Оразбекова Зейне Скендірқызы
Филология ғылымдарының кандидаты,
PhD, қауымдастырылған профессор, Алматы қаласы

«Шора батыр» жыры қазақтың көп жерлеріне жайылған, түрлі варианттары бар үлкен эпикалық мұра. Соның бір нұсқасы белгілі ақын, ел ішінде Молда Мұса деген атпен танымал болған Мұсабек Байзақұлының (1849-1932) қолынан шыққаны жөніндегі пікір көптен айтылып келген. 1935 жылы Молда Мұса туралы алғаш рет мақала жазған Өтебай Тұрманжанов та, одан кейінгі зерттеушілер де осындай тұжырымға ойысады. Молда Мұсаның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы арнаулы материал жинаған Рахымжан Малыбаев та ақынның тек «Шора батыр» ғана емес, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді эпикалық аңыздауларды да өңдеп, дамыта жырлағанын айтса /1/, ғалым Болат Қорғанбеков “Шора батыр” жырын алғаш хатқа түсірген Молда Мұса деп есептейді /9-10/. Себебі, белгілі фольклор зерттеушісі Әбубәкір Диваев ұзақ жылдар бойында Оңтүстік өңірінің халық ауыз әдебиетін жинастырып, жүйелеп, қыруар еңбек сіңірген. Сондай-ақ, Диваевтың әр өңірде, әр өлкеде фольклор деректерін жинап беретін тілшілері болған. Солардың бірі – Мұсабек Байзақұлы /2-331/. Молда Мұса эпикалық жырларды ғана емес, ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларын, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, шешендік сөздерді, бұрынғыдан қалған аңыз-әпсаналарды мол жинап Әбубәкір Диваевқа өткізген. Бүгінгі таңда аталмыш нұсқалар Әбубәкір Диваевтың құрастыруымен жарық көрген этнографиялық материалдар жинағы ретінде Россия мемлекеттік кітапханасының («Ленинка») сирек кездесетін кітаптар бөлімінде сақтаулы, көшірмесі Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде (ҚР МОМ) сақтаулы жатыр /12/.

Ал, «Ер Шора» жыры – қазақ ауыз әдебиетінің ең айтулы, көлемді көркем шығармаларының бірі. Зерттеушілердің пікірінше «Ер Шора» өзінің көркемдік бітімі жағынан «Алпамыс», «Қобыланды» жырларынан кейінгі ауызға алынатын тамаша туынды. Сол үшін алдымен осы жырдың тарихи негіздері, оқиғаның құрамы жөнінде тоқталуымыз қажет.

«Ер Шора» жырына негіз болған оқиғаның тарихи деректілігі, олардың белгілі дәуірге тән екендігі, Шора батыр тарихта жасаған адам екендігі туралы XIX ғасырдың орта тұсында ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов та тоқталып өткен /3-138/. Содан бертініректегі зерттеушілердің бәрі де, атап айтқанда Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Қажым Жұмалиев т.б. Шораның тарихи қайраткер екенін дәлелдейді: Шора батыр ХVІ ғасырдың Ноғай ордасында жасаған белгілі қайраткер ретінде кептеген еңбектерде аталады /4/. Жырдың түрлі варианттарында Шора батыр туралы оқиғалар Қазан қаласының төңірегінде өтетіні тегін емес. Өйткені, ХVІ гасырда Ресей патшасы өзінің жаулаушылық әрекетінің жолында тұрған үлкен тосқауыл – Қазан хандығы екенін біліп, қалай да сол хандықты жойып, басып алуға күш салған. ХVІ гасырда Қазанды басып алуға Иван Грозный патша да әлденеше рет әскер жіберіп. жорық ұйымдастырғаны мәлім. Сондай үздіксіз басқыншылық салдарынан 1552 жылы Қазан хандығы құлайды. Міне, осы оқиғадан кейін патшалық Ресейдің озбырлық экспансиясына кең жол ашылады. Патша әскеріне тегеурінді түрде қарсы тұрарлық күш қалмайды. Қазан хандығының құлауынан бұрын Алтын Орда, кейінгі Ноғай ордасы жерінде халықтың арасында алуан түрлі пікір тараған. Иван Грозный патшаның Қазанды алуы мұсылман жұртының арасында үлкен трагедия болып елестеген. Тарихи деректер бойынша Қазан хандығын жаулап алуды ұйымдастыру кезеңінде өмір кешкен Ноғай ордасы қайраткерлерінің бірі осы Шора Нәріков. Шора есімі орыс жылнамаларында, әсіресе Мәскеу мен Ноғай ордасы арасындағы қарым-қатынастарды шежірелеген құжаттарда жиі аталады /5-174/. Соның кейбіреулерінде Шора Мәскеу патшалығының тілектесі, досы ретінде бейнеленген. Ал, Шора туралы эпикалық жырларда ол Қазан қаласын қорғаушы ретінде сипатталады. Бұл көрсетілгендерден тарихи шындық пен эпос шындығы бір ізбен жүре бермейтіндігін байқаймыз.

