Жамбыл Уәлиев

Жамбыл Уәлиев 1941 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы «Маятас» ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Ленин атындағы (қазіргі Әйтеке би) атындағы мектептен орта білім алып, еңбек жолын шопандықпен бастады.1965 жылы Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. Ғалым-зоотехник. Бұрынғы «Калинин» атындағы совхозда зоотехник, 1972-87 жылдары аудан аралық мал дайындау мекемелерінде зоотехник-товаровед, 1987-1997 жылдары аталған совхозда зоотехник, директордың кәсіпкерлік жөніндегі орынбасары, аудандық мал дайындау мекемесінің бастығы қызметтерін атқарды. 1997 жылдан зейнеткерлік жасына дейін «Маятас» өндірістік кооперативінде еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жылдары Маятас ауылында мешіт имамы міндетін атқарды.

Кейде ауылға бара қалғанда, ауыл адамдарымен бас қоса қалсақ, әңгімеміз ағайдан басталатын да әзіліміз жарасып жүре беретін. Өмірінің соңына дейін «Маятас» ауылының тұрғыны, үлкенге іні, кішіге аға, ауылдың силы да ақыл сұрар қәдірлі азаматы бола білді. Ауылдың үлкені де кішісі де: «деуші еді, ағай айтқандай» деп басталатын мысалдары мен әңгімелері ел арасына тарап кетті. Әр кезеңнің өз Қожанасыры болатын сияқты Жамбыл да XXI ғасырдың Қожанасыры сияқты еді.

Алтын бесік атанған ауылдарымыз ойынның отын көсеп, қылықты қалжыңның қалтасын қаққан әзілқой азаматтардан кенде емес, сондай отауызды, орақ тілді, отырған жері ойын, жүрген жері күлкі болғанның бірі маятастық Уәлиев Жамбыл ағамыз еді. Көзіміз көрген бұл ағамыз да кісімен тіл табыса кету қабілеті мен өткенді ұмытпау, есте сақтау секілді қасиеттер басым болатын. Әзіл-қалжыңдары кісінің көңіліне қаяу салмайтындай, жеңіл ғана болушы еді. Бүгінде ауылдастары көзден кетсе де көңілден кетпейтін жайсаң жанды сағынышпен еске алып қояды. Еріксіз езу тартқызатын әдемі әзіл, қылықты қалжыңдарын жандары жадырап әңгіме етіседі. Күлдіре білу де өнер. Күлкі көңіл ашады. Олай болса орайы келгенде Жамбыл ағамыздың соңында айта жүретіндей боп қалған әңгімелерін ақ қағаз бетіне түсіріп, оқырман назарына ұсынған да бір ғанибет болар.

Сенбесеңдер, мына Оңғарбектен сұраңдар

Жамбыл ағамыз ауылдағы бас қосу, отырыстардың сәні бола қоймайтын. Өйткені ағамыз өткен-кеткеннен әңгіме қозғай отырып, тыңдаған көпшілікті күлкіге қарық етеді екен. Әңгіме қызықты, тартымды болсын деген оймен астарлап қосып та жіберетіні болатын. Мұндай жағдайда әлдекім таңырқап, күдік келтіретін болса ауылдағы інісі Оңғарбекті куәлікке тартып: «Сенбесеңдер, мына Оңғарбектен сұраңдар» дейді екен. Оңғарбекте оңай шағылатын жаңғақтай жігіт емес. Сөзге ұста, тілінің бізі, бір қақпайы бар, қулығына құрақ бойламайтынның нақ өзі. Жамбыл ағасын жақсы көріп сыйлағандықтан көңілін қимай, жанында болмаса да куәлікке жүріп:
– Ие, менде бар-тұғым, – дей салады екен. Ауылдағы кезекті көңілді отырыстың бірінде Жамбыл ағамыз қисынсыздау бір әңгімені бастап жібереді де жан-жағына қарап әдеттегідей:
– Сенбесеңдер, мына Оңғарбектен сұраңдар, – дейді. Бұл жолы Оңғарбек інісі тосын мінез танытады.
– Жәке, айып етпеңіз. Ол жолы мен ауылда болмаған едім, – дейді. Жамбыл ағамыз сәл-пәл ыңғайсызданып қалса да оңайлық пен есесін жібергісі келмейді.
– «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» деген осы. Онда жанымда Нұржан мен Манаштың бірі болған. Солардан сұраңдар, – деген екен.

