Көрнекті жазушы, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханұлының жүрегі тоқтағалы жыл толыпты. Жадымызда жатталып қалған асыл ағаның аяулы бейнесі турасында аз сөз айтуды жөн санадық.
Берік Шаханұлының есімін ерекшелігіне қарап айтқанда, қазақтың қара сөзінің қатардағы жауынгері еді. Арғы тегінен таратсақ, ата-бабасы сөз ұстаған шешен, көшелі кісілер. Қырық бірінші жылдың түлегі Берік Шаханұлы соғыстан кейінгі жылдардағы сұрқай тіршілікте, жоқшылықта ата-әжесінің тәрбиесінде бауырмалдықты жүрегімен сезініп, көзімен көріп өсті. Майданнан кейінгі тұрмысы төмен ауылда тек Бекеңнің үйінде ғана екі түйе болады. Атасы мен әжесі мәпелеп күтетін түйелерді өздері сауып, күнделікті кезекке тұратын ауыл жұртына үлестіреді. Қысы-жазы осы көрініс. Берік аға бірде “мені жазушы қылған еңбекқорлығым, талантым емес, осы мейірімді көріп өскенім шығар” дегені бар.
Жүз жасаған әкесі Шахан Серәлі мен анасы Хадишаның шаңырағындағы Бекең тоғызыншы бала. Бекеңе дейінгі сегіз бала шетінеп кеткен не өсе келе ауырып, қапияда көз жұмған. Содан кейінгі тоғызыншы баланың атын ырымдап Берік деп қойып, төбесінен құс ұшырмайды. Ата-анасы “тек тірі болса екен” деп жатса-тұрса тілеуін тілейді. Бетінен қақпаған бала тік мінезді,тентек өседі.
Дегенмен қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен бала кітапты жанындай жақсы көрді. Кітап қат заманда ақылы дархан да дария данагөй қариялардан зердесіне таным түйген ол қисса, дастандарды іздеп жүріп оқиды. Соның арқасында әдебиет әлеміне бойлап, тағылым жинайды.Ұлты кие тұтқан, атасы ие болған қасиетті қастерлеу кітапқа құштар баланың бойына осылай сіңе берді.
Берік Шаханұлы Жамбыл облысы, Сарысу ауданының ең бір қасиетті жері, қастерлі мекені, құнарлы топырағы – Жайылма ауылының тумасы. Тумысында туған ауылына бүйрегі бұрып тұратын ағамыздың қаламынан туған шығармалардың тақырыбы – ел мен жер тынысы, қарт Қаратаудың табиғаты, қарапайым адамдар тіршілігі.
Алғаш мектеп қабырғасында өлең шығарады. Кейін келе әңгіме жазып, оқып, іздене бастайды. Мектепті тәмамдаған соң, сол кездегі журналист болатын жастарға қойылған талап бойынша екі жыл қой бағып барып, Алмтыға жол тартады. Арман-аңсар ақыры ҚазҰУ-дың филология факультетінің журналистика бөліміне алып келеді. Бірінші курстың ұяң студенті бұған дейін жазғандарын сұрыптап, имене басып, “Ақ теке” атты балаларға арналған әңгімесін “Балдырған журналына алып барады. Алдынан шыққан классик жазушы Бердібек Соқпақпаев туындысын оқып шығып, мақтап, батасын беріп, алғашқы әңгімесін 1962 жылы “Балдырған” журналына басады.
Жас қаламгер қанаттанады. Ұрыста тұрыс жоқ. Және бір “Менің ағам” атты әңгімесін алып, бұл кезде Жазушылар Одағының проза секциясына кеңесші қызметіне ауысып кеткен жазушы Бердібек Соқпақпаев ағасына тағы келеді. “Ағасы” бірден танып, кезекті алып келген әңгімесін жедел оқып, әдеттегідей жас қаламгердің шырайын шығара түседі де, дереу сол кездегі “Лениншіл жас” газеті әдебиет бөлімінің меңгерушісі, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевқа телефон соғады. “Жас классик” Берік Шаханұлының әңгімесіне аннотация жазып жіберетіндігін, туындысын газетке басу қажеттігін айтады. Сөйтіп, 1963 жылы екінші курс студентінің қазіргі “Жас алаш” газетіне “Менің ағам” атты әңгімесі жазушы Бердібек Соқпақпаевтың алғы сөзімен жарияланады. Бұл “жас классиктің” әдебиетте жарқ етіп көрініп, прозаға түбегейлі бет бұруына жолдама берген оқиға еді. Сонау қарт Қаратаудың бауырынан келген бұла жастың жолын ашып, томағасын сыпырған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Бердібек Соқпақпаев пен Әбіш Кекілбаевтар еді.