Тарихта жасаған Шора Нәріков нақтылы құжаттардың көрсетуі бойынша 1552 жылы, Иван Грозный Қазан қаласын басып алғаннан бұрын, 1546 жылы қайтыс болған /6-196/ тұрғыдан алып қарағанда Шораның патша әскеріне қарсы соғысқа шығуы мүмкін емес. Осыдан барып атақты батырдың тарихи және эпикалық тұлғасы екі түрлі болып қалыптасқан. «Ер Шора» – жырындағы тарихи шындықтың елесі Шораның және оның әкесі Нәрік пен шешесі Құлқаныстың аттары ұшырайтындығында және тама руының қонысы Қазан Қаласының төңірегі болып көрінуінде. Міне, осы тарихи, аңыздық дерек үлкен эпикалық жырдың тууына себеп болған. Сондықтан, жырдағы Шора батырды тарихи қайраткер Шораның қайталамасы немесе көшірмесі деуге болмайды. Эпостағы Шора халық қиялынан туған, әсіреленген бейне. Бұл айтылғандар тарихта жасаған Шора мен жыр қаһарманының арасындағы байланыстың ерекшелігін көрсетеді. Осы себептен Шора батырдың бейнесін эпикалық жырлардың зандылық өлшемі бойынша қарастыру қажет. Жырдағы Шораның:

– «Мен Қазанға барғанша
Қар жаумасын нұр жаусын.
Мен Қазанға барған соң
Қар жаумаса – қан жаусын!» /7-38/ – деген сөздері халықтың осындай өжет, намысты, батыр ұлдар туса екен деген арманынан шыкқан деп қарауымыз керек. Әлбетте, халық санасында тарихи Шораның ұнамды бейнесі сақталмаса, эпикалық аңыздаулардың да, есірелеудің де жасалуы мүмкін болмас еді.

«Шора батыр» туралы соңғы жылдарда арнаулы диссертациялар да жазылды. Бұлар қамтыған материалының молдығы, көтергенпроблемаларының нақтылығы, талдаулары мен қорытындыларының ғылыми дәйектілігі жағынан эпостанудың жаңа қадамдары болды. Мәселен, А.Мамбетов «Шора батырдың поэтикасы» деген еңбегінде тарихи Шора Нәрікұлы мен эпикалық қаһарман Шора батырдың ара-жігін, Шораның Қазан қаласына қатысын, жырдың қазақтың басқа қаһармандық эпостармен типологиялық бітімдестігін анықтау, жырдың көркемдік кестелерін, өлең өлшемдерін зерделеу мәселелеріне тоқталған /8/. Ал Б.Қорғанбеков «Шора батыр эпосы және оның ұлттық варианттары» атты диссертациясында генезис, тарихилық проблемаларын тексерген. Бұл зерттеуде алға қойылған мақсат пен міндеттің күрделілігі оның «Шора батырдың ұлттық нұсқалары», «Жырдың даму жолдары», «Эпикалық және тарихи шындық» деп аталған тарауларынан да көруге болады. Б.Қорғанбеков “Шора батырдың” таралу өрісін сөз ете келіп, бұл жыр Оңтүстік Қазақстанда зор даңққа ие болған, мұны кезінде көрнекті ақын Құлыншақ Кемелұлы да айтқан, жырды алғаш хатқа түсірген Молда Мұса деп есептейді /9-10/.

 «Шора батырды» айтушының бірі Құлыншақ екенін филология ғылымдарының докторы Н.Төреқүлов та көрсетеді /10-60/. Бірақ зерттеушілердің ешқайсысы да «Ер Шора» Мұсабек Байзақұлының хатқа түсірген, өндеп жетілдірген нұсқасы екеніне күмән келтірмейді. Сондықтан бұл жырда Молда Мұса шығармашылығының шеңберінде қарастыру, эпостың осы нұсқасындағы кейбір ерекшеліктерді сөз ету қисынды.Ендігі жерде «Ер Шора» жырының оқиғалық құрамы, құрылысы және көркемдік кестесі жөнінде аз-кем тоқталып өтудін орны бар.

Ең алдымен. жырдың бастапқы идеясы – қазақ халқының бейбіт өмір мен азаттық үшін ежелден аңсаған арманы екенін есте ұстаймыз. Халық қашан да сырттан келген жаулардан елін сақтап қалған ерлерінің қызметін аса жоғары бағалаған. Міне, сол арман-мұратқа тарихи қайраткер Шора туралы аңыздардың сәйкес келуі жырдың жаратылуына зор себепкер деп қарауға болады.

Профессор Рахманқұл Бердібай өзінің «Эпос – ел қазынасы» кітабында «Ер Шора» жырына арнаулы тоқталған. Онда былай делінген:

«Өзінің кұрылысы, көтерген күрделі шындығы және көркемдік кестесі, оқиғалық көлемі жағынан мұны классикалық қаһармандық жыр қатарында алып тексеру әбден лайық. Сонымен қатар бұл жырда стадиялық жагынан алғанда тарихта белгілі болған қайсыбір дәуірдің елесін байқатарлықтай нышандар да жоқ емес. Эпоста аталатын адам, жер аттары түрлі нұсқаларда өзгермей, тұрақты қайталап отырғаны да, бас қаһарман есімінің Ноғай Ордасы заманында жасаған нақтылы қайраткерді еске салуы да жырдың әуел баста тарихи аңыз сипатында белгілі болғанынан хабар береді. Сол оқиғалық түбір бертін келе эпикалық әсірелеу, жинақтау шарттарына сәйкес өзгеріске ұшырап, дамытылған, бастапқы нұсқа жаңаша өрнектелген» /5-174/.

Жырдың аты «Ер Шора» болғанымен, оның құрылысы бұрыннан көптеген басқа шығармаларда қайталанған кейбір сарындарды жаңғырта түседі. Соларды еске алғанда төмендегі жағдайларды көрсеткен болар едік. Мысалға, «Ер Шора» эпосындағы ең көне сарын – қарт ата-ананың перзентсіздік зары. Бұл сарын әуел баста өмірдің нағыз ақиқат қажетінен туған сұрауларға байланысты көрінген.

Көшпелі қазақ қауымында әрбір адам өзінің жиған мүлкіне, байлығына кім мұрагер болады дегенді қатты ойлаған. Сондықтан, атаның аманатын, дәстүрін алға апаратын перзент мәселесі ең сағынышты, ең қалаулы арман болған эпикалық жырларда қарт ата-ананың жаратушыдан тілеуі, сол үшін әулие-әмбиелерді аралап, ол жерлерге мінәжәт етіп баруы айтылады. «Манас» жырында бай Жақып өзінің баласыздығынан зар илеп, мұңын шағатыны белгілі. «Алпамыс батырда да», тағы басқа эпикалық жырларда да болашақ батыр көп бейнет шегіп, құдайдан сұрап алған ұл болып көрінетіні бұл мәселенің аса маңыздылығынан туады. Осы сарын «Ер Шора» жырында шу дегеннен көрініс береді:

– Перзент деген, жақсылар,
Адамзаттың шырағы.
Сонша дәулет бітсе де,
Бір перзенттің жоғынан,
Нәрікбай мен Құлқаныс,
Болмады көңіл тұрағы.
Анда-санда аһ ұрып,
Жылаушы еді зарланып
Киіктей өлген ылағы /7/.