Арыстан мен Дәулетше бастаған…

Аттөбеліндей Маятас ауылында үш жүздің өкілі тұрады. Жамбыл ағамыздың аталары сонау өткен ғасырдың басындағы нәубетті, ашаршылық жылдары Арқадан қоныс аударып, осы ауылдың байырғы тұрғындарымен біте қайнасып сіңісіп кеткен.
Бір жылдары ауыл үлкендері болып Жамбыл ағамыздың ағайындары Арыстан мен Дәулетше қалса керек. Ауыл адамдары арасында қалыптасқан жақсы дәстүрдің бірі «Сен кімсің?», «Қай атасың?» десіп қырық руға бөлініп жатпайды. Ауылдың жасы үлкен қартын сыйлау ортақ борыш әрі мерейлі міндет.
Бір жылы Жаңатас қаласының қадірменді қариясы дүниеден өтіп, жаназаға Маятас ауылының адамдары да шақырылады. Мұсылман шариғатының салт-дәстүрі бойынша тәберік деп үш жүздің үлкендеріне жол жасалады. Жоралғы таратушы дауысын көтере сөйлеп:
– Ұлы жүзден кім бар? – дейді. Жөппелдемеде ортаға белсеніп ешкім шыға қоймайды. Сонда Жамбыл ағамыз тұрып:
– Арыстан мен Дәулетше бастап Маятас аулынан келген ұлы жүздер мұнда тұрмыз, – деген екен.

Дүмбілдің дәмі

Маятас ауылының тұрғындары ата-бабалары сияқты шетінен дихан еңбекқор жандар. «Арам шөп жер ананың өз баласы, ал еккеніміз өгей баласы» деген мақал да осы ауылдан шыққан. Жамбыл ағамыз ата-бабасы егін егуді кәсіп етпесе де, өз басы осы ауыл адамдарының диханшылық, кәсіптік тәжірибелерін зерттеп, шебер пайдалана білген кісі. Еңбек етіп тер төккенге жер ана да жомарттық танытып, ырыс-нәсібесін молынан береді емес пе!? Мамандығы эоотехник болғанымен қай дақылды ексе де өнімі көңілден шығып жатады.
Бір жылдары ағамыздың жүгерісі бітік шығады. Жинап алу үшін қаражат керек болып, жеңгеміз Тишымға:
– Дүмбіл пісіріп, Жаңатастың базарына шығар, – деп тапсырма береді.
Жеңгеміз бір күн барады, екі және үш барады. Өткізе алмайды. Үшінші күні діттеген шаруасы бітпей, жігері құм болып келген Тишым жеңгеміз:
– Саудагер болу менің қолым емес екен. Ешкім маңайыма жоламайды. Енді базарға бармаймын, – дейді қапаланып. Келесі күні ағамыз базарға өзі барады да:
– Өткенде қай қатарда тұрып едің? – дейді. Жеңгей:
– Мына қатарда, – дейді.
– Онда басқа қатардан бастаймыз, – деген Жамбыл ағамыз бір дүмбілді қолына алады. Өзі жеңгейден әрірек, ұзап барып тоқтайды да қолындығы дүмбілді құмарта жей бастайды. Қария кісінің жүгеріні базардың қақ ортасында сүйсіне жегенін байқағандар жанына аялдап қызығушылық танытады.
– Көке, жеп тұрған жүгеріңіздің дәмі қалай екен? – деп сұрайды.
– Бала кезімде кезімде жеген осындай дәмді дүмбіл есіме түсіп, риза болып тұрмын. Сорты да, пісірілуі де жақсы екен? – дейді.
– Бізде ауыз тиейік. Кімнен алдыңыз?
– Қай ауылдан келгенін сұрамаппын. Анау әйелден, – деп Тишым жеңгемізді нұсқайды.
Тапқырлық деген осы. Сол күннен бастап дүмбіл сатқан жеңгеміздің қолы қатты жүріп кеткен көрінеді.