Бұдан кейін өндіре жазып, өнімді еңбек еткен жас қаламгердің бет алысын байқап жүрген тағы бір жас таланттарға қамқор аға, көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза “Ғашықтың тілі” атты тұңғыш әңгімелер жинағын өзі сұратып алдырып, 1973 жылы баспадан шығарып береді. Әдебиетке имене келген әдепті, мәдениетті, ізетті мінезімен сүйкімді Берік Шаханұлына ағалары бірінен соң бірі ерекше ілипат, ыстық ықылас білдірген. Соның бірі де бірегейі – жас талант шығармаларының әдеби басылымдарда жиі жарық көруіне, әдеби ортада танылуына ықпал еткен тұлға, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин. Берік Шаханұлының төрт түліктің төресі – жылқы малы туарсында жазған “Жалғыз қазық” әңгімесін оқыған Мұхтар Мағауин: “Берік Шаханұлы қысқа әңгімелердің шебері” – деп, кезінде жоғары бағасын берген. Ал көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков Жазушылар одағының кезекті бір жиналысында Берік Шаханұлының шығармашылығы турасында жарты сағат жылы пікір білдіргені мерейін өсірген, құлашын кеңге серпілткен.
Қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай өкілдері hәм аттарынан ат үркетін ағалардың алқауында Берік Шаханұлының “Ақ иірім” (1979), “Қаратаудың самалы” (1984), “Ночь в горах” (орыс тілінде, 1987), “Көрген түстей дүние” (1989), “Құса” (1992) атты кітаптары жарық көрді. Қысқа қайырғанда, жазушы өзі куә болған оқиғалармен біте қайнасқан жаңа уақытты кең тыныспен, кемел оймен өрнектеді. Бекеңнің шығармалары қазақтың ішкі жан дүниесін айқара ашып, көркем тілмен кестелеген.
Берік Шаханұлы кенже қалған аударма саласында бағын сынап көрген жазушы. Әзірбайжан жазушысы Анардың “Ақ жағалау” атты повесі мен әңгімелер жинағын, Нивхы жазушысы В.Сангидің “Қайырлы маусым” романы мен бір топ әңгімелерін қазақ тілінде сөйлеткен. Әзірбайжан Республикасының құрмет «Алтын кітабына» есімі жазылған жазушымен достығы турасында Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы, халық жазушысы Анар былай дейді:«Бірнеше жыл бұрын біз Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығында Берік Шаханұлымен кездестік, бұл таныстық достыққа ұласты. Берік Шаханұлы мен оның отбасы Әзірбайжан әдебиетін өте жақсы білді. Берік Шаханұлының Әзірбайжан тіліндегі кітаптарын да біздің оқырмандар жылы қабылдады».
Көзі тірісінде Әзірбайжан бауырлармен осылайша туысындай араласып кеткен Бекеңнің “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” ұстанымына берік болғанын көреміз. Тағы бір бауыры, Әзірбайжан Жазушылар одағының “Жұлдыз” журналының бас редакторы, жазушы Эльчин Гусейнбейли: «Берік Шаханұлы өз шығармаларында қазақ қоғамын, адамдардың ой-өрісін, олардың өмірін суреттейді. Менің ойымша, оның туындылары әзірбайжан оқырмандары үшін де қызықты», – деген ақжарма пікірін білдірген.
Берік Шаханұлы елдің қоғамдық-саяси өміріне де кезінде үн қатып отырғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Саяси күрескер Хасен Қожа-Ахметтің қасынан табылып, талай ұлттың ұпайын түгелдеуде өз үлесін қосқан. Бұл жазушымын деп «қатып қалмай», бір кезде қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, көзге ұрған кемшілікке немкетті қарай алмағандығының көрінісі іспетті. Әлбетте, мұның бәрі суреткер белсенділігімен қоғамдағы қозғаушы күш – «генераторлығынан» хабар береді.
