Бұл күнде аты ұмыт болған, құралайды көзге атқан Таманың Жөгі атасынан тараған Шақа Жарылғасұлы Сарыбас деген мерген болған. Сарыбас мергеннің өмір сүрген уағын зерделеп қарасаңыз, XVIII ғасырдың орта шені – ХІХ ғасырдың бастапқы кезі болса керек-ті. Сарыбастың атымен аталған жерлер ертеректе көп болғанға ұқсайды. Себебі, ауыз екі әңгімелерде Шу өзені ортасында Сарыбастың атымен аталатын арал болған дейтін, Сарыбас сексеуілі дейтін жерлер айтылады екен. Кейінгі уақытқа дейін Бетпақ далада Сымтастың сайы аталатын өзек бар, осы өзектің бойында Сарыбас жырасы деп аталатын жер бар көрінеді.
Бір қызығы, Сүлеймен Тәбірізұлы өз кітабында «Мойынқұмның Құмкент шаһарына тұспа-тұс жатқан жиегінде Сарыбас, Батырбай, Қобыланды, Байқошқар деген тарихи жерлердің атаулары бар. халық арасында бұл жерлерге байланысты түрлі деректер айтылады.
Сарыбас жайлы әртүрлі аңыз деректері айтылады. Соның бірінде, Сарыбас мерген баба Түкті Шашты Әзізбен қатар өмір сүріп, Жылыбұлаққа қаз болып ұшып келген перінің қыздарын Шашты Әзіз көргенде қасында болған екен деседі. Енді бір деректе Арқада өмір сүрген Жөгі Тамадан шыққан мерген екен деседі» деп жазатыны бар.
Сарыбас мерген туралы аңыз-әпсана ел арасында көп сақталған. Бала кезімде сүйсініп тыңдайтын әңгімемнің бірі еді. Бұл кісіден ұлдан ұрпақ жоқ, жалғыз қызы болған деседі. Ол кісінің артында қалған әңгімелерінің біздің қолымызға түскен бірсыпыра нұсқасын осы кітапқа енгізуді жөн көрдім. Олар да Сіздердің назарларыңызда.

* * *

Шоламанов Тұрған Жәпелұлы, Сәрсенбекұлы Болат айтатын әңгіме:
Сарыбас мерген күздің қара суығында Жалдың (Мойынқұм шоқатты құмдары) арғы бетіне аң ата барады. Астында түйесі, қолында мылтығы бар. Ымырт үйіріліп келе жатқан шақ. Әлі де болса күннің жарығы бар уақыт. Бір төбенің басына түйесін шөгеріп, отын жағып, кешкі астың қамын дайындап жатады. Жер дүрілдегендей дыбысты естіп, бұл не болды екен деп төбенің үстіне шығып қараса, аң біткеннің бәрі бет-бетімен қашып барады. Жалды бетке алып, қарақұйрық та қашып барады, түлкі де қашып барады. Қыбырлаған не жәндік бар, түгел жөңкіліп барады. Мысықтың пырылына ұқсас бір дауысты бірдеңе келе жатыр. Пыр-пыр, сыр-сыр дегендей бір бөлек дыбыс. Күннің астынан өтіп бара жатыр. Қараса, сап-сары бірдеңе. Жуан денелі аң. Аң мылтық оғы жететін, жүз елу-екі жүз адымдай жерде. Мерген емес пе? Дереу мылтығын оқтап жіберіп, көздемей атып жібереді. Мылтықтың тиген, тимегенін мергендер өздері біледі ғой. Оқ ауаға атылса дүңк ете қалады да, бір затқа тигенде күңк етеді, далаға кетсе зыңылдап кетеді. Айтқандай, күңк еткен дыбыс естіледі. Аң бір-екі жұлқынып барып, қыбырсыз қалады. Болса да анаған баруға ерінеді. «Не болса, ол болсын» деп тамағын ішіп жатып қалады.
Таңертең барып көрсе, жуандығы түйеден де жуан, бірақ биіктігі ондай емес аласалау, жылқының жобасындай былқылдаған бірдеңе. Түгінің бәрі сап-сары болып тікірейген. Біршама қызықтағаннан соң, біссімілла деп терісін сыпыра бастайды. Үстіңгі бетін алады, астыңғы бетін аудара алмайды. Күші жетпегеннен соң, не қылсын:
– Осы жетер, – дейді де аңын аулап ауылына қайтады.
Үйіне келген соң, теріні жақсылап илейді. Сөйтіп, көктем шыға Ташкенттің базарына апарады.
– Мына теріні алатының бар ма, – деп жар салады.
Әркім-әркім қызықтағанмен ненің терісі екенін, бағасын кесіп айта алмайды. Сол кезде бір өзбек жүгіріп келіп:
– Әй, ака, бері келің, бері келің, – деп былай қарай шақырады.
Мерген жақындап бара бергенде:
– Мынаның жартысы қайда, – деп жабыса кетеді.
Сарыбас мерген болған жайтты баяндап, мақұлықты аудара алмай Жалдың ішінде қалғанын айтады. Сонда өзбек:
– Мына жарты теріңе жиырма жеті жылқы беремін. Ұзатпай қалған жартысын әкел. Оған да жиырма жеті беремін, – дейді.
Сарыбас мерген бұл бағаға таңырқап:
– Оу, бұл соншама қымбат болатындай не нәрсе, – дейді ғой.
– Бұл, – дейді өзбек, – зарып деген аңның терісі. Бұл теріден тігілген бас киімді патшалардың патшасы киеді.
Арада жарты жыл уақыт өткен ғой. Не қалды дейсің деп, мейлі нем кетеді деп, бұрынғы зарыпты атқан орынға барса, күн жылына еті ағып кетіп, терісі бүлінбеген қалпында жатыр екен. Тура бір әдейілеп илеп қойғандай бабында екен дейді. Құдайдың бұйыртқан нәпақасы шығар, оны да өзбекке әкеліп беріп, тиесілі жиырма жеті жылқысын алыпты.

