Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі» кітабынан:

«Қарабура» ұранды Тамада Қу жарғақ Сарыбас атанған мерген болыпты. Бетпақ шөлінде, Жетіқоңыр құмында аң аулап өмір өткізіпті. Соның бір әңгімесі мынау:

  • Бір түні жалғыз отыр едім. Топтанған киік жосылып жөңкіп өтіп жатыр. Оның артынан арқар, оның артынан құлан, оның артынан бұлан, оның артынан бұғы, оның артынан ала домбай, оның артынан кертағы – бірінен-бірі қалмай шұбап өтіп жатыр. Ең  соңында қаралдысы иттен кіші, мысықтан зорырақ, бір кішкене жануар айсыз қараңғыда далаға жаққан оттай жарқ-жұрқ етіп қуып келеді, аяқпен басып бара жатқан сияқты емес, қанатпен ұшып бара жатқан сияқты көрінген соң, бір атып қалдым, жығылды. Таң ішінде қорқып, батып қасына бара алмадым. Таң атқан соң, ақырын аяңдап қасына бардым, өліп жатыр. Аңнан бөлек, тек қанаты бар, өмірімде көрмеген нәрсем. Терісін сыпырып алып, илеп, жанға айтпай, адамға көрсетпей, сақтадым. Бұрын атқан аңдарымның етін қақтап, обаға, іншіктерге тыға беретұғынмын. Тұс-тұсынан ел келіп, алып кете бере-тұғын. Терісіндегі бауырын алып, далаға тастап кете бере-тұғынмын. Сауырларын Бұхара базарына бара жатқандарға қосып, оқ-дәрі, керек-жарағымды алдырып тұратынмын. Мынау қолыма түскен соң Бұхара базарын аралауға көңілім соқты. Бұл сықылды аң терісі болса, сонда болар деп жаяу барып, Бұхара базарын аралап жүрдім. Бұл сықылды аң терісі көрінбеді. Көз тұнжырата-тұғын аң терісін жинаған бір бай шақырды.
  • – Әй, қазақ, бері кел, – деп. Бардым.
  • – Адамға айтпай, өзінен басқаға көрсетуге қимай жүрген сенде бір аң терісі бар шығар. Болса, көрсет, көрейін, – дейді. Айтысымен, кідіріп қалғаным жоқ, шығарып көрсеттім.
  • – Уай, жарықтық-ай, құлағың естігенді көз көреді деген осы екен-ау. Айсыз қараңғы түнде аттың-ау.  Тападай тал түсте көрсең, ата алмасаң керек еді. Бұл Зарыф деген жануар, дүниеде мұнан қорықпай-тұғын, мұнан үрікпей-тұғын адам болсын, аң болсын, еш мақұлық жоқ. Өзің көрген шығарсың, мұның алдына түсіп кетіп бара жатқандар – бәрі мұның зарыфынан кетіп бара жатқандар. Мұнда құн, баға болмайды. Өзің жүре бер, үш күннен соң кел, – деп, қоя берді.
    Үш күннен соң бардым. Алты түйеге жүк тиеп:
    – Осы түйелер үстіндегі жүгімен сенікі, өзің өлгенше, өмірің қарығанша, тіршілігіңде керек-жарақ міндетің менің мойнымда, – деп құшақтасып, дос болып қалдық.
  • Қу жарғақ Сарыбас атандым, атқа тақым тиген жоқ, жарғақ құлағым жастыққа тиген жоқ. Түн ұйқысын көрген жан емеспін, оқ тиген аңның тыпырлап жатқанын көрсем, құмарым тарқайды.
  • Қыс қатты еді. Түнде бір аңды аттым. Таң атқан соң қарасам, құлап жатқан жарты адам – жарты денеден басқа дәнеме жоқ. Терісі тақыр, тұла бойында іске жарар жері жоқ. Жалғыз-ақ тұмсығы тісті темірдей көкпеңбек темір екен. Сол тұмсығын кесіп алып сақтадым. Бұхара базарына барғанымд, наркескен соғатұғын ұста танып, көп құн төлеп алды. Өзіме бір пышақ, бір біз соғып берді.
  • – Темірдің суы мұнымен суарылса, метін болады. Хандар, патшалардың қолына түспесе, анау-мынаудың қолына түспейді. Аң-құс деген аң – осы, – деді.
  • Енді бір көргенім: сексеуіл ортасында жеті қараңғы түнде аң етін асып отыр едім, қарсы алдыма бір қыз келіп қадалып отырып алды. Жеп отырған тамағымды беріп едім, қолын жеңінен шығармады. Жеңімен алып жеді. Ол менен көз айырмады, мен онан көз айырмадым. Сүйек кеміріп едім:
  • – Болатты болатқа ұрғаны несі, – деді. Қолымды шөпке сүртіп едім:
  • – Майды майға сүрткені несі, – деді.
