Құлмахан Қалиұлы Өзбекстан Республикасы Науаи облысы Кенимех ауданы Шардара қыстағында 1936 жылдың 9 мамырында дүниеге келген.
1954 жылдан Ленин атындағы колхозда еңбек етті. Әскер қатарынан келгеннен соң, 1960-1964 жылдары Кенимех кенттік Кеңесінің хатшысы, 1964-1969 жылдары төрағасы болды. 1969-1971 жылдары Кенимех аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы, 1971-1990 жылдары “Ғыждуан”, “Тельман”, “Кенимех” кеңшарларында жұмысшылар комитетінің төрағасы. 1990-2000 жылдары Кенимех аудандық Зейнатақы қорының бастығы. 2001 жылдан аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы қызметін атқарды.
1978 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Бірнеше рет кенттік, аудандық Кеңестердің депутаты болып сайланған. 1948 жылы “Майдандағы үлгілі еңбегі үшін”, 1970 жылы “Үлгілі еңбегі үшін”, 1985 жылы “Ұлы Жеңістің 40 жылдығы”, 1999 жылы “Еңбек ардагері” медальдарымен марапатталған.
Жастайынан әдебиетке қызығып өлеңдер жазып, аудандық, республикалық, көршілес Қазақстан баспасөздерінде көріне бастады. 1997 жылы “Өмірім – Өлең” атты жыр жинақтары шықты. 1999 жылы Кенимех жастарының өлеңдерін жинақтап “Дала жырлары” атты кітап шығарды. 2001 жылы “Адасу” атты повесі, 2005 жылы “Кенимех – Нұрлы Өлкем” атты тарихи, этнографиялық жыр жинақтары шықты. 2007 жылы “Еңбек батыры” атағын алған Кенимехтың ерендерге арналған өмірбаяндық “Дала дауылпаздары” атты кітабы, 2009 жылы “Алшынның Әйтекесі” атты кітабы шықты. 2010 жылы “Жырлы жылдар” кітабы шықты. Бірнеше өлеңдері “Жүзім бағы” аты шетел қазақтарының жинағында басылды.

Бүгін сіздерге Құлмахан Қалиұлының “Жырлы жылдар” кітабынан бірнеше өлеңдерін назарларыңызға ұсынбақпыз. Өлеңнің нәрлі суымен сусындап, мейір қандырарсыздар деген үміттеміз.

МҮЛГИМІН ҚАРТ БҮРКІТТЕЙ ҰЯДАҒЫ…

Мүлгимін қарт бүркіттей ұядағы,
Сараптап ойды тергеп қиялдағы.
Қасыма жақындапты қарттығың да,
Тазыдай көрінетін қияндағы.

Бүргенім сусып кетті деп жүргенде,
Көп нәрсе уысыма сияды әлі.
Тартқанда томағамды сілкінуім,
Ұқсайды құр дірілге миядағы.

Дауыс жоқ санқ еткенде майдай жаққан,
Талатын болыпты көз жіте баққан.
Қолпылдап тері қалпақ жаттікіндей,
Босапты жібек бау да арнай таққан.

Ілмейді сақ құлағым қазық даусын,
Әдейі аң үркітіп ойда қаққан.
Дауыстар көтерілсем естілмейді,
«Аспанда қарашегір, ойбай, сақтан!».

Сирексіп сиқы кетіп найза құйрық,
Қобырап қауырсыны сусыл қаққан.
Қанаттың әлі кеткен тежей алмас.
Салмақты аңға қарай төмен аққан

Тынысым тарылмаса кеңеймейді,
Секілді қос өкпені аяз қапқан.
Күн сайын аңға салса түлей жарап,
Денемде тұратын-ды жігер борап.

