Созақтық қаламгер Елнұр Қайратұлының “Қасқыр ұлыған түн” атты әңгімесін оқи отырыңыздар. Осы әңгіменің
Куат Ахметжанов жазған аудикітабын да тыңдауға болады.

1984 жыл, тамыз айының бас кезі, ми қайнатар шілде шығар ыстық күндерінің бірі. Бұлар бет алған бағыт Сарысу ауданының Шығанақ ауылы еді. Күн ысымай ерте жетсек деген оймен шыққан жолаушылар елу шақырым келесі ауылға жеткенше, көретін қиын жол азабын білген жоқ еді. Он шақты үйден тұратын Жолөткен ауылын артқа қалдырып, біраз жол жүріп тоқтады. Жолөткен ауылының атауы қалай пайда болғаны жайлы ел арасында мынадай бір аңыз бар. Сәкен Сейфуллин Атаман Анненковтың азап вагонында 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы 3 сəуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығып, осы Шу өзені жағасымен бой тасалап өткендіктен, жергілікті халық «Жолөткен» деп атап кеткен. Сылаңдап аққан ерке Шу, басы сонау Қырғызстаннан бастау алып, Созақ даласын қиып өтеді. Осы ауданның Жуантөбе ауылының мектебіне, ақынның аты берілуі де ауыл тұсымен өткендігінен. Сан ғасырда көптеген жанға пана болған ерке Шу, ақынға да пана болған екен. Содан ары атақты қарт Қаратау арқылы Түркістан асқаны тарихтан белгілі. Ақынның ел ішінде кең тараған «Тау ішінде» әні осы кезде туған екен. Мінген мотоциклдерінің жарты жолда бұзылғанына бір сағаттан астам уақыт болды. Жасы енді ғана жиырмаға келген жігіттің, бұзылған көлігін жөндей алмасына енді анық көзі жетті. Мотоциклдің шанағына екі бірдей баласын алдына алып үнсіз отырған жеңгесіне қарап:
– Бітті жүрмейді,- деді.
Ол кезде көлік аз, көмек берер ешкім де жоқ. Амалы таусылған Әсет жеңгесі Маралға:
– Ауылға мен мына тас жолмен жүрсем шамамен он шақырымдай болар, мен осы жолмен жүре берейін, егер жолда көлік кездесіп қалса, сол көлікпен сендерді тауып аламын, сендер де жолсыз төтемен жүрсеңдер шамамен үш шақырымдай боп қалады,- деп болжады.
Бірақ ол ойлағандай ауыл жақын емес, жолмен жиырма шақырым, тура жолсыз он шақырымдай жер еді. Таңертеңгі сағыммен жақын көрініп тұрған ауыл сұлбасы ғана. Уақыт өтіп бара жатыр, тірі адам тіршілігін жасайдының кебі келіп, мотоциклді жол шетіне шығарып, сексеуілдің шырпысымен көліктерін жасырған болды. Жолаушылар Алла жар болсын деп екіге бөлініп екі жаққа жүріп кете барды.
Арада біраз уақыт өтті, шөл қысып өздерімен жолға алып шыққан бөтелкедегі сулары таусылуға айналды. Екі баласының үлкені Ермек жасы үшке тақап қалған ойын баласы да, ал кішісі Ерлан бір жарым жаста еді. Екі көзі бірдей көрмей қалған өте ызақор, ашушаң Ерлан алдына барған кісінің іліккен жерін тістелеп, алдына алса бетін тырналап тастайтын. Ағасы Ермектің беті ызақор інісінің тырнағынан пайда болған жаралар жазылып болмайтын, енді жазылып келе жатқан жараны қайта тырнап жаңа жара орнына пайда бола қалатын. Маралдың да екі қолы шынтағына дейін көкпеңбек тістердің іздері, құдды біреу сиямен дөңгелектеп сурет салып қойғандай еді. Баласының көзі көрмей қалғаны жанына батып, төркін жұртында мықты Қожа молда бар деп естіп, дем салдырсам жазылып кетер деген үмітпен шыққан еді. Ашушаң кішкентайының мазасы қашып әбден абыржытты. Бір қолына жетектеген үлкені құмның ыстығынан аяғы күйді ме жылап келе жатыр. Арқасына кішісін арқалап келе жатқан Маралдың жүрісі өнер емес. Арада қанша уақыт өтті, сағыммен көрініп тұрған ауылдың жақындар түрі жоқ. Әбден шаршаған ана тура бөлтіріктерін тасыған құртқадай екі баласын кезек-кезек көтеріп тасуға көшті. Алғашында жақсы жол өндірдім деп қуанып, біраз жер артқа тастап жүргенімен де, ауыл сол күйінде жеткізер емес. Жаздың аптап ыстығы аздай, өте жағымсыз қосымша ыстық жел әбден қалжыратты. Өзін-өзі ауылға шамалы қалды, шыда жаным шыда деп жұбатқанымен де, жылап келе жатқан екі баласын жұбата алар емес. Қаншама жерді тастап, шағын ғана қамыс өсіп тұрған тымаға жетті. Далалы жерден бұлаққа ұқсаған ызамен сызаттап ағып жататын тыманың айналасына, аз ғана өскен қамыс, ыстық желмен бастары шайқалып тұр. Алғашында тымадан су ішіп тынығып алмақ ойы болып, кейіннен күн ыстықта тымалы жерде қасқырлар салқындап жатады деген үлкендердің сөзі есіне түсіп, өз ойынан өзі үркіп, тез бойын жинап алды. «Қалыңның ішінде қасқыр болса қайтемін?» -деген сұрақты өз-өзіне қойды. «Адам иісін сезбесін, тыманың батыс жақ жел өтімен жүрейін» – деп шешім қабылдап тоқтамай жүре берді. Ары қанша жүргені белгісіз, ауылға жақын Қамқалы көлініне жақындады. Әбден сілесі қатқан Марал, жүрісін ары осылай жалғастыра берсе, үшеуіде ауылға жете алмасын білді. Бөтелкедегі сулары таусылып шөлде қыса бастады. Күн тура төбеден түсіп күйдіріп бара жатыр. Енді нетпек? Бұл тығырықтан қалай шықпақ? Ары ойланып, бері ойланып үлкен ұлын қауіпсіз үлкен сексеуілдің көлеңкесіне отырғызып қалдыра тұрсам, жүрісім өніп, ауылға тез жетемін. Ауылға жетіп алсақ, көлікпен қайта келіп тездетіп алып кетермін деген шешімге келді. Шамалы жүрді де алыстан ерекше байқалатын төбе басына тоқтады. Төбенің сол жақ бетіне өскен үлкен сексеуілдің көлеңкесіне Ермекті отырғызды да, қалтасына нанның бір тілігін салып тұрып:
– Балам, сен осы жерде отыра тұр жарай ма, мен ініңді тез ауылға апарып, атамен қайта келіп сені алып кетеміз -деді.
Ойын баласы анасының айтқанына басын изеп, келіскен ишарат білдірді. Аналы-балалы төбе басында осылай қоштасып жүре берген ол ішінен бұл шешімім дұрыс па деп өз ойымен арпалысып келе жатты. Бірақ басқа ешқандай таңдау жоқ. Кіші ұлын арқалап ауылға тез жетейін деп асығыс қадам басуда. Айдалада жалғыз қалған баласына қайта-қайта қарап қояды. Жүрегі сыздап көзіне жас тығылды, бірақ амал жоқ жүріп келеді, жүріп келеді. Жығылғанға жұдырық демекші, өздері қалжырай әрең келе жатқан Маралдың аяғы көлдің шетіндегі батпаққа түсіп, батып қалды. Әрі тартты, бері тартты шығара алмады. Көзі қарауытып, әлсіреген ол талықсып, бір жанына қарай құлай кетті. Аспан шайдай ашық, дөңгеленген дүние төңкеріліп бара жатқандай күй кешті. Арада қанша уақыт өткені белгісіз салқын лайдың үстінде жата бергісі келеді, талықсып барып көзі ілініп кеткендей екен, сол аз ғана уақытта түс те көріп үлгерді. Түсінде көптеген нан пісіріп қойыпты, енді бір кез айнаға қараса беті қап-қара боп күнге күйіп кетіпті. Өз түсінен шошып оянды. Сол кезде өңіндегі түріде түсіндегідей қап-қара күнге қақталып күйіп кеткен болатын. Жанына қарап еді кішкентай ұлы ұйықтап жатыр екен, кенет есіне үлкені түсіп, орнынан жылдам қимылдап, аяғын әрең дегенде тартқылап батпақтан шығарып алды. Аяқ киімі лай ішінде қалып, жалаң аяқ жүруге тура келді. Көл шеті қап-қара сасық лайды кешіп жүріп, зорға дегенде ауыл шетіне де ілікті-ау әйтеуір. Сол кездері ауылға жетер тұсында, жаңа қазылған артезиан болатын. Күні бойы шыжыған күн астында әбден шөлдеп келе жатқан Марал баласын жағаға отырғызып, артезианның астына қойып кетті. Су астында отырып әлденіп алды да, баласын арқалап ауылға беттеді. Бағанағыдай емес, жүрісі ширақ, ауылға да таяп қалды. Күн де қызарып ұясына батқалы тұр. Сол мезгілде ауылға тас жолмен жаяулатып Әсет те жетті. Жалғыз келген құда баласынан мән-жайды білген Смағұл атқа мініп қызының алдынан шықты. Кішкентайын арқалап келе жатқан қызын алдынан кезіктіріп, құшақтап амандасты.
– Баланы әкел,- деп Ерланды қолына алды да, Ермектің далада жалғыз қалғандығынан бейхабар әкесі алға қарай жүре бермек болғанда Маралдың дауысы дірілдеп:
– Ермек далада қалды, – деп жылап жіберді.
Түк түсінбей таңырқай қараған әкесіне қайта сұратпай, болған оқиғаны толық баяндады. Көлдің арғы бетіндегі, үлкендеу төбе басындағы сексеуіл көлеңкесінде Ермектің қалғанын жобалап түсіндірді. Әкесі қызымен немересін үйге жеткізді да, бала қалған төбеге қарай бағыт алып шаба жөнелді. Барып тез арада баланы әкеле қояйын деген ойы қате екенін алдын ала болжай алмаған еді. Айналаның бәрін лезде-ақ қараңғы басып, кештің арты қоюлана берді.
Үйдегілердің барлығының құлағы сыртқа түрулі. Ит үрсе тыныштала қалып тың тыңдайды. Барлығының да күткені атасы мен немересінің оралуы. Арада ет асымдай уақыт өткенде, сырттан абалаған ит дауысы мен ат тұяғының дүбірі қоса шықты. Барлығы Ермекті алып келді деп қуанышпен далаға тұра ұмтылып еді, артынша қуаныштары су сепкендей басылды. Өйткені немересін әкелуге кеткен көңіл күйі жоқ Смағұл, үйге бос оралды. Маралдың бағанағы көрген түсі есіне түсіп, ана жүрегі шым ете қалды. Кімді кінәларын білмей қалшиды да қалды. Үй іші абыр-сабыр, уда-шу Марал біреуін естісе, біреуін естімейді. Бірақ түсіндегі нан пісіріп жүргені, өткінші бір ауыртпашылықтан кейінгі қуаныш болар деп жорып, өз-өзін жұбатқан болды.
Болған жайды Смағұл ауылдың совхоз директорына хабарлады. Директор ауылдағы бар көлікті жұмылдырып дереу іздеуге ұйымдастырды. Студенттерден құралған құрылыс жасақтары да өз үлестерін қосу үшін, Ермек қалған жерге аттанып, жаяу сүзіп іздеуге кірісті.
****
Сағат түнгі он екілер шамасы. Шығанақ ауылынан жүз шақырымдай жердегі көрші ауылда өз үйінде жалғыз қалған Ермектің әкесі, ойында ештеңе жоқ бейқам жатқан еді. Суыт келген ГАЗ-53 авто-көлік дауысын естіп түрегелді. Ішке өзінен бірер жас кіші жақын қайынінісі Жахан асыға кіріп келді. Екеуі бір-бірімен жақсы тұратындығын білетін Смағұл ақсақал, болған жайды естіртуді осы Жаханға тапсырған болатын. Қайыржанмен жылдам құшақтасып амандасып, Ермектің жоғалғанын қиналып әрең жеткізді. Жиенінің жоғалғанына тура бір өзі кінәлідей, даусы тұншығып:
– Машинада күтемін,- деді де шығып кетті.
