Күллі қазаққа аты мәлім Ықылас күйшінің бірінші әйелі Күнікей Қуантай есімді құдықшының қызы болған. Күйші құдықшының үйіне барып жүргенде бойжеткенге көзі түседі де, әкесінің рұқсатымен сол қызбен шаңырақ көтереді. Күнікей жайдары мінезді, кең пейілді, өте жақсы адам екен. Көзкөргендердің айтуынша, күйші осы бәйбішесін ерекше құрметтеп, «Күн астындағы Күнікейім» деп еркелетіп жүретін болған. Әттеген-айы сол, Күнікей бәйбіше жабысқан дерттің салдарынан ерте қайтыс болған. Ықыластың осы әйелінен Түсіпбек, Мақұлбай есімді екі ұл мен Айша атты қыз қалады.
Түсіпбек
Ықыластың үлкен баласы Түсіпбек те әкесі секілді дәулескер қобызшы болған. Ән айтқанда да даусы керемет, өнерлі жігіт болып өседі. Әйтсе де, өнер жолын ұстана қоймаған секілді.
Түсіпбек – етінің тірілігінің, пысықтығы мен еңбекқорлығының арқасында орасан дәулетке ие болған жан. Қорасындағы қойының саны жиырма мыңнан асып жығылатын болған. Түсіпбек керуен тартып, қой жүнін Ақмола-Қараөткелге апарып сатумен айналысқан. Есепке өте жүйрік, саудаға епті болғанын көзін көргендер жыр қылып айтады екен. Жүннің бір қадағын бір жарым тиыннан береді екен. «Неге екі тиыннан сатпайсың?» дегендерге: «Бір жарым тиын болса, арзан деп барлығы алып кетеді. Екі тиын болса халық қымбатсынып алмайды да, жүн өтпей қалады. Арзан бағамен сатсам да саудамды тоқтатпаймын. Әрі пайда көремін. Жарты тиыннан есептегенде төрт жылқының құны шығады» дейді екен.
Кеңес өкіметі орнап, бай атаулыны кәмпескелеп жатқанда Түсіпбек те байлардың тізіміне ілігіп кетеді. Түсіпбекті бәлшебектер бәйбішесі Шәмшия мен екі баласымен қосып Орал облысының Бозтөбе деген жеріне жер аударып жіберген. Қобызшы Ықылас – күллі қазаққа танымал адам, оның ұрпағының қуғынға түсуі исі қазақтың қабырғасын қайыстырғаны сөзсіз. «Күйшінің ұлы айдалып келіпті» деген хабарды ести сала Орал өңірінің беделді кісілері жиылып келіп, жұбату айтып, орталарына алады. Қорасы бос болмасын деп алдына мал салып береді. Түсіпбек ағайынның қамқор пейілінің арқасында аздап ес жинап, еңсесін көтеріп қалады. Өкінішке қарай, бұл қуанышы көпке созылмаған. Шолақбелсенділер айдауда жүрген Түсіпбекті тағы да қыспаққа алады. Елдің жинап берген малын қайта тартып алып, үй-ішіне тінту жүргізіп, берекесін алады. Түсіпбектің бәйбішесі ақылды, тапқыр жан екен, «тексерушілер келе жатыр» деген хабарды ести салысымен жинап жүрген бір бума ақшасын суып тұрған самауырдың оттығына тығып жіберіпті. Шолақбелсенділер үйдің астаң-кестеңін шығарғанымен, түк таппайды. Самауырдың оттығын қарау ойларына да келмейді.
Сонда да шолақбелсенділер Арқаның тоғыз ірі байының қатарына қосып, Түсіпбекті соттатып тынады. Сол кеткеннен Түсіпбек қайта оралмайды. Түсіпбектің қазасын естіген бәйбішесі Шәмшия екі баласы Шырын мен Арыстанды алып, елге оралады. Жарықтық «Түсекең қайтыс болған соң жасырған ақшамыз елге қайтуымызға жетті» деп отырады екен. Елге келгеннен кейін де жағдайлары жақсарып кете қоймайды. Ел ішін нәубет жайлаған жылдары ұлы Арыстанды интернатқа өткізген. Кейін жағдайын дұрыстаған соң баласын шарқ ұрып қанша іздегенімен, таба алмай өткен.
Тәжейдің де талқысы оңай болмаған…
Ықыластың інісі Жанастан туылған Тәжей бай алғашқы кәмпескеден әупірімдеп аман қалған екен. Әйтсе де, ел ішінде сыпсың сөз пайда болып, ақыры көре алмаған біреулердің көрсетуімен оның да басына қара бұлт үйіріледі. Іштарлық меңдеген әлдекімдер «Тәжей – кәмпеске болған Түсіпбектің інісі. Ықыластың інісі Жанастың баласы. Бұл да бай, малын жасырып отыр» деп үстінен арыз жазып жібереді. Шолақбелсенділер Тәжейді Мұңлы тауының түбінде тұтқынға алып, сотын Қарағандыда өткізіп, он жылға Сібірге – Иркутскіге айдап жіберген.
Қашқындық өмір
Тәжей бай Үркітте жазасын өтеп жүргенде қасындағы орыс қашуға үгіттейді. «Мына жерде жүре берсек, бір күні өлеміз» дейді өздері Иван деп атайтын орыс. Сөйтіп, екі ойлы болып жүргенде оларды вагондарға қарағай тиеуге апарады. Сол жерде татар, орыс, қазақ үшеуі «азар болса, астында қалып өлерміз, болмаса, құтылармыз» деген тәуекелмен вагонның астына үш адам сиятындай қуыс қалдырып кетеді. Пойыз жүреді-ау деген мезгілде үшеуі сол вагонға кіріп, жасырынып қалады. Олардың қашқындық өмірі Қазақстанды жағалап келіп, Қырғызстанға өтіп кеткенше жалғасады. Тәжейдің жасырып жинап жүрген ақшасы үшеуіне әупіріммен жетеді. Қырғызстанға келген соң Тәжей атамыз екі досынан бөлініп Қытайға жол тартады.
Елге келу
Тәжей бай Қытайдағы қазақтардың арасына сіңіп алады. Бірде қытайлық қазақтардың Кеңес еліне мал сатуға баратынын біледі де, соларға ілесіп Қырғызстанға келеді. Осында жеткен соң «қашанғы қашып жүрмекпін?» деп Қазақстанға өтіп, өз еркімен НКВД-ға беріледі. Қайда айдалғанын, қайда жүргенін, қашан қашқанын, не тірлікпен айналысқанын түгел мойындайды. Бұл кезең шамамен, отыз жетінші жылдар болса керек. НКВД-ның адамдары «өз еркіңмен келіп берілгенің үшін сені енді еш жерге айдамаймыз. Бірақ, «ерекше режиммен» жүресің, қадағалауда боласың» дейді. НКВД оның барлық тірлігін бақылап, бір-екі ай қатты қадағалауға алады. Атамыз ешқайда қашпай жүрген соң оны шақырып алып: «Біз саған қой бақтырамыз, біреуі өлсе, басыңмен жауап бересің» деп пойызға салып, ерекше күзетпен Карлагқа әкеледі. Бұл жерде екі-үш әйел, бір еркек айдалада қой бағады екен. Тәжейді солардың ортасына әкеліп қосады. Бұлар өздеріне балшықтан лашық соғып алады. Маңайында Ақтау деген елді мекен бар екен, картоп егетін көрінеді. Тұтқындардың негізгі азығы сол болған. Малды союға болмайды, ет жеуге рұқсат жоқ. Отыз сегізінші жылдың соңына таяғанда, өзін жақсы ұстады деп атамызды босатады. Ықылас күйшінің інісі осылайша кеңестік жүйенің бүкіл азабын көріп, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Қазақстанды шарлап, әбден қорлық көріп, ақыры он жылдан аса уақыт өткен соң Отанына оралады.