы Құдайбергенұлы қария. Бұрекең туралы кейінгі бөлімдерде тоқталамыз.
Біз енді жоғарыда атаған Түгіскен жеріне келіп қоныстанған кіші жүз елінің Тама, Алшын, жағалбайлы рулары мен орта жүздің Қарпығынан тарайтын Тоқа, оның ішінде Барғананың Шушақ деген бір рулы елі туралы, олардың әрқайсысының тауысқандық тармақтары мен жаңа жерге қоныстанудағы өзіндік ерекшеліктеріне тоқталамыз.
Бірінші кіші жүз рулары – Алшын, Тама, жағалбайлылардың аты-жөні былай болып келеді. Кіші жүз деп аталатын арғы атамыздың аты Жанарыс /Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс қой/. Жанарыстан Алау туады. Алаудан Аламан, Аламаннан Алшын туады. Алшын сонда кіші жүзден тарайды, рулардың түпкі атасының бірі, орда иесі, себебі Алшынның үш бала тараған – Садырқожа, Қыдырқожа және Нәдірқожа туады.
Садырқожа, яғни Алшынның үлкен ұлынан Қаракесек, Қаракесектен алты ата Әлім, төрт ата Шөмен тарайды. Яғни Әлімнен: Төртқара, Шекті, Кете, Назар, Шора, Тілеу-қабақ деген алты бала тараған, бұларды Әлімұлы деуі сондықтан. Ал, Шөменнен: Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек деген төрт бала туған, төрт ата Шөмен делінеді.
Алшынның екінші баласы Қыдырқожадан Байұлы туады. Оны Байлы деп те аталған. Байұлынан Бақсиық, Сұлтансиық, Қыдырсиық деген үш бала өрбіген. Байұлының үш баласының әрқайсының төрттен баласы болған, барлығы 12 немере тарағандықтан Байұлын 12 ата Байұлы деп атауы содан.
Олар:
1. Бақсиықтан: Шеркеш, Алаша, Алтын, Таз.
2. Сұлтансиықтан: Байбақты, Тана, Есентемір, Ысық.
3. Қыдырсиықтан: Адай, Беріш, Қызылқұрт, Масқар.
Байұлының бұдан басқа басқа алты ұлы баласы болған. Олардың 12 ата Байұлына қоспа жеке атауының да өзіндік сыры бар. Ол кезде күңнен туған балаларды кемсітіп атаға, руға қоспайтын бір әдет те болған ғой. Қазақтың белгілі «Айман-Шолпан» жырында оқиғаға ұйытқы болған руды бергенде мынадай өлең шумағын кездестіреміз:
– «Маманбай мал біткенге болыпты мас,
Жігіттер мына жалған қолда тұрмас.
Кіші жүз, Алшын-Жаппас, Шөмекейден,
Бір кісі өлген екен беріпті ас», – деп оқиға бастауын алатын жер бар. Осындағы Алшыннан таратып отырған Жаппасы Байұлының 12 атасына қоспаған Жаппас руы. Байдың назары ауып аяқ салған, бала туған. Ақыры некелі әйеліне айналып, одан 6 бала туған. Олар: Қаракөз, Қалқаман, Сумұрын, Ұнқияуыт, Қияқты, Шалқақ. Жаппас анамыздың өз аты Семсе екен, көйлегінің етегі селпеу отыратын кісі болғандықтан абысындары Жаппас деп атап кетті деген сөз бар.
Алшынның үшінші баласы Нәдірқожадан 7 бала тарайды, сондықтан бұларды жетіру деп кеткен. Олар: Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан, Жағалбайлы. Әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты қоныс аударып осы өңірге келіп мекендеген біз әңгіме етіп отырған Алшын, Тама, Жағалбайлылар сол жалпақ елден үрке қашып, үдере көшкен шамалы бір-бір бөліктері ғана. Ал, бұл рулардың негізгі мекені, шыққан жері Орал тауы, Жайық бойы, Атырау өңірі мен Ақтөбе маңайы екенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Сонымен бұл жақтағы кіші жүз рулары ұлтанды елдің бірі бүршігі ғана екенін білдік. Енді сол шамалы рулардың тарау жолдарын ажырата кетелік.
Жетірудың бірі Тама дедік. Тамадан Кәуіс, Кәуістен Нәрік, Нәріктен Шора, Шорадан: Төрехан, Бурахан, Есімхан деген үшеу тарайды. Сонда арғы атамыз Шора батыр.
– Нәріктің ұлы Шорамын,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Қан жаумасын, қар жаусын.
Мен Қазанға барған соң,
Қар жаусын, мейлі қан жаусын, – деп халық жырында батырлық бейнесі сомдалған қазақ, ноғай елінің шапқыншылығында ерліктің туын жықпай көтерген Шора батыр. Сонда бұл жаққа келген Тамалар тек Бураханнан тараған ұрпақтардан бөлініп шыққандар. Ал, Таманың Төрехан, Есімханнан тараған ұрпақтары күні бүгінге шейін ата қонысында. Ендігі сөз осы жаққа мекендеген Тамалар, Бурахан ұрпақтарын талдап көрейік.
Бураханнан: Әліп, Жөгі туады, яғни бұл Тамалар өздерін Әліп, Жөгінің баласымыз деп таныстырады. Әліптен: Қанай, Жанай, Қонай, Қараш деген төртеу тарайды. Олардың әрқайсысынан:
1. Қанайдан – Құрақ.
2. Жанайдан – Жабал.
3. Қонайдан – Аташал, Айдарбалта.
4. Қараштан – Дәулеткелді, Шотқара деген рулар өрбіп отыр.
Жөгіден: Жәніке, Күшік туады.
1. Жәнікеден – Айдар, Молдас, Көзей, Шағыр.
2. Күшіктен – Құтты Абыз, Сүтті Абыз, Есен Абыз деген /оларды үш Абыз деп те атайды/ рулар өрбіп отыр.
Таманың негізгі аталары осылар. Бұдан кейінгі ұрпақтарды таратуға уақыт жете бермейді. Бұл өрбіген ұрпақ Жаңаарқа ауданының «Жеңіс», К.Маркс атындағы кеңшарларында, Қызылжар теміржол станциясында, негізгі ұлтанды ел – Жамбыл облысы, Сарысу ауданында тұрып еңбек етіп жатыр.
Осы жаққа келіп қоныстанған екінші ру – Жетірудың бірі Жағалбайлы дедік. Тамаға қарағанда Алшын, Жағалбайлылар сан жағынан аз. Сондықтан рулық бөліктер де аз екенін білеміз. Жалпы Жағалбайлы: Лез және Мырза деген екі кісіден тарайды. Бұл жаққа келген Жағалбайлылар сол Лезден тарайтын бір, екі-ақ аталары. Кейінгілері солардан өсіп өрбіген. Жағалбайлының басты рулары Сирақты, Бұлди, Мәлікжан. Осы рулардан тарағандар: Алакөз, Шайкөз, Есен, Сейіт, Ақшал, Бозбет, Келеші, Ноғайлы, Қырғызалы, Тоқсаба сияқты аталарға бөлінеді. Жағалбайлыдан тараған ұрпақтарының шамалы бөлігі «Жеңіс» кеңшары, Қызылжар станцясында тұрады да, көпшілігі Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады.
Қысқаша шолу жасағанда Түгіскен жеріне қоныстанған кіші жүз руларының ата тектері осы жоғарыда таратылған руларда құралды. Ендігі тоқталатынымыз ертеден қоныстанған орта жүздің тоқа руы болмақ.
Тоқа – Орта жүзде көп тараған рулардың бірі. Біздегі тоқалар солардың бір ғана тармағы Шушақтар. Жергілікті халық қонысына қарай Бозкөл тоқасы деп те атайды. Енді сол Шушақтардың аталарын атап өткеніміз жөн болар. Жалпы тоқалар Алтай-Қарпықтың Қарпығынан тарайды, Қарпықтан – Тінәлі, Темеш, Көзей. Көзейден – Тоқа, Тоқадан – Молқы, Түнқатар, Құлымбет, Бесім. Бесімнен – Айтқожа, Сатыбалды, Барғана. Біздегі Шушақтар сол Барғананың бір баласы болады. Шушақтың әйелінен бесеу туған: Аманбай, Аманжол, Құланбай, Жолдас. Екінші әйелінен: Едірей, Арық екі бала, барлығы жетеу болып өрбіген. Бозкөл тоқасы деп аталатын «Жеңіс» жеріндегі тоқалар осы Шушақтың жеті баласынан өрбігендер.
Шушақтардың бастапқы қонысы Қарағанды, Нұра өзені бойында болған. Түгіскен жеріне қоныс аударуы туралы нақты деректер жоқ. Алып-қашты әртүрлі даулы мәселерді тұжырымдауға бола қоймас. Қалай болғанда да бұл ағайындардың қоныстануы да ертеректе, сол кіші жүз рулары қоныстанудан кейін болған.