Бүрмей-ақ қос топшымен қаққанымнан,
Кеткен-ді қыран атым елге тарап.
Бүгінде болат тұмсық әдіре қап,
Жез тырнақ тек тышқанға тұр-ау жарап

Көргенде кіндігінен қан ататын,
Түлкі де ыржаңдайды маған қарап.
Білмеймін отты көздер қайда кетті,
Асынған алдаспандай қару-жарақ.
Бәрі ертек секілді түсінбеймін,
Өмірде өткендейміз жасап, қарақ!

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ

Қақ жарып өскен ордасын түрлі азаптың,
Айта алам бүгін: егемен елмін, азатпын.
«Найзаның ұшын, білектің күшін» танытып,
Сайын даламды сақтап қалған қазақпын!

Болғанмын бір кез езгісінде Ғұндардың,
Аямай қырған түгетем деп сұмдардың.
Иілмедім, Толағай болып көтердім,
Ата-Бабаның көз жасы менен мұндарын.

Қасқайып тұрғам келгенде монғол-татарың,
Бүкпеген тізе кетсе де сиреп қатарым,
Келешек үшін бас тіккем имей жонымды,
Сенгенмін шыңдап шұғылалы таңның атарын.

Семсерім сермеп шалқанда жауға жазылып,
Мінгенмін тұлпар қалатын ізі қазылып.
Айқасып жаумен жеткен талай жеңістің,
Куәсі анау Алатау менен Қазығұрт.

Батырлар жеңіп еткенде талқан қорғанын,
Бас сауғалап жосылды құла жоңғарын.
Абылай бастап, шүршітті жермен-жексен ғып,
Жеңіске жеткен қазағым-қалың орманым.

Досқа құшақ, дұшпанға арнап жебесін,
Қалың дұшпанның сан рет сөккем көбесін.
Тоқтатқан келіп пейіліме тәнті боп,
Жерімде менің Нұх пайғамбар кемесін.

Қорқыт бабам балқытса күймен даланы,
Асан қайғы «Жерұйық» іздеп қарады.
Әл-Фараби туылып өскен киелі,
Отырар төбе ғылымға негіз қалады.

Төле би, Қазбек, сөз шұңғылы Әйтеке,
Қазақ үшін әрбір сөзі мәртебе.
Үйреткен солар өжеттік пен ерліктің,
Сырын ұққан дариям, көлім, әр төбе.

Жаншылмай келгем уытына салмақтың,
Шыдағанмын сығымына қалмақтың.
Жауларым талай тілсе де таспа жонымнан,
Достық пейіл құшағымды арнаппын.

Ауылдастың тайынан өтіп озбаппын,
Дос көрінсе шежіре-жыр қозғаппын.
Көкпары тартып, домбыра шертіп күй төккем,
Жатсам да қирап еденінде Казлагтың.

Сүбелі үлес айтыстарда алғанмын,
Қонағым үшін қимасымды шалғанмын.
Қатыгездік әдеттерден алыстап,
Бауырмалдық шеңберінде қалғанмын.

Теңсіздіктен өртенсе де өзегім,
Бар адамды бауырымдай сеземін.
Ырзығымды аузымнан бөліп басқаға,
Өмірдің өзім кешкенмін аштық өзенін.

Не деген, уа, шыдамы берік халықпын,
Мәрттіктің де тылсымына қанықпын.
Адырнадан оқ боратқан дұшпанға,
Аңғалдықпен достық көпір салыппын.

Аға деп сыйлап орыстардың мұжығын,
Кетті ғой талай сый болып алмас жүзігім.
Ал олардың атомынан уланып,
Перзенттің жүр, келіндер туып «мүжігін».

Миллион боздақ кетсе де жер жастанып,
Өссем де әлсіз ата-анадан жас қалып.
Жоғалмай келем, қаулаймын әлі өсемін,
Өр кеудемін, үйренбегем жасқанып.

Ізі жатыр көз жіберіп, біл ұрпақ,
Теңдігімді алғандығын кім ұрлап.
Қазақ деген ұлы көштің басында,
Ойланыңдар, сендерден басқа кім тұрмақ?!

«Арысы елдің кім еді?» деп қысқанда,
Көрсетпеңдер қол шошайтып дұшпанға.
Тұсау болмай, демеуші бол өзіңнің,
Замандасын ғарышқа қарай ұшқанда.

Ұстап берме тұрғандарды бақ қонып,
Опық жерсің көкірегіңе шер толып.
Құрбан болып кеткендердің сондайдан,
Міне жүрміз моласына зар болып.

Ахмет, Мағжан, Шәкәрім мен Міржақып,
Жамандап ұстап, бермегенде кір жағып.
Қазағымның жыр мұхитын жасар ед,
Әрбірінен құйылып келіп жыр ағып.

Би-аға, Сәкен-төрелері жыр-сырдың,
Құрбаны болды өсек-аяң, сыбырдын.
Үмітпен әлі мәйіттерін іздейміз,
Мәңгілік қазып мәңгі мұзын Сібірдің.

Тату болсақ зарлы заман болмас ед,
Тілім мен дінім қайранда қалып тозбас ед.
Үш миллионы аштан өлген қазақтың,
Сүйегіне қарға-құзғын қонбас ед.

Тыңдамай ақыл, көтердік кеуде көк тіреп,
Үш жүзіне бөлінді қазақ әлсіреп.
Бөлінгенді бөрі жеп, содан әркімнің,
Жетегінде жүрдік қой қағып тәлтірек.

Жан дауысқа қазақ құқлақ салсыншы,
Өткен өмір қайталанбай қалсыншы.
Ұлы халық деген сөздің қасына,
Қазағым да өсіп-өніп барсыншы.

О, қазағым, бірлігіңмен ірі бол,
Сыйластықпен өмір кешір, тірі бол.
Ұлы, Орта, Кіші жүз деп бөлмей-ақ,
Қазақ десе өлетіннің бірі бол!

ӨСКЕН ЖЕР ТУРАЛЫ

Көпшілік деп айтады: «Дүние-жалған!»,
Осы сөз мені де көп ойландырған.
Өскен жер, жастық шақты еске алып,
Жыр жазу дүнием болды ойға алған.

Тебіренумен жазылды мына жолдар,
Естелік болсыншы бір менен қалған.
Өміріме нұр берген нұрлы шырақ-
Туған жерді ұмытпай жүрмін бірақ.

Кемелденіп кетсем де ауылымды.
Сағынамын, жүрсем де онан жырақ.
Мына жерлер тірімде ұмытылмас,
Азаматтар сөзіме берсін тұрақ:

«Саржалда» әкем Қали совхоз құрған,
Естелік-«Тұмсыққора» содан қалған.
«Найзақұм», «Теріқұдық», «Ақшағалақ»,
Жерлер ғой еске алып көңілім бұрған.

«Оразжан», «Аласа» мен «Шаңлы жері»,
Ескіден өшпес белгі көзге ұрған.
«Бағара» жетімдікпен өскен жерім,
Азап пен қиындықта қатқан шерім.

Аштықтан тәлтіректеп жүрсемдағы,
Соқа ұстап аққан-ды маңдай терім.
Нан үшін арпа, бидай сеуіп диқан,
Көктемде құлпыртатын жер бедерін.

«Ақтасты», «Еңсебай сай», «Қарақұдық»,
Барғанбыз жалаң аяқ мініп құрық.
Кәреней сай жағалап қазатынбыз.
Жантақтан «шекер» жмдық ерте тұрып.

«Темірші», «Бүркіттіден» жуа теріп,
Қайтарда арқаладық жусан жұлып.
«Қостөбе», «Қызылқұдық», «Бесапаңда»,
Шөп жинап жәрдем бердік бас шопанға.

Күнімен қозы бақсақ, ал түндері,
Тығылып жататын ек бір шапанға.
«Қосайда» қалам ұстап, хат таныдық,
Қимаймын ыстық маған бұл жаһанда.

«Сары ой», «Томарлы» мен «Ұялыда»,
Жүрдік біз тірі қалу қиялында.
Ержеттік қиындықпен, талай сырлар,
Аңсағанмын алыстап бара жатыр,
Адамзат ұмытуға қиялы ма?

«Қасқа су» мен көрінген «Маңдай» асқақ,
«Лақшынның» болушы еді жері тастақ.
«Әлемді» «Жұлдызқақтың» орны бөлек,
Білмеймін қайсы әлем орнын баспақ.

«Көктөбе», «Қаратөбе» мұнарланса,
Айнадай жарқырайтын әсем «Бесқақ».
«Бесащы», «Сұлуқора», «Ханшарбақта»,
Тергенбіз қозы құйрық жастық шақта.

«Қызылжардан» қиялап жіңішке жол,
Шығатын «Қабланды» мен Құрсай жаққа.
Қоянсүйек сіңірген, жүзген гүлдеп,
Кіргендей болатын ек жасыл баққа.

«Зортөбе», «Құралай» мен «Ақманбетте»,
Талай қызық болатын «Жапекентте».
Күйек алу кезінде тіккен үйлер,
Шоғырланып кететін ұқсап кентке.

Самал тұрса ұратын көз аштырмай,
Мойынқұмның жабысқақ құмы бетке.
Төс қағып Толағайдай шыққан ерлер,
Мен үшін аса қымбат осы жерлер.

Қайталанбас түр түсін талпынғанмен,
Ұқсатып соға алар қайсы зергер?!
Қоламтаға айналып кешегі шоқ,
Аралауға қыдырып, күш-қуат жоқ.

Алыстан есітем де амандығын,
Шүкіршілік етемін, көңілім тоқ.
Жастар жағы ұмытпа, мынаны ұқ:
Түсіру елін еске жауапты жүк.

Топырағында ұлғайдың туған жердің,
Қастерлеп басыңды и, тізеңді бүк.
Бір іс тындыр, сенен де белгі қалсын,
Ат аунаған жерінде қалсынша түк.

ҚАРАҚАТА АЙМАҒЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

«Өткендерді еске алу-өскендіктің белгісі»
(халық мақалы)   

Хан Шыңғыс шығысымнан еңпіндетіп,
Тиісті бейбіт жатқан елге жетіп.
Түркілер-момын халық, қарсы келмей,
Шұбырып жатты босып елден кетіп.

Туғасын ұрпағына қатер, қауіп,
Отаннан бабаларым кетті ауып.
Паналап Стамбұлдың айналасын,
Алғандай болды тыныш мекен тауып.

Ауғанмен өз елінен олар көшіп,
Кеткен жоқ жер бетінен шыли өшіп.
Тарихта әйгілі бір орын алып,
Ұрпағы келе жатыр қаулап өсіп.

Солардың көзі болып бізге қалған,
Шырғалаң іздер жатыр тағдыр салған.
Талпынып сол туралы жазамын деп,
Талайлар сыр қаламын қолына алған.

Жағдайдың болып өткен ашып сырын,
Сөз еткім келді менің таңдап бірін.
Қарақтың сонау өткен өткелінен,
Хабаршы болсыншы бір осы жырым.

«Шайқұдық»-түркі тілде –«дараз ұзын»,
Кім-кімдер неше жылдап татқан тұзын.
Сол құдық өшпес белгі бабалардан,
Мал баққан тәрбиелеп ұл мен қызын.

«Ителгі» биік жартас болған екен,
Сұңқарлар шыққан ұшып алғыр, бекем.
Сияқты «Қолшық» емес «Құлжалытау»-
Кезінде арқар, құлжа еткен мекен.

«Ақтасты», «Тама», «Таушан», «Ыза», «Шұрық»,
Бабалар отырған жер малдас құрып.
Бір сарын келед желмен сол дәуірден,
Тұрсаңыз тау басында құлақ түріп.

Жұмбақ сынды «Мыңшұқыр», «Абқазған»,
Көне тарих зерттеулер тасқа жазған.
Тылсымын сол жерлердің ақыр ашар,
Ден қойып шұғылданған ілімі озған.

Төресі – «Арыстану» қия, өрдің,
Келеді әлденеше қимай көргің.
Талай науқас жазылып, жасарыпты,
Көгіс суын ұрттаған «Құлыскөлдің».

Пікірлер ой шарықтап шалғытса да,
Тежесе де бұғау сап шабықа да.
Деп айтамын: қайықтың ізі жатыр,
Ұлы судың табаны-«Ағытпада».

Аза-Нұр қыз, ұл беріп Қанарбайы,
Теңдесіп жатты жұрттың күн мен айы.
Сұлтан бибі әжеммен кем бола ма,
Қарақата жебеген ел маңайы?

…Боламын есіткендей қайла үнін,
Жаңғыртқан шыңқылымен таудың түнін.
Тасты қашап жол сапты бабам Байхан,
Арасынан «Шайдараз», «Гүжімдінің».

Көзіме от көрініп «Байханасу»,
Қалғандай бізге арналып мәңгі шашу.
Жүрсем де мен алыста еске аламын,
Құйылып жүрегіме жігер, тасу.

Түлікке су, адамның ішер шайын,
Ойлап тергеп, ескерген елдің жайын.
Ұмытуға бола ма Аташалдың,
Айдаладан қақ салған Шонтыбайын?

«Шонтыбай» еске салад ел бірлігін,
Жабыла жасағанның өз тірлігін.
Бабаларды пір тұтам, еске алсам,
Көрегендік жасаған ірілігін.

Нелер заман көлбеңдеп өтіп жатты,
Талай сабаз көз жұмды аруақты.
Қалай ұмыт болады Қостай ата,
Өз қолымен тұрғызған «Өгізқақты».

Келеді тура сөзді айта бергің,
Артық сөз ермесін деп атына ердің.
«Қостайқақ» деп айтайық «Өгізқақты»,
Кешіріп қателігін өткендердің.

Қарақтың тарихы мол жаза берсең,
Шашылған маржаны көп іздеп терсең.
Кернеген кенересін сырлы әлем,
Түбі шұңғыл секілді үлкен керсең.

Қарағанда жүзіне көңіл тойған.
Ақсақалдар алжаспай тура ойдан,
Пәтие жасасқанда құрбандыққа,
Көзің қимас ақ шаңқай малын сойған.

Пәтиеге қол жайып, құлақ қойған,
Шекіспестен  көңілдің кірін жойған.
Сондай бір келіс сөздің өшпес ізі,
Мына жатқан қарт куә-«Бурасойған».

«Құланқақ»  мекен болса құлан тұрған,
Аймалап «Лау-Лау» желі бетке ұрған.
Сол жерлерде ең алғаш деп айтады,
Сөз шебері Керуенбай кеңсе құрған.

Бабалар жылдар бойы терін төгед,
Келгенше дүниеге «Кәрібөгет».
Кезінде толқып суы шалқып жатты,
Көп ызаның бас қосқан суын бөгеп.

Жасатқан озық оймен ел ағасы,
Шеберлік, ісмерліктің жоқ бағасы.
Көк күмбездей ласытан көз тартатын,
Мөлдір сулы «Әжінің сардабасы».

Жігіттер мініп тұлпар тұрқы биік,
Жүретін «Мақпалойда» ұстап киік.
«Ақ бөрі», «Қара бөрі» ойнақтардың,
Бөрілері шығатын қойға тиіп.

Батырлар ордасына ойран салған,
Дұшпаның ел талауды ойына алған.
Талай майдан ашыпты кескілескен,
«Қырғынғой» бір нышаны содан қалған.