Оралман ағайындар ғой

Ертеректе Жамбыл ағайымыздың рулас біраз ағайындары Маятас ауылынан көшіп кәсіби мамандықтарына орай сол кездегі аудан орталығы Байқадамға отбасымен қоныс аударады. Осы ағайындарынан Келіс, Дүкенбай секілді ағалары тоқсаныншы жылдары зейнет демалысына шығып қол қусырып, қарап отыра алмай Маятастан суармалы жер алып, егін егуге кіріседі. Ауылдың танымал жастары Жамбыл ағамыздан:
– Бұрын ауылдан көрмеген адамдарымыз. Өздерінің жүрістері тым еркін. Бұл кісілер кімдер? – деп жөн сұрайды. Сонда Жамбыл ағамыз ойланбастан:
– Бұл кісілер оралман ағайындар ғой, – деген екен.

Біз үшін сіз – Шер ағасыз!

Бір жылдары жазушы Шерхан Мұртаза парламентке депутат болар алдындағы сайлау алды науқанына байланысты ел аралап жүрсе керек. Жиыннан кейін Шерхан ағаға арнап сол ауылда түстік дәм беріледі. Ауыл адамдары төредей күтіп жатады. Жамбыл ағамыз жиынға үлгере алмай, Шерхан күтіліп жатқан үйге келіп, сәлем беріп, аман-саулық сұрасады. Сөз кезегі келгенде Шерхан ағасының қаламгерлігіне, ел арасындағы еңбегіне тоқтала келіп:
 – Сіздің мақсатыңыз еліңіздің амандығы, жұртыңыздың тыныштығы. Сіз елімізде ғана емес шет елге де танымал тұлғасыз. Бұл сайлауда парламент депутаттығына сайланарсыз, сайланбассыз мәселе онда емес. Ал, сіз біз үшін әрқашан да Шер аға болып келдіңіз, кейін де Шер аға болып қала бересіз, – депті. Сонда Шераға рахаттанып күліп алып:
– Өй мынауың жүрек жұтқанның өзі ғой, – деген екен.

Бір тонна болып қалар…

Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов үйінің жанынан өтіп бара жатқан Жамбылды көріп қалып:
– Әй, Жамбыл тоқта. Өзің қандай адамсың?! Үй жанынан әрі өтесің, бері өтесің. Үйге кіріп ағаңа сәлем берсең болмай ма?! Жүр үйге, Күләнда жеңгеңнің қолынан шәй ішіп кет, – деп қолқа салады.
Ауданға танымал тұлғаның өтінішін қабылдамау мүмкін емес. Жамбыл ағамыз үйге кіріп, шәй ішеді. Ел-жұртына сыйлы кісінің шаңырағында қызықты әңгіме-дүкен құрады. Ол кезде Жамбыл ағамыз аудандық дайындау мекемесінің бастығы. Етке мал қабылдайды екен. Қонағын шығарып саларда Қырекең байлауда тұрған сиырын көрсетіп:
– Осы сиырды саған өткізсем қанша килограм болады, – дейді. Сонда Жамбыл ағамыз мүдірместен:
– Қыреке, бұл сиырыңыздың пародасы да, байлауы да бөлек екен. Бір тонна болып қалар, – дейді. Інісінің тапқыр сөйлегеніне қатты риза болған Қырекең:
– Өзім де осылай дейтініңді сезіп едім, – деп күліп жіберіпті.

