Мұратбек Жақатов.
Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Шежіреші, өлкетанушы, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Асан ауылындағы мешіттің имамы Мұратбек қажы Жақатов қолы қалт еткенде Батыс Қазақстандағы көптеген көне құлпытастардағы жазбаларды оқып, оларға түсініктеме берумен айналысады. Сонымен қатар, бірқатар рулардың шежіресін қалыптастыруға, ел аузындағы әңгімелерді жинастырумен де айналысады. Бүгін сіздердің назарларыңызға Мұратбек қажының Жұмағазы хазірет туралы жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

Жұмағазы хазірет кесенесі


Батыс Қазақстан өңірінде ел-жұрт «Дәдем ата» деп атап кеткен Жұмағазы хазіреттің Кіші жүз Жетіру бірлестігіндегі Тама руының Төлек тайпасынан тарайтыны белгілі. Бірақ хазірет туралы басқа мағлұматтарды, ата-тек шежіресін бұрын соңды кездестірмеп едім. Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылындағы орта мектеп директоры, өлкетанушы Серікжан аға Сүлейменов екеумізді тарихқа деген қызығушылығымыз табыстырды десе болады. Сұрасып келгенде екеуміз де Тама руына жиен, бірімізге біріміз бөле болып шықтық. Серікжан аға Сары Алашаның Барбатыр тайпасынан болғанымен, нағашыларымыздың да шежіресіне жүйрік екен. Бөле ағамның айтуынша, Сырым ауданында жерленген Тәңкеұлы Жұмағазы хазіреттің аталары ХІХ ғасырдың басында Бөкей ханмен бірге Жайықтың Самар бетіне көшіп келіп, Сарыөзеннің екі бетіне, қазіргі Қазталов ауданының Ақкөл ауылы маңына қоныстанған екен. Бірақ, 1820-1825 жылдар шамасында қазіргі Жайықтың сол жағына (қазіргі БҚО, Сырым ауданының жері) кері көшкен екен.
Шежіреде тама руының тарихы былайша жіктеледі: Қарабура – Нәрік батыр – Шора батыр, одан 4 ұл – Шотқара, Есенгелді, Жабал, Жөгі.
Есенгелдіден 4 ұл – Аташал, Қызылқұрт, Кенжебай, Дәулеткелді.
Кенжебайдан 8 ұл – Құдайқұл, Құрман, Мырзалы, Жылти, Таз, Төлек, Назар, Бұйра.
Төлектен – Нұрпейіс – Дәулет, одан 4 ұл – Әлжан, Ұзақ, Боран, Жанақ.
Ұзақтан – Манаш.
Әлжаннан 4 ұл – Әуелбек, Тәпен, Көшек, Қара.
Әуелбектен 2 ұл – Оңбай, Барақ.
Көшектен 7 ұл – Мұса (Бөкейдің биі), Қабыл, Сәнен, Түгел, Есен, Елдібай, Бекен (соңғы екеуі тоқалдан). Бұл шежірені бүгінгі күнге жеткізуші – ақтаулық Имельян Хамидоллаұлы, Ресейдің Балаков қаласынан Шәріп ата ұрпақтары, Саратов облысы Новоузенский конезавод ауылының тұрғыны болған атақты молда Бекболат Рахатұлының шежірелері біріне-бірі қарама-қайшы келмейді екен. Бекболат атаның шежіресін Алғай мешітінің азаншысы Фазыл ағай алып қалған. Осы дәптерді оқығасын, Тәңке атаның кімнен тарайтынын дәлірек тарқатармыз деп тоқтадық.
Міне, осы Көшектен тарайтын 7 ұлдың біреуінен, нақтырақ айтар болсақ Сәнен, Түгел, Есен үшеуінің біреуінен Жұмағазы хазіреттің әкесі Тәңке тарайды. Хазіреттің қасына анасы Айсұлу жерленген дегесін, бәлки қайынатасының аты жазылып, келіні деп жазылды ма екен деп іздегенбіз, олай жазбаған екен.

Хазіреттің анасының құлпытасына:
Рахман сүресінің 26-27 аяттарынан соң: «әл-мағфур әл-мархум тама руы төлек тайпасы Айсұлу Тәңке жамағаты офат 87 жасында бұл тасты қойды ұлы хазірет ишан асым шариф Жұмағазы 1875 жыл» деп жазған екен. Бұл жөнінде «DANAkaz» журналының 2013 жылғы маусым айындағы №5 санында жарияланған болатын.

Ал, енді хазіреттің Бөкейлікте қалып қойған ағайындарының қазіргі Қазталов ауданы Ақкөл ауылы маңындағы құлпытастарына келейік (бұл суреттерді фотоға түсіріп, маған жіберген Серікжан Сүлейменов (Дана kaz журналына шыққан мақала).
“Ақкөл ауылының маңындағы Төремұрат қорымы”
№3 Барақ немересі Келім батыр Толтырұлы
«а» қыры
1.  Тама руғылық
2.  Төлек тайфа-
3.  лық Әуелбек
4.  баласында Бара-
5.  қ немересі
6.  Келім батыр
7.  Толтыр ұ-
«b» қыры:ғлы дар фанаден дар бақайе рихлат илады 65 йəшында.
Мағынасы: «Кіші жүз Жетіруға қарасты тама руы, Төлек тайпасы, Әуелбек бөлімі Барақ немересі, Толтырұлы Келім батыр 65 жасында уақытша дүниеден мәңгі дүниеге көшті».
Бұның атасының құлпытасынан:
Барақ Жалтырұлы Әуелбек немересі (1791-1872)
1.  Куллу мән аләйһә фән уә иәбқо
2.  уәжһу раббика зулжәләли уәл икрам
3.  тама руғы төлек тайфасы
4.  Әуелбек немересі Жалтыр Барақ-
5.  ұғлы дар фанаден дар бақайе рихлат
6.  илады. Қалу иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиғун
7.  81 йашында 1292 мұхаммед хижри 1872 масихиеде
8.  … … (мәтіннің қалған бөлігі көмілген).
Мағынасы: Күллі жаратылыс уақытша. Қалатын тек Алла тағала ғана, Раббымыз (беруші) жомарт әрі үстем (алушы). (Рахман сүресі 26,27 аяттар).
Тама руы Төлек тайпасы Әуелбек немересі Жалтыр Барақұлы хижра бойынша 1292, григориан күнтізбесі бойынша 1872 жылы 81 жасында уақытша өмірден мәңгі өмірге көшті. (Мұсылмандар) айтады: Бізді Алла жаратты, қайтар жеріміз де соның алды. (Бақара сүресі 156 аят).

Тама руының шежіресінде: Қарабура – Нәрік батыр – Шора батыр – Есенгелді – Кенжебай –  Төлек – Нұрпейіс – Дәулет – Әлжан – Әуелбек – Барақ. Барақтан 3 ұл тарайды – Толтыр, Жоңбатыр,  Жалтыр. Жалтырдан  – Дуан – Шой (Шоң) – Әбубәкір.
Осы шежіреге Шора батыр туралы ел аузынан жазып алған мына жыр шумақтарын да қоса кетейін.
– Өтуге өткел бермеген,
Қиғашпенен екі су,
Екеуінің арасы.
Сол жерді мекен етіпті,
Көгістің ұлы Тамасы,
Қызылбасқа қарасып.
Өзі мықты өзі ер,
Жолығуға аттанған,
Қарт Нәріктің Шорасы.