Шушақ елінің ішінде ел басқарған, елге еңбегі сіңген игі жақсылары, әйгілі адамдары көп болған. Жаңа қонысқа елді бастаған ағайынды Әлке қазы мен Байдалы сол кездегі шушақтардың ұйытқысы болған. Әлке қазы, Байдалы байлығымен де орақ ауыз шешендігімен де, ел көңілінен шығатын сыйлығымен де тек шушақтар ішінде емес, осы ортадағы бүкіл елге әйгілі адамдар болған. Байдалының баласы Біргебай жылқылы, дәулетті адам болған. Біргебайдың төңірекке аты Біргебай болып шығуы оның тек байлығы емес, қайта оның ас пен тойда суырыла озып бас бәйгені бермейтін тұлпарлары арқылы даңқы шыққан. Кіші жүз елінде болсын ас пен тойда Біргебайдың «қызылы» келіпті дейтін тұлпар қызылдар осылар. Біргебайдың қызылынан тұқым алу үшін талай қолы ұзын адамдар жекжат болған, құда болған, дос болған.
Сол сияқты елге пана болған, жауға кегін жібермеген, ерегіскеннен есесін алған Сұмбұға-Божақай сынды батырлар болған. Одан беріректегі ел ақсақалы болған, өз замандастарымен терезесі тең болған белгілі болған адамның бірі Тоқтамыс.
Осылардың барлығы да өз халқының тағдырына ерекше қарап, қолдан келген жақсылықтарын аямаған ел қамқоршылары. Ата-бабаларының ел қамын ойлаған абыройлы ісін жалғастырған ұрпақтары біздің заманымызға жалғасты. Самбұға батырдың Батырәліден туған баласы Шайгөз ақсақал кешеге шейін ағайындарының қисығын түзеп, түзуін өрге өрлетіп, елдің елдігін таразыға салғандай өлшеммен бағдарлап отырғанын көзбен көрдік. Қорыта келгенде Қазан төңкерісіне дейінгі бес болыс Тама руларының туысқандық тармақтары осындай.
Ендігі әңгімеміз осы жоғарыда атаған рулардың Түгіскен жеріне қашан және қандай тарихи жағдайларға байланысты ата мекендерінен ауысып жаңа қонысқа келулері туралы деректерге тоқталмақпыз.
Бұрынғы қариялардың айтуы бойынша, өз жерінен алғашқы қоныс аударып бұл жаққа бұрын келгені – Тамалар. Тамалардың шыққан жері Бөкей ордасы мен Астрахан маңы деп көрсетеді. Олардың қоныстанған жері шаруаға жай, аса шұрайлы жер болған. Жер, су үшін талас, шапқыншылық қай кезде болып тұрғаны тарихи шындық. Қазақтың әлді руларының өзі өз ішінде жерге таласуы, бірінің жерін бірі тартып алуы – бірінші қыспақ болса, көрші тұрған басқа ұлттардың да шабуылы жиілеп – екінші қыспаққа түсуге мәжбүр болған заман туған. Мұндай жиі шапқыншылық, әсіресе Ресей тарапынан Астрахан төңірегінде орыс халқының жиілеп, Тамалардың тұрған жердің шұрайлы аймағын басып алу өктемдігі күшейген. Бұл кез шамалап айтқанда ХVІ ғасырдың екінші жартысы, кезінде яғни 1550-1600 жылдар аралығы кезінде болса керек. Осындай қыспақтан жерінен айрылған Таманың кейбір рулары атамекенін тастап, Қазақстанның оңтүстік аудандарына, Өзбекстанмен шектесетін Түркістан, Созақ аймағына келіп қоныстанады. Жаңа қонысқа келіп ел елдігін құрады, ұрпақ өсіреді, мал малданып жан-жанданады. Жылдар жылжып өтіп жатады. Қазақтың басқа да елдерімен бірге қазақ жерінде болған талай дүрбелең оқиғалары бастан кешеді. Тарихқа белгілі «ақтабан шұбырынды» оқиғасының қиын-қыстау кезеңін осы жерде өткізеді. Елбасына екіталай күн туған тарихтағы осы бір нәубет жылдар өткеннен кейін қазақ хандықтарының ел басқару жүйесі әлсіреген кезде, Тамалар отырған жер Өзбек хандығының билігіне кіріп, халық рухани қасымға түскен, қудалау мен зорлық-зобылыққа душар болған. Атамекеннен айрылып, жаңа қоныста есін жиған момын халыққа бұл да жеңіл тимейді.
Сол кезде қазақтарға рақымсыз әмір жүргізген Өзбек ханы Абдулла деген хан еді деген ел зердесінде мәңгі қалған. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы аяқталып, қазақ елі есін жинап, Абылай хан елдің елдігін қайта қалпына келтірген заманда есің барда елінді тап дейтін қағидамен Таманың ел басқарушылары Абылай ханға өздерінің туған жерлеріне қайтару туралы тілек білдіреді. Абылай хан Таманың ел басқарушыларының бұл тілегіне қатты ойланады, әрі қатты қиналады. Оның себебі, дана Абылай ел бірлігін қатты қастерлеген болса, екіншіден Тама аз ел болғанымен жауынгер ел болған. Кешегі ел басына сын сағаты түскен кезде Абылайдың ақ туы астында елдің намысын бермеген бірнеше қол бастаған батырлары болған. Абылай оларды қасынан жырақтатуға қимаған. Тарихта аты белгілі атақты Баян батыр, Сеңгірбек пен Жұма батырлар Тамадан шыққан ерлер еді.
Абылай хан көп ойланып, көп толғанып күндерде де бір күн: «Жан-жаққа алақтап шарқ ұрған кешегі бір қатерлі күндерде елдік қып, ерлік қып, үлкен демеу, кең тыныс болған ер көңілді жұрт едіңдер, сендерге бауыр басып қалыпты. Мал емген бұл қазаққа енді жер емізіп, мына бір тыныштық орнаған заманда дай-дай болған елдің сүттей ұйыған сәтін көрсем бе деп едім. Шабыла-шабыла аз титықтадық па?! Отырыңдар қасымда. Шуды қыс қыстау етіп жүр екенсіңдер, алыңдар соны! Сарыарқаның бір сұлу өзені Сарысудың екі жағын көсіліп жайлай беріңдер. Балқаш көліне иық тіресіңдер, одан арғы Бетпақ та сенікі, – деп Тама басшыларын ешқайда жібермеген екен. Абылай ханнан аса алмаған ел басшылары бәтуаға келіп, ақыры хан меңзеген жерге қоныстаңуға бел байлаған. Сөйтіп ел басшылары ақылдаса келіп Шу бойы, Сарысу өзені алқабы, Балқаш көлі маңайын көруге бір топ игі жақсылардан шолушы елші жіберуге бел байлап, Таманың сол кездегі дана қарияасының бірі, көпті көрген көнекөз, 93 жастағы Итемген ақсақалдан бата алып, сапарға салған. Итемген ақсақалдан қария – біз жоғарыда айтқан Абылайдың сүйікті батырының бірі Сеңгірбек батырдың әкесі. Сапарға шыққан сол жер шолушы жолаушылар Сарысуға шейін келіп, Арап төбешігінің үстінде тұрып жер жаннаты екен, түгін тартсаң май шығатын өскен жер екен дейтін байламға сол жолы келген. Содан келіп қоныстанған Тама елі жаз Арқада жайлап, қыс Шуды қыстап өмір кешкен.
Бұл жаққа ауысқан Жағалбайлы, Алшын руларының келу себептерінің де өзіндік ерекшелігі бар. Бұл рулар Таманың ауысуынан да әрірек. Алшын, Жағалбайлы қоныстастығына қарай бірге аталады. Жағалбайлының негізгі жері Орал маңы, Жайық өзенінің жағалаулары ғой.
Күні бүгінге шейін тарихта талас тудырып келе жатқан, өзінің сойқанды ісімен ел арасында аңызға айналған Ермактың бүлікшілік әрекеттері Жағалбайлылардың қоныс аударуына себепші болған. Ермак өзінің басқыншылық, қарақшылық әрекетін ішкі Ресей жерінен бастап Қазақстанның солтүстік облыстарын қамти отырып, ылаңды Сібір жеріне шейін салғаны тарихтан мәлім. Ал, Орал жері сол Ермактың нақ жол үсті. Ермактың қарақшылығынан ығысқан біраз Жағалбайлы рулары Қазақстанның орталық аудандарына, яғни Есіл, Нұра өзендері бойындағы елдерге келіп қосылған. Сол алқапта ұзақ жылдар мекендеп тіршілік еткен, ұрпақ жайған! Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды дегендей Ермактың зәбірінен жел айдаған қаңбақша Оралдан шығысқа бет алған елді бастап келген атақты ел басшылары, батырлары болған. Соның ішінде Жағалбайлының Бұлди руынан тарайтын Алакөз атасынан шыққан атақты Мама батыр, Мәлікжан руынан шыққан Дүйсеннің Алтайбайы сияқты ел басшылары аңыз болып ел жадында осы уақытқа шейін сақталған.
Есіл, Нұра бойындағы Жағалбайлылар Сарысу бойына жоғарыда баяандағанымыздай Тамалар келіп қоныстанғаннан кейін Жетірудың бір баласы ретінде ағайынмен бас қосып елдік құру үшін кейінірек келіп қосылған.
Жағалбайлылардың әулеті Есіл, Нұра бойында болғандығын дәлелдейтін айғақты деректер қазір де бар. Жағалбайлыны бастап келген ел басшысының бірі Мама батыр Нұра жерінде дүние салған. Оның зираты сол Нұра өзені бойында. Нұра бойында Мама көлі дейтін көл де бар, батырдың аты берілген. Ал, қазір сол төңіректің біраз жерінде, Көкшетау елінде ойдым-ойдым Жағалбайлы руының ондаған отбасылары кездесетінін ескерсек, олар сол ауысу кезінде біртіндеп қалып кеткен ағайындар екені даусыз.
Түгіскен жерін мекендеген халықтардың Қазан төңкерісіне дейінгі әкімшілік жүйесі, шаруашылығы мен кәсібі туралы айтар болсақ, ең алдымен әкімшілік жүйесі туралы бірер сөз. Жалпы бұл жердегі қалың елді сыртқы ағайындар жеті болыс Тама елі деп атаған. Ал, шындығында бес болысы – Кіші жүз руларынан құралған да, екі болыс ел – Орта жүздің тарақты руларынан құралған. Орта жүздің тарақты руы қоныс жағынан жақын аралас, шаруашылық жағынан бірге жайлап, бірге қоныстанған ел болған. Жаз Арқада жайлап, қыс түссе жылы жаққа Шу бойына бірге қыстап қайтатын болған. Сондықтан оларды ажыратып жатпай осы 7 болыс елдің дені Тамалар болғандықтан 7 болыс Тама деп кеткен.
Жеті болыс елдің әкімшілік бағынысы Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты болған. Яғни, елдің әкімшілік, саяси орталығы Ақмола қаласы болған. Көшпелі ел қажетті кезінде Ақмола қаласымен екі ортаға кісі кіре салып, керуен жүргізіп қажетті қант, шай, кездеме, киім-кешек, күнделікті тұрмыстық заттарды алдырып отырған.
Ал, шарушылығын келетін болсақ 7 болыс ел бүтіндей көшпелі /жартылай емес/ өмір сүрген. Елдің күнкөрісі тек қана мал шаруашылығы болғандықтан, ол заманда мыңғырған мал өсірген қазақ ауылының отырықшы өмір кешуі мүмкін де емес еді. Мал баққан елде жекелеген адамдардың мал басы ерекше өсіп байитыны белгілі. Бірі – жылқылы бай болса, бірі – түйелі бай, үшіншісі – қой өсірген қойлы бай болып мыңғыртып мал өсірген. Сондықтан мұншама көп малға бір жерден тамақ тауып беріп, қыс отырықшы ел болып шығуға ол кезде мал иелерінің күші жетпейтіні өзінен-өзі белгілі.
Мысалы, Алшын руынан шыққан Отыншы деген бір байдың өзінде 3000-нан 5000-ға шейін жылқысы болған. Ал оған қапталдас қаншама байлар болды?!
Қазақ байларының байлығын соңғы уақытқа шейін жат көріп келдік. Олардын кейінгі ұрпақтарды безіндірдік, кісі қанаушылар, еңбек тонаушылар етіп көрсеттік. Ал, тарихи ақтаңдақтардың ақиқатын адамдық көзбен қараған кейінгі кездегі зерттеулерімізде қазақ байларының орыс купецтері, дворяндары мен капиталистерінен бүтіндей бөлек категория екені айтыла бастады. Елде мал қорының мол болуынан ешкім зиян көрмеген. Қайта төніп келген талай ашаршылық, жұт нәубеттерінде ел сол малдың арқасында аман қалған.
Адамның адамдығы оның малының аз, көптігімен бағаланбауға тиіс, керісінше оның адалдығы мен азаматтығы арқылы бейнеленеді. Олай болса, байдардың бәрі қатыгез де сараң болған деген қорытынды жасауға болмайды. Малды байлардың мырзасы да жомарты да инабаттысы да болған. Малы азайып, күйі төмендей бастаған ағайындары мен туыстарына, нағашылары мен жиендеріне, құдалары мен жекжаттарына өз малынан үйірлеп мал бөліп беріп, елді аздырмаған байлар да көп болған. Қарға тамырлы қазақ қолда барын осылай бөлісіп жеп, ынтымақты өмір сүрген.
Түгіскен жерін мекендеген 5 болыс елдің әкімшілік жүйесі сол кездегі барлық елге тән болыстық басқару екенін біз жоғарыда көрсеттік. Әр болыс өз қарамағындағы елге сол кездегі Ркскдің отар елі есебінде белгіленген заң тәртібін жүзеге асыру саясатын жүргізгені мәлім.
Ел қиындыққа тірелсе, азап шексе, қорлық көрсе ол жеке адамның басқаруындағы солақайлықтан емес қой. Қайта сол кездегі ел басқарудағы солақайлықтан емес қой. Қайта сол кездегі ел басқарудағы белгілеген патша өкіметінің озбыр саясатынан деп білуіміз керек. Ондай заңдарды мүлтіксіз орындауға тізе бүкпей араласатын, бас ал десе шаш алатын жағымпаз ел билеушілері болыстардың болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Солай десек те елдің сол кездегі ауыр азап, қиын тұрмыс шегуіне негізгі себепші Ресей патшасының қолданған қатал тәртібі кінәлі.
Сонымен қоса елдің елдігін ардақтау, елдің бірлігін сақтау, халықтың күйзелмеуіне қамқор болған адал болыстар, ел ішінде ақылгөй қариялар мен ақсақалдар ел басшылары көп болған. Ел ақсақалдары мен сөзге жүйрік шешен билердің көпшілігі ел бірлігі, ел қамы үшін қара қылды қақ жаратын әділ шешімдер айту арқылы үлкен беделге, абыройға бөлеген. Патша үкіметінің қаһарлы заңына қарамастан Тама елінің елдік салтына ұйытқы болған аяулы азаматтарды, абзал ақсақалдарды кейінгі ұрпақ оқи, көре, біле отырып оларды мақтан тұтары сөзсіз.
Кіші жүз әрі руынан шыққан Жөгі-Сеңгірбек Қылыш болыс, Алшын Бақтыбай болыс, Жағалбайлы Арғынбай болыс, Жабал Төржан болыс пен Оңдыбай болыс, Ққызылқұрт Құлтас болыстар кезінде патша қызметін атқара жүріп елге оң көзімен қараған, халық қамын ойлай жүрген ел ардақтылары болған. Ал, енді белгілі бір қызмет атқармай-ақ, өздерінің даналығымен, әділдігімен, ел қамын өзгеден бұрын ойлайтын, ағайын арасындағы жанжалды, ел арасындағы дауды бір ауыз сөзбен бітістіріп отырған қадірлі ел ақсақалдары қаншама?!
Мысалы, бір бір ру төңірегіндегі ғана емес бүкіл Таманың қадірлісі болған әділ би, дәулеткелді Ерубай билер бір төбе болса, ел құрметіне бөленген ақылшы ақсақалдар: Жабал Жамбек, Жағалбайлы Өксікбай, Кедей Қазанқап, Шажа Ақберген, Құлмырза Сарыбас, Төлеп Иман, Кедей Есеншора, Шот Барлыбай, Құлмырза Тіленші, Тоқа Берді, Қырықбойдақ Жантөре, Темешбай, Әлі, Көзей Ысқақ қажы, Әлі болыс, Сейіл би, Алшын Отаншы, Бақтыбайлар бір төбе.
Елдің елдігін сақтауда, ел тізгінін тура жолға бастауда ерекше ел құрметіне бөленген ел басшыларының біз кей біреулерін ғана, өз жадымызда сақталғандарын ғана атап отырмыз. Мұнда абзал жандар Тама елінде көптеп саналған.
Осындай құрметті адамдардың қатарындағы, өзіндік еңбегі бар, елді сол заманда прогреске бастаған, ендігі біраз бөлігін отырықшы тіршілікке ұйымдастырған Таманың Жөгісі ішіндегі Көзей руынан шыққан Бердіқожа батыр туралы да жақсы лебіздер бар.
Еламанұлы Бердіқожа батыр 1790-1865 жылдары өмір сүргендігі 75 жасында дүние салғандығы туралы нақты деректер бар. Бұдан бұрын Көзей руынан шаққан қадірлі ел ақсақалы қатарында Бәйбекұлы Ысқақ қажы туралы айтқанбыз. Ысқақ қажы 1948 жылы 92 жасында дүние салды. Ол кісі жасынан дін жолына құлай беріліп 20 жасында сол кездегі ауыр жағдайға, жол қиындығына қарамай Тама елінің ішінен ең бірінші болып Меккеге барып қол тапсырып, қажы болып қайтқан. Ысқақ қажы аса аруақты, көріпкел әулие адам болды. Ол кісінің кезінде Жаңаарқа төңірегі ғана емес, Қарағанды облысы аймағының әр түрлі ауруға шалдығып, азабын тартқан талай жандардың қажы алдынан сауығып қайытқанын бүкіл ел біледі. Сол кісінің айтуы бойынша Бердіқожа батырдың жолы бөлек әңгіме. Ал оның халықты отаршылдыққа бастаудағы еңбегінен бірер деректер айтуды жөн көрдік.