Ол кісі қайтыс болған

Сонау бір жылдары Жамбыл ағамыз аудандық мал қабылдау мекемесінде жұмыс істеп жүріп, МАИ қызметкеріне ұсталып қалса керек. Жалынып-жалбарынып: «Бір жол түскенде дәу қой әкеп тастармын» деп уәде беріп, әзер құтылады.
Келесі жолы тағы да сол МАИ қызметкері тоқтатады. Есімін, түр-түсін де ұмытпаған сыңайлы.
– Аға, тағы да ұсталдыңыз-ау. Өткен жылғы уәдеңіз де тұрмадыңыз ғой, – дейді. Сонда Жамбыл ағамыз еш саспастан:
– Шырағым, сен мені бірінші рет ұстап тұрсың. Ол өзі кім еді? – деп мойындамай қояды.
– Жамбыл деген кісі еді, – дейді инспектор.
– Е, жаны жаннатта болсын. Ол кісі біздің ағай еді. Өткен жылы қайтыс болған, – дейді. Ыңғайсызданып қалған МАИ қызметкері:
 – Кешіріңіз аға. Арты қайырлы болсын, жолдарыңыз болсын – деп алақан жайып, бетін сипаған көрінеді.

Аға! Елге қайтпайсыз ба?

Сарысу ауданына жаңадан келген аудан әкімі шаруа қожалықтарын аралап жүріп Жамбыл ағайдың еккен жүгері алқабын аралап:
– Жүгеріңіздің тұқымы жақсы екен, өнімі де жақсы. Бұл тұқымды қайдан алдыңыз; – десе керек. Ағай аз ойланып тұрып:
– Асадағы Сандыбаев ағайдың үйіндегі татар жеңгем: «Жамбыл-ау, мына тұқымның осы үйде жатқанына біраз болды» деп беріп еді, ектім, шығымы жақсы болды, – дейді. Сонда әкім таңырқаған пішінмен:
– Аға-ау бұл жақта қайдан жүрсіз, елге қайтпайсыз ба? – депті.
– Еее, шырағым-ай ертеде осы жаққа келіп, осы елдің бір қызына үйленіп, бала-шағалы болып қалып қойдық емес пе, – десе керек.
– Балалар қандай жұмыстармен шұғылданып жүр.
– Бұйырған жұмыстар мен айналысып жатыр ғой, біреуі өзіңнің қарамағыңда, – депті. Әкім өзінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарына:
– Ертең ол жігітті менің алдыма әкел, – дейді. Былай шыққан соң шыдай алмаған орынбасары:
– Жаңағы кісі өтірік айтты, мына Қанат пен Мейрамбектің жақын ағасы, – десе керек. Сонда әкім:
– Қалай десеңде, ол кісі маған өз қолқасын жеткізді, – деген екен.

Нағашым еді дей саларсың

Жамбыл ағайдың бір қызы басқа ауданның бір жігітіне тұрмысқа шығып, өз мамандығына сәйкес жұмыс таба алмай жүрсе керек. Жаңа әкім Сарысудан келді деген соң, қызы әкесі Жамбылға жұмыс таба алмай жүргенін айтып қоңырау шалады. Қызының көңілін жыға алмай Жамбыл ағай сол ауданға келеді. Ойы «бауыры» аудан әкіміне жолығу. Аудан әкімі ағайды көрісімен күліп жіберіп:
– Қандай шаруамен жүрсіз, – деп жылы шыраймен қабылдайды. Ағай алдымен өткендегі кездесудегі «танысу» әрекетіне кешірім сұрап, жаңа жұмысына баянды болсын айтып алады да:
– Менің бір қызым осында тұрмыс құрғанына біраз жылдар болды, жұмысқа орналасуға көмек беріңіз, – деп өтініш білдіреді.
– Мен сіздің өткендегі әңгімеңізге өте ризамын, ал енді өтінішіңізді орындап берейін, – деп аудандық оқу бөлімі бастығымен байланысқа шығады.
Әкім телефонмен сөйлесіп жатқан кезде, қалтасына салып барған қаражатын қалай берерін білмей дал болып отырады да, әкімнің «шаруаңыз орындалатын болды» деген сөзін естіп, рахметін айтып шығып кетеді. Қаражат қалтада қала береді. Арада бір айдай уақыт өтеді, уәделі жұмыстан хабар бола қоймайды. «Сол жолы қалтамдағы қаражатты беріп кеткенде…» – деп ағай да өкініп жүрсе керек.
Күндердің күні қызының үйіне бір кісі келіп: «Әкімнің тапсырмасын уақытында орындай алмай қалыппын, ертеңнен бастап жұмысқа кірісе бер, өзі кімің еді» дейді. Ағайдың қызы әкесінің кімің деп сұраса «нағашым» дей саларсың дегенін есіне алып:
– Нағашым еді, – деп жауап береді.
– Айналайын! Сол нағашыңа, жұмысқа уақында тұрдым дерсің, – деп жүріп кетіпті.