Қайыржан осы үлкен ұлын ерекше жақсы көретін. Студент кездерінде әсем қала Алматыда дүниеге келіп, кішкентайынан курстағы құрбы-құрдастарының қолынан түспейтін баласы міне, бүгін жоқ. Не дерін білмейді, тек іші удай аши берді. Үйдегі бір блок темекіні алды да үн-түнсіз машинаға мінді. Жол бойы жақ ашып сөйлемеді, тек темекіні бірінен соң бірін тартып келеді. Жездесі сөйлемегеніне одан сайын ұрлыған жасырған ұрыдай қайын інісі өзімен-өзі қуыстанып келеді. Бұрынғыдай жезде мен қайын іні арасындағы қалжың сөздер жоқ. Қалжың қайдан болсын. Жол ұзарып кеткендей әлі келе жатыр, келе жатыр…
Ауылға жеткенде алдарынан ондаған машиналар мен фонарь, прожектор жарықтары көрінді. Машиналар қатарына қосылып, бұлар да іздеуге кірісті. Ол кезде қазіргідей емес аңшылардың аздығынан ит-құс та өте көп кез. Күндіз Маралдың су ішіп, тынығып алғысы келген тымаға бұлар да келді. Тыма іші қасқырдың ойнақтаған жаңа іздері сайрап жатты. Машинаға қайта мініп іздеуге шыққандары сол-ақ екен, алдарынан көлденең бір қасқыр жүгіріп шығып жарыққа ілінді. Машинаның төбесінде алысқа прожектор салып іздеп келе жатқандардың бірі, мылтығын қасқырға қарай бағыттап шүріппесін басып қалды. Түнде атылған мылтықтың дауысы жаңғырып шығып, іздеушілердің назары осында бұрылды. Даланың айлакер жыртқышы одан әрі көрінбей, қараңғыға сүңгіп жоқ болды да, сәлден кейін ұзааақ ұлыды. Ұлыған қасқыр дауысы қараңғы түнде өте ащы қорқынышты еді. Атылған мылтық дауысын естіген Смағұл ақсақал бұлардың жанына жетіп келіп, мылтық атуға тыйым салып, егерде мылтық атыла беретін болса, қасқыр баланы жеп қоятындығын ескертті. Төбедегілер өз қылықтарынан ұялып, үнсіз іздеуін жалғастырды. Бүкіл ауыл болып жаяулылары, аралары бір метр тізбектеліп сүзіп іздегенімен еш нәтиже шықпады. Үш жасар бала барады-ау деген жердің бәрін шарлап іздеді, бірақ табылмады. Көпшілігінің қасқыр жеп кетті деген күдіктері өршелене түсті. Түн жарымынан асқанда машинамен іздеу тоқтатылды да, тек жаяулары қалды, себебі әлсіреп бала жатып қалса басып кетпейік дегендері еді.
Үйде жүрегі күпті, әр келген кісілерден үмітпен жақсы хабар күтіп отырған Маралдың жанына демеу болып отырған ауыл әйелдері бар болатын. Солардың ішінде жасы алпысты алқымдап қалған үлкендері Ажар апа да бар. Оның да қой бағып жүрген екі бірдей немересін қасқыр жеп кеткенін айтып жылаған сайын ішін өкініш кернеп, жанын шүберекке түйіп әрең отырған Маралды қоса жылата берді. Уақытқа шіркін тең келер ештеңе жоқ қой өмірде… әр сағаты , минуттай сырғып өткен сайын үміт жібі үзіліп кетердей, шыдамсыздана есік жаққа қарап елеңдей берді. Енді санаулы сағаттардан хабар болмаса Ермегінен айырылғаны. Уақыттың қадірін енді түсінді, одан жылдам ештеңе жоқ. Қолында уақыт машинасы болса мүмкін тоқтатып қояр ма еді? Бірақ пенденің қолынан не келеді? Алланың пешенесіне жазғанын көреді. Бар үміті мейірімі күшті Аллада. Жаратушыдан жалынып қайта-қайта үзбей сұрағаны, бауыр еті баласының аман-есен оралуы.
– Қалқам, мен немерелерімді жоғалтқанымда ең болмаса киімдері де қалмады ғой, сен Алладан киімін болса да бұйыртсыншы, бір иіскейін деп тіле,- деп Ажар апа қойып қалды. Бұл жұбату сөзі болғанымен, баласын жоғалтқан жаны жаралы ананың жүрегіне кірш еткізіп жарақат салған кезекті қанжардай еді.