Түгіскен бойындағы Сарысу өзенінің екі жақ шалғынды жағалауы Көзей руының меншігінде болған. Малы көп ағайындар жаз Арқада қыс Шуда жайлап жүргенде, шамалы күн көрерлік малы ғана бар бір бөлек Көзейлер Сарысу бойында қалып үй салып қоныстанып, мал бағып, шөп шауып, балық аулап кәсіп еткен. Осы жатақ елдің тұрмысын түзеп тіршілігін молайту үшін Бердіқожа батыр елді еңбекке шақырып Сарысу өзенінің бір ыңғайлы жерінен шымнан өріп толған байлап, кетпенмен арық қазып, арықпен су ағызып «Айжан» деген жерге егін салғызған. Суармалы егін бітік өнім беріп отырықшы ел астықтың астында қалады. Ел нанға тоғаяды. Артығын сатады, қалаға шығады. Қаладан қажетті қант, шай, кездеме т.б. керекті заттар сатып алады. Біраз жылдар ішінде ел ырысқа кенеледі. Сарысу бойындағы ел тірлігіне қызыққан көрші рулар, Орта жүздің Алсай, Нұрбай елдерінің әлділері бұл жерді зорлықпен өздеріне алғысы келіп кез аларта бастаған. Ел арасында дау-дамай туған. Әлді рулардың рулардың әділетсіздігіне көнгісі келмеген Бердіқожа батыр Қараөткел қаласына өзінің аттанысқа мінетін қара қасқа арғымағымен барып, істің жайын сол кездегі дуанбасы Ыбырайдың алдында сөйлесіп, іс әділетті шешіліп Сарысу бойы батырдың иелігіне мәңгіге берілген.
Бердіқожа батырдың бұл еңбегінің прогрестік мәні бар дейтін себебіміз көшпелі тірлік малға байланысты уақытша өмір ғой. Ал, негізінен халықтың тұрақтануы, отырықшылдық өмірге, кәсіпке, еңбекке араласуы қашан да ел үшін де, қоғам үшін де пайдалы. Біз кейінірек әңгіме ететін Түгіскен жерінде құрылған Сарысу ауданы 1932 жылы шашаршылықтан оңтүстікке шұбыра көшкенде де байырғы отырықшы ел қозғалмай, жинап алған азынаулақ дән-дақылмен орнында қалған еді. Ақыры ашаршылық жылы осы елден еліміз аз болды, дені аман қалды. Олай болса Бердіқожа батыр ұрпағын бір кезде жаудан аман сақтап қызғыштай қорыса, кейінгі еңбегі оның ұрпағының аман қалуына, еңбекті еміп өсуіне себепкер болды.
Ендігі бірер әңгімеміз Қазан төңкерісіне дейінгі елдің рухани жанашыры болған, өнер әлемінде самғап халық үшін қызмет еткен өнер адамдары туралы болмақ.
Қазақ елі қашанда өнерден кенде болмаған өнердің, ән мен күйдің, жырдың елі болғаны тарихи шындық. Біз олардың барлығын тізіп шыққанмен кезінде ерекше еңбек еткен, бір ғана ел, аймаққа ғана мәшһүр болып қоймай, бүкіл қазаққа танымал болған кейбір өнер тарландарын атауды парыз санаймыз. Олар кешегі қобызшы Ықылас, домбырашы Сүгір, әнші Сапалай, ақын Бұралқы сияқты өнер шеберлері туралы болмақ.
Ықылас Дүкенұлы Таманың Шақа руынан шыққан. Қазақ тарихында аты аңызға айналған Қорқыт бабамыздың кейінгі қазақтың қыл қобызын өнерөріне көтерген бірегей өнер иесі ретінде тарихымыздын орын алғаны мәлім. Ықыласқа қобыз өнері ерте қонған. Бала күнінде Қорқыт баба түсінде аян беріп, қобызшы болуға ақ батасын бергеннен кейін сол өнерді өзіне серік еткен, сөйтіп есейе келе аты әлемге жайылған.
Осы пікірімізді дәлелдейтін бір мысал келтіре кетейік. Ұлытау жерінде аты үш жүзге белгілі Сандыбайдың Ерден деген әйгілі баласы Әйменде мезгілсіз дүние салып мұң, шерге батқан. Оны білетін, қадірлейтін туыстары, замандастар оның қайғысына ортақтасып, әр жерден елдін игі жақсалары көңіл айтуға барған. Талай асыл сөздер, игі тілектер айтқан ел басшыларының демеуі Ерденнің қайғысын көпке шейін жеңілдете алмаған.
Біздің елден Тама Қазы шешен мен Ерубай би де көңіл айтуға барғанда қастарына жасөспірім қобызшы Ықыласты ерте барған екен. Сонда Ықыластың қобыз тілімен жеткізген көңіліне, қобыз сарынына елтіге Ерден ризашылық білдіріп жүрегіне дауа тауып қайғысын жеңілдетип, тәубаға келген екен. Ықылас өнерінің рухани емдігін бір көрінісін халық осылай аңыздайды.
Ықылас тарихымызға белгілі, ол туралы көптеген зерттеулер еңбектер, кітаптар жазылғандықтан оны жұртшылық бүгінде кенінен таниды деп есептейміз.
Күйші Сүгір де Тама, оның ішінде Дәулеткелдінің Бұзау дейтін атасынан. Сүгір де қазақ әлемінен таныс, XVIII ғасырдағы қазақтың белгілі домбырашылары мен тұстас, замандас. Тәттімбет, Сайдалы Сары Тоқалармен бір кезде өмір сүріп, олармен үлкен өнер байланысында болған. Сүгірдің шығармашылық жолы, орындаушылық шеберлігінде өзіндік ерекшелігі, орын бар композиторлардың бірі есебінде тарихымыздан өз орнын алып отыр. Исатайұлы Сапалай әнші туралы деректер аз. Сапалай Тама, оның ішінде Қырықбойдақ руынан. Сапалай шығармашылығы зерттеуді, жинақтауды күтіп отырған еңбек. Алайда оны көзі көрген, әнін естіген қариялардың айтуынша табиғат сыйлаған әсем даусы, орындау шеберлігі асқақ әнші болған. Жайлауда отырған қазақ ауылының кешкі бір әсем де тынық кешінде ән салған оның ер даусы қозы көш жерге жетер еді, – деп тамсанады бізге айтушы қариялар. Әрине, асыра мақтаушылар та бар шығар, қалай дегенмен Сапалай белгілі әнші болған.
Ақын Бұралқы Құдайбергенұлы – Тама, оның ішінде Төлеп руынан. Бұралқы кедей болған. Кедейлігіне қарамай еті тірі, өнерге бейім алғыр болған. Жастайынан сөз өнерін қуған, өлең шығарып, ақын болған, шешендігімен ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта дауына көп араласқан. Өткен заманда біздің бұл төмендегі ел аталатын Кіші жүз еліне көрші Қаракесек елінің ұры-қаралар көбірек тиіп, бейбіт елдің малын барымталап алып кетеді екен. Ел ішінде: «Немене, Қаракесектің ұрылары шауып кетті ме?», – дейтін мәтел де қалыптасуы содан. Бұралқының шешендігі, білгірлігі осы Қаракесектің барымта дауы кездерінде ерекше танылған. Бұралқы барған даулы іс әрқашан өз шешімін тауып отырған.
Қаракесектің дауға түсетін ел басшылары арасында Бұралқы туралы: «Әлгі Таманың қу кеңірдек, қара сұры тағы келіпті, ол келсе даудың жүйесін таппай қоймайды», – деген. Оның шешендігіне мойындау қалыптасқан.
Бертін Бұрекең үлкен ақындығымен танылған, әсіресе айтыс ақыны ретінде көрініп, Қазақстанның халық ақыны атаған да алды. Революцияға дейін қазақ ауылындағы айтыстары Қаз КСР Ғылым академиясының фольклор бөлімінің қазынасында сақтаулы. Біраз өлеңдерін пернедегі термелер деген халық ақындарының өлеңдер жинағына енгізілген.
Бұрекеңнің ақындық шабыты әсіресе, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында мол тасқындаған. Соғыс жылдарында ел ішінде елдің еңсесін көтеріп, тыл еңбеккерлерін ерлікке үндеу, жауды жеңуге арналады. Нұралық Жолдекей ақынмен айтысы, балқаштың Шашубай ақынмен айтысы, қарсақбайлық Болман ақынмен айтысы, жаңаарқалық Тәлім ақынмен айтысы осы ойларымыздың дәлелі. Бұрекең көп жасап, халық үшін көп еңбек етіп 92 жасында 1970 жылы «Жеңіс» кеңшары тарағанда, атақонысында дүние салды.
Біз жоғарыда Түгіскен топырағында өз өнерлерін халқына арнаған, қашан да халқымен бірге болған аз ғана топ өнер адамдарын кейбір дара тұлғаларының өмір, өнер жолдарынан мәлімет бердік.