Тама, Әлім, Аю болса жер иесі,
Жар болған «Ойсыл», «Шопан» ақ киесі.
Сақтапты бірліктерін «жаман көзден»,
Айнала қоршап жатқан әулиесі.

Өткенмен бір шекесін үстірт шолып,
Бұлақтар қалды ағар керне толып.
Ізденсін, тапсырайық ұрпақтарға,
Қазіргі мол бақытқа жүрген шомып.

Ежелден ел әдеті сіңген бойға,
Азамат таралғымен келу тойға,
Төрт шумақ менен қалған болып тарту,
Болсын деп жүруші едім алып ойға.

ТАМА ДЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ…

Уа, жарандар, қазақта Тама деген халықпыз,
Кіші жүзде емендей көрінетін алыппыз.
Еңсеміз биік, тобамыз қабыл ежелден,
Шашамыз таудай, алтыннан соққан қалыппыз.

Сонау Қарақұрымнан жортуылдап батысқа,
Хан көтеріп Шыңғысты, Балқантауға барыппыз.
Еншіге тиген батырлық, көрген емес толастап,
Қиқулап жауды қуғанбыз еліміден аластап.

Қарадөң бабам айналды жырға таусылмас,
Халқын қорғап майданға шықты қол бастап.
Көк сүңгісін көтерсе жауар күндей күркіреп,
Тамалар шыққан кемеңгерлік ой тастап.

Аспандатып байрағын, кеңеске тіксе шатырын,
Бас изеп тыңдай аламыз келелі сөздің ақырын.
Ер Бегіс пен Ер Көгіс өшпес тарих құрады,
Әйгіледі растап «Қырымның қырық батырын».

Кетпейді әлі құлақтан көкдауыл тұлпар дүбірі,
Шаңдатқан билеп Еділдің даласы мен тақырын.
Әлемге даңқы жайылған мекенім түрік Тұраны,
Тарихта өшпес үнім бар «Қарабура» ұраны.

Тек соғыспай Тамалар қонақ та күте білгенбіз,
Қорықпай аңға шыққанбыз соқса да үдей бораны.
Жыр төксе жырау толғанып тілге алмай өтпейді,
Қазанды билеп қарадан хан болған ұлы Шораны.

Билерім болды халқы үшін, тартыстарда терлеген,
Келісім десе тарпаңдар босатылған кермеден.
Батырлардың батыры Есетім Тархан аттанса,
Ботакөз апам күресте ел намасын бермеген.
Тарихта мәңгі қалып тұр Қарабура кебіндеп,
Даналардың данасы Қожа Ахметті жерлеген…

ЖІГІТТЕРГЕ

«Ақ сұңқар жейлі екен жемін шашып,
Ал қарға бауырына тартып, басып».
Екеуін салыстырып бабаларын,
Келтірген даналықтың жолын ашып.

Бұл тенеу ойланғанға ес кеніші,
Жігіттер, жүрмеңіздер онан қашып.
Сұңқар болу жігітке жарасады,
Қарға болмай өлексе жүрген тасып,

Дана сөзге Мәжнүндей жанасыңдар.
Ләйлі қызға бір ғұмыр болған ғашық.
Ақсақалдар тобында көбірек бол,
Дүниеден аласын не, тұрсаң қашық?

Алдыңнан қазынадай шығар бір күн,
Қалайда сөз тыңдауға  болсаң асық.
«Тусаң ту», деген керек ер жгітке,
Келсеңші жібі түзу болмай жасық.

Табаннан ашуланбай айбаттанып,
Жүйелі сөз төксеңші қалмай жасып.
Көрінші жарқ-жұрқ етіп нар кескендей,
Тұрмастан сәл нәрсеге басың қасып.

Уәждерге құлақ сал бітір ердей,
Жатса да өз жұмысың бастан асып.
Секірмегін қол кірі-байлығыңа,
Семіздігің сездірме жүрме тасып.