* * *

Үзікенұлы Көшен ағамыз айтатын әңгіме:
– Менің үлкен апам, Бүркітбайқызы Рабиға апамды ел «Кәрі апа» деп атайтын еді. Ол кісі Акөбек-Алшын Қонақбайұлы Дөкей деген кісіге тұрмысқа шыққан еді. Алшындар көбінесе Шудың бойын жайлағандықтан, ол өңірде Сарыбас мерген туралы әңгімелер көп айтылатын көрінеді. Рабиға апамның айтқан әңгімесі еді мына төмендегі.
Сарыбас мерген бірде аң аулап жүреді. Түннің бір уағы екен. Дамылдап жатқанында айналасы сатыр-сұтырға толып кетеді. Басын көтеріп қараса, тобымен киік кетіп барады. Қасқыр да кетіп барады бір-біріне қарамай. Құлан да кетіп барады. «Бұл не болғаны? Қасқырдың киік пен құланға қарамай қашқаны несі? Бұл не сұмдық болды» деп Сарыбас аналар қашқан тұсқа қарап жатады. Бір уақытта шақылдап бірдеңе келе жатады. Дауысы шақ-шақ етіп, үрейлі естіледі. Айдың жарығымен шақылдап келе жатқанды атып түсіреді.
Таңертең барып қараса, ұшып жүретін нәрселерге ұқсас қанаты бар, шамалы ғана бір мақұлық. Енді не қыламын деп алай қарайды, былай қарайды. Ала қоятын ештеңе жоқ. Тек қана жон арқасында алақанның үлкендігіндей терісі бар екен. «Мейлі» деп сол терісін сыпырып алады.
Бір күні оқ-дәрісі таусылуға шақ қалып, «Қараөткел» базарына барады. Базарды аралап жүрсе, бір саудагер Сарыбастың соңынан қалмай:
– Сенде бір нәрсе бар, – деп қоймайды.
– Ай, менде ештеңе жоқ, – десе, саудагер қоймай:
– Жоқ. Бар сенде бір нәрсе, – деп артынан қалмайды.
Сол кезде Сарыбастың есіне өткендегі шақылдақтың терісі түсе кетеді. Осы пәленің іздегені осы емес пе екен деген ойға келеді. Қоржынынан суырып алып:
– Әй, менде мынадан басқа ештеңе де жоқ, – депті.
Сонда саудагер:
– Ойбай, осыныңды маған бер. Мен саған атың көтеретіндей оқ-дәрі берейін, – деп жабыса кетіпті.
Сарыбас саудагерден атына артқанынша оқ-дәріден артып алады. Сонда жаңағы мақұлықтың аты – қарақұлақ деп аталатынын, одан бүкіл аң біткен қорқатынын саудагерден естіп біледі. Қарақұлақтың бір аты – зарып дейді екен.

* * *

Жәпелұлы Тұрған, Сәрсенбекұлы Болат айтқан әңгіме:
Баяғы зарыпты атқан Сарыбас мерген Алтай тауының шатқалына барыпты. Бір байдың келіні аюдың жүрегіне жерік болады. Алтайға апталап жүріп жетеді. Сол жердің тау ішін жақсы білетін біреуін жолбасшы қылып алады. Екі-үш күн тауды аралап, бір шатқалдан аюды атып алып, жүрегін алып кері қайтады.
Шатқалдан шығар жалғыз аяқ жол бар еді, сонымен жүріп келеді. Бір уақытта бір шыңғырған дауыс шығады. Аты дір етіп, көзі шатынап орнынан баса алмай қалады. Сарыбас мерген артына жалт қарағанында, көз алдында бір құбыжық жол бастап келген серігін «Һап!» деп леппен қылғытып жұтып, «Тфу!» деп сүйегін түкіріп тастағанын көреді. Қап-қара домалақ бірдеңе. Ана пәлені атуға да, қайырылып қарауға да дәті шыдамай мерген атымен желіп шатқалдан шығып кетеді.
Сол пәленің не нәрсе екенін өле-өлгенше біле алмай, арманда өткен екен.

* * *

Жәпелұлы Тұрған атамыздың әңгімесі:
Сарыбас мерген бір жолы Шудың бір тұмасының бойында, жардың астында құланды бір келер-ау суға деп күтіп жатса, таң ата бір құлан келіп суға түсті дейді. Жарау, қатыңқырап қалған.
– Ой, бұл жануарға не болды екен, – деп жақындап келіп қараса, ештеңесі байқалмайды.
Содан «қанды басың бері тарт» деп көздеп жіберіп атып салған екен.
– Ой, Сарыбас, бекер қылдың ғой. Басқа болса қоя берер еді ғой, – депті біреу айқайлап.
Сарыбас шошынып қалады. Маңайына қараса, тыпыр еткен жан жоқ. Дауыстың қайдан шыққанын ажыратп алмай, не де болса бауыздап алайын деп құланға жүгіріп келсе, төрт аяғында да алтын тағасы бар екен. Содан сескеніп қалып, қорыққанынан құланды апыл-ғұпыл бауыздап жібереді. Осы бетте аң атуын доғарып, ауылына қайтады. Елге барып, мал құдайы беріп, қариялардан бата алып қайтқан екен дейді.

* * *

Бұл әңгіме туралы ертеректе бір сыншының жазғанын оқып едім. Ол өз сынында «Әсілі, Сарыбас мерген деген әңгіменің тігісін жатық айта білетін, әрі ескіше сауатты жан болса керек. Себебі, оның диюмен айқас туралы әңгімесі гректің «Одиссея» дастанындағы оқиғалардан алынған. Не ол соны оқыған, немесе естіп, өз басымнан өтті деп айтушы адам» деген сыңайда жазғанын оқып едім. Ол сыншының кім екендігі, және ол қай басылым бетінде жарық көргендігін есіме түсіре алмадым.
Тура сол әңгімені Жәпелұлы Тұрған атамыздың айтқан нұсқасы:
Сарыбас мерген бір жолы нөкерлерімен Бетпақтың даласында келе жатса, бір құдықтың түбінде бір шал жүргенін көреді. Құдыққа еңкейіп қарайды да, қайтадан айналып жүреді де қояды. Сонда Сарыбас айтады:
– Әй, жігіттер, ана шал – тегін шал емес. Тыңшы ма бір бәле ғой. Барып алып келіңдер, – дейді.
Жігіттер келсе, ұзын жібі бар қауашақ ұстап отыр екен.
– Әй, жігіттер, маған тимеңдер. Мен Барсакелмес деген жерге барып келе жатыр едім. Барсакелместе жылқыны жүгімен, түйені түгімен жұтқан айдаһар бар екен. Соны байлап алып келе жатырмын. Мына қобдидың ішінде жатыр. Шөлден өліп барамын. Маған бір су беріңдер, – депті шал жігіттерге астына басып отырған қобдиды көрсетіп.
Жігіттер шауып барып, Сарыбасқа шалдың айтқанын айтқан екен, сенбей:
– Өй, өтірік. Жылқыны жүгімен, түйені түгімен жұтқан айдаһар сол жаман шалға әлі келмеді ме? Өтірік айтады, – депті.
Сонымен, Сарыбас барып шалдың қолындағы қобдиды жұлып алады. Сонда шал:
– Әй, жігіттер-ай, бекер қылдыңдар ғой. Бұл айдаһар қазір құрбақаның көлеміндей болып жатыр. Қобдидан шыққаннан кейін, құйрығын желге ұшырады-дағы, қайтадан қалпына келеді. Бірінші мені жұтады, содан соң сендерді жұтады. Мейлі, өз обалдарың өздеріңе. Менің әлім жоқ, бұны қайтадан жеңетін, – депті.
Сонда Сарыбас:
– Өй, сен, шал, көп оттай берме, – деп қобдиды жерге бір-ақ ұрыпты.
Қобди жерге ұрылған қатты соққыдан шашылып түсіпті. Ішінен бір құрбақа секіріп түседі. Құйрығымен жерді сабалап ысқырса, құйрығы ұзара-ұзара нән айдаһар болып шыға келіпті. Сонда шал бір сексеуілдің түбіне отыра қалады. Жерді сексеуілдің шырпысымен үш рет сызады.
– Мына үш сызықтан өткенде мені жұтады, – депті шал сонда. – Содан соң сендерді жұтады, – дейді.
Айдаһар аранын ашып ысылдап жатыр. Бір кезде шал құлап түседі. Жайлап айдаһарға қарай жылжи бастайды. «Бұл қалай жұтады екен» деп Сарыбас қарап тұрады, қалғандары қорыққандарынан қимылдауға шамасы келмей қалшиып тұрып қалған екен. Жайлап жылжып барып шалдың басы жұтыла береді. Сарыбас қарап тұрғанында, қасындағылар қашып кетіпті. Шалдың иығы өтіпті айдаһардың көмейінен. Өстіп-өстіп, түгел жұтып қояды. Айдаһар жылжып бағанағы сексеуілге келеді. Сексеуілді құйрығымен орап-орап, маңайдағы отын біткенді түгелдей қаусатып жібереді. Осы кезде Сарыбас:
– Қой, тұқымы құрысын, аманымызда кетейік, – деп артына бұрылып қараса, ешкім жоқ дейді.
Жалма-жан жалт бұрылып тұра қашады. Күн тұман болып, бұлыңғыр тартып тұрған кез екен. Күн суықтау. Қашып келе жатса, бір жерден жылтылдаған от көреді.Ә, мыналар, мына жерде екен ғой, – деп жақындап келсе, Сарыбас адаспай тапсын деп от жағып отырған өзінің жолдатары екен.
– Әй, жігіттер, бұларың қалай? Айдаһардың аузына тастап, қашып кеткендерің қалай, – деп Сарыбас ренжіпті.
– Ой, сіз құмартып қарап қалған екенсіз. Сіздің көңіліңізді бөлмедік. Өзі біліп қашар деп кетіп қалдық, – депті жігіттер.
Сарыбас отқа тақанып келіп жайғаса бергенде, айдаһар ысқырып келіп оттың үстіне түседі. Жанып жатқан сексеуілдің шоғы жан-жаққа баж-бұж етіп шашырап түседі. Жігіттер тұра кеп қашады. Қашып келе жатқандарында алыстан бір жарық көрінеді. Сарыбас жақындап келсе, біреу тұр екен. Тақана бергенде:
– Өй, Сарыбас, келе жатсың ба? Мен сенің жолыңды күтіп тұрмын. Үйіме қонып, мейман болып кетіңдер, – деп айқай салыпты.
Жақындап келіп қараса, жалғыз көзді дию екен. «Бүгінгі күніміз құбыжықтармен айқасумен өтті ғой. Айдаһардан қалған жанды – диюдан аяймыз ба» деп бұлар диюдың артынан ере беріпті. Жүріп келе жатып, бір дәу тасқа кезігеді. Тасты итеріп жіберсе, дарбаза болып ашылады. Сөйтсе, ол жерде қой қора бер екен. Оның қойлары біздің тайыншамыздай екен. Арасынан бір қойды ұстап алып келіп:
– Мынаны сойып жеңдер. Менің берген ерулігім болсын, – депті дию.
Бұлар қойды сойып, етін пісіріп жатқанында дию келіп, бұлардың желкелерін қысып көре бастайды. Ішіндегі молдасымақ біреу бар еді, соны алып кетеді. Сарыбас:
– Мына неме ана байғұсты неменеге алып кетті екен? Сен барып көріп келші, – десе қасындағы баруға қорқып орнынан тұра қоймапты.
Сарыбас ойланып, «мыналар диюдың ананы өлтіріп жатқанын көрсе зәрелері ұшып кетер. Одан да өзім барып көріп келейін» деп тақанып барып қараса, дию молдасымақтың мойнын бұрап басын жұлып алған екен. Миын шағып жеп отырғанын көріп қалады. Үндемей келіп жолдастарының қасына отыра кетеді.
– Ей, жігіттер, – дейді Сарыбас жолдастарына қарап. – Мына диюдан оңайшылықпен құтыла алмаймыз. Найзаны отқа салып қойыңдар. Бұл ұйқыға кеткенде көзіне найза тығамын. Сөйтіп, айла жасамасақ, құтыла алмаспыз, – деген екен.
Жігіттер Сарыбастың айтқанына мақұл десіп, найзаларын жанып жатқан отқа салып қояды. Дию барып ашық тұрған дарбазаның алдына көлденінен түсіп жатады. Дию ұйықтап жатқанында, көзі шарасынан шығып кетеді екен. Дию қорылдап ұйықтайды. Ысып тұрған найзаны дәлдеп әкеліп, диюдың көзіне тығады Сарыбас. Ышқынып дию аяғын серіпкенде, жерде жатқан тас ұшып барып, ашық тұрған дарбазаға тиіп, дарбаза орнынан жылжып жабылып қалады. Дию ақырып, бұларды айналып іздейді. Бір бұрышқа барып жасырынып бұлар жатыр.
– Енді не қыламыз, – деп бұлар ақылдасады.
Сонда Сарыбастың тапқан айласы дейді:
– Мына қойдан бір-бір қойдан сойыңдар. Терісін үстеріңе жамылып алыңдар, – деген.
Таңертең дию қойларын шығартын болады.
– Сендер бәрібір менен құтыла алмайсыңдар, – деп дию дарбазаны жайлап ысырып, қойларын арқасынан сипап, санап шығарады.
Қойлардың арасына кіріп, төрт аяқтап бұлар да шығады. Дарбазаны жауып, дию ішке кіріп кеткенінде бұлар алды-артына қарамай қашады. Сонда артынан дию айқайлап:
– Ей, Сарыбас, сен менен құтыла алмайсың. Менің пәлен жастағы ағам бар. Сол келеді, қуып жетіп бәріңнен кегімді алады, – депті.
Бұлар одан әрмен қаша беріпті. Арттарынан қуып бір боран келіп қалады. Бұл борандатып келе жатқан жаңағы диюдың ағасы екен.
– Әй, Сарыбас, қайда барасың жалғызымды жайратып?! Сен менен құтыла алмайсың, – деп айқайлап келе жатыр дию.
Сарыбас диюды тұра қалып, дәлдеп атып өлтірген екен дейді. Сонда дию өлейін деп жатып айтқан екен:
– Ей, мен өлгенмен, менің артымда ұрпағым бар. Сол алады кегімді, – деп.
Сарыбастың бір ғана қызы бар екен. Осы оқиғаны естіп, тұрмысқа шықпай отырып қалған екен. Кейін, Сарыбастың кегін осы қызы алып берген екен дейді.

* * *

Үзікенұлы Көшен айтқан әңгіме:
– Менің үлкен апам, Бүркітбайқызы Рабиға апам айтқан әңгіме еді. Сарыбас мерген қалың сексеуілдің ішінде аң аулап жүреді. Кешқұрым от жағып тамақ пісіріп отырғанында, бір әйел келіп амандасады. Уылжыған жап-жас екен, көрікті келген. Сарыбас мерген орнынан атып тұрып:
– Кел, тамаққа кел, – деп орын ұсына береді.
Жаңағы әйелдің ұзынан-ұзын шұбатылған жеңінен қолы көрінбейді. Берген етін жеңінің ұшымен алып жейді. Сарыбас мерген бұған таң қалып отыра береді. Тамақ ішкеннен соң, әйел кетіп қалады. «Әй, бұл қайдан жүрген адам» деп Сарыбас ойланып қалады. Ойлана-ойлана келіп, бұрынғы елден естігені бар, сақтық жасап бір дәу томарды әкеліп өзінің орынына жатқызады. Үстіне шапанын жауып, адамға ұқсатып қояды. Өзі анадай жерде тұрған үлкен сексеуілдің басына шығып отырады. Осылай отырып ұйықтап барады екен. Бір сылдырды естігендей болып, тез көзін ашып алады. Жайлап, мысық табандап басып бір адам келеді екен. Тақанып келген жаңағы бәле шапан жабылған томарға «һап!» деп қолын салып жібергенде, томар ананың қолының қуатына шыдамай екіге қақ бөлінеді. Оның жезтырнақ екенін біліп, Сарыбас атып жіберген екен. Сонда жаңағы:
– Әй, Сарыбас-ай, қулығыңды асырдың. Мерген екенің рас болса, тағы бір атшы, – дейді.
Сөйтсе, жезтырнақтың серті бойынша, екінші оқ дарыса қайта тіріледі екен. Оны білмейді Сарыбас. Оның үстіне, Сарыбастың әдетінде екінші мәрте ату деген болмайды екен. Сол әдетімен мылтық қайта атылмайды. Осылай Сарыбас өзінің әдетінің, сақтығының арқасында бір ажалдан аман қалыпты.