«Өнер көзі – халықта» деп дұрыс айтылған. Өнер қашанда жалғасын табатын халық қазынасы. Сол бабаларымыздың өнер жолын жалғастырып, елге әйгілі болып жүрген бүгінгі олардың ұрпақтары туралы да бірер сөз айта кету орынды сияақты. Бүгін де Қазақстан ғылымы мен білімі, өнері өркендеген үлкен елге айналған шағында сол шалқыған елдің дүнесіне өз үлестерін қосып, ел құрметіне бөленіп жүрген көптеген жерлестеріміздің баба жолын қуған өнерпаздар ретінде мақтан тұтамыз. Бүгінде республика жұртшылығына кеңінен танылған, қыл қобыз шебері Тама, оның ішінде Көзей Сматай Үмбетбаевты республика жұртшылығы сүйіп тыңдайды, асыға күтетін жезтаңдай әнші Игілік Омаровты, республикаға танымал төкпе күйдің шебері, Алшын Генерал Асқаровты, Жабал-Тама жақында ғана марқұм болған жезтаңдай әнші Көлмағанбет Нұрмағанбетовті, әнші Дәулеткелді Байзақ Сейіловты, Тама-Кедей әрі жазушы, әрі өнер зерттеушісі, әрі сазгер Ілия Жақановты, жазушы Қырықбойдақ Кәрібай Ахметбековты, ақын Дәулеткелді Тынышбай Рахымовты, жазушы Берік Шахановты, Ықыластың, Сүгірдің, Сапалайдың, Бұралқының ізбасарлары, бабалар өнерін жалғастырушылар деп танимыз. Енді Қазан төңкерісінен кейінгі ел ішіндегі саяси жағдайлар мен Түгіскен жерінде құрылған Сарысу ауданы, оның басқа жерге кетуі жөніндегі мәселелерді сөз етейік.
Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, Қазақстанның жер-жерінде Кеңес үкіметі орнай бастады. Колчак бүліншілігі, ақтар мен қызылдардың шайқасы сияқты дүрбелең оқиғалардың қиындықпен халық бастан кешірді. Біздің ел орталықтан шалғай, жартылай шөл далада көшіп-қонып тіршілік еткен ел екендігі жоғарыда баяндалды. Сондықтан Кеңес үкіметінің саясаты, үкімет билігі басқа жерлерден кештеу келгені ақиқат. Соған қарамастан Қазақстандағы төңкеріс ісіне ерте араласқан, күрес жолының азабын басқадан бұрын көрген Қазақстанға белгілі азаматтардың біздің топырақтан көп болғанын айта кетуге тиіспіз. Қазақстанда кеңес үкіметінің халық теңдігін орнату үшін бел шешіп күрескен қазақтың белгілі төңкеріс қайраткерлерін тарихтан да атақты жерлесіміз, қазақ халқының мақтаны С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан да бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
Сол Сәкен ағамен тар жолда бірге болып халық бақыты үшін күрескен біздің елдің бес бірдей революционер азаматы әрқашан ел жадында. Олар: Бәкен Серікбаев, Шәбден Ералиев, Жанайдар Садуақасов, Байсейіт Әділов, Дінмұханбет Әділовтер. Б. Серікбаев – Алшын, Ш. Ералиев – Тама-құрақ, Ж. Садуақасов – Жағалбайлы-алакөз, Байсейіт, Дінмұханбет Әділовтар –Жағалбайлы-алакөз.
Бұл аталған азаматтардың барлығы қазақ тарихынан бүгінде өздерінің лайықты орнын алып отыр, сондықтан елге әйгілі болған бұлардың өмір жолдары туралы бұл еңбекте жазудың қажеті де болмас. Тек олар кезінде Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері болғанын, мысалы: Б. Серікбаев Ақмолада орнаған кеңес үкіметінде совдеп төрағасының орынбасары Ш. Ералиев Ақмола гумбилицияның бастығы, кейін Маңғыстауда кеңес үкіметін орнатуға жіберілген төтенше өкілі Ж. Садуақасовтың Қазақстан республикалық партиялық басшы қызметте болғанын, әр қайсысының сол кездегі солақай саясат, асыра сілтеудің салдарынан асқақ армандарына жете алмай, өмірінен тым ерте қоштасқан аянышты өмірлерін еске аламыз.
Ал, соңғы екеуі – Әділовтар туралы шамалы пікір жазуға тура келеді. Себебі олардың өмір жолы әлі өз мәнінде халыққа толық жеткен жоқ. С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында ол екеуінің күрес жолындағы ерлік істері толық баяндалғанмен, кейін тарихтың орынсыз бұрмалануына байланысты Әділовтердің еңбегі тарихымыздың көлеңке кітаптарында қалыңқырап қойды да, ел тарихына, ерлер тарихына қайта үңіліп дұрыс бағасын берген кейінгі кезде ғана олар жарыққа шыға алды.
Дінмухамбет Әділов – руы Жағалбайлы.
1901 жылы Ақмола уезі, Түгіскендегі «Көктас» болысында туған. Ағасы Байсейіт Әділовке ілесіп қалаға оқуға барған. Соңғы бітірген оқуы 1916 жылы Омбыдағы гимназияны бітірген. 1918 жылы Колчактың бүлігі басталған кезде кеңес үкіметінің жақтаушы большевик ретінде Колчаққа қарсы күреске жасақталған «Пролетариаттың көпұлтты қызыл партизан отряды» дейтін отрядқа еніп, Чита қаласы маңындағы атаман Семеновтың отрядымен болған шайқасқа қатысқан. Жай қатысушы емес, бір бөлімді басқаратын командир болып, офицер атағын иеленген, қызыл комиссар деп аталған.
1918 жылы Ақмолада кеңес үкіметін Колчақтар құлатып, оның басшылары Сәкен, Бәкен, Байсейіт, Абдулла т.б. Ақмола түрмесінде азап шегіп жатқанда сол кездегі Ресейдегі жалпы саяси хал-ахуал туралы хабар беру үшін, түрмедегі революционер жолдастарының көңіліне демеу беру үшін Омбыда оқып жүрген Жанайдар Садуақасовпен бірігіп жұмбақ телеграмма беріскен осы /Дінмухаммедті ата-анасы да, жолдастары да Дінше немесе Мұқыш деп атап кеткен. Телеграммада Жанайдар, Дінше деп жазылуы содан/. Ол телеграмманы Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» дәлме-дәл оқысақ былай еді ғой: «Вахитша Үкіметов ауру, құрт ауруы, дәргерлер жаза алмаймыз дейді. Үлкенбек Сәбит баласы сауығып келеді. Дінше, Жанайдар».
Уақытша үкіметтің әлсіреп келе жатқанын, кеңес үкіметінің әлденіп, етек алып келе жатқанын білдіру ниетін олар осылай жұмбақтап жеткізген еді. Ал, түрмедегі большевиктер мұны дұрыс ұғынып, көңілдеріне қуаныш сезімі, қайырлы үміті ұялаған. 1919-1920 жылдары азамат соғысы аяқталғанша Орынборда төтенше комиссияда /ЧК/ істеген. Азамат соғысы аяақталып кеңес үкіметін бірыңғай жолға түскен кезде прокуратура, тергеу орындарында әртүрлі басшы қызметте болған. 1920 жылдардың аяғы, 1930 жылдардың басындағы Қазақстанда етек алған алашордашыларды жою науқанына ілігіп, алғашқы он төрт деп аталатын қазақтың оқыған азаматтарының қатарында жазықсыз ату жазасына кесілген. Ал, тарих бұл күнде олардың жазықсыз екенін ашып, жаладан арашалап отыр.
Әділов Байсейіт – руы Жағалбайлы. Дінмұхамедтің туған ағасы Байсейіт 1887 жылы Ақмола уезі, Көктас болысында туған /қазіргі «Жеңіс»/. Ақмола қаласындағы қалалық училишені, одан кейін Омбы семинариясын бітірген. Байсейіттің революциялық ісі сол Омбыда оқып жүрген кезінде басталған. Студенттердің ұйымдастырған «Жас қазақ» атты саяси ұйымының әрі ұйымдастырушысы, әрі белсенді мүшелерінің бірі болған. 1917 жылы Ақмолада Сәкендермен бірге кеңес үкіметін құрысып, 1918 жылы кеңес үкіметі құлатылғанда атаман Анненковтың азап вагонында, Омбы түрмесінде Сәкендермен бірге болып, одан босанып шыққан соң 1992 жылғы шейін Ақмола уездік милиция бастығы қызметін атқарады. Кеңес еліне, оның саясатына, революция жеңісіне қарсылық көрсетушілермен күресте ерекше көзге түседі.
1992 жылы аяғына таман Бәкенді басқа жерге қызметке ауыстыру туралы ұйғарым болды. Бәкен әуелі келісім бермегенмен кейін партия солдаты ретінде баруға келісіп, біраз демалып қайту үшін елге келген Бәкеннің елдегі осы бір өткерген күндерінде кездейсоқ душар болған атақты Қараноғай-Шала әлегінің оқиғалары болған еді. Енді сол оқиғаға байланысты Бәкеннің адалдық, азаматтық бейнесінің бір үзігін әңгімелеп көрейік. Тама елі көшпелі ел болғандықтан кеңес үкіметінің дауылды дабылы алыстан естілгені болмаса, нақты іске қосылуы басқадан кейінірек екенін біз осы бөлімнің бас жағында айтқанбыз.
1922 жылдың орта кезінде Сарысу, Шу бойындағы елдерге кеңес үкіметінің таныту, оның саяасатын насихаттау, езілгендерге жәрдем беру, жалпы ел жағдайымен дұрыс таныса отырып, елді кеңестендіруге ұйымдастыру жұмыстарына уезден, Ақмоладан өкілдер жіберген. Олар сол кездегі большевиктер, кеңес мекемелерінің адал қызметкерлері саналған сенімді адамдар Ғалым Әубәкіров деген татар жігіті /оның ел ішіндегі аты – Қараноғай/ және Ақмола төңірегінің темеш руынан Шала деген жігіттер.