Таң да бозарып ата бастады. Сүйіншілеп келген ешкім жоқ. Совхоз директоры Жомарт атына сай, адамгершілігі мол, мейірімді жан еді. Сол кісінің тікелей нұсқауымен бір күнге совхоздағы, тек өте маңызды керек деген жұмысшыларды ғана жұмыста қалдырып, қалған барлық ауыл тұрғындарын жаппай іздеуге жұмылдырды. Іздеушілердің қатарында мектептің белсенді үлкен сынып оқушылары да болды. Көппен бірге іздеушілердің араларында ауылдың бас дәрігері де болатын. Сол дәрігер жеке қалғанда Қайыржанға:
– Егер қасқыр жеп кетпесе, күн қызғанға дейін табылса бала тірі болар, өйткені ер баланың ағзасы қызға қарағанда шыдамдырақ, – деді.
Бұны естіген Қайыржан барынша жылдам іздеуге тырысып тыпырши берді, «Ермек» – деп дауыстап айқайлай берді, айқайлай берді… Бұның жан дүниесін түсінген адам бір орында тұра алмас еді, тұра алған да жоқ. Бәрі де тынымсыз, үздіксіз жылдам іздеп жүр. Көпшіліктің арасында тым болмаса баланың сүйегін тауып алсақ қой деген сөздер өзара шығада бастады. Уақыт іздеген сайын сырғып өте берді, құдды көз алдында өз өмірі өтіп жатқандай еді. Әрине көз алдында баласының өмірі, өлім мен өмірдің арасында еді, тек қана бір адам Алланың қалауымен бала отырған жерге тура бармағанда…
***
Бір адам бағытын өзгертіп топтан бөлініп жеке іздеуге кірісті. Бұл көпті көрген соғыс ардагері, қарагер атына мінген Ермектің нағашы атасы Смағұл еді. Соғыста жүргенде бұндай шілденің ыстығын да, қаңтардың сықырлаған сарышұнақ аязын да көрген. Ысқырған минаның жарықшақтары мұрнына тиіп сындырып өтіп, бір көзін ағызып, елге жалғыз көзбен оралған. Таңертең шығарында үлкен дәкемен, жолға ыңғайлы бес литрлік коныстырь тола су алып, ерге байлап шыққан еді. Айналаға әр тоқтаған жерінде соғыстан қалған жалғыз сау көзімен дүрбі салып, жан-жағын түгел шолып қарайды, көзге тірі жан түспеді. Жаздың аптап ыстық күні шыжып дәл төбеге келді. Іздеуден еш нәтиже шықпады, бірақ үмітін үзбей іздеуін тоқтатпады. Кезекті бір тоқтап дүрбі салып тұрғанында, төбе басындағы қарауытқан жалғыз нүктені байқады. Өз көзіне сенбей қайта қарап еді, иә, расында бір нүкте көрініп тұр. Бұл ауылдың қыр-сайын, төбе-жоталарын жатқа білетін адамға әлгі нүкте қуантарлық жаңалық еді. Қуанышы қойнына сыймады. Қарагерге қамшы басып, төбе басына қарай шаңдатып шаба жөнелді. Жақындаған сайын әлгі нүкте баланың бейнесіне айнала түсті. Қуанғаны соншалық, соқыр көзінен де шоқша сақалын жуа жас парлады. Бірақ, бірақ тірі ме деген сұрақ ойына сақ ете қалды. Төбе басына жеткенше осы сұрақ қайта-қайта ойына орала берді. Жақындап қалған ат тұяғының дүбірін естіген Ермек, басын жәй ғана көтерді. Баланың басын көтергенін көрген атасы:
– Айналайын-ай, тірі екенсің ғой, Я, Алла, мың да бір рақмет, тілегімді қабыл алыпсың ғой, – деп шексіз алғысын жаудырып, аттан қарғып түсті де, немересін құшақтап сүйе берді.
Бір тәуліктің ішінде терісі құрғап, көзі шүңірейіп, еріні құрғап жарылып әбден азып қалған Ермек:
– Жуууу – деді.
«Жуу» – дегені су екенін түсініп, атасы бірден су бермей, үйден алып шыққан дәкесіне шылқылдатып су құйды да, сулы дәкемен баланы орай бастады. Әбден шөліркеген бала сулы дәкенің шетін аузына салып сорып жұта берді. Бірден суды балаға берер болса, денесі әбден құрғаған бала өліп кетуі мүмкін екенін соғыс ардагері жақсы білетін. Ермек жанында анасы жоқ болса да жиі айтатын анасының сөздері есінен шықпағаны болуы керек, аяқ киімін шешіп, ішіне нәскиін салып жанына жинап қойыпты. Марал есі енді кіріп қалған баласына:
– Жатарда киімдеріңді жинап қой, – деп үйрететін.
Аталы-балалы төбе басында табысып отырғанда төбені бетке алып қалған іздеушілер де келіп жетті. Барлықтары баланың тірі екенін көріп, бір-бірлерін құшақтап құттықтай бастады. Анасының берген бір тілім нанының жартысы желініп, жартысы қалтасында тұрған баласын құшағына басқан Қайыржанның қуанышында шек жоқ. Сол кездегі әкенің қуанышын тілмен жеткізу мүмкін емес, өйткені бір тәуліктен аса жоғалған баланың көпшілігі сүйегін іздеп жүргені өтірік емес еді. Жоғалған бала табылды. Өз-өздеріне келіп мәз-мейрам отырғанда, кенет есіне бірдеңе түсе қалып, жан- жағына ары-бері қараған Ермек:
– Мототикл қайда?- деді. Немересінің бұл сұрағына атасының:
– Өйй, мотоцикліңнің әкесінің аузы… деген жауабы басқаларды күлкіге қарқ қылды. Атасы ақырын ғана:
– Не көрдің?- деп қойған сұрағына немересі:
– Күшікпен ойнадым- деп жауап берді.
Күшік дегені шындығында қасқыр ғой деп көпшілік арасынан дауыстар шыға бастады, өйткені сол төбеге жақын келесі төбенің етегінде қасқырдың апаны бар еді. Араларынан көкбөрінің тектілігі, жыртқыш болса да аналық мейірімі бар, балаға тимегендігінде деген дауыстар шығып, бас шайқап, таң қалысып жатты. Алланың мейірімімен аман-есен табылған баланың қалтасындағы қасиетті нанның титтей де болса септігі бар десті көпшілік.
Содан ауылға сүйінші де жетіп, мәре-сәре болды. Баланы ең алдымен ауылдағы медициналық бекетке жеткізіп, денсаулығын тексеріп болғасын, Жайлаукөл ауылының ауруханасына жөнелтілді. Жайлаукөл атақты сазгер Илья Жаханов ағамыздың «Жайлаукөл кештері»- әніне арқау болған Шу бойындағы ауыл. Ыстық күнде шылқылдаған сулы дәкемен орағаннан болуы керек, өкпесі қабынғаны анықталды. Артынан егіліп жылап Марал да жетті. Келген бойда:
– Құлыным, келе ғой – деп құшақтап, бауырына баспақ болған баласы өкпелі кейпінен айнымай:
– Кет, мені тастап кеттің!- деп көпшіліктің көзінше теуіп қалды да, теріс бұрылып қарамай қойды. Өз баласынан бұндай қылық, бұндай сөз естимін деп күтпеген Маралдың жүрегі қарс айрылып, сілейіп тұрып қалды. Кешікпей екі бірдей немересін айырылған Ажар апа да келді. Ермекті құшақтап:
– Бұл маңда жалғыз менің немерелерім ғана емес, әйгілі қобызшы, күйші Ыхылас Дүкенұлының баласын Шу өзені бойында, бесіктен қасқыр алып кеткен, – деді еңіреп жылап.
Құлындарын жоқтап жылаған Ажар апаның ащы дауысынан, жиналған көпшілік көздеріне еріксіз жас алды. Арада он күндей уақыт өтті. Ермектің де денсаулығы жақсарып, ауруханадан нағашыларының үйіне шықты. Құдайға шүкір айтысып, үлкен құран беріліп, ауыл тұрғындары бас қосты. Әңгіме арасында Ермекке ауыл тұрғындары «Маугли бала» деп лақап ат та қойып үлгерді. Бір ауылды дүрліктіріп, түгелдей сабылтып іздеуіне себепкер болған Маугли, көпшіліктің не үшін жиналғанымен жұмысы да жоқ еді, есік алдында ойнап жүрген немересін нағашы атасы көтеріп тұрып:
– Сен өліп-тірілген баласың, сен жүз жасайсың -деп маңдайынан сүйді. Өз кезегінде Қайыржан:
– Әуелі Алла, одан кейін бүкіл ауыл тұрғындарына және дер кезінде тұрғындардан іздеуші жасақ ұйымдастырып, көмек беруге атсалысқан совхоз директоры Жомарт ағаға алғысым шексіз, -деді ішкі толқынысын жасыра алмай.
Көңілді ауыл тұрғындарының абыр-дабыр өткендерін айтып қуанып, күлген күлкілері ауыл шетіне жетіп жатты. Бұл қуаныш күлкісі еді.