Міне, осы сарын мейілінше кең дамытылып, дәлелденіп көрсетілген. Нәрікбай өзінің туған інісі Есімге өкпелеп, Қазан шаһарынан кетіп, түрікпендердің арасына қоныс тебуі, барған жерлерде сол елдің Әліби деген зорлықшы әкімінен қорлық көруі, перзентсіздіктің мүшкіл хал екенін айқындай түседі. Жырда қиял – ғажайып көріністер де аз емес. Нәрікбайдың көп жылқысының ішінен ерекше қадірлейтін Шұбар аты әдеттегі жылқылардан бөлек, су астынан шыққан жануар делінеді. Бұл арада халықтың дүние құрылысы үш қат әлемнен тұрады дейтін көне ұғымының ізі жатыр.

Нәрікбай мен Құлқаныстың әулиеден әулие қоймай аралап, құдайдан перзент сұрап шыққан сапары мейілінше кең көрсетіледі. Олардың аралаған жерлері көптеген жырларда айтылатын Оңтүстік Қазақстан жеріндегі әулиелі мекендер боп көрінеді.

– Нәрікбай мен Құлқаныс
Сусыны еді қант пен шай,
Тілегі болып бір бала
Сиынғаны бір қүдай,
Шешініп рақат қылмайды,
Беліне кемер байлайды,
Үш күн жатып тілейді.
Тілеуін тілеп жылайды,
«Қолдай көргін пірім» деп
Күндіз тыныштық көрмсйді,
Ұйқысы оның келмейді.
Көңілін сірә бөлмейді.
Ойын-күлкі жыртаңға,
Түнеді үш күн ғаріптер,
Әзіреті Сұлтанға,
Түркістанда түмен бап,
Сайрамда бар сансыз бап,
Отырарда отыз бап
Ең үлкені Арыстан бап…- /7-18/ деген сөздер қазақ эпикалық жырларындағы дәстүрлі маршрут, әулиеден бата тілегендердің жүріп өткен жолдары боп көрінеді.

«Ер Шора» жырының алғашқы жырлаушысы немесе өндеушісі осы өлкенің дарынды адамдары болғанын дәлелдейтін бір мысал осы жер, су аттары. Егер жырды айтушы Қазақстанның өзге алыс қиырларының бірінде туып өскен жан болса, мына әулие аттарын мұншалықты дәлелді қайталап, сенімді түрде келтіруі екіталай болар еді

Нәрікбай мен Құлқаныстың мінәжат жолында көрген бейнеті, шеккен қиыншылығы жырда өте шебер суреттеледі. Осы арадан эпосты айтушының биік дарын иесі екеніайна қатесіз көрінгендей:

– Жыласа да жазғандар
Иген жоқ екен жарылқап,
Инеліктей ілініп
Инедей шөпке сүрініп,
Аяғынан әл кетіп
Табаны тасқа тілініп,
Жіңішкерді шөптей боп
Еттері қашып сылынып,
Ауқат жерге әлі жоқ
Аш күзендсй бүгіліп,
Тәрік қылды дүниені
Ғаріп жаннан түңіліп… /7-9/.

Міне, осындай шеккен бейнеті босқа кетпей, ақырында Нәрікбай меы Құлқаныс өздерінің тілеген перзенті табатынына көзі жетеді. Оларға ұйықтап жатқанда әулис аян беріп, ұл бала болатынын хабарлайды. Міне, осы перзент тілеу әңгімесі өте кең, жан-жақты суреттелген. Осы тұста кейіпкердің арманы, үміті, мұңы барынша шебер ақындық суреттермен берілген.

«Ер Шора» жырындағы дәстүрлі сарындарының тағы бірі – болашақ қаһарманның жедел жетілуі, өзінің батырлық ерекшелік нышанын ерте бастан байқатуы. Бұл да батырлық эпосқа тән ортақ сарындардың бірі. Осы сарын жырда өте шебер тілмен кестеленген. Бұл тұста эпикалық әсірелеудің биік үлгілерін көруге болады. Шора алты жастан атқа мініп, түрікпендердің мың баласынан таяқ жеп қорлық көрген таманың қырық баласының кегін алады. Бұл арада, әлбетте, тарихи шындықтың ізі жоқ, бір ғана эпикалық жинақтау бой көрсетеді. Түрікпенді билеп отырған Әліби Шораның мұндай өжет қимылын есітіп, қатты ашуланып, жас баланың көзін жоюға бекінеді. Әлібидің көздегені Нәрікбайдың қолындағы туысы бөлек дүлдүл ат – Шұбарды алу болады. Намысты Нәрікбай Әлібидің каһарынан қаншалықты сескеніп тұрса да, Шұбар аттан айрылғысы келмейді. Көптеген тартулар беріп Әлібидің көңілін аулауды ойлайды. Осындай тартыстың ақыры Әліби мен Шораның арасындағы жекпе-жек ұрысқа апарады.

Жырда тартысты баяндауда эпикалық дәстүр қайталау сөздер – формулалар орын алған. Әліби мен Шораның арасындағы сөз сайысы – диалогтан сол замандағы өмірдің суреті жалт етіп көрінеді. Өзінің көптігіне сүйеніп, аз ауыл тамаға зорлық қылмақшы болған Әлібидің өктемдігі және мұндай озбырлыққа көнгісі келмеген бала батырдың жалындаған жас қайраты айқьін танылады. Шора ұрыста Әлібиді өлтіргенмен, бұл оқиғаның ақыры насырға шабатыны белгілі болады. Қырық мың үйлі түрікпендердің қырық үйлі таманы тыныш қоймайтынына көзі жеткен Нәрікбай Шораны үгіттеп Қазан қаласы маңындағы туысқандарына баруды көндіреді. Бұл жерде ақиқаттың елесі жатқанын көрмеуге болмайды. Шұбар атты ерттеп мінген Шора алыстагы Қазанға жол тартады. Жырда Шұбар аттың шабысы ерекше көркем эпикалық әсірелеу заңдылығына сәйкес көрінеді:

– Тұлпар туған Шұбар ат
Қамшы ұрса құстай ұшады,
Тозаңын жолдың шұбатып
Шабысқа-шабыс қосады,
Ор текедей ойнақтап
Ақ бөкендей жосады,
Ұшқан кұсты озып кеп.
Алдынан шығып тосады,
Жер-су баспай жануар
Әректей аузын ашады,
Неше өзеннен өтеді,
Неше белден асады.
Бұрқыратып көбігін
Омырауына шашады,
Аяғы жерге тимейді.
Анда-санда басады,
Сол уақытта шұбар ат
Озін-өзі қамшылап
Омыраудан аққан тер
Тұяғына тамшылап,
«Айт жануар, шу» деді.
Құбылып ойнап жер басып
Ескен желдей гуледі /7-38/.

Аттың үдемелі шабысы қазақ эпосының ең көркем биік жетістіктер деңгейінде берілген. Ақырында:
– Күні-түні жол жүріп
Аз ғана емес мол жүріп
Дәл тоғыз күн дегенде,
Зорға жетті ер Шора
Көп түрікпеннің шетіне /7-9/ – делінеді. Түрікпеннің қалың жатқан елінің аумағы осылайша кең болып көрінеді. Бұдан кейінгі оқиға да Шораның асқан ерлігін әсірелеп көрсету мақсатына сәйкес берілген. Шұбар аттың шабысының екпінділігі соншалық – Шораны өлтірмек боп айдалада тосып жатқан Тасыр мергенді мылтығын оқтауға үлгіртпей батыр қасына жетіп келеді. Бұл реалдық өмір шындығынан гөрі эпикалық шындық деп айтуға лайық. Осыдан кейінгі оқиғалар өте жылдам, жүрдек баяндалады. Атап өтер тағы бір мәселе – тама тайпасының дұшпаны, зорлықшысы ноғайлы-түрікпен болып аталуы. Бұл да қиялдан алынған тарихи шындыққа байланысы аз көрініс екені анық. Тарихи шындыққа жүгінсек, осында айтып отырган тама руы және басқа да көптеген қазақ рулары ноғайлы ордасының құрамындағы елдер.Әрине, ол рулардың арасында өзара тартыс, қайшылықтар болуы табиғи. Бірақ ешқашан да ноғайлы бірлестігіндегі рулар бір-біріне ата жау болып соғыспағаны белгілі. Жалпы алғанда, “Шора” жырының оқиғалық құрылысында белгілі болып өткен істердің сілемі емес эпикалық аңыздау жатқаны жырдың барлық тұсында да айқын көрінеді. Шораның Қазан қаласына жақындап барғанда кездескен жаулары басқа емес, қалмақ боп көрінуі де осы айтқанды дәлелдейді. Шора Қазан хандығын қоршап жатқан Көзбембет, Садыр деген қалмақ батырларымен соғысады. Қалмақ ханы Қараманға қарсы ұрысқа шығып, оларды жеңіп, қазақ хандығын қауіп-қатерден құтқарады. ХҮІ ғасырда тарихи Шора өмір сүрген кезеңде, Қазан маңында да, тіпті қазіргі қазақтың кең атырабында да қалмақ шабылуының елесі де болмағаны белгілі. Жоңғария тарихынан Қалмақ руы тұңғыш рет Ресейге ХҮІІ ғасырдың бастапқы тұсында көшіп барғаны мәлім /5-185/ Бұдан жырды жаратушы ақынның немесе жыршының ноғай руларының арасындағы билік, қоныс үшін өзара таластарды қалмақ жаулаушыларымен болған соғыс деп көрсеткені аңғарылады. «Ер Шора» жырында жас батырға әрдайым қысылғанда қуат, тарыққанда медет беретін, төніп келгенде қауіп-қатерден қүтқаратын құдіретті күш – Баба Түкті Шашты Әзиздің жебеуі болады. Бұл арадан да елдің жебеуші киелі күштерге сенетін көне ұғымының елесі аңғарылады. Қазан қаласының ханы Әліхан Нәрікбайдың інісі Есіммен одақтас, тілектес болып бір майданда қимылдайды. Ақыр аяғында, Шора батыр Қазанға қауіп төндірген қалмақты жеңіп, жалпы Ноғайлыелінің, соның ішінде тама жұртының арманын орындайды.Шашыранды елдер бірігеді, жәбіркөрген аз үйлі тама еңсесін көтереді. Халық өзінің ежелден аңсаған мұратына жетеді. Бір кезде Есімге өкпелеп көшіп кеткен Нәрікбай өзінің ауылына қайта айналып келіп, қалың тамаға қосылады. Қазан ханы Әліхан Шораны құрметтұтып, оған өзінің қызы Түймебикені береді, қалмақ ханын жеңіп, оның Жерметөз деген қызын да Шора алады.

«Ер Шора» жырының басталуында да, оқиғаның өрістеуінде де, аяқталуында да қазақтың өзге эпикалық шығармаларымен, соның ішінде «Алпамыс батыр» эпосымен белгілі дәрежеде ұқсастығы, үндестігі байқалады. Бұл жағдайға таң калуға болмайды. Өйткені, «Ер Шора» секілді – Алпамыс батырды да ақындар мен жыршылар көптен бері жырлап, жетілдіріп келген. Шораның алыстағы түрікпен арасында қалған аз үйлі туысқандарына қайтып оралуы, оларды құтқаруы Алпамыс батырдың ұрысқа шығып, елді қуанышқа бөлеуімен, теңдік әперетін оқиғаларымен сарындас. Енді, «Ер Шора» жырының көркемдік ерекшелігі жөнінде бірер сөз. Молда Мұса ақын айтуындағы осы эпостың көркемдік кестесі өте биік. Мұнда өзге жырлардағыдай ұқсас оқиғалық сарындар орын алса да, сөз кестесінде бұрынғы сарынды сөздерді жалаң қайталау кездеспейді деуге де болады. Нәрікбайды, Құлқанысты, Шораны, бұлардың ата жауы Әлібиді, қалмақ батырларын суреттегенде де эпос жырларының ізін бірыңғай қайталаушылық кездеспейді. Адам мінезін сипаттағанда ақындық, даралық қолтаңбасы сезіледі. Демек, бұл жырды ел арасында айтылып келген аңыздың қайта қорытылып, көркемделіп жасалған өзінше бір жаңа нұсқасы деп қарауға болады. Өзінің жазба шығармаларында реалистік нақтылыққа, тартымдылыққа толы өлеңнің алуан үлгісін жасаған ақынның ауыз ел арасында айтылып келген аңыздарды жырлауында қайшылық жоқ секілді. Өйткені, бұл шығармалардың әрқайсысының сұранымы, қоғамдағы орны түрліше болған. Ертеде халық арасында ақындығымен танылған дарын иелерінің бір аяғын жыршылыққа «тіреп тұруы» табиғи боп көрінеді… Өкінішке орай, Молда Мұсаның «Ер Шорадан» басқа айтқан жырларының нұсқасы жазылып алынбаған. Тіпті, осы жырдың да қаншалықты толық күйінде жеткенін анықтай түсу қажет... Әдетте жыр нұсқасының өзі әрбір жырлаушының репертуарына түскенде түрлі өзгерістерге ұшырап отыратыны баршаға әйгілі. Сондықтан да, ол нұсқалардың әрқайсысы өзінше бағалы, құнды.

Молда Мұса нұсқасы боп таралған «Ер Шораның» басқа варианттардан елеулі айырмашылығы – жырдың екінші бөлімі. Мұнда Шораның Жерметөз атты қалмақ әйелінің еліне қашып келгені, Шорадан туған баласына Алып деп ат қойған, тамаларды жау деп көрсетіп, кек алуға тәрбиелегені, шын әкесінің Шора екенін жасырғаны; ақырында Алып ер жетіп орасан күш иесі болғаны, тама әскерімен алғашқы соғыста ешкімді бет қаратпай жеңгені, Есім батырды байлап алғаны баяндалады. Бұл кезде Шора Қазан қаласында болмағандықтан ғана Алыппен соғыса алмайды. «Ер Шораның» екінші бөлімінің оқиғасы осы жерге келгенде үзіледі, жырдың жалғасы табылмауы бұдан былайғы істердің қалай өрістейтінін болжауға мүмкіндік бермейді… Дегенмен жырдың екінші бөлімінде бірер тың сарын (мотив) бой көрсетеді.

Қазақтың өзге батырлар жырларында кездеспеген сарынның біреуі – Шора батыр әйелдікке алған қалмақ қызы Жерметөздің өз елінің намысы үшін күресуге бел байлап, қашып кетуі. Осыған жалғас екінші мәселе – Жерметөздің баласы – Алыптың қалмақ кегімен қайралып, тамаларға аттануы, Шорамен жекпе-жек ұрысқа даярлануы… Белгілі зерттеуші Әсілхан Оспанұлы бұл оқиғаларды Молда Мұса Фирдоусидің «Шаһнамасындағы» Рүстем батыр жайындағы бөліміне ұқсастырып келтірген деп есептейді /7-3/. Әлбетте, бұл арада белгілі бір ұқсастық байқалатыны рас. Жалпы алғанда түрлі себеппен әке мен баланың бір-бірін көрмегендіктен, сайысқа шығу сарыны әлем халқының аңыздауларында кездесіп отыратыны белгілі. Мұсабек ақынның өзіне жақсы таныс Фирдоуси шығармаларынан тағлым алуы мүмкін нәрсе. Қалай болған күнде де «Ер Шораның» екінші бөлімі Молда Мұсаның жыр желісіне қосқан сонылығы деп қарауға болады.

«Ер Шора» Оңтүстік Қазақстан жерінде кең тарап, сақталуының басқа да себептері барға ұқсайды. Қандай жырдың да «тағдыры» сол жырды сүйіп тыңдайтын қауымға байланысты. Эпос қаһарманын өзіне етене жақын санаған жұртшылық қана оны әрдайым сағынып отыратыны заңдылық. Мәселен, зерттеушілер «Манас» жырының негізгі бөлімінің сақталуына тыңдаушының әсері, ықпалы болғанын атап айтады. Тыңдаушылар «Манас» оқиғасының белгілі қалыптасқан желіден ауытқымай, қаз-қалпында айтылуын талап еткен /11/. Өйткені, әрбір қырғыз тындаушысы «Манасты» өз руының, өз тайпасының төл батырындай етене жақын көрген. «Шора батыр» жырының негізгі қаһарманы тама руының адамдары болып келуі бұл аңыздың тамалар арасында айрықша құрметтелуіне себеп болғаны күмән туғызбайды. Жыр аңызының Оңтүстік Қазақстан өңірінде даңққа бөлепіп, көркем ескерткішке айналуының тағы бір себебі – бұл өлкеде тама руының үрім-бұтағы ерте заманнан жайлап келгеніне қатысты болып көрінеді.