Ол екеуі қалың елдің ішіне келіп, жалпақ жұртты аралап бойларын үйреткен соң қараңғы да момын елдің бұйығылығын пайдаланып, кеңес үкіметінің саясатын насихаттаудың орнына өз ойларына келгенін істеп, ел ішіне үлкен лаң салады. Айтқанын орындамағандарды, қарсылық көрсеткендерді қамайды, жазалайды, дүрелейді, әйтеуір айтқандарын болдырады. Ең әуелі ол кезде кәмпеске саясаты жүрмесе де елдің мал-мүліктерін тартып алып қазына ғып үйіп, бір шетін астыртын қалаға жөнелтіп жатады. Қалы кілем, қара ала сырмақ, оқалы тон, зерделі шапан, алтын, күміс бұйымдар жиналады. Күнде жаңа жұрт ауыстырып қону, қоналқыда сойыс, есірткі ішу, думан құру. Ол ол ма, әр қонған жерде түнемеге қастарында болатын бір-бір сұлу қызы.
Мұндай айуандық қылықтар Кеңес заңы түгілі адамдық бейнеге жатпайтын тұрпайы істерді көрген халықтың төзімі таусылады, намыстарына қатты тиеді. Шу бойындағы елге демалысқа Байсейіт келгенде осындай лаң салынып жатқан кез еді. Қорланған ел азаматтары жағдайды Байсейітке хабарлайды. Істің жайын дереу білу үшін, нақты шара жасау үшін Байсейіт губернияның сенімді өкілдері Қараноғай мен Шала сайран құрып жатқан ауылға келген. Бәкең оларды бұрыннан біледі екен. Әсіресе, Ғалым Әубәкіров оқыған, қызмет атқарған жігіт көрінеді. Олармен кездесіп, ел ішінде жүргізіп өз істері туралы сұрағында жалтыра алмаған, мойындаған, жалпақ елге жасаған қиянатын жасыра алмаған, Байсейіттен кешірім сұраған.
Жаңа ғана орнап жатқан кеңес үкіметінің сенімін аяққа басқан, ел ішінде адамдыққа жатпайтын ғажайып ойран салушы, құныққан, жеке бастарының нәпсі құмарлығын баса алмаған басбұзарларды кеңес үкіметінің әділ өкілі, кеше ғана революцияның жалынынан шыққан Байсейіт сынды азамат кешіретін іс емес еді.
Байсейіт қара жүзділермен көп сөйлеспейді, істің қанығына жеткен соң, жанындағы милиционерлерге ұстап қолдарын байлатып, жазаларын заң арқылы тарттыруды ойлап, Ақмола түрмесіне айдауға бұйрық береді. Байсейіт келісімен жиналған ел жігіттері намыстан қорланғаны сонша, көз алдарында оларды тірі жібіргісі келмей, Шу өзенінің қатқан мұзын ойып, суға батырып жіберген.
Кейін Қараноғай мен Шаланың өліміне Байсейітті кінәләп, Байсейіт өлтіріпті дейтін лақап өтірік те тараған. Байсейіт оларды Кеңес саясатын ақтау үшін, ел үшін алдында Кеңестік заң арқылы жазалауды дұрыс деп тауып, түрмеге жөнелткен. Шындығында олардың ажалына халық кегі, ел намысы себеп болған. Сонымен кеңес үкіметі жер-жерде орнаған кезде, әншейін ағымдағы кезекті іс ретінде күн тәртібіне қойылып, оп-оңай құрыла салмаған. Талай-талай таптық шайқас, әділ заңның бұрмалануы, кеңес үкіметін халыққа кері түсіндіру күрестері нәтижесінде қалыптасқан. Көшпелі қыр елінің арасында жаңа орнаған кеңес үкіметінің саясатын ұғындыру, үкіметтің еңбекші халықтың қамқоршысы екендігіне халықтың көзін жеткізу жұмыстары жүйелі жүргізіле бастаған. Сөйтіп 1928 жылы бұрынғы көшпелі елден Сарысу ауданы деген атпен аудан құрылған. Ауданның құрылуы үлкен саяси мәні бар оқиға болады. Халық кеңес үкіметінің, оның заңын түсіне бастады.
Жаңа құрылған ауданға губерниядан істе сыналған білімді азаматтар жіберілген. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Бейсенов Әлішер, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Аймурзин Мұхамеджан деген азаматтар отырған. Жаңа ауданды ұйымдастыруда, оның іс жүйесін жаңаша жүргізуде, халықпен тығыз байланысты болуда, әсресе, Бейсенов Әлішердің іскерлігін көз көрген қариялар аса құрметпен атап отыратын еді.
Аудан экономикасының құлдырауы, халықтың жоқшылыққа, ашаршылыққа душар бола бастауы 1931 жылдан басталған.
Себебі, біріншіден ауданның бұрынғы басшылары ауыстырылып, олардың орнына келген жаңа басшылар іскерлік көрсете алмаған. Кейінгі келген Жексенбаев деген басшының ұйымдастырушылық қабілеті төмен, аудан жұртшылығын тұрмыс дәрежесінен бейхабар, кадрлармен жұмыс байланысы нашар болған.
Екіншіден, 1932 жылғы ақпан айында жоғары жерден жарлық келді деп үй басына мөлшерден тыс жүн салығы дейтін салық салып, оны қалайда орындауды қатаң талап еткен. Елде бар ма, жоқ па, қыс ішінде ол қалай орындалады, онда оның шаруасы болмаған. Үкіметтің әмірінен қорыққан халық жүн салығынан құтылу үшін қолындағы малын қыруға, сойып жүнін өткізуге душар болған. Елді жайлаған аштықтың алғашқы есігі осылай ашылған.
Үшіншіден, 1932 жылы Жексенбаев көшпелі Сарысу ауданын отырықшы ауданға айналдыру мақсатында Түгіскеннің басынан аудан орталығын салмақ болып, 100 000 саман кесек құю туралы шешім қабылдаған.
Бұл пікірді сол кездегі ауданның жоспарлау бөлімінің бастығы Барболов Темешәлі деген азамат (қазір тірі, 80 жаста) зейнеткер, оқыған адам, (Жәйрем поселкесінде тұрады) қолдамай наразылық білдіреді. Өйткені елдің жағдайы нашарлаған кез, аштық күн санап етек алып бара жатқан, халықтың ауыр еңбек етерлік күйі қалмаған кез екен. Сол наразылық үшін Барболовты қызметтен босатып, орнына Мақұлбеков деген азаматты тағайындайды. Жексенбаевтың балшық құю науқаны басталады. Тамақ жоқтықтан ашыққан, жүдеген азаматтар шамалары келмей әрі аш, әрі ауыр жұмыстан қырылып берген.
1932 жылдың қоныр күзі келгенде есі кеткен ел, абдыраған аудан басшылары жағдайдан осылай етсек шығамыз деген дәмемен ауған елдің жетер-жетпесімен де санаспай, ауданның қалған елін шұбыртып оңтүстікке, қазіргі Жамбыл облысына үдере көшіп берген. Көшкен ел жолшыбай қырылған. Қазіргі деректерге қарағанда Арқадан ауған Сарысу ауданынан 2500 шаңырақтан 500 үй ғана жеткен. Осындай нәубетті бастан өткізіп, бір кездегі іргелі ел бес болыс Тама елінің Сарысу ауданы Байқадам деген жердегі Шабақты өзенінің бойында орналасқан.
Бүгінде Сарысу ауданы сол өзінің байырғы атымен Жамбыл облысының экономикасы мен мәдеиеті толысқан озық аудандардың біріне айналып отыр.
Келесі тоқталатын мәселе Сарысу ауданынан қалған елдің Жаңаарқа ауданына қосылуы, алғашқы ұиымдасқан артельдер, серіктер мен колхоздар туралы.
1932 жылдың күзінде аудан қопарыла көшкенде Түгіскен бойында да шамалы ел орнында қалып қойған. Бұл қалғандар көшуге шамалары жоқ, көшетін күш-көліктері жоқтар және аз да болса күн көремін деген малдары мен уысты кулак, астық жұрнақтары барлар болған. Солай болғанмен аштықтың аты – аштық. Бір үй аш болса, рулы ел аш болады дейтін қазақ мақалы текке айтылмаған. Аудан жұртында қалған ел де аштықтан көп шығынға ұшырап, 1933 жылдың көктеміне біразы аман іліккен.
Екінші бір айтылатын жай – аудан жұртын көшіру, көшірмеу туралы Сарысу ауданының басшыларының өзі екі ұдай пікірде болған. Соның салдарынан ауданның кейбір басшылары қалған елмен бірге болып, оларға басшылық жасаған. 1933 жылдың аяғына шейін сол басшылар болып, 1934 жылы қалған елді Жанаарқа ауданының құрамына енгізгенде олар сол ауданның түрлі қызметтеріне орналасқан.