Мейір қансын кездесіп көріскенде,
Аш күзендей сақылдап болма сасық.
Тебіренер пікір шаш, есте қалсын,
Жан үркітер сөздерді етпе машық.

Қатыгездік жасама масаттанып,
Пейілдіге сауаптың есігі ашық.
Ана-жаннат болғанда, әке-пірің,
Қызмет жаса, қадірле қалмай сасып.

Ұлың-ұрпақ, қыз-өріс түсінгенге,
Соларменен өмірің жүр жалғасып.
Қартайғанға ең жақын әйел болар,
Таразының бір жағын тұрған басып.

Дүиеге келтіріп ұл мен қызды,
Жалғыздықтан құтқарған сәуле шашып,
Отбасында жанына жалау болар,
Мәйек басқан тауықтай кетпес қашып.

Балалардан аз пайда бас-басына
Үй тігіп, ірге сөгіп кетер қашық.
Қой, Құлмахан, осы да жетпейді ме,
Ақылдылар баршылық жүрген тасып?!

ИМАНЫҢДЫ ПӘК ТҰТШЫ

Өз күшіңді өзіңе медет етіп,
Талпынуды талаптан әдет етіп.
Сонда анық жетесің мұратыңа,
Мақсатыңнан жүрмейсің қисық кетіп.

Еңбегіңмен жетіссең денең ширап,
Жасауың да мүмкін ғой жүзге жетіп,
Баудай түсіп көпшілік жатқан жоқ па,
Сақтай алмай жастығын сетінетіп?

Иманыңды пәк тұтсаң таза жүріп,
Келер ұрпақ дүниеге болып тетік.
Сөздеріңнен ақиқат, бедел туып,
Сақталады иманның болмай кетік.

Ақ пейілмен жадырап тұрсаң жайнап,
Тар болмайды, шақ болар киер етік.
Адамдардан өзіңді артық санап,
Қойма кісі көңілін сетінетіп.

Қайда жетпес мінезің қайтарусыз,
Қоя берсең еркіне екпіндетіп.
Үстіндегі киімің жылу бермес,
Қобыратып киінсең желпілдетіп.

Өмір заңын бұзбағын, жібереді,
Қорқақ қоян секілді селкілдетіп.
Ұстамды бол, әйтпесе айдап салар,
Өлер жерге ұяттан елпілдетіп.

Бір шұқы екі қара айналаңа,
Көпіртіп көлгірсиді көлкілдетіп.
Дүниеқоңыз, опасыз, кететін кір,
Қойғанымен қызықпа шөпілдетіп!

ҚИЫН –АҚ ЕР ЖІГІТКЕ ОЙ БЕРМЕСЕ

Қиын-ақ ер жігітке ой бермесе,
Тоқтамды пікір таппай құр терлесе.
Жарқырап көлеңкеде көрінгенмен,
Ашық аспан астында тез кірлесе.

Салған жерден ойыңмен бір шықпаса
Жігеріңді қан етіп ол жерлесе.
Өнбес іске ұрынып бебеу қағып,
Қақпайлаған айдынға тез кірмесе.

Ойлаңыз, табан балық іліне ме,
Кезінде ұстау үшін ау кермесе?
Ал кейбір жігіттерді дейді «мігіт»,
Қатындай бажалақтап сөз бермесе.

Сырт көзге маңғазданып көрінгенмен,
Аталық айтқан сөзге қол сермесе.
Не пайда қалқығанмен су бетінде,
Шұңғылға сүңгіп керек тас термесе?

Аузынан ебі кетіп құр тықылдап,
Кезінде жұбатарлық сөз келмесе.
Тамаша керісінше болар еді,
Әсем сөз жарқылында ол көлбесе.

Ақ жаңбырдай пікірін дәл түсіріп,
Орнына отырғызса жой көнбесе.
Аузына сусын болса қарлығаштай,
Су сеуіп қанатымен ел шөлдесе.