* * *

Жәпелұлы Тұрған, Сәрсенбекұлы Болат айтқан әңгіме:
– Сарыбас мерген Бетпақтың даласында құлан атып жүрген дейді. Сонда Бетпақтың даласына Сарыбас мергенді іздеп, Қаратаудың бойынан Саңғыл руынан Төлеубай деген аңшы келіпті. Төлеубайдың жасы кіші екен, Сарыбас мергенге сәлем берейін деп арнайы барған. Сонда екеуі бірін-бірі танымайды екен, дегенмен қимыл-қозғалыстарына қарап, бірін-бірі бірі – Сарыбас екенін, бірі – Төлеубай екенін айтқызбай-ақ біліпті.
Ол кезде Бетпақтың даласында құлан жөңкіліп көшіп жүреді екен. Бір жүргенде мыңнан аса болып, тобымен жүреді. Ондай үлкен топты ордалы құлан деп атайды. Екеуі кешке жақын аңға шығады. Бір құланды атып, етін пісіріп жеп отырып екеуі түніменен әңгімелескен екен. Әңгімелесіп отырып Төлеубай мерген:
– Сарыбас аға, өтірік-шынды хикаяларды айтатынның бірі мерген деуші еді ғой. Бұл өмірде не көрдіңіз? Әңгіме қылып айта отырыңыз, – деп әңгіме сұрапты Сарыбастан.
– Рас-өтірікті айтатын да – мерген, ел көрмейтінді көретін де – мерген, – деген екен Сарыбас. – Мен қасқырды алдап атып алдым, – дейді.
– Қалай, – деп Төлеубай елең ете қалады.
– Күн шағырмақ болып, құлан атайын деп келсем, пәлен деген жерде құлан жусап жатыр екен. Соның жел жағынан қашып, ық жағына барып шапанымды қандымға жауып тастап жаттым. Сөйтіп жатып көзім ілініп кеткен екен, бір ырсылдаған дыбыстан оянып кетіппін. Екі қасқыр маған тақау жерден бұрқыратып жер қазып жатыр екен. «Жануарларды атпай-ақ қояйын, онсыз да құланның еті тау болып үйіліп қалды ғой. Одан да мына қасқырлардың қызығын көрейін» деген ой келіп қалды. Жер ошақтай жер қазды да, сол шұқырға екі қасқырдың бірі жата қалды. Екіншісі оны үстінен топырақты тастап-тастап көміп құланға қарай кетті, – дейді Сарыбас мерген. – Содан бие сауым уақыт өтті ме, өтпеді ме, кеткен қасқыр жайылып жүрген құланды жел жағынан қайырмалап қуалап, көмулі жатқан қасқырдың үстінен айдап өтті. Атып тұрып ана қасқыр құланның арасына араласып кеткенімен, бірде-бір құланды ала алмады. «Менің құланды алып келгенім қалай, сенің ала алмағаның қалай» дегендей көмілген қасқырды қуғыншы қасқыр түтелеп талап жатыр. Содан соң, жаңағы шұқанақты қазып өзі жата қалды. Анау оның үстіне бір-екі топырақты тастады да, құланға қарай кетті де қалды. Ол барып құланды бері қарай қайырды. Сол кезде көмулі жатқан қасқырды атып салдым. Орныма келіп, не болар екен деп қарап жатырмын. Құлан өтіп жатыр, өтіп жатыр. Көмулі қасқырдың үстінен түгел өтіп кетті. Аң-таң болып, «Менің қуып келгенім қалай, сенің жатысың қалай» дегендей қуғыншы қасқыр мен атып тастаған көмулі жатқан серігіне жетіп келді. Дайын қасқырды көздемей-ақ тарс дегізіп атып алдым. Міне, мен қасқырды осылай алдап атып алдым, – деген екен.
Бұл әңгімені естіп, Ұлы жүздің аңшысы Төлеубайдың да арқасы қозып шешіліп берсін.
– Мен де айтайын, аға, – дейді, – Қасқырды тымағыммен бұлғап шақырып, алдап атып алдым.
– Е, қалай, – дейді Сарыбас мерген сенер-сенбесін білмей.
– Қаратауда мұндай құлан болмайды, аға. Бізде арқар болады. Арқар аулап қалың жыныстың ішінде келе жатыр едім. Шөптің, бұтаның қалыңдығы мен биіктігінен атым көрінбейді. Сонау таудың үстінде, шыңның басында бір қасқыр отыр екен. «Ойпырмай, бұны қалай қыламын» деп, аттың үстінде келе жатып құлақшынымның құлақ бауын шешіп жібердім де, қолымды көрсетпей қарақұс сияқтандырып құлақшынымды жалп дегізіп бұлғап қалдым, – дейді Төлеубай тамағын кенеп қойып. – Күн батып бара жатқан шақ еді. Сол жерде жемтік бар екен ғой деп ойлады ма, қасқыр күннің батысынан маған қарай заулап келе жатыр. Заулағаннан заулап келіп қалды. Жақындай бере, қарақұсты қай жерден көргенін ажырата алмай алақтап тұрып қалды. Болар-болмас қана құлақшынымды желпіп қалдым. «Е, міне жерде екен ғой» деп менің қасыма жетіп келді. Мен де мылтықты дәлдеп жіберіп, құлақ шекеден атып салдым. Осылай құлақшынмен алдап шақырып алып, қасқырды атып алғанмын, – деген екен.
Түніменен екеуі әңгіме айтып, өтірік-шынды хикаядан жіберіп, әңгіме сайыстырыпты. Құмарлары қанып, ұйқыға жатады. Таңертең тұрып таңғы астарын ішкеннен соң:
– Түніменен әңгіме сайыстырдық. Енді өнер сайыстырайық, – деп екеуі Бетпақтың даласына құлан атуға шығады.
Бетпақтың даласында ол кезде аң көп, ал бірақ құлан тіптен жыртылып айырылады екен. Екеуі бірер қырдан асып түскені сол екен, бір үйір құланға кезіге кетеді. Екеуі тұрып он-он оқтан жіберуге келіседі. Кіші жүздің мергені Сарыбас тұрып:
– Сенің белгің қайсы, – дейді.
– Менікі, мына көзінен кіріп, ана көзінен шығып кетеді. Осы менің белгім, – дейді Төлеубай.
– Мына күре тамырдан өтіп, мына күре тамырдан бауыздалып түскені – менікі, – дейді Сарыбас.
Екеуі шиті мылтықпен құланға он-оннан оқ жұмсайды.
– Қыра береміз бе, болды енді, – деп құландарға жақындап барады.
Барса, Төлеубай атқан құланның оны да өлмей, шыр көбелек айналып жүр екен. Сарыбас мерген күре тамырды қырқып, атқандары бауыздалып түскен екен. Ана соқыр болып қалған құландарды қайтадан он оқты шығын қылып атып алады. Сөйтіп, жиырма құланды түйеге теңдеп ауылға қайтады. Жолда келе жатып Сарыбас мерген Төлеубайға:
– Бұдан кейін көзден атқанды қойып, күре тамырдан бауыздай ат. Оғың шығын болмайды, өзің әуре болмайсың, – депті. Сонда Төлеубай:
– Сіздіке жөн, сіздіке жөн, – деп басын изей берген екен дейді.

Нұрлан Рахымжанов,
“Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма”, 2-том.
2016 жыл.