Қалған елді басқаруда аудандық прокурор болып Байтеміров Сыздық, аудандық милиция бастығы болып Адаханов Сүлеймен, аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып Бұралқин Ахметжан, аудандық халық соты болып Аяпов Жақсылық, аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болып Бірәлин Айтжан деген азаматтар қызмет атқарды. 1933 жылдың көктемінде аштықтан қалған елдің басын қосып, оларды артельдер мен серіктіктерге біріктіру, бірлесіп еңбек ету үшін өлкеден арнаулы өкілдер келген және қалдық аудан басшыларына араласа отырып біраз іс атқарған. Аштықтан аман қалған елге мал, астық таратылып (продпомощ) елдің есін жинатқан. Осындай игі істерден кейін елді тоғайту мақсатында қолда бар мүмкіндіктің шеңберінде егін салу жұмысы басталады. 1933 жылы ауылдық кеңестің төрағасы Қосаев Бөлекбай елді бастап, қазіргі К.Маркс атындағы кеңшардың жеріндегі қара топырақты аймаққа Көксала-Теректі, Жарық, Ақатан сайы деген жерлерге егін салғызады. Елдің ырысына қарай егін жақсы шығып, халық тойынады. Егін жиналып болған соң, халықты орнықтыру бірлескен шаруашылыққа көшіру мақсатымен бұрынғы әрбір рудың отыру қонысына қарай серіктік, артельдерге ұйымдастырады. Сөйтіп Түгіскен жерінде алғаш рет «Қамыс мола», «Жаңа тілек», «Түгіскен», «Қаражартас», «Қарсыадыр», «Жарық» артельдері дүнеге келген. Әр артельге басшылық жасайтын қолынан іс келеді деген азаматтар сайланды. «Қамыс молада» Бисенбин Бекет, «Жаңа тілекте» Мәмеков Асқар, «Түгіскенде» Сарымсақов Үсен, «Қаражартаста» Тоқтамысов Ілияс, «Қарсыадырда» Мәмбетәлин Өскен, «Жарықта» Жиенбеков Жуанышбайлар басшылық етті. 1934 жылы Сарысу ауданының қалған жұрты Жаңаарқа ауданының қарамағына енуіне байланысты және 1936 жылдан бастап артельдердің колхоздарға айналдырылуына байланысты екі ауылдық кеңес, бес колхоз ұйымдасты. Түгіскен ауылдық кеңесінің төрағасы болып Қалжанов Өмірәлі сайланды. Ал, колхоздарға келсек, бұрынғы «Қамыс мола», «Жаңа тілек» артельдері бірігіп «Коммунар» деген колхоз құрылған, оның басқарма төрағасы Бейсенбин Бекет, кейінірек Мәмеков Асқар болды. «Түгіскен» жеке колхозға айналды, төрағасы Сарымсақов Үсен, «Қаражартас», «Қарсыадыр» артельдері бірігіп «Қаражартас» колхозы болды, оның басқарма төрағасы Мәмбетәлин Өскен, кейін Тоқтамысов Ілияс болды.
Ал, қазіргі К. Маркс кеңшары жерінде Жарық ауылдық кеңесі құрылды, оның төрағасы Елубаев Бейсенбай деген азамат. «Жарық» колхозы, оны басқарған Жиенбеков Жуанышбай. Осымен қоса бұл кеңесте екінші колхоз құрылды, оның аты «Жиделі» еді. «Жиделі» колхозының тұрғындары бұл жаққа кейін, сол ашаршылық жылдары төменгі Қызылқұрт еліндегі «Жиделі» деген жерден көшіп келген Таманың Әліп атасынан тарайтын ағайындар еді. Сондықтан колхоз атын келген жерінің атына қойған. Оны басқарма төрағасы болып Шәукин Сүгірбай, Арыстанов Қызылбайлар сітеген.
Елдің осындай тірішілігі үстінде кешегі дүркіреген Ұлы Отан соғысы басталады. Ел азаматтарының дені майданға, Отан қорғауға аттанды. Елде қалған жас әйел, жасөспірім бала, ұлғайған қарияалар тылда еңбек етті. Майдан мүддесіне, жауды жеңуге бар ықыластарымен еңбектеніп, оларға тонналап дән, топтап мал беріп отырды. Осындай қажырлы еңбекті ұйымдастыруда елге басшы болған ауылдық кеңес төрағалары Шегебаев Ахметбек, Ахметов Иманбай, Қарамергенов Үрлі, Мейізбеков Мәжікен, Бөпеев Түсім сияқты марқұм болған азаматтарды еске алу орынды. Сол сияқты колхоз шаруашылығын өркендетіп, елдің іргесін ашпаған колхоз басшылары Бейсенбин Бекет, Қалдаяқов Аманбай, Ағымов Нәби, Жарық ауылдық кеңесі төрағалары мен колхоз басқарма төрағалары Кішкентаев Үсен, Егізбаев Сәдікен, Сымақов Жайлыбай, Тоқтамысов Ілиястар да ел есінде. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, ел қуанышқа кенелді. Соғыс зардабынан халық басына түскен ауыртпалықты тез арада қалпына келтіру міндеті тұрды. Өндірісті де, ауыл шарушылығын да тез қарқынмен дамыту үшін олардың жүйесі қайта құрыла бастады. Сондай ірі шаралардың бірі колхоздарды ірілендіру еді.
1950 жылы колхоздар ірілендіріп, Түгіскен ауылдық кеңесі қарамындағы «Коммунар», «Түгіскен», «Жеңіс» колхоздарын біріктіріліп, ірілендірілген «Жеңіс» кеңшары болып аталады. 1962 жылы кеңшар шаруашылығына ауысқанға шейінгі 10-12 жыл ішінде «Жеңіс» колхозы қой және егін шарушылығымен айналысып, аудандағы ең ірі шарушылықтың біріне айналды. Жай ғана ірі шаруашылық емес, тасқындаған табысы, көркейген мәдениеті бар іргелі ел – миллионер колхоз атанды.
Колхоз іріленгенде оның алғашқы басқарушылары болып М.Мейізбеков, К.Жүсіпбеков жолдастар еңбек етті. Колхоз дәулетіне біршама үлестіріп қосты. Ал, негізінен «Жеңіс» колхозының шаруашылығын шалқытып, атаған республикаға шығаруда ерекше еңбек еткен басшы ол Сейітмағанбетов Жетімек еді.
Ж.Сейітмағанбетов ұзақ жылдар аудандық көлемде қызмет атқарған білікті азамат болған. Ауыл шаруашылығын көтеру науқанына жіберілген отызмындықтар деп аталатын кадрлар қатарында келген осы жердің тума азаматы болатын. Ол мал бағудың ата дәстүрін жалғастырып, «Жеңістің» актылы қойын жаз Арқада, қыс Шуда бақтырып қойдың басын да, оның өнімін де көл-көсір етті. Осы жылдарда онымен бірге еңбек етіп, ел құрметіне бөленген Бейсенбин Бекет, Момбеков Мақажан, Мақажанов Зекітай, Тоқсанбаев Нұғыман, Қосаев Бөлекбай, Ақсейов Шубай, Сыздықов Мақажан, Ақмақанов Ықыш, Әлжапаров Сәлі, Тасыбеков Сыздық, Нұртазин Дулат, Ашықбаев Телібай, Қалдаяқов Аманбай, т.б. ерекше еңбек сіңірді. 1962 жылы тамыз айынан бастап «Жеңіс» кеңшары болып шаруашылықтың түрі өзгертілді. «Жеңіс» кеңшары құрылғаннан бергі оның өсу жолын толық баяндау үшін үлкен бір ғылыми еңбек жазып әзер тауысуға болар еді. Солай болғандықтан, біз бұл әңгімемізде оның шаруашылығының түрін өсу-өркендеу жолдарын, шаруашылықты дамытуды ерекше үлестерін қосқан еңбек адамдары туралы, ауылдың көркі, мәдениеті туралы шолу жасауды орынды санаймыз.
«Жеңістің» шаруашылығы – бірыңғай қой шаруашылығы. Колхоздан қорлы келген бұл шаруашылық аз жылдың ішінде шарықтап өсумен көзге түсті. Кеңшар құрылғаннан кейінгі бір бесжылдықтың өзінде облыстық қой шаруашылығының алдында шығып 1967-68 жылдардың қортындысында КСРО ауыл шаруашылығы министрлігінің және ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы мен бірінші дәрежелі сыйлығын жеңіп алды. Осыдан бастап шаруашылық әр жыл сайын да, әр бесжылдық сайын да тұғырынан төмендемей, еселі еңбек биігінен көріне білді. «Жеңістің» дабылды табысты ауданның, облыстың ғана емес, республиканың назарын аударды.
1971 жылы кеңшардың ірі жетістіктері ескеріліп, шаруашылық Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.
Осы шаруашылықтың қол жеткен табыстарын ұйымдастырушы, қаблетті де алғыр басшы, кеңшар директоры Ыдырыс Жұмабеков ең әуелі «Ленин» орденімен наградталып, КОКП ХХІІІ сьезіне делегат болып қатысты. Кейін шаруашылықтың тағы да өркендеуіне сіңірген аса үздік еңбегі бағаланып, Ы.Жұмабеков жолдас «Социалистік Еңбек Ері» алтын жұлдызы мен екінші рет «Ленин» орденімен наградталды.