    Менімен аңдысты. Сонан соң бір сексеуілді адамдай қылып жатқыздым да, басына тымағымды кигізіп, аяқ жағына етігімді кигізіп, шекпенімді айқара жауып салдым да, өзім сол сексеуілдің арасына барып мылтығымды кезеп отырдым. Түн ортасы ауып, таң атуға бір-ақ ұйқылық мезгіл қалған кезде мысықша басып, тықырын білдірмей келді. «Жатыр екенсің, пәлем» дегендей, атша мініп алып, екі бүйірден: «Аф!» – деп тырнағын салған шақта, атып салып, жатып қалдым. Таң аппақ болып атқан соң, барып көрдім, он саусағы жез екен. Жезтырнақ дейтұғын сол екен. Мен оның киімін олжалаймын ба, қала берді. Соған өшіккендей, тағы біреуі аңдысты. Оны да жайраттым. Үшінші біреуі аңдысты. Мұны алыстан аттым, оқ тиді, жығылмады. Шегін сүйреткен қояндай Қаратауды бетке алып жүре берді. Қалмадым. Бір нәрсені алып кеткендей өшігіп, мен де соңынан өкшеледім де отырдым. Қалың Қаратауға барып, бір үңгірге кірді. Мылтығым қолымда, мен де кірдім. Өз-өзінен ұзақ ұшы-қиыры жоқ үңгір. Соның түбіне барып, бүк түсіп жатыр екен. Өзі кемпір екен. Сөйлей бастады:
  • – Алғашқы көргенің – қызым еді. Соңғы көргенің – келінім еді. Жынысы еркегіміз – оңбаған, құдай қарғаған, ант атқан, қарғыс тиген болды. Жынысы әйеліміз – өзің көрген: бірінен-бірі өтеді. Өйткені бар болсын: түбімізге жеттің. Құдай жаратқан асыл қазына осы үңгірде түгел. Мұның бәрін қопарамын деме, өзің көтергеніңше алып кет. «Жерұйық» деген – осы. Енді айналсаң, саған бұл жоқ, – деді. Елге жұртқа хабар беріп, жинап келіп, ел-жұртты бір қарық олжаға батырайын деп, қанша жұрт болып бардық. Бірақ түк дәнеме таба алмадық. Көргенімнің өзі арман болды. Жұрт аңыз қылысты: «Бұ бір көшпелі дүние екен. Көшпелі дүние деген бір тұрақтап тұрмайды. Бүгін көрсең, ертең жоқ деуші еді», – десті. Құлақ естігенді көз көрмек. Талай Жерұйық болғандар қайда кетті? Көшпелі дүние екені өтірік пе? Опасыз жалған екені өтірік пе? Құдай рахмет қылсын, Мәшһүр-Жүсіп айтты ғой:
  • – Зар болып бір күні бай бір пұлға,
  • Үнемі қонып тұрмайды дүние қолға.
  • Бақ пен тақ, патшалық тиіп қалар,
  • Ескерусіз есікте жүрген құлға.
  • Байлар-ай, жиған малың – жанның қасы,
  • Садақа беріп жүрсің, атаң басы?
  • Байлардың қолындағы жиған малы –
  • Кем-кетік кедейлердің сыбағасы.
  • Бір күні бір төбенің басына шыға келдім. Аяғымның астында бір торғын шатыр тұр. Айналасында құланның қодығы байлаулы жатыр. Бір жалаңдаған жас келіншек жылмаң етіп шатырдан шыға сала маған жүгіріп келіп:
  • – Жездеке, шатырға жүріңіз, – деп қолымнан жетектеп шатырға алып кірді. Ақ шымылдық құрулы, алаша, төсек салулы. Бір сәулеш қыз отыр, ұшып тұра келіп, төсек үстіне отырғызды. Керсен тола қымызды алдыма ап келіп қойды. Бір астау етті алдыма қойып:
  • Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, – деп келіншек шығып жүре берді. Етті жедім, қымызды іштім, қызды құштым. Аузымнан су ақты, балжырадым, қалжырадым. Ұйықтайын деп едім, қыз жалынып, ағатайлап ұйықтатпады. Мені ұйықтатпасқа әңгімеге кірісті:
  • Ғайып ерен, қырық шілтен аңның бақташысы болды. Сіз бір түн ұйықтамасаңыз, осы шатыр барлық сайманымен басыңызда боладыы. Мен күндіз-түні қасыңызда боламын. Бір түнгі ұйқыңызды көтере алмай, ұйықтап қалсаңыз, сіз маған жоқсыз, мен сізге жоқпын. Анау ел мені ит жеген арам астай көреді. Онан соң жжалғанның жарық сәулесі екеуімізге арам.
  • – Жарайды, неге ұйықтайын, – деген болдым.
    Өйткенімен бола ма, ұйықтап қалдым. Ояна келсем, сопайған өз басымнан басқа дәнеме жоқ. Аң аулаудан қалдым. Бір жыл есік күзетіп, тырп ете алмай қалдым. Бір жылдан соң, басы қаралы, беті жаралы құланға мінген бір келіншек өңгерген бесігін, ішінде бір еркек бала бар, тастап жүре берді. Сол баланың атын Қайыпберді қойды. Өсіп-өніп, оның жұрағаты «Қайыпберді-тамамыз», – деседі.