Бұрынғы заманда Қазан деген қалада тама деген ел тұрақ қылған екен. Сол елдің ішінде үш ағайынды кісі болған. Үлкенінің аты – Кәрібай, ортаншысының аты – Нәрік, кенжесі – Есім би. Бұл қаланы Есім би билеп тұрыпты. Кәрібайдың баласы Тасен мырза атанып, Есім биге келген мейманды тіке тұрып күтіп алып, сол қалада бірден соңғы кісі атаныпты. Нәрік байдың малы сан жетпеген есепсіз көп болыпты. Гүлқаныс деген бәйбішесі бар екен, пұшпағы қанамай, ұшы-қиыры (ұшы-ғұйыры) жоқ дүние, шіркін, бар болыпты, бір перзентке зар болыпты. Нәрік байдың жылқысында «Қанатты қара» дейтұғын бір бедеу биесі болыпты да, сол бедеу биеге су тұлпары судан шығып келіп шауып, бір шұбар құлын туыпты. Жерге топ етіп түскен соң, ұшып тұра келіп, зырылдап шаба жөнеліпті. Мұның тұлпар екенін айдай әлем біліп, жұрт аузына ілініп, көзге түсе бастапты. Қазан қаласына келген жан мұны бір айналдырып, көрмей кетпейді екен. Және көрген жанның аузынан суы ағып, мұрнынан боғы ағып, жолынан қалатұғын болыпты. Сонда Қазан қаласында Анасбай деген бір бай зор той бермекші болып, жұртқа сауын айтыпты: «Отыз күн ойыны бар, қырық күн тойы бар», – деп. Ол замандағы байлар жұртқа байлығын көрсетіп, мақтаныш қылу үшін той қылады екен де: «Ас – аттынікі, той – тондынікі», – деп, басқа байлар байлығын жұрт көзіне түсіру үшін, жұрт көрмеген тон киіп, тоғыз ту бие сойыс үшін, тоғыз саба қымыз ішу үшін; бір түйеге тоғыз қылып қазына артып, «той шашуы» – деп, солай барады екен. Сонан соң ол тойда бұл байдың күтілуі өзге жаннан бөлек болып, бұл бай: «Қара басы хан болған, Өз алдына заң болған» – атанады екен. Нәрік бай осы жабдықпен тойға баруға даярланып жатқанда, өзінің баласындай болып жүрген немере інісі Тасен мырза тасыраңдап кіріп келді де, тіке түрегеліп тұрып:- Нәреке, мына тойға барып, көптің көзіне түсіп, жұрт аузына ілініп, бір атақ алып келейін. Маған Шұбар дөненіңізді тойға мініп баруға берсеңіз! – дейді.
Сонда Нәрік бай айтады:
– Уай, шырағым, Тасенжан-ай, ұлы бар кісі ұлын көріп қуанады, қызы бар кісі қызын көріп қуанады. Ұлы жоқ, қызы жоқ кісі неменесін көріп қуанады? Оған малының еркегі ұлындай, ұрғашысы қызындай көрінеді. «Ағайын – ащы, мал -тұщы». Байлық, шіркін – тұщылық, туысқандық – ащылық емес пе? Маған Шұбар дөнен тәтті де, оны сұрап тұрған сен – ащысың. Сен Шұбар дөненді мініп тойға барсаң, Гүлқаныс пен екеуміз бара қалсақ: «Өзімізден туып, бұған мінерлік бала болмағандықтан, мынау мініп жүр-ау!», – деген ой-сана ойға түсіп, ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім болады ғой. Өзге қалаған атыңды қалай мінсең, олай мін, бір Шұбарды аузыңа ала көрме, – дегенде,Тасен:
– Ай, Нәреке-ай, құлыныңа кеттің ғой! Құдайдың да өзіңді қуартып қойғаны осы пейілің ғой! – деп, есікті тарс еткізіп, тұра жөнелді дейді.
Нәрік мұны естіген соң, қалпақтай түсіп, құлап, жерге бауырын төсеп сұлап, қосағымен екеуі әнін қосып жылап, тойға баруды қойды, ту биелерді сойды. Келген жандарға:
– Біздің үйден ақырғы ішіп-жеген ас-суларың осы. Мен енді бұл жерде тіршілік қылып, тұра алмаймын. Қыр қыдырамын, су сыдырамын. Әулиеден – әулие тастамай түнеймін, бұл малға ие тілеймін! Құдайдай бір бермесе, бермей  қалатұғын жалғыз емес қой. Әулие, жарықтық, қой, бірі болмаса, бірі желеп-жебер. Әулиелер бір бала берер, бермесе, Нәрік пенен Гүлқаныс қаңғырып жүріп өлер! – деген соң, жұрт қимағансып, жыласып-шуласып, біреуі үй деп, біреуі бүй деп, орынды сөз тауып айтарлық бір жан да болмады.
Ет жеп, қымыз ішу үшін жиылғандар гулесіп отыра берді. Сонда Нәрік байдың қырық үйі кедейі, қоңсысы бар екен. Нәрік байдың малын бағып, отын жағып, мұның малының арқасымен не ішейін, не жейін демей, дәнемеден кемдік көрмей, тоқ болып, уайым-қайғы жоқ болысып жүреді екен. Ет жеп, қымыз ішісіп, гулесіп отырғанда, сол қоңсыларына айтты:- Бұл дәулет бітуі маған бітсе де, ішіп-жеуі, мініп-түсуі қызығын сендер көруші едіңдер. Мен сендердің мінген-түскен,ішкен-жегендеріңді қызғанбаушы едім. Міне, мен көшемін, басқа жаққа ауамын. Маған бола сендер әуре болмаңдар. Бұрынғылар айтыпты: «Айрылма үйіріңнен. Айрылсаң үйіріңнен, екі қолы кетпес бүйіріңнен», – депті. Жат жерге, бөтен елге барып, оңсаң жақсы, кісі қатарында болсақ жақсы. «Бұралқының пұлы жоқ, бұзылған шаһардың сыны жоқ», – дегендей, жат жұртта көзге түртті бола қалсақ, Құдай басқа салған мен көрейін.«Өз қорлықтан – жат қорлық, «Жат қорлықтан – сарт қорлық!» – деп, тасырлап келген Тасен сөзін естіп отырғаннан да, басқа бөтен жаттың қорлығын көрейін! – дейді.Сонда қоңсылары шын жүрекпен сөйлеп:
– Сен өлген жерде өлеміз, қалған жерінде қаламыз! – дескен соң, Нәрік бай қырық үй Тама болып, көшіп жөнелді. Есім би үйде жоқ екен, қалмаққа жорыққа кеткен екен. Ол барған жолынан аман-есен келген соң, соңынан қуып келіп жетіп, осынша: «Қайтыңыз!»- десе де:
– Мен енді бет алған жолымнан қайтпаймын! – деп, қайтпады.
Есім би жылап-жылап қайтып кетті. Бұл қырық үйлі Тама сол көшкен бетімен үш-төрт ай көшумен күн өткізіп, бір Аққала деген шаһардың маңына барды. Ол Аққаланың маңында он сан Ноғайлы бар екен, Айрақты елі бар екен, мың үйлі жасыл Түрікпен бар екен. Сол түрікпеннің Қарахан деген ханы болады екен де, Әліби дейтұғын биі болады екен. Бұл Әліби отыншының орағын, сушының шелегін алады екен. Жұртты хан билемейді, Әліби билейді екен. Түрікпен – балықшы екен де, Ноғай – егінші екен. Балықшы түрікпеннің, егінші Ноғайдың өрістеп жайылар малы жоқ. Айналасы қорық, жанды қара баспаған, сопы шөп, тұнықсу жер болған соң, Нәрік бай үй тігіп, желісін қағып, биесін байлап, басы айналып (айланып), көңілі жайланып отырып алды. Біреумен біреудің жұмысы жоқ: «ішкен-мас, жеген-тоқ». «Мың қара бас саулықты бір қозы емер, сонда-дағы тоймайды паруардігер»,- дегендей-ақ, жалғыз-ақ Әліби екен. Қарайғанды қармап, жанындағысын жалмап жүретін қу екен. Нәрік байдың байлығына аузынан суы ағып, көргенше асығып, қырық нөкерді қасына ертіп алып, сау етіп келіп қалғанын бір-ақ білді дейді. Нәрік бай мойын сұнды, қолын қусырды, жылқы асауын шатырлатып сойды, саба-саба қымызды қойды. Бұл қырық кісі түгіл, барлық Ноғайлы, Айрақты, жасыл Түрікпен тайлы-таяғына шейін қалмай келсе, қымыз ішілмеген бойымен, ет желінбеген бойымен қалатұғын болды. Әліби сөз бастады:
– А, бай, қонысың жайлы болсын! «Бай қонысы бағулы» – деген осы ғой. Енді сенің малыңа, жаныңа ешкімнің сұғы жоқ. Жалғыз-ақ Қарахан деген ханымыз бар. Ол ханның өзіне қоныстас болған елден малын шұбыртып, санап зекет алатын салығы бар: «Зекеті жоқ мал – арам!» – дейді. «Зекетін берген соң, ішіп-жеуге адал болады», – деген әуел – ақырдан айтылып келе жатқан мұсылманшылықтың мұсылмандық қалыбы бар, – дейді.
Нәрік бай:
– Жақсы айтасың, шырағым. «Қонысың жайлы болсын!» – деген сөзіңе жауап:
– «Жайы – саған, жайлауы – маған болсын»,- дейді. – Екінші, зекет деген сөзіңе жауап: Біздің қазақта мақал бар: «Көзбен көрген – анық, құлақпен естіген – танық. Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер», – дейді. Ол сөзінің мәнісі: «Көзің көргенге – нан, құлағың естігенге нанба», – дейді. Міне, сенің мың үйлі жасыл Түрікпеннің бас кісісі Әліби екендігіңді көріп отырмыз. Дауылпаздай даңқың, тұлпардай дүбірің жер жарушы еді: «Тапса, танасын жейді, таппаса, бас салып бақыртып баласын жейді», – деп. Сенің сол аты шулы Әліби екеніңе нанып отырмыз. Сол үшін «Көрсең алдыңда, көздік қолыңда», – деп, Еділ, Жайық екі судың күрілдеп, тасығанындай тасып, аузы бардың жейтұғын асын көлдей құйып, қырмандай үйіп алдыңа салып отырмыз. Қырық күн жатсаң, сақтаймын, бірің қайт деп айтпаймын. Осы дәулеттің арқасында Аққаланың бар жанын жиып келсең де, қалай тамақ таппаймын?! Әуел ақырдан жұрт асқан дәулетті бай болмақ та, оның дәулеті көпке ортақ болмақ. Міне, қасымда қырық үй кедей ішіп- жеп, кенеліп, оның үстіне өзіңдей неше кедей қаңғырып келсе: «Ас та көк, шаш та тек» – қыламын да отырамын. Біз сенің айтқаныңа көніп, айдауыңа жүріп, бөгелекке басын изеген жылқыдай, басын изей беретұғын, су жағалап, балық алғаннан басқаны көрмеген сенің Түрікпенің деймісің?! Жер тырнап, шөп жұлғаннан басқаны білмейтұғын толағай (долағай) бас Ноғайың деймісің?! Жайылуы малдай, жусауы аңдай болып, бетімен жайылып, бетімен өскен, көңіліне жақпаған жерден бір күн отырып қалмай тұра көшкен қазақ деген халық боламыз. Ата-бабамыздан қалған әдет-ғұрыпты (әдет-ғұрыпты) ұстап, солардан қалған сөзге қатықтай қатып, сүттей ұйып қаламыз. Бұрынғылар айтады екен: «Сусыз шөлдің шөбі арам,  Еңбексіз ердің дәмі арам,  Перзентсіз ердің малы арам», – дейді екен. Сенің  айтқан сөзің ер жеткен ұлы бар, бойжеткен қызы бар, балалы-шағалы, перзентті кісі зекет берсін деген сөз ғой. Менікі – арам мал. Қанша адалдаймын дегенмен, адал бола ала ма? Мейлің өзің бер, бермесең, Қараханың берсін, берсін! Мейлің мына жақта біреу бар деп отырсың ғой, соның берсін, берсін! Сонан соң зекет дегеніңді қалай қылып алсаң, солай ал! Мен бір иесіз арам малды бағып жүрген жанмын. Әуелі өздерің бұл малға ие тауып, бұл малды адал қылыңдар да, сонан соң зекетін ала беріңдер! Менің айтқанымды сендер қыла алмасаңдар, сендердің айтқандарыңды мен де қыла алмаймын! – деген соң:
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ» – деген осы екен-ау! – деп, – Енді бұған не айтамыз?! – деп, Әліби дағдарды, дәнеме дей алмайды, үйіне қайтты.
Қырық үйлі Таманың ауылы жасыл Түрікпенмен ауылдас болды, бауырлас болды. Қырық үйлі Тамадан қырық бала шығады, мың үйлі жасыл Түрікпеннен мың бала шығады. Асық ойнайды. Сонда мың бала қырық баланың асығын ұтып алып, тірідей көрін қылып, танауларын жырып, тырнадай бақыртып жұлып, білгенін қылады екен. Әліби Нәрік байдың отқа, суға қызыққанын білді, ешқайда кете алмайтынына көзі жетті. Қарахан деген ханының Темірхан деген әкесі болған екен. Оны Әліби у беріп өлтіріп, орнына Қарахан деген баласын хан көтеріп, бала әкесіне дұшпандық қылғанын ішінен біліп тынып, сыртқа шығарар қайраты жоқ жүре берген екен де, Қаратиын дегенді жіберіп: «Хан сөй деп жатыр, хан бүй деп жатыр», – деп, бұл Әліби де халықты қанап, құтырған иттей жан-жағындағысын талап жүре берген екен. Әліби Нәрік байға елші салды:
«Нәрік бай бұл жердің оты-суы малыма қоныс десе, Шұбар атын маған берсін. Шұбар атын бермесе, екеуміздің ат құйрығын кесіскен жеріміз осы болсын. «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ», – деген. Бар, осы сөзді айтып кел!» – деп. Әлібидің елшісі келіп, бұлайша айтқан соң:
– Япырым-ау, «Ал», «Бер» – деген екі ағайынды еді. «Ал» бұрын жүріп, «Бер» – соңынан жүруші еді. Алдында «Ал» жоқ, ағасынан адасып жүрген «Берге» мен беруді біле алмай тұрмын деп, қайырып, қоя берді дейді.- Бұл Шұбар атты сұратқаны: «Баласы жоқ, қу бас, мұнысын кімі мінеді?» – дегені ғой! – деп, долданып жылап:
– А, Құдай, бұл малға ие бер! Бермесең, мені ал! – деп, түйеден бура, жылқыдан айғыр, сиырдан бұқа, қойдан қошқар, ешкіден теке айтып, – бәрін сойып, қырық үйлі Таманың бір жанын қалдырмай түгел жиып:
– Үлкенің – аға, жасы кішің – іні, қатын-қалаш, келін-кепшік, ұлан-ұсақ, – Нәрік пенен Гүлқанысты көргендеріңнің ақыр-тақыры – осы! Бұрынғылар айтқан екен: «Құдайдан жәрдем болсын десең, жалғыздықты ықтияр қыл», – деген екен. Міне, біз жолдас та алмаймыз. Ат, тон да алмаймыз. «Әулиеге – шырақ, қожаға – тамақ», – деп еді. Көрінген әулие болса, басына мал сойып, шырақ жағып, түнеуге бір мың қойды алдымызға сала жүріп, қалған сендердің амандық – есендіктеріңді бүйрегіміздің бір жағына ала жүріп, көктің астында, жердің үстінде болған әулиеден әулие тастамай қыдырамыз. Әулие жарса жүректі, берер болса тілекті, қайтамыз. Болмаса, бізде қайту жоқ: өлген жерде өлеміз, қалған жерде қаламыз! – деп, жүре берді де, жыласып, шуласып қалғандар қала берді.Бұл Нәрік пенен Гүлқаныс жер-суды да білмейді, жол жайын, ел жайын білмейді. Ыңғайы күннің батысына қарай бет қойып, бармаған тауы, баспаған жері болмаса керек. Қайда әулие бар десе, бір қой сойып, түнейді. Іздеп жүргені – түсінде бір аян. Оған да барды, бұған да барды. Далада қалқайған, қарайған тас көрінсе, тастамайды, ағаш көрінсе, тастамайды. Айлардан ай өтті, жылдардан жыл өтті. Маңдайларынан күн өтті, табандарынан сыз өтті. Ес кетті, жан шықты. Өздері әбден түңілерлік болған кезінде, ат жүрсе, тұяғы күйетін, құс ұшса, қанаты күйетұғын құдайдың қу медиен, кұба жонында алты қой бағып жүрген бір шалға оқтай ұшырап, көз болысып, жөн-жобасын айтқан соң, шал айтты:
– Ой, мүсәпірлер-ай, ойсыз, санасыз жалған дүниенің жарқ-жұрқ еткен жалған отына алдантып, өмірлеріңді бос өткізіп, ер ортаны болғанда, пайғамбар жасқа толғанда, жігіттік дәурен өткенде, кәрілік күні жеткенде, от ауызды, орақ тілділердің тікенектей қадалған тілінен долданып, үйде отыра алмай, шығып кеткен сорлы екенсіңдер! Жүруін жүрсеңдер де, қайда баруларыңды білмей, адасып, қаңғып жүр екенсіндер. Ұшпас тауық, көшпес кентте жатқан жұрт сауда қылады, егін салады. Сол екі кәсіпке жарамаған жамандар, жатыпішер жалқаулары оқу оқиды. Асы жоқтықтан, оразашыл болады, іс жұмысы жоқтықтан намазшыл болады. Сонан соң сондай жандары ажал жетіп өле қалса, «Жоғалған пышақтың сабы алтын», – деп, басына үй тұрғызып, бір сиырдың құйрығын байлап, әлеміштейді де, дәнемеге жарамаған жаман жалқаулар басын күзетіп, оны әулие деп ат қойып, айдар тағады. Құдай жаратуында әулие қылып жаратпаса, онымен ол әулие бола ала ма? Сендердің әулие деп түнеп жүргеніңнің көбі – сол. Өзің қазақ болсаң, ата-бабаң – Қазақбайдың сөзін естіген жоқ па едің: «Әулие жақынын қолтықтайды, алыстың «әлхамынан» жақынның «құлһуалласы!»-деп. Түбі тегі қазақтың өзінен шыққан Қаратаудың бауырында «Бабай түкті Шашты Әзиз» – деген әулие бар. Онда күмбез де жоқ, сырлаған, қырлаған там да жоқ, басында желпілдеген сиырдың құйрығы да жоқ, жерменен жер болып қалған. Қолдан кісі орнатқан ағаш емес, Құдай шығарған басында бір ағаш бар. Түбінде бір жылы бұлақ бар, ақ шеңгел бар. Сол  ақ шеңгел – Бабай түкті Шашты Әзиз көмілген жер. Соған бар да, түне. Ауызың барғанша сұра, ол берсе, берген сықылды қылыш береді, – деген соң, қуанып кетті:- Ой, жаным-ай, өзің қыдырмысың? Бізді куанттың. Алты қойды да мал деп бағып жүрсің ғой, мына қойдан алты жүз қой ал да, бізді бастап алып жүр! – дейді.
– Жоқ, байғұстар, менің осы айтқанымның өзі де сендерге бала берген емес пе? Бар, жүре бер! «Жортқанда, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын!» – деп, батасын беріп, қала берді де, бұлар жүре берді. Қыр қыдырды, су сыдырды, тау асты, тас басты, қол терледі, сойылды, табандары ойылды. «Іздеген миқап ағашын табады», – деген бар емес пе?! Жалықпай, қажымай жүре берген соң, Қаратауды тапты, онан келіп бауырындағы жалғыз ағаш пен бұлақты тапты. Ақ шеңгелді тапты. Нәрік бай көріп түңілді:
– Ай, бәйбіше-ай, біздің жүрмеген жеріміз, көрмеген еліміз қалды ма? Соның бәрінен дәнеме болмағанда, төртті-бесті шеңгел бір нәресте береді деп ойлап, ой бөлуге де тұрмайды! – депті.
Гүлқаныс айтты:
– А, бай, үйден айдап шыққан мың қойдан: ұры алған жоқ, бөрі жеген жоқ, бәрін әулиелерге арнап сойдық. Міне, бұл күнде жалғыз-ақ тоқты қалды. Көптен жарылқай ма, аздан жарылқай ма. осы қойдың таусылуына қарап жүрген шығар. Баяғы шал бекер шал емес шығар. Кел, жалғыз тоқтыны сояйық, өзіміз жеп тояйық. Бір түн басына түнейік, ұйқымызды бөлейік! Бабай түкті Шашты Әзизден шын ықыласпен тілейік! Бабай түкті Шашты Әзиз, сенбесем, маған серт, қолдамасаң, саған серт! Сарт болсаң, садағам кет! – деп, Гүлқапыс ұйықтамай отырды.
Нәрік бай:
– Сен алсаң, маған да қарасарсың, – деп, – Мен ұйқымнан қалмайын, – деп, жатып қалды.
Таң сары белгі беріп, анау-мынау көрінерлік болған кезде, ана есегі қайқалап, ала қоржын арқалап, шар кітабы қойнында, гүлбары қабақ мойнында, аса таяқ қолында, жүрген ақтың жолында бір-ақ шалмалы келіп:
– Уай, байғұс, мұңды-зарлылар-ай, Құдайдың құлағын шулаттыңдар ғой. Үн-зарларың құдайдың құлағына барды. Құдай мені жұмсады. Көтер басыңды, жай қолыңды. Мыңды аламысың, мыңға балап бірді аламысың? Қалағаныңды, ойыңа алғаныңды айт! – дейді.
Гүлқаныс ұшып түрегеліп, қолын жайып:
– Көзім қызарып, жырбиып, аузымның еті қашып, ырбиып, мұрыным қырдай болып зорайып, иегім бір жапырақ ет жоқ болып сорайып қалғанда, ешкідей егіз, иттей сегіз күшіктегенде, маған не түседі?
Оттың басын боқ қылып,
Қырға шығар ішінде
Бір оңдысын жоқ қылып,
Мен не етейін кебіңді,
Құлан кәде шөбіңді?!
Берсең, маған қалап бер,
Басын мыңға балап бер,
Өмір жасын ұзақ қыл,
Әр жасын мыңға санап бер! – дегенде:
– Ал, мүсәпірлер, көз-жасыңды құдай тыйды, тілегеніңді құдай берді. Қалағаның ұл болса, ойлағаның сол болса, атса, мылтық өтпесін, шапса, қылыш өтпесін. Отқа салса, күймесін, суға салса, батпасын! Бір құдайдан басқадан, сірә да, бұйрық жетпесін. Атын Шора қой! – деп, жөнеле береді.
Гүлқаныс қуанғаннан, жүрегі жарылуға аз-ақ қалды. Бойын тоқтата алмай, ұшын тұра келіп жонға шығып кетті. Нәрік бай ұйықтап қалды. Бір уақытта таң атып, күн шыққан соң, оянып, тұра келсе, түнде қасында бірге жатқан Гүлқанысы жоқ.
– Ойбай, Құдай-ай, бала сұрап аламын! – деп жүргенде, қасымдағы қатынымнан айрылып қалдым-ау! Мен балаға зәру болсам, әулие қатынға зәру екен ғой! Әулие, әулие пайдаңнан бе зейін, қатынымды берші!Айғай салды. Олай бақырды, бұлай бақырды:
– Гүлқаныс! Гүлқаныс! – деп шақырды.
Дыбыс шықпады. Отырғанмен, Гүлқаныс табылатын көрінбеді. Тұра келді. Төбе-төбеге қарай жүгірді. Анау қырға шықты, мына қырға шықты. Гүлқаныс та бойын тоқтатып, есін жиып: «Әлгі байғұс оянса, мені қайда кетті деп, іздеймін деп, бір жаққа лағып (ұлағып) шығып кетер-ау!»- деп отыр екен. Екеуі бірін-бірі көрісіп, ыржаң қағып, күлісіп, құшақтасып, сүйісіп, Гүлқаныс көрген түсін, әулиенің аян бергенін айтып, қуанысып отырды. Сөйтіп отырғанда, бір бұлақ шалшық суға қоңыр қаз бен аққу лек-лек келіп қонып, судың беті-жүзі аққу мен қазға толып кетті. Ілездің арасында бір бидайық келіп, желкелерін қиып, бірін тірі жібермей, қырып тастады.
– А, құдай, «өлмегенге өлі балық» – деген – осы екен-ау! – деп, қаз бен аққуларды бауыздап жиып ала берді. Және өздері ырым қылды: «Бізге құдай бала берсе, берген баласын осы бидайықтай қылып береді екен!» – деп. Шақпақтарын шағып, тезек қалап от жағып, құмыршаларын асып, қуаныштары қойнына сыймай тасып, қаз бен қудың етінен жеп, тойып, еріндері жібіп, тамыр-тамырлары елеуреп, дүрдиіп кеп, қыз-жігіткүндеріндегі қайрат-қуаттары бойларына әбден еніп, күйлеріне келіп, бірінен- бірі сұрасып, кұшақтасып жатып, мерекеге батысып қалды. Ерлі-байлы болғалы екеуінің бір-бірінен көрген тәттілігі болды. Әулиенің аян бергеніне сенді:
-Бала деген неме, Еріксіз туады енді, Әулие жарды жүректі, Құдай берді тілекті. Кел, табалық енді елді! – десіп, алты жыл өтіп, жетінші жылға аяқ басылғанда «қағанағы қарық, сағанағы сарық» – болып, қырық үйлі Таманың ортасына келді. Қалған қырық үйлі Тама да айы, күні туып, құтпан, құт болған байлары ортасына аман-есен келгендігіне қуанып:
– Уа, жасаған-ай, ішкен-жегеніміз жаңа бойымызға тарады ғой! – деп, мәз-мейрам болысты.
Мал бұрынғысынан асып, тасып, далиып кетіпті. Басқа бөтеннің ұстап жеуі түгілі, атып жеуіне келмей, жылқыда айғырлары, түйеде буралары, сиырда бұқалары, қойда қошқар-текелері жанды қараны ішін аралатпайтын болып, қастық ойлап келген ұрыны, бөріні жайратып тастайтын болып, анадайдан аулақ қатынап жүретұғын болыпты. Гүлқаныс бәйбіше ағы ақ, қызылы қызыл, – ажары еніп, түріне кіріп, ақ мамықтай үлпілдеп, жас тайлақтай елпілдеп: «Ақ мамық бота форым!» – деп, ауызға ілініп, қозы бұғы, қой саныға өзі бала берерлік әулие болыпты. Гүлқаныс бәйбіше жеріді. Жерігенде, арыстан етіне жеріді. Нәрік бай қақпаншы шалдарға, саятшы мергендерге:
– Арыстан етін ап келгенге қыздың қалың малын беремін!- деп жар шақыртыпты. Нәріктің өзінің бір қойшысы бар екен. Далада қой бағып жүргенде, таяғын жерге қадап қойып, таспен көздеп ойнап, машық қылып, көздемпаз болған екен. О да айтып жүреді дейді:
– Ай, бәлем, арыстан маған көрінші, таспен қақ шекесінен көздеп жайын табамын да, әлі оның етін бәйбішеге мен ап келемін! – деп.
Естігендер келемеж қылып күліседі екен:
– «Өлген қыздан дәметкен өмір тентек» – деген осы-ау! – деп.
Бір күні қойшы мүсәпір таяғымен ойнап жүрсе, бір қалың қамыстан қойлар үрікті. «Шөптің басы желмен қимылдаса, үркетұғын, шіркін, бұл не көрді?» – деп, қараса, бір арыстан тұр екен. Қойлар сонан үріккен екен. Бұл қойшы от басында отырғанда, қонған қонақтың әңгімесіне құлақ салып тыңдап отырады екен. Сондай әңгімеші шалдардан естіген екен: «Арыстан – деген аңның патшасы. Оған кез болып қалғанда: «Аяғыңа – бас, тақсыр!»- деп, аяғына бас ұрып, өзін мақтаса, мақтау сүйеді», – дегенді. Қойшы көре сала, қол қусырып, аяғына бас ұрып:
– Уай, тақсыр-ай, құдай маған сені де көрсетеді екен. Сені көргенде, құдайдың өзін көргендей қуандым-ау! Жүрсем, тұрсам, ойымнан тастамай, ұйықтап кетсем, түсімнен шықпай жүруші едің. «Ай, маған ондай ұлық патша қайдан көрінеді?! Егер де көре қалсам: «Аспандағы айды алып бер!» – десем, көз ашып, жұмғаннан оңай алып берер еді-ау!» – деуші едім, – дегенде, арыстан мақтағанға мазаттанып, есі шығып, елеріп: «Айды алып беремін!» – деп, аспанға шапшығанда, жерге сылқ ете түсіп, артқы екі аяғы бірден қирап қалыпты. Қойшы қасына келіп:
– Ой, есі жоқ есалаң сорлы-ай, аспандағы айға шабамын деп, аяғыңнан айрылдың-ау! «Әлін білмеген әлек» – деген осы екен-ау! «Құдай ұрғанды қоса ұрмаса, құдайдың жандай досы болмайды», – деп еді. Енді саған сыбаға мынау! – деп, қара келтек жуан таяғымен арыстанды басқа-көзге төпелеп, мылжалап өлтіріп, жонынан таспадай тіліп, бәйбішеге ап келіп берген соң, Гүлқаныс отқа салып пісіріп жеп, жерігі қанып, ай-жай болып, көңілі тынды дейді. Бұл кемпір буаз болып, қарыны қампайды, ши шампайды, аяқ басуы талтайды. Айы, күні толып, табар мезгілі болып, жіп құрдырып, жиырма күн толғатып, ес кетті, жан шықты дегенде, бір ұл перзентті зорға тауып, күмістен түбек, ал- тыннан шүмек жасатып:
«Қарагестің жүні қатты болады» – деп, балагестің терісінен жөргек істетіп, төбел бие сойды: төменгі елді шақырды. Жорға бие сойды: жоғарғы елді шақырды. Ала бие сойды: аймақ елді жиды. «Отыз күн ойыны бар, қырық күн тойы бар!» – деп, шілдеханасына солай сауын айтты дейді. Мың үйлі жасыл Түрікпеннің Қарахан деген ханы, Әліби деген биі:
– Қырық үйлі Тама еді, қалаған шұбар атты бізге бермеді. Байлық көрсетіп, той қылып жатыр. Біздің Түрікпеннен жалғыз жан бұл тойына бармайық. Сабасы ішусіз қалсын, еті жеусіз қалсын, кімге берерін білмей дағдарсын! – деп, шақырған тойына бірде-бірі бармапты, дүние берсе, алмапты.
Шора бес жасқа жетті дейді. Қырық баламен бірге асық ойнауға шықты дейді:
– Ай, ағалар, ағалар, ана топқа баралық, асық саудасын салалық! – депті.
Онда Таманың балалары шулап қоя беріпті:
– Қарағым, олар көп те, біз аз Борай, борай қар жауса, Боранына келтірер, Аз кісіні көп кісі, Орамына келтірер, – деген бар емес пе? Біз оларға бармайық, бір пәлеге қалмайық. Тірідей көрімізді қылады, тырнадай түтіп, жұлады. Асықтан жеке доп салады. Шымбайымызға батырған, таңдайымызға татырған. Барсақ, өлгеннен басқамыз жоқ! – дейді.
– Жүр, ағалар, ағалар, 
Алдыңда жүріп өлейін, 
Өз көзіммен көрейін! 
Көптік қылып шуласса, 
Жан жазасын берейін!
Сендер барып ойынды сала беріңдер.
Мен жылқыға барып,
Шұбар атты мінейін.
Көп кідірмей келейін, – деп, жүгенді қолына алып, тоқымды қолтығына қыстырып, Шора жылқыға жөнеле берді. Бұл Шұбар атты бұрын мінбеймін деп ойлаған ешкім болмаған. Бірде-біріне ұстатпайтын, жанды қараға шалдырмайтұғын және қуғанды қайырылып келіп, не тістеп, не теуіп жараламай, сау қалдырмайтұғын, сөйтіп талайды түңілткен жануар Шораны көрген соң:
– Айналайын, ием, жаңа келді ғой! – деп, басын шұлғып.
– Қылша мойыным мұнша, – деп, алдына оқыранып келіп, тұра қалғанда, Шора жүгендеп алып, арқасына тоқым салып, мініп алып, жайдақ жалаңдатып жетіп келсе, Әлібидің жалғыз баласы басшы болып, мың бала қырық балаға білгенін қылып, тырнадай түтіп, жұлып атпас таңды, шықпас күнді бастарына орнатып жатыр екен. Сонда Шора айтады:
– Доңғалақ арба жүрместей,
Қарлы ма еді жеріңіз?
Азды түтіп жегендей,
Бассыз ба еді еліңіз?
Іздегенің ұрыс пенен
Төбелес болса,
Қане, маған келіңіз! – дегенде, мың баланың ішінде бір таз бала бар екен. Ол айтты:
– Қырғауыл жүнді қызыл таз,
Төбе шашы ұзын таз,
Атып таста жалғызды,
Қағып таста жалғызды,
Қырып таста жалғызды,
Жойып таста жалғызды! – деп, дүрсе қоя бергенде, ұзыны мен көлденеңін бірдей көреді, мың баланың бәрін қиратып қырады.
– Алла жығып берді ме, адам жығып берді ме?! – деп, қырық бала мың балаға білгенін әбден қылады. Қырғауыл жүнді қызыл таздың, төбе шашы ұзын таздың айдарын жұлып алады, мылтығын тартып алады. Қызыл ала қан қылып, көргендерге таң қылып, аунатып тұрып сабады, қойдай иіріп қамады.
– Не көрсең, еліңе айтып бар! – деп, баяғыдан бергі қырық баланың есесін, кегін алады. Қырғауыл жүнді қызыл таз, төбе шашы ұзын таз Қарахан деген ханының, Әліби деген биінің алдына жылап барады:
– Анада Шора ер екен.
Ерлігінің белгісі –
Осы топтан қара да бойы зор екен.
Анада Шора ер жетсе,
Ат арқасына бір мінсе,
Ол ойыңа (үйіңе) астырар;
Қылды, бақыр, мосыны,
Атқа да артар қосыны.
Мың баланы жайратты,
Кірерге көріп сайлатты.
Тірі болып сау қалған-
Мың баладан бірі жоқ.
Менен басқа тірі жоқ.
Балаларды кылғандай,
Қылмайды бізге демеңіз,
Ондай боқты жемеңіз.
Қарахандай хан ием,
Әлібидей би ием,
Сендерге де қылады – осыны! – деп, боздап, еңіреп қоя берді.
Әліби деген би екен: қақырғаны қақсыды, түкіргені түксіді:
– Қырық үйлі Таманы қырып тастамасқа немене, жойып тастамасқа немене? Жүр, атқа мінейік, жүр! – деп, тұра жөнелді.Қарахан деген ханы айтты:
– Ол бала бір біз емес, бұл заманның асқан-тасқанының түп тамырын құртуға, арамтамақ пен шошқадай болып семірген қатын, қызын шулатып, ұлытуға туған бала. Үйде отырып: «От ішінде мақта, Мақтадан құдай сақта!» – дегеннен басқа оған қылар қайрат, қуат бізде жоқ. Нәрік меніменен дос еді. Әліби үйінде отыра алмас. Бұғанасы қатпаған, буыны бекімеген, ұрыс, төбелес әдісін үйренбеген жас бала ғой. Нәрік бай көшсін, аусын, елін тапсын. Жұртына қырық қашырға артып қазына тастап кетсін. Оны мың баланың құны деп білсін. Оның ішінде менен бала жоқ. Жәме Әлібиге: «Тоқта, қой!» – деуге менде шара жоқ. Бірақ «Әліби жайрапты», – дегенді құлағым естісе, қатыным ұл тапқаннан артық қуанар едім. Осы сөзді айтып кел! – деп, жасырын кісі жіберіпті.
Бұл хабар барған соң, Тамалар үркіп, көше бастады. Нәріктің малына, жанына қарайлауға мұрша қайда, әркім өзі өлмегенін тәуір көреді:
– Енді мың үй жасыл Түрікпен бізге білгенін қылады, тырнадай түтіп жұлады! – деп.
Шора мың баланы жайратып, тып-типыл қылып барып, ұйықтап қалған екен. Бір ұйықтаса, жиырма күнсіз оянбайды екен. Оята алмай жамап састы. Сонда қырық бала айтты:
– Қырық қашыр қазына мен бізді тастап көше беріңдер. Шора өлген жерде өлеміз, қалған жерде қаламыз! – деген соң, Тамалар жылап, еңіреп, көше жөнелді де, қырық бала Шораны күзетіп қала берді.
Мың үйлі жасыл Түрікпен балаларын кеміп, біріне бірі бата-сата қылысып, у-шу болысып, көз жастарын тыя алмай, етек-жеңін жия алмай жүргенде жиырма күн толып, Шора батыр да оянды. Басын көтеріп қараса, ел-жұрт жоқ, тып-типыл, қырық қашыр қазына мен Шұбар ат басында, қырық бала қасында.
– Бұл немене? – дейді.Қырық бала мән-жайын айтты:
– Мың үйлі жасыл Түрікпен көтеріле аттанып: «Қырық үйлі Таманы талап аламыз!» – дегендерін естіп, «көп қорқытады, терең батырады» – деген бар емес пе? Ел үркіп, малдан, жаннан безіп, жонға шығып кетті, – десті.
– Біз қимай, қасыңда қалдық, – деген соң:
– Ай, олай болса,
Маған бола сендер өлмеңдер!
Аманыңда ел табыңдар!
Қырық қашыр қазынамен,
Арқанда тұрған Шұбармен
Жалғыз өзім қалайын.
Көтерсе құдай талайым,
Түрікпеннің басына
Заман ақыр салайын!
Жалғызға жалғыз болысар.
Сендер тастап кеткен соң,
Үркер мен айдай бас қосып,
Ауыл үй боп қонысар.
Мені іздеуші болмаңдар.
Бүрісіп босқа тоңбаңдар.
Өзім жетіп дін есен,
Соңдарыңнан барайын! – деп, бәрін қоя беріп, жалғыз өзі қала берді.Қырық қашыр қазынаны далаға үйді. Қырық қашырды Шұбар атқа мініп, жалғыз өзі бағып тұрды. Әліби анадайдан Шораның қарасын көрді:
– Қатақалғыр, қабысқыр! Жүресінен жатып қан құсқыр! «Қара болса, қазынаға шабар, хан болса, маған шабар» – деп тұрғанын қарашы! -дейді.
Сонда Шора айтты:
– Қазынаны алсаңшы,
Алып ханға барсаңшы!
Қалағаның Шұбар ат болса,
Оны өзің күшіңді асырып, алсаңшы! – дейді.
Онда Әліби айтты:
– Қазынаны ала білмен,
Алып ханға бара білмен.
Хан тілегі бұл емес,
Алып пәлеге қала білмен! – дейді.
Шора тұрып айтты:
– Қазынаны алыңыз,
Алып ханға барыңыз.
Алмасаң және өзің біл.
Кеше көрген қарындас,
Бір күн тағы керек болар.
Өзіңе олжа – жаныңыз.
Төгілмесін қаныңыз! – дейді.
Әлібидің қақырғаны қақсиды, түкіргені түксиді. Ителгі құстай етпеттеп, балаға қарай шұқшиды. Сонда Шора қаршыға құстай талпынып, ашуы кеудесіне сыймай алқынып, айқаса кеткен жерде, Әлібиді тақымына қыстырып, бір төбенің басына апарып тастай берді. Әліби аттан жығылған соң, қалған қырқы сасады, өткелсіз суға қарай қашады. Ебедей мойнын созады, жер басқаннан озады. Қырығын қырық  жерде домалатып, бықпырт қылып тастайды. «Басы ойын еді, аяғы шын болды-ау», – деп, осындайды айтқан екен. «Ойын түбі – шын болар, осырық түбі – боқ болар», – деген мақал-өтірігі бар ма?! Қырық қашыр мен қырық атты айдай-майдай үріккен елінің соңынан барады. Елі: «Жасыл Түрікпеннің ауыр қосыны келіп қалған екен!» – деп, мал-жанын тастай қашады. Атты, қашырды, – бәрін тастай беріп, жалғыз өзі барып, үріккен, босқан елін тоқтатты. Ел орнығып қонды, үйлерін тікті. Шора жатып ұйықтайын деп еді, шешесі:
– Жатпа, балам! Сен бір ұйықтап қалсаң, жиырма күнсіз оянбайсың. Мың үйлі жасыл Түрікпен артымыздан келіп қалса, сені өлтіреді, елімізді жебір-жесір қылып шабады. Қазан деген жерің бар, Тама деген елің бар. Бізден өзің аман кетсең, басың аман күніңде туған-туысқан еліңе жетсең, сен тірі аман тұрғанда, Түрікпен келгенмен, біздің бір бүлдіргемізге тие алмайды, – деген соң, «Елің бар, жұртың бар» – деген сөзді естіп, куанып, ұшып тұра келіп, Шұбар атқа мініп, жөнеле берді дейді.