Шаруашылықтың өрге басқан осы бір тұсында саяси-ұйымдастыру жұмыстарын ұйытқысы болған партком хатшысы Асанов Қоңырбай «Еңбек Қызыл Туы» орденін иеленді. Шаруашылықтың өркендеуінде аяанбай еңбек еткен бір топ еңбек адамдары да абыройға бөленіп, ордендермен, медалдармен наградталды. Қойшы Мәдин Жүніс, жылқышы Бейсенбин Бекен, қойшы Хасенов Әбілда, қойшы Бекмағанбетов Омаш «Еңбек Қызыл Туы» ордендерімен аталса, бөлімше басқарушысы Ашықбаев Телібай, қойшы Нұржанбаева Үкітай, жылқышы Темірбаев Аязбай, қойшы Жақсыбеков Балатай, жылқышы Иманбеков Рамазан, қойшы Мақажанов Ахмедия, бөлімше басқарушысы Дүйсенбин Төлендер «Құрмет белгісі» орденімен, қойшы Түсіпов Әлкеш, қойшы Хабаров Қараеке «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Осындай өркені өскен, ырысы ақтарылған берекелі елдегі озаттардан оқшау көрінетін ерекше биік бір дара тұлға тағы бар. Ол – Арқаның ақ иығы атанған атақты Сатан Ысқақов. Сатанның еңбектері өр жолы, қой шаруашылығын өркендетуде жаңашылдығы (новаторство) өз алдына бір аңыз.
Сатан Ысқақов өзінің қой баққан әр жылында бір биіктен бір биікке өрлеумен болды. Жыл сайын әр 100 саулықтан 140-150 төл алып, қазақы қойдың тарихында кездесе бермейтін республикалық рекорд жасады. Осындай үздік еңбектері құрметпен бағаланып ол 1971 жылы «Ленин» орденімен, ал 1975 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы мен екінші «Ленин» орденімен наградталды. Еңбек еткен жылдары бірнеше дүркін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын медальдарын жеңіп алып, «Қазақ КСР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атағын, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Сол сияқты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Жезқазған облыстық Кеңесінің депутаты болды. Сатан үздік еңбегімен шың басына жалғыз өзі ғана шығып қойған жоқ. Оның үлгі өнегесі, еңбектері жаңашыл әдістері оның ауылдастарына кеңінен тарап, нәтижесінде кеңшарда оның бірнеше жолын қуған ізбасарларын шығарды. Кеңшардағы бүгінгі озаттар – Жақсыбеков Болатай, Хабаров Қареке, Жарылғапов Бүркітбай, Нақыпов Жетпіс, Құлжанбеков Жазыбек, Түсіпов Мерекелер Сатанның өнегесін жалғастырушылар. Осылардың ішінен Түсіпов Мереке өткен 1990 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Басқаларының да еңбектері бағаланып ордендермен, медальдармен марапатталған. «Жеңіс» кеңшарының шаруашылығы әлі ортайған жоқ, сол баяғы шалқыған күйінде десек артық айтқандық болмас. Кеңшар әр жыл сайын 1,5 миллион сомдай таза пайдамен шығатынын тілге тиек етсек, пікірімізді растайды.
Бұл шаруашылықты 1972 жылдан бері үзбей жиырма жыл бойына Байкенов Сүйіндік басқарып келеді. «Еліне қарай – Ері» деген мақал бар қазақта. Осынша мерзім бір жерде табанды еңбек етуде де жақсы нышан бар. Азаматтығын танып, оны қадірлей білетін, жаманын жасырып, жақсысын асырып отыратын өнегелі ел десек біріншісі, екіншіден Сүйіндіктің өзі де байыпты да байсалды, ел қадірін, азаматтар сыйын түсіне білетін азамат. Сол пікіріміздің айғағы кейінгі 20 жыл ішінде де кеңшар шаруашылығы ауданымыздың алдынғы сапында келе жатыр. Кеңшар шаруашылығын дамытуда жалғыз Байкенов емес оның үзенгілес, қызметтес, ел қамына шын берілген адал да аяаулы азаматтар бар.
Ұзақ жылдар Түгіскен селолық кеңесінің төрағасы қызметінде болған Асқаров Әбілқайыр, көп жылдар партия, кәсіподақ жұмыстарында келе жатқан, жоғары білімді экономист Асқаров Марлен, мал шаруашылығын өркендетуде өзіндік үлес салмағы бар, тынымсыз жан аталған бас зоотехник Сәлкебаев Смағұлдар табысқа ортақ, Байкеновтың еңбектес серіктері.
Бүгін Түгіскен селосы – көркейген село, көкжелекке бөленген көркем ауыл. Кеңшар орталығында тұрғындарды қуанышқа бөлеген үлгі-жобамен салынған екі қабатты мектеп үйі, кеңшар кеңсесі, аурухана, бала бақша, дүкен, монша, мәдениет үйі бой көтеріп, тұрғындардың көпшілігіне ауыз су беретін су құбыры іске қосылған.
Ауыл мәдениетін сөз еткенде ауызымызға бірінші мектеп түсері анық. Қандайда өскен экономика мәдеиетсіз өркендеуі емес. Бұл екеуі – егіз тұлға. Ауыл мәдениетін көтеру, қадрлар даярлауда мектептің алатын орны ерекше. Түгіскен орта мектебі – ауданымыздағы ең үлкен қара шаңырақтың бірі. Аудан орталығындағы Ленин атындағы қазақ орта мектебінен кейін 1940 жылдан бері 50 жылдық тарихы бар екінші қара шаңырақ. Олай болса, осы ұядан жарты ғасыр ішінде жүздеген түлектер тәрбиеленіп, өмірге жолдама алды. Әрқайсысы өмірдегі өз орындарын тапты.
Қазір мектепте 70-ке тарта мұғалім жұмыс істеп, 600-ге тарта балаға тәрбие береді. Мектепте ұзақ жылдар еңбек етіп, бала жанының бағбаны болып жүрген ұстаздар қаншама?! Солардың ішінде мектепте бүгін бір методист-мұғалім, бір аға мұғалім, алты Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздіктері қызмет етеді. Олар: Ә, Әбдірайымов – методист-мұғалім, Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі, Омаров Игілік – аға мұғалім, Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі, сол сияқты Есетов, Астаева, Дауылбаев, Есболов, Оразалин, Әлібаева, Әлібеков сияқты Қазақ кСР халық ағарту ісінің үздіктері ерекше аталады.
Мектептің ұзақ жылдар еңбегі өз жемісін берді. Ғылым өнер еңбек саласында көрнекті іс атқарып жүрген ауыл азаматтары мектеп түлектері баршылық. Партия, Кеңес, шаруашылық саласының басшы қызметінде істеген, қазір де кеңшарда істеп жүрген түлектері қаншама?! Бір сөзбен айтқанда кеңшар сырттан кадр іздеген емес, мектеп түлектері бірінің орнын бірі жалғастырумен келеді. Енді солардың кейбірулерін атап өткеніміз жөн болар. Қарағанды кооператив нститутының профессоры Игіліков Әбдірахман, Қарағанды кәсіби аурулар институтының ғылым қызметкері, медицина ғылымының кандидаты Әбдіқұлов Руда, Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты Есбаев Күлмағанбет, Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, философия ғылымының кандидаты, белгілі әдебиет сыншысы Кәрібаева Бақыт, Алматы есептеу орталығының директоры, экономика ғылымының кандидаты Қошқаров Сәлем, Қазақ КСР Ғылым Академиясы энциклопедиясы бас директорының орынбасары Хасенов Игендер осы Түгіскен мектебінен қанат қаққан түлектер.
Сол сияқты айтулы кеңшарымыздың экономикасын көтеруде еңбек етіп жүрген кеңшардың бас экономисі Жүнісов Укаша, бас бухгалтер Ермаханов Төлеутай, бас инженер Жұматов Қайрулла, директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жексенбаев Елемес, шаруашылық жөніндегі орынбасары Көпбаев Совет, Түгіскен селолық кеңесінің төрағасы Қуаншықовтар мен орта буын басшы мамаандар. Ел құрметіне бөлінген іскер басшылар Хасенов Берген, Омаров Өмірбай, Өмірәлин Игендер де Түгіскен мектебінің түлектері.
Олай болса, көркейген ауыл мәдениетінің дәрежелік кадрға байланысты десек, Түгіскен орта мектебінің беделі осы іспеттес түлектермен айқындалды.
Сонымен біз тақырып бойынша ойға оралған біраз тарихи оқиғаларға шолу жасадық. Халық тарихы дегеніміз – таусылмас дария. Оның барлығын қамту мүмкін де емес, бір қағаз бетіне сыймайтын да қазына.
Егер халық басынан өткен тарих, оның өнегелі істері кейінгі ұрпаққа ұлағат, тәрбие деп қарасақ, біз «Жеңіс» кеңшарындағы негізгі тұрғындардың сонау ХVІ ғасырдан бергі тарихи жолына, ел қамын жеген ерлер, халық үшін күрескен ел басшылары, аталар дәстүрі мен олардың елге сіңірген еңбектерін айта келіп, сол қасиетті ісі бабамыздың жолын қуған бүгінгі ұрпақтарының ізгілік ісіне тоқталайық.
Олай болса «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», – деп Төле би бабамыз айтқандай еңбек сүйгіш, елдің елдігін өз борышым деп санайтын ата дәстүрімізді жалғастыратын бүгінгі ұрпағымыз біз баяндаған тарих сабақтары тағылым болар, тәрбие болар деп сенеміз.