Этникалық тамалар Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Жамбыл облысының Сарысу аудандарында шоғырлана қоныстанған. Тама тайпасының бұл өңірді мекендеуі ерте замандарда басталғанына заттық куәліктің бірі – таманың аты аңызға айналған түп атасы делінетін Қарабураның зираты Созақ кентінде қалғандығы. Қарабураны тек Оңтүстік Қазакстанның ғана, республиканың өзге жерлеріндегі тамалар да әулие тұтып, қастерлейді…

Қаратау, Сыр өңірінің көптеген жыршылары, соның ішінде «Алпамыс батырдың» ең көркем нұсқасын айтып келген Сұлтанбек Аққожаев репертуарындағы сүйікті жырларының бірі де – Шора батыр болған. Оңтүстік Қазақстанның өзге ақын-жыршылары да Шора туралы аңыздарды өз репертуарына тұрақты енгізіп, халық арсында айтып келген.

Асылы, Мұсабек Байзақұлы өндеп, құлпыртып жырлаған «Ер Шора» дастаны қазақ халқының ең сүйікті эпикалық ескерткіштерінің қатарында екендігінде дау жоқ. Дегенмен, жырдың екінші бөлімін іздестіру үрдісін бүгінгі таңда қайта жаңғыртсақ құба-құп іс болары айқын…

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. 1. ҰҒА қолжазба қорынан, К-410, N 1.;
  2. 2. Қазақ фольклористикасының тарихы. 1988, 331 б.;
  3. 3.Валиханов Ч.Ч Собр. соч. В 5 томах, т.4. А., 1961, 138-стр.;
  4. 4. Диваев Ә.А. Батырлар жыры. Ташкент, 1922; Әуезов М. Әдебиет тарихы, Қызылорда, 1927; Сейфуллин С. Қазақ әдебиеті, Л., 1932; Мұқанов С. Батырлар жыры. А., 1939; Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы және әдебиет тарихының мәселелері. А., 1958; Орлов А.С. Казахский героический эпос. М.гв. 1945; Марғұлан Ә.Х. Эпос жыры туралы. Лениншіл жас, 1940; 31 кыркүйек; Оспанұлы Ә. Ер Шора. Шымкент, 1995; Бердібай Р. Эпос – ел қазынасы. А., 1995; Шора батыр жырының поэтикасы. А., 1998; Қорғанбеков Б. Шора батыр жыры және оның ұлттық варианттары, А., 1998.;
  5. 5. Р.Бердібай.Эпос-ел казынасы, А., «Рауан»”, 1995, 174-б.;
  6. 6. Карамзин Н.Ш. История государства Российского. Тула,, 1990, том ҮII, 196 стр.;
  7. 7. «Ер Шора» Екінші кітап; Шымкент, 38-174 бб.;
  8. 8. Мамытов А. «Шора батыр» жырының поэтикасы, А., 1998;
  9. 9. Қорғанбеков Б., «Шора батыр жыры және оның ұлттық варианттары, А., 1998, 10-6.;
    10. Төреқұлов Н. Алатау асқарынан жыр асырған. А., 1996,60 б.;
  10. 11. Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. Л., 1974;
  11. 12. Оразбекова З.С. «Өмір серік өлеңім, кел аузыма…»// М. Байзақұлының 165 жылдығына арналған жинақ. Алматы., «Гига Трейд», 2014 ж.

Алдыңғы жазбаТүгіскен ауылының тарихы
Келесі жазбаЖұмағазы хазіреттің бөкейлік ағайындары