Алматыда оқығам

Біздің ағайдың еске сақтау қабілеті жоғары еді. Діни мектеп көрмесе де, Құран сүрелерін қанша ұзақ болса да жатқа айта беретін. Көбінесе ауыл имамының қасында жүріп мешітте бірге болатын. Сол, «Маятас» ауылының имамы Қайратбек ағай қайтыс болар алында ағайынын жинап алып: «Олай-бұлай болсам менің жаназамды Жамбыл шығарады» деген екен. Ағай өмірінің соңына дейін осы ауылда имамның міндетін атқарып жүрді.
Бір жылы Тараз қаласының түбінде, «Шайқорық» ауылында Телеу руының Мақмеджан деген құдасы қайтыс болып, жерлеп келгеннен кейін құран оқылады. Жамбыл ағай:
– Ұрықсат болса, жақсы көретін құдам еді, мен бір құран бағыштасам болар ма екен, – деп сұранды да құранды бастап кетті. «Ясинді» толық оқып шығып, «Бахараға» ауысты, ұзаққа созылды, отырғандардың алды тықырши бастады, қол жайылып, дұға жасалып ел орнынан тұрып сыртқа шыға бастадық, біз есікке тақау отыр едік алдымен шықтық. Бір қарағанымда төрде отырған имамның бірі ентелей басып, бізге жақындап қалған екен:
– Аға, сәл бөгеліңізші, сіз қайда оқып едіңіз, – деген дауыс естілді. Ағай сәл бөгеліп:
– Алматыда оқыған едім, – деп жүріп кетті. Ағайдың не ойлап келе жатқанын өзі біледі. Ал мен, ағайдың Алматыда зооветеринарлық институтты ғана бітіргенін білсем де Құран сүрелерін қалай тез жаттап алған деп, қайран қалып келемін.

Осы сен не істеп жүрсің…

Бірде Маятас аулындағы мал фермасының меңгерушісі Арыстан ағаның баласы Есдәулет пен Жамбыл ағай мал қыстауынан автокөліктің бортына мініп келе жатса керек. Күн суық, көлік үстінде алдан соққан желдің ызғары көкіректен өтіп өкпені қысады. Ашулы, суықтан қалтыраған ағай:
– Ай, Есдаулет, осы сен не істеп жүрсің, – деп сұрайды.
– Аға, жұмыс істеп жүрміз ғой, – десе керек.
– Жо-о-оқ, сен түк бітіріп жүрген жоқсың, тірлік қылып, өз бетіңмен өмір сүрсең бүйтіп қалтырамайсың, – деген екен. «Осы сөз оқ болып тиді» деп еске алады Есдәулет. Қазір ол ұлкен бизнес саласында еңбек етеді.

Әй, жігіттер, Жамбыл қайда!?

Ағай бұл дүниеден қайтарында қатты науқастанып, төсек тартып қалған болатын. Жеңгеміз Тишым екеуміз ағайдың асты-үстін жайғастырып жатқан кез еді. Кенет: «Қайран Жамбылым-ай» деген дыбысқа жалт қарасам, ағайдың бірге оқып, бірге өскен құрдасы Мизанбай ағай екен:
– Серік-ау, бұл қалай болғаны, мен қәзір естідім, Жаңа ағайындармен бір үйде отыр едік, әнгімеміз қыза қоймаған соң Жамбылды есіме алып: «Әй, жігіттер, Жамбыл ауылда жоқ па еді» деген едім, сонда ғана білдім, – деп қатты қапаланып, көзіне жас алды. Ағайдың жағдайын ести сала келген беті екен.

Жинақтаған
Серік Уәлиев.
Маятас ауылы,
Сарысу ауданы.

Алдыңғы жазбаЫқылас күйшінің қуғынға түскен ұрпақтары
Келесі жазбаСАРЫБАС МЕРГЕН