Айналдым аналардан аңқылдаған,
Осындай жігіттерді көп төлдесе,
Бітер істің басында өзі тұрып,
Далақтамай тек жүрсе шын өнбесе.

Адамдарды тең көрсе отырмастан,
«Мынау жақсы, жаман» деп еш бөлмесе.
Күнделікті әдетке айналдырса,
Сыйласуды, құрметті бек жөндесе.
Жігіттің жігіттігі байқалар ма,
Артынан сенім артып ел ермесе?!

ӨЗІҢДІ БИІК САНАМА

Дос-жаран тұтып жүргенімде дін аман,
Сөздерің жетті бездіре айтқан тым жаман.
Осындайды айтқан-ау деймін даналар:
«Туғаныңды көрмедім, өлгенінде жыламан».

Өзіңді өзің мақтама, биік санама,
Өзгелер шер ғой сіндіре жүргін санаңа.
Адамның көркі бойында емес, ойында
Түкірсең қалай желге қарсы шамала.

Абырой, арынды шығарып алма уыстан,
Іргеңді аулақ салмағын жақын, туыстан.
Үрлеме күлді, көзіңе тозаң түседі,
Жөн емес бізге пәле, жала қуысқан.

Жасағың келсе әуелі қызыл тілің тый,
Көз-құлағың сезгірлеу ет те есің жи.
Алысқанда, айласыз болсаң қиын ғой,
«Құмырсқа жолды, әліңді білші, Аяз би!»

Жатқанын білмей ойында сенің қандай сыр,
Көтермеді сіркем су, көңілімді шалды бір.
Алыстансаң қиналман менде жоқ қой аласың,
Қарызбын тек, туылған мына заман бір.

Ақ сұңқарда тұғырдан түскен, құлаған,
Тасынған жандар төмендеп қарыз сұраған.
Құлататын биікті татулықтан тұратын,
Бомайықшы ез сынды, қатардағы құр адам.

Алдыңғы толқын біздерге тұрары анық бақ қонып,
Қолымыздан келмесе кете беру жат болып.
Даналардың пікірін жалғастырсақ адаспай,
Аруақтары жатпай ма, бірлік тілеп шат болып?!

АЙНАЛАМ АППАҚ…

Айналам аппақ, кешіп келем ақ қарды,
Қымтапты ұлпа мүлгіген бау-бақтарды.
Барын салып, шектемей ана-табиғат,
Тоғыта келіп әсемдігін ақтарды.

Қар боратқан бір-біріне жастарым,
Түсірді еске сонау асау шақтарды.
Айналам аппақ, жадырар көңіл жасарып,
Таңданып тұрмын, қуанып көзге жас алып.

Табиғатқа мұншама шебер таңым бар,
Мүсіндер тұр ақ қардан тура қашалып.
Ақ қардай болса көңілдер мен ойлаймын,
Сондықтан-ау «А» деген дыбыс бас әріп.

Айналам аппақ, тамаша, қандай жарасқан,
Өзгеше түске еніпті күліп кәрі Аспан!
Бақытты нұр төгіп тұр бүгін Күн-Әжем,
Ақындар төксе артық болмас жыр-дастан

Көз алғысыз көркемдеп, қаптап даланы,
О, табиғат, сұлулығыңа таласпан!
Айналам аппақ, Қар-Ата менің қарттарым,
Ысқылап қармен өмірдің кейбір таттарын.

Тірі тарих-ұрпақтың ұлы бастауы.
Жазуды тұрған үй ішінде хаттарым.
Биікте тұрсаң қардай аппақ пейілмен,
Мың жасайды халықпен бірге аттарың.

Айналам аппақ, достық сөзі жаңғырып,
Гүлденсін елім, өзгерсін ауыл жан кіріп.
Ортаның өскен бедері толып шалқысын,
Жаңаша туған сәнімен келсін ән кіріп.
Талас-тартыс, өшпенділік өршімей,
Қар астында қалсыншы, шіркін, мәңгілік!