Сонда Шораның жүріп бара жатқанда айтқаны:
– Түрікпеннің төрінде,
Шамбылдың асқар белінде
Шыға жайлап, шет қонған;
Дұшпанға қарсы бет қонған;
Қырық үйлі Тама ішінде
Кірсіз киім кимеген;
Аллаға тілі тимеген,
Күндік жерге жүрмеген;
Өз үйінен басқа үйге
Басын сұғып кірмеген;
Қара басы хан болған,
Өз алдына заң болған,
Нәріктің ұлы Шорамын!
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Күн жаумасын, қар жаусын,
Қар жаумаса, мұз жаусын,
Мұз жаумаса, қан жаусын,
Ат басын неге бұрамын?!
Сонда Шора келе жатса, Тасбұлақтың басында Тасыр мерген жатыр екен, Әлібидің інісі екен. Өзі мергендігі сондай екен: ұша жөнелген бір топ кұстан алты құс атып қалады екен. Әлібиді жайратып кетті дегенді естіп, Шораның атысарға оғы жоқ, шабысарға қылышы жоқ, жолын тосып, жасырынып жатып, Шораны көздеп атып, жалғызынан жайратып, зығырданын қайнатып келейін деп жатыр екен. Тасыр мерген күндік жерден көреді екен, түстік жерден естиді екен. Шора күндік жерден естіп, бір жетілік жер- ден болжайды екен. Тасыр мергенді көре сала Шора батыр атына сөйледі:
– Айналайын, Шұбарат,
Тамағыңда қалың бар,
Өкпе-бауыр, жалың бар.
Заты хайуан демесе,
Адамнан есті жануар.
Ана жатқан залымның
Мылтыққа оғын салғызбай,
Қолына қару алғызбай,
Ұмтылып тұра бергенде,
Орнынан өзін тұрғызбай,
Олай-бұлай қарауға
Босатып мойнын бұрғызбай,
Көзді ашып, жұмған арада
Мені соған жеткізіп,
Алқымынан шап беріп,
Алып жерге ұруға,
Мұршамды емін-еркін өткізіп,
Бір қайратты бастауға,
Жайратып жауды тастауға
Қарағым, қандай әлің бар?
Сонда Шұбар аты сөйлейді:
– Сен – Шора да, мен – Шұбар
Жалымнан гу-гу жел шығар,
Қызып алып шапқанда,
Жұлдыздай зымырап аққанда,
Маңымда болған тұншығар!
Төрт аяғым – болатым,
Ұшқан құстай қанатым.
Желіге басып, шу десем,
Екпініме кім шыдар?!
Құйрық маймен жемесең,
Екі бұт құм теңдесең,

«Шу, Шұбарым, шу!» – десең,
Ай, отыз күн, шапқанда,
Сонда менен тер шығар!
Дедің ғой мені сынайын,
Айтқаныңды қылайын,
Мен де Хаққа жылайын.
Жалғанда тең боп қосылған
Екеуміздей кім шығар?! – деп, аты зырылдап ала жөнелді. «Ал» – деп, ауыз ашқанша, «көр» – деп, көзді жұмғанша, сып етіп жетіп барып, Тасыр мергеннің жағасынан шап беріп ұстай алып ұрды.
– Жан сауға, батыр, жан сауға! Мен де бір кісідей-ақ батырмын деп жүр едім. Батыр емес екенмін, қатын екенмін. Шын батыр сен екенсің. Екеуіміз құшақтасып, дос болайық! – дейді.
– Жарайды, болсақ, болайық. Бірақ кейінгілер: «Тасыр мерген мен Шора батыр бірін-бірі алыса алмаған соң, дос болыпты»,- деседі ғой. Менің жеңгенім, сенің жеңілгенің кейінгіге айқын болсын. Менімен дос болатұғындығың шын болса, бір құлағыңды ки! -дейді:
– Мен шыбындай жаныңды, бір қасық қаныңды саған қиғанда, сен бір құлағыңды қимасаң, етіңнен ет кесіп бермеген соң, дос болғаның қайсы? – дейді.
– Жарайды, жарайды. Басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға. Қолқа қылып сен сұрасаң, ол кұлағым бос кеткен жоқ далаға. Екеумізден бір қалған өрнек, үлгі сөз болсын артта қалған кейінгі ұлан, ұсақ балаға! – деп, бір кұлағын шорт кесіп алып, Шораға берді.Шора мұны қолына ұстап жүрсін бе, қойны-қонышы жоқ, қалта-салтасы жоқ, Шұбар аттың кұйрығына қыл өткізіп, байлап алды. Тасыр мергенді еліне қайырып қоя берді:- Барсаң, сәлем дегейсің,Қарахан деген ханыңа,Бес қақпалы (қапқалы) жанына.
Анада Шора кетті деп,
Сұқтанбасын:
Қалған мал мен жаныма!
Тама деген елім бар,
Қазан деген жерім бар.
Мен сол елге барып,
Қайта артыма айналғанша,
Мұрсат берсін, тимесін:
Қартайған кемпір-шалыма,
Қыбырлаған жаныма,
Өрісте жатқан малыма! – деп, жүре береді. Келе-келе жатса:
Оқыр-шұқыр жер жатыр,
Бетегелі бел жатыр,
Құлан жортпас шөл жатыр,
«Құсқонбас» – деген көл жатыр.
Құдайдың құба жонында,
Таяғы бар қолында
Қақпан құрған шал жатыр.
Сонда жатқан шал басын көтеріп алып сөйлейді:
– Жол, жол болсын! Жол болсын!
Жеке де басың қол болсын!
Атыңның жүні (жоны) тасыңқы,
Көп шабуыл көргендей.
Қабағың сенің қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Емшек сүті аузыңнан
Арылмаған баласың.
Маңдайың сұлу, жарқыным,
Екпінің күшті, қарқының,
Алды-артыңа көз салсам,
Оттай қаулап жанасың.
Аш бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Жол тартып қайда барасың?!
– Арғы атамды сұрасаң,
Қарабура ұранды
-Қырық үйлі жүрген Тамамын.
Өз жөнімді сұрасаң,
Нәріктің ұлы Шорамын.
Қазан деген жеріме,
Тама деген еліме
Танысуға барамын!
– Нәріктің ұлы Шора, сені де құдай көрсететұғын күн бар екен-ау! – деп, ұшып тұра келіп, басы селкілдеп, қолы қалтылдап, бас салып құшақтап, о жағынан бір сүйігі, бұл жағынан бір сүйіп, бақырып, жылап жатыр дейді.Әкесінің туысқандары екен.
– Бұл жапанның сары даласында не ғып жатырсың? – дейді.
– Уай, шырағым-ай, «Тозған қазды топтанған қарға жейді» – деген бар емес пе? Баяғы басымыз түгел, малымыз есен тұрған шақта, қазақ қалмақты шапқанда, қоржынның түбіне салып, бір Садырқұл деген бала алып келген екен. Сол Садырқұл ер жетіп, елін тауып, қалмақтан қосын ертіп келіп, елімізді қысқа күнде қырық шауып, жалаң малды алдына салып айдағанына қанағат қылмай, аспандағы жұлдыздай, маңдайында кәмшат құндыздай іріктеп, таңдап он қызды алып кетті. Оны іздеп баруға елімізден еркек болып туған ұлдың жоқтығынан, тағы шапқалы келе жатыр деген хабар естіп, соның жолына қақпан құрып жатырмын, – дейді.
– Өзіңнен басқа ер танырлық еліңде жан бар ма? – дейді.
– Бір Есім би деген ағаң бар. О да қарап жатқан жоқ шығар. Ас ішіп, аяқ босатарларды жиып: «Аттанайық қалмаққа!» – деп, қалбаң-құлбаң қармалап, атқа мінуге жарамайтұғын жамандарды арбалап жүрген-ді, қарсы алдыңнан жолығар, – деп, қош айтысып қала берді.
Онан былай жүріп келе жатса, басы құралған, көп-көп болып жиылған топ қарсы алдынан дөп келді. Отырған жері омардай, күйген ғана томардай, қол бастайтын түрі жоқ біреу отыр екен.
– Жол, жол болсын! Жол болсын!
Жеке де басың қол болсын!
Атыңның жоны тасыңқы,
Көп шабуыл көргендей.
Қабағың сенің қатыңқы
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Уыз сүтің ауызыңнан
Шығып тұрған баласың.
Жүзің жылы көрініп,
Ішім еріп барады.
Екі көзің алаңдап,
Аш бөрідей жалаңдап,
Қарағым, қайда барасың?! – депті.
– Арғы атамды сұрасаң,
Қара бура ұранды
Қырық үйлі жүрген Тамамын.
Өз әкемді сұрасаң,
Нәріктің ұлы Шорамын.
Қазан деген жеріме,
Тама деген еліме
Танысуға барамын! – дегенде, күйген томардай шал өкіріп тұра келіп:
– Қарағым-ай, өңім бе, түсім бе? Сені көріп тұрғандығым өтірік пе, шын ба?! – деп, бас салып көрісіп, о жағынан бір сүйіп, бұ жағынан бір сүйіп: – Жалғанның жарық сәулесін жаңа көрдім ғой! – деп, – Қуанғаннан да жарылмаған жүрек енеңді с…йін! Шырағымды құшақтап тұрғанда, шығып кетпегеніңді қайтейін?!- деп, жылап, өксігін баса алмапты.
– Шырағым, құдай өзіңе өмір берсін! Қызығыңды кейінгі ұлан-ұсақ көрсін! Осы бетіңмен Қазанға бар! Өзің құрбы балалар бар, шешелерің бар, жеңгелерің бар, – олар да сені көріп, қуанып, мәре-сәре болсын! Қалың қосын ел садағасы, қарауылшы – қол садағасы! Біз өңшең садаға жұмыртқа болып шыққан жанбыз. Енді өлсек те, құдайға ризамыз. Артымыздан жоқтап алар сендей ұл туған соң, бізге өлімнің өзі бір зор мереке! – дейді.
Онда Шора айтты:
– Ой, ағалар, ағалар,
Олай деме, бұлай – дейді.
– Берді саған құдай! – дейді.
Атысарға жау таппай,
Алысарға ер таппай,
Тіресерге тең таппай,
Қайда кеткен бұл жұрттың
Найза ұстаған батыры?!
Тап менің тұсымда
Еркек біткен қырылып.
Қалған ба жұрттың қатыны?!» – деп,
Жау қайдалап жалақтап,
Екі көзім алақта жүргенімде,
Мен қалай қалайын?!
Қалай қалған ұлан-ұсақ,
Қатын-қалаштың қасына барайын!
Жүріңдер! Жау қайда? Жау қайда?
Бар деген жаққа мені айда!
Таста мына үйілген, төгілген
Сабан-сұбан шөбіңді!
Қара қарғаша шуласқан,
Түкке тұрмайтын көбіңді!
Өзін көргенде,
Кісінің үрейін ұшырып,
Кұтын қашырады.
Мұны көрген дұшпан
Бізді басынады! – деген соң, көптің бәрін қайырып тастап:
– Қарағымның қызығын көремін. Алдында жүріп, ажалды өзім іздеп өлемін! – деп, қырық азаматпен Есім би ақсақал өзі жүрді.
Көптен былай бөлініп шыққан соң, Шұбар ат біресе олай, біресе бұлай ойнақшып, басын тұқирып алып қашып, Шораның астына тұрмай, қолын ауыртқан соң:
– Кел, ағалар, елсізде ат сынайық,«Бөрі қашты» – қылайық.Жақсы жора болсын, – деп,- Ал! – деп, жөнелгенде, Шұбар ат басына бой бермей, қызылбас мылтығының оғындай атылып, Шораны алып, көзден ғайып болды да кетті. Көзімен (көзінен) көргендер аузы ашылып, аңқиып, танаулары таңқиып, құр кекке қараумен бастары кайқиып: «Жын ба, шайтан ба, дию ма, пері ме, бізді алдап жүрген жәдігөй сиқыршының бірі ме?» – деп ілгері басып жүрерін де білмеді, кейін қайтарып да білмеді. Айран-асыр (хайран-асыр), таң-тамаша қалып, ілгері басқан аяқтары кейін кетіп, құр сүлдері келе жатқан сықылды. Шора сол кеткеннен мол кетіп, жалпақ сары далада атын тоқтата алмайтұғындығын білген соң, аспан көкпен таласқан, бұлттан бойы әрі асқан Қапсағайдың қара тауының басына зымыраған бойымен ұшқан құстай бір-ақ барып шықты. Ар жағына қараса, қара құрттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, бақайшағы майысып, қабырғасы қайысып келе жатқан қалмақтың қалың қосынын көрді. «Қой мұның алдынан шықпайын, асылық болар. Артынан түсейін», – деп, қыраң жерден қылт етіп, ойпаң жерден бұлт етіп, қол артынан зып етіп, бидайықтай сып етіп келіп қалғанын бір-ақ
біліп, шошып қалып, Садырқұл:
– Не ғып жүрген жансың? – дейді.
Сонда Шора былай дейді:
– Меп бір азық қазғанмын,
Су таба алмай, азғанмын,
Жоқ жоғалтқан, сергелдең,
Жоқ іздеген, жазғанмын.
Аяулыда алты ат жоқ,
Тобылғы жүнді торы ат жоқ,
Сылдырдап еді сырғасы,
Мақпалдан еді дорбасы,
Сенделіп жүр жорғасы,
Ол атым және қабат жоқ!
Сөзі, түрін таныды.
Сасқандығынан ауызына сол түсті:
– Атып таста жалғызды!
Қағып таста жалғызды!
Жұлып таста жалғызды! – дейді.
Ол пәлен – аспадан деп былшылдап тұрғанда, айтқан аузын жиғызбай, тақымына басып ала жөнеліп, қапсағайдың қара тауының басына апарып, домалатып тастай берді. Қайта оралып қалың қосынға барып, қойға тиген топалаңдай тиіп, қынадай қырып, танауларын жырып, тырнадай түтіп, жұлып, тірідей көрін қылып,бықпырт тигендей тып-типыл қылып тастап, жалғыз өзі қалып, Қапсағайдың қара тауының басына шығып, демін алып отырғанда, кейінгі қырық азамат үрейі ұшып, зәресі қалмай шошып, әрең зорға келіп жетті:
– Не көрдің?
– Не білдің?
– Ел көріне ме, жау көріне ме?- десті»,
– «Жау қырдым» – деп айтпайды,
Шіреніп, сұлап жатпайды.
Он күн, он түн аш жүрсе,
Керек қып бір нәр татпайды.
Қаралдысын көрген жан
Беттесуге батпайды.
Мен сөйттім деп мақтанып,
Міндет қып тағы сатпайды.
– Мен дәнеме көргенім де жоқ. Мына жерде домалап біреу жатыр. Оның кім екенін сөйлесіп білгенім де жоқ,-дейді.
Бұлар барып көрсе, Садырқұл екен.
– Не ғып жатырсың? – дейді.
– Өз еркіммен осылай жатуға мені жынданды дейсіңдер ме? Нәріқұлы Шора деген ер шығып, жекеде басы зор шығып, тұлақ сабағандай шаңымды қағып, бақайшағымды шағып, ыңыршағымды отқа жағып, көшірменің (күшірменің) қу басындай домалантып тастаған соң, жатпағанда, не қылмақшымын?! – дейді.
Сонан соң бұлар Садырқұлдың танауын таңқитып кесті, ұртынан тесті. Қалмақтың калған елін шауып, жаншып, талауға солай қарай жүрді. Қалмақта ұшы-қиыры жоқ, ептейсіз (ебедейсіз) көп жұрт екен, Қараман деген ханы бар екен. Ол Қараман қалың қосын алып, Өзбектің шаһарын шауып, елін талауға аттанып, солай кеткен екен. Өзбек, қазаққа таң атырып, күн шығармасқа бел байлап, батырын қазаққа аттандырып, өзі Өзбекке барып, Қаныкей, Тінікей деген екі қарындасын елге ие қылып, орындарына қойып кеткен екен. Ол Қараманның Бозтұлпар деген даңқты тұлпары болады екен.
– Өзбекке қор қылып, жануарымды мінбейін. Есек пен қашарға мінген сарт-сауанға шабуға Қосалықтың қос жирені мен Аршакөгім де жарар, – деп, үйге тастап кеткен екен. Жау қарасын көрген соң, Бозтұлпар жылқыдан ойнақтап шығып, шаһарға қарай қашып, Қараманның ордасына барыпты. Қаныкей, Тінікей көре сала далаға жүгіріп шығып:
– Мынау бір сұмдық екен. Біздің жылқыға жау тиген ғой. Жердің үстінде, көктің астында бізге беттеп келуге бататұғын жан жоқ еді. «Аққала деген жерден, Тама деген елден Шора деген ер шықты, жеке де басы зор шықты!» – деп еді. Дәу де болса, бұл жау сол шығар! – деп, айтқан ауыздарын жиғанша, қосын шаһарға келіп қалып, үріп шығар иттен басқа алдынан шығар жан жоқ, иесіз қалған шаһарға келіп кіріп, Қаныкейді Есім би алып,Тінікейді Тасен мырза алып, Қараманның жалғыз қызы Қаракөз сұлуды Шораның қойнына салып, Шораны таққа отырғызып, хан көтеріп, ер басына дара-дара былай тұрсын, екеу ара, үшеу ара қатын алып, орналасып тұрып алды.
Арада біраз күн өткен соң, Қараман Өзбектерге қыламын деп барғанын қылып, бетіне келгенді қырып, өзбектердің қыздарын ат үстіне мінуге жараған азаматтарына үлестіріп беріп, ұлын- отын, қызын- қатын қылып, жебір-жесір қылып, шауып, талап, қайтып келсе, өзі біреуге не қылып келген болса, күн күнемей, түн түнемей, өзіне де біреу не қылып, не қойғанының үстіне келді. «Дүние бір бетін, бір күн көтін көрсетеді деген», – осы. Далада жатып елші салды:
– Жекпе-жек қарсыласу- батырдың ісі. Иесіз қалған елді шабу қатынның ісі. Менің Бозтұлпарымды өзіме беріп жіберсін.
Шора маған өзі жекпе-жекке шықсын! Екеуміздің таласымыз дүние ғой. Кім болса, сонан үйіліп, төгіліп қалатұғын дүние үшін жаман жасықтардың жанын, түкке тұрмайтұғын қанын құр далаға бос шығын қылмайық. Есім бай, Тасен онда да бар шығар, менде де бар шығар. Бірақ Шора мен Қараман қазақ, қалмақта да жоқ шығар! – деп.Шора бұл сөзді жөн дейді. Бозтұлпарын өзіне жіберді. Және:
– Біздің Тамадан бір жан қалмасын, олжа деп, бір бүлдіргі алмасын! Біздің Есекең мен Тасекең маған жақсы ат әперді. Сол олжа да аз болмас, – деп, Қараманмен жекпе-жекке шықты.
Қарма-қарсы шабысты,
Айқай-сүрен салысты.
Қол төбелес, жұдырықпен
Қоян қолтық алысты.
Тайсалмастан айқасты,
Батырлар күшін байқасты.
Сеңгір таудай соқтығып,
Дариядай толқып шайқасты.
Жанжалдасып тіресті,
Икемге көнбей сіресті.
Қан майданды шаңдатып,
Балуандарша күресті.
Бүйірлері сығылды,
Өкпе ауызға тығылды.
Шапыр-шұпыр төбелес,
Көргенге толық бір кеңес.
Дөңбектей құлап гүрс етіп,
Қараман батыр жығылды.
Жығылғанын білген соң,
Жауырыны жерге тиген соң,
Жұдырықтай жас бала
Үстіне аттай мінген соң,
Бақырайып көзі астында
Қараманның жатқанын
Қазақ, қалмақ көрген соң:
– Қалмады намыс, ар, – дейді,
– Мен – қара жер төсеулі.
Сен – жауған қалың қар! – дейді.
– Тірілік пен бұл жалған,
Қоштасамын сенімен,
Менен аулақ бар! – дейді.
– Шын ер туған ұл болсаң,
Бір қолқам сенен бар, – дейді.
– Енді мені қозғалтпай,
Ту сыртымнан жар! – дейді.
– Бір ұртта да қанымнан,
-Өтімді суырып ал, – дейді.
– Қазақ пенен қалмақтың
Аруағы үшін садаға
Құрбандыққа шал! – дейді.
Сонда Шора айтты:
– Білмеуші едім өзіңді,
Көрдім жаңа жүзіңді.
Өлімге мұнша кұмар боп,
Өлердей айттың сөзіңді.
Тіліңе қалай нанайын,
Сойған қойдай бауыздап,
Басыңды қалай алайын?!
Батылым онша бармайды,
Күйеу жігіт болғансып,
Алып едім қызыңды.
– Отыздан асып бұл жасым,
Қырыққа таяу келіппін.
Өтпес біліп жалғанды
Өзімді өлмес біліппін.
Маңдайым қайтпай пендеден,
Бетіме ешкім келмеген.
Қарайған жанның бәрін де
Жан-ау деп көзге ілмеген.
Періп кетпе пірі боп,
Зорайып өсіп ірі боп,
Тоқтаусыз жортып желіппін.
Жау алатын қыз итті
Бала екен деп біліппін.
Маған сен күйеу болғандай,
Оң жағыма кіргізіп,
Қай қолымнан беріппін?!
Өзім үшін тусам да.
Жұртым үшін өліппін!
Елімнің баспа іргесін,
Өлтірме бит пен бүргесін.
Жебір де жесір қылдырма,
Шібішімнің аяғын бастыртып,
Атқа сындырма,
Құдай риза (ырза), мен риза,
Кес кідірмей басымды.
Дулатып бергіз асымды.
Тірілік пен өмірден
Өлімді артық біліппін! – деген соң. Шора басын кесіп, ту сыртынан жарды, өтін алды. Қанынан бір ұрттап, мейірі қалды. Қалған елінің бір бүлдіргесіне тигізбей, Қараманға ас бергізіп, қалмақ, қазақты тең ұстап, жеті жыл тұрып қалыпты. Жеті жылға толған кезде әке-шешесі түсіне кіріп, жылау-сықтауда қалғандығын айтып, аян беріпті. Шора ұшып тұра келіп, бала-шаға, бау-бақты кешіп, елін іздеп, баяғы бәйбішеге арыстан етін жегізетін қойшы қой бағып жүріп, атқан оқтай душар болып ұшырап:- Уай, қарағым-ай, Құдай сені де көрсететұғын күн бар екен- ау! – деп, бас салып көрісіп:
– Сені: «Қалмақтың ханы Қараманға барып қаза тапты!» – деп естіп, жасыл Түрікпен елді шауып, талап, бай құл орнында, бәйбіше күң орнында, мойындары ырғайдай, биттері торғайдай, – деген соң, Шора шыдап тұра алсын ба, тұра жөнелгенде, қойшы жүгіріп келіп, шылбырынан ұстай алыпты:
– Қарағым, тұтқиылдан сені көрген соң, әке-шешең жүрегі жарылып, өліп кетер. Шұбарды маған бер. Мен барып оларды жүрегін қозғап алмай, үркітпей, шошытпай сүйінші сұрайын. Шұбарды көрмесе, нанбайды, – деген соң, Шора Шұбар тұлпарды мінгізіп қоя берді.
Қойшы барып сүйінші сұрап, жасыл Түрікпен естіп, тайлы-таяғына шейін қалмай жиылып, Нәрік байдікіне келіп, еңсесі биік ақ сарайға Нәрік бай мен Гүлқанысты енгізіп, үлде мен бүлдені кигізіп, басы Қарахан болып, Шораның алдынан жаяу-жалпы шұбырып, ботадай боздап, інгендей еңіреп, қойдай маңырап, қозыдай шулап шыққанын көріп:
– «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», – деген осы екен-ау! – деп. Қараханды хан көтеріп:
–  Бұған қарсы келгенің менен ажал табасың! – деді.
Түрікпенді ел қылып, жұрт қылып, бір бүлдіргісіне тигізбей, өзінің қырық үйлі Тамасын көшіріп, Қазанға алып қайтты дейді. Нәрік пенен Гүлқаныс, Шора мен Шұбардың қызығын көзімен (көзінен) көріп, жалғанның жарастықты дәуренін сүріп, барша манат басына, сақалы көтіне жетті дейді. Шора заманында атақты батырдың бірі болып, хандарға қағылып орын бермей, өзгеден алапаты артық болыпты. «Күндердің күнінде бұл жерді кеуір алады, моламды кеуірдің атының аяғының астында қалдырмаймын!» – деп, елін алып ауып, Стамбул жұртына қарай ауып, Халифа қол астына барып, үрім-бұтағы сол еніп, соғыста қайрат көрсеткен батырлар шықты дейді.