Қаламгер өзінің жеке дара ойы, арқасы бар, сәл бөлектеу жаратылыс. Классигі де, қарапайымы да әрқайсысы өз ыңғайында ғана жүреді. Дейтұрғанмен жүректерінде халыққа, ұлтқа деген махаббат ерекше. Елдік мәселеде бірінші ақын-жазушылар бірігіп кетеді. Талант ұлттың жаны мен сезімінен жаралған. Сол себепті бұл қасиет басқадан гөрі жазушылар мен ақындарда басым. Берік Шаханұлының студент кезінде әлемге танымал, үлкен жазушы Әнуар Әлімжанов Жазушылар Одағының төрағасы ретінде өте белсенді қызмет атқарады. Алайда, “Әнуарды тұлға емес, көкесіндей жазушылар жүргенде бұл кім?” – деген жазушылардың үлкен жиналысындағы сөздерге қабырғасы қайысады. Сол кезде талантты ақын Олжас Сүлейменовтың мына сөзіне дән разы болады: «Оу, ағайындар-ау, сіздер Жазушылар Одағына тұлға іздестір десе, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерді ғана айтатындарыңыз не? Олар енді одақты өмір бойы басқара алмайды ғой. Біреуі де арамызда жоқ. Жастардан да шығу керек, жастар да ертең сондай алып тұлға болу керек. Неге Әнуарды олармен салыстырасыздар?». Әділ сөз. Мұндай пендешілік әрі табиғи заңдылыққа қызмет барысында жүріп Бекең талай куә болған.
Берік Шаханұлы жоғарыда айтып кеткендей, ата-әжесінен, ата-анасынан көріп өскен тәрбиесін балаларына дарыта білді. Алғаш Алматыға келгенде әдебиетттегі жолын ашып, батасын берген классик жазушы Бердібек Соқпақпаевқа аса разылық ілтипаты ретінде үлкен ұлының атын Бердібек қоюы Бекеңнің шынайы тазалығының және бір көрінісі іспетті. Бекең өмірінде дүние жимаған, көлік мінбеген адам. Алланың қалауымен бұйырған су жаңа жеңіл көлігін де сол мезетінде сатып, ақшасын ұл демей, қыз демей төрт баласына теңдей бөліп бергені кісі қызығатын бөлек әңгіменің арнасы. Ал жазушының жары Дәріжан Базарбайқызының да өмірден көргені көп, түйгені мол жан еді. Талантты журналист Гүлнұр Омарханқызы екеуінің қазақтың марқасқа суреткерлері Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов сынды біртуар тұлғалардың шешелері туралы жасаған сұхбаттары – ұлтты тәрбиелеген аналарымыздың тағылымды, қайталанбас портреттері болып қалды.
Берік Шаханұлы бала кезінде туған жерінде неше түрлі халық әндерін естіп, бойына сіңіріп өсті. Сол әндерді тек өз ауылының қариялары ғана айтатын. Бұл әндерді аталары өздері шығарды ма? Әлде олардың алдындағы ата-ағаларынан жетті ме? Бұл сауалдарға Бекең жауап таба алмай кетті. Дәтке қуаты, бұрнағы ешкім естімеген осы әндерді зерек Бекең құлағына құйып алған, өз даусымен сызылта орындап, таспаға жазып қалдырған. Әсіресе, Бекеңнің бойтұмары «Аюгай» әнін ерекше тебіреніп, толқып орындауыш еді. Және бір тек ауылдағы аталарынан ғана үйренген, ешкімнен, еш жерден естімеген “Абайкөк” әнінің табиғаты – елдің-жұрттың тынысын, тағдырын, қала берді қазақтың жалпы болмысын сипаттайтын ән. Басынан неше түрлі қасіретті өткізсе де, қажымаған, тауы шағылып, тауаны қайтпаған, Құдайдан күдерін үзбеген, төзіммен, шыдаммен қараған еңбекқор халықтың шын жүрегінен шыққан ән. Көмейі ата-бабасынан жеткен көне әнге толған, өзіндік асқақ үнді жазушы Берік Шаханұлының туындыларын оқи отырып, артына өткеннің асыл мұрасын қалдырғанын байқайсыз.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН