1993 жылдың 12 қарашасында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, 15 қарашада төл теңгеміз айналымға енгізілді. Ал, жаңа Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім 1992 жылы қабылданып, жоғары дәрежелі мамандардан құралған арнайы комиссия жаңа валютаны әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен. Ел тарихындағы ерекше жаңалық – ұлттық валюта кескінін дайындау жұмыстары тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласында аса құпия жағдайда жүргізілді. Жалпы бұл оқиға туралы комиссия мүшелерінен басқа биліктегі санаулы шенеунік қана хабардар еді.
Алғаш Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі құрылып жатқан тұста банк төрағасына Тимур Сүлейменов пен Хайрулла Ғабжалилов екеуі «біз болашақ жарыққа шығатын ақшамыздың дизайынын жасап жатырмыз» деген идеямен кіреді. Ұлттық банктың құрылым жұмысымен басы қатып жатқан төраға бұл ұсынысты жақсы қабылдап, құптаған соң, ұлттық валюта эскизін жасауға төрт адамнан құралған топ іске кіріседі. Алайда Англияда нақты іске кірісетін уақытта бір суретшінің ескі ауыры шығып, ол комиссия құрамында жұмыс істей алмайды. Ал Тимур Сүлейменов 1990-1995 жылдар арасында Жоғарғы кеңес депутаты болғандықтан, ол депутаттығын сурет салуға айырбастамай, өз жұмысында қалуға мәжбүр болады. Сонымен Ұлттық банкімен келісім-шартқа отырған Қазақстан дизайын орталығының бас директоры Хайрулла Ғабжалилов пен Меңдібай Алин екеуі ғана қалып, жұмысты ары қарай жалғастырады.
Иә, төл теңгеміз қазаққа тәуелсіздік әкелді. Тәуелсіздігімізді алған кезімізде Ресейдің кейбір саясаткерлері Қазақстанды барынша рублдік аймақтан шығарып тастауға әрекеттенді. Соның салдарынан Қазақстан өз ақшасын шығарғанша Ресейдің 1 рублін 65% пайызбен сатып алуға тура келді. Мұндай экономикалық жағынан өте тиімсіз жағдайды көп уақыт созуға мүкін емес еді. Сол кездегі инфляцияға ұшырап жатқан тұста Ресейден 1 триллион ақша алып келетін болса, оның 650 миллиардын Қазақстаннан кетіп жатқан қазба байлық есебінен алып қалып отырды. Сондықтан Елбасы шұғыл түрде өз ақшамызды шығаруға тапсырма берді. Англия алты жылда фунтстерлингін жасаса, немістер маркасын екі жылда жасаса, біздің жеті банкнотымыз өте жоғары сапамен шебер ұйымдастырумен, үлкен еңбектің нәтижесінде бар-жоғы алты ай көлемінде басылып, Қазақстанға жеткізілді. Төл теңгеміз сапасы мен дизайыны жағынан әлемдік деңгейде бірінші ондықтың ішіне кірді. Англияның королевасы Харрисон және оның ұлдары деген фирмасының «Алтын белгісі» беріліп, марапатталды.
Өкінішке қарай тиынымызды шығаруға Хайрулладай ұйымдастыратын адамның жоқтығанан тиынның шығуы төрт жылға созылып, амалсыздан қағаз тиын шығаруға мәжбүрлік туындағанын бүгін біреу білсе, біреу білмес. Сонымен теңгемізді тез шығарудың арқасында мемлекетімізге жүздеген триллион ақша үнемделіп, пайда келтіргенін де қазірде оны еске алып жатқан адам жоқ. Осылайша өмірге келген төл теңгеміздің жарыққа шығуына бірден-бір ұйытқы болған мамандардың бірі – сан қырлы азамат Хайрулла Ғабжалилов туралы үзік ой айтуды парыз санадық.
Бұлқынып жатқан сыр, әр адамның ішкі жан-дүниесіндегі әлдебір рухани аңсар, ұмтылыс, жарқын әлемге деген құштарлық болса керек. Ол–рухани аңсар, ол–құштарлық адам болмысының туған жерге, өз ұлтына, өскен ортасына деген шексіз сүйіспеншілігі мен сарқылмас сағынышы. Өмір өнегесі адамның жүрген жолы, сіңірген еңбегі, арқалаған аманатымен өлшенсе, сол өмірді жасаушы хас суреткер, тылсым дүниеден сыр аңдаған, елдің ертеңін ойлаған азаматтар екені сөзсіз. Бұл ретте бүгінде «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығының президенті, суретші, сәулетші, тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, қазақтың алғашқы төл ұлттық валютасы – теңгенің авторы Хайрулла Ғабжалилов ағамыз сол санаттан көрінетін азамат.
Тамырын тереңге жайған бәйтеректей талайға сая бола білген Қазақ заң Академиясының құрметті профессоры, Д.Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Франциядағы Халықаралық Конкорг академиясының академигі, Ақтөбе облысы Алға ауданының құрметті азаматы, Алматы облысы Қапшағай қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Хайрулла Мағауияұлы шын мәнінде сан қырлы талант иесі.
Хайрулла ағамыздың елге сіңірген еңбегін айтқанда, тәуелсіздігімізді алған тоқсаныншы жылдары ел экономикасына ауыртпалық түсірмей аз уақыттың ішінде, яғни жылдар қажет ететін істі алты-жеті айдың ішінде бітіріп, қазақтың алғашқы төл ұлттық валютасы – теңгені жарыққа шығарғаны үлкен абыройлы еңбек екенін бүгін атап айтуымыз керек. Себебі, теңгенің шығуымен Қазақстанның тәуелсіздігі нығая түсті. Сол кездері ел дінге енді бет бұра бастағанда ағамыз Исламтану институты мен Ақтөбе облысы мен Алматы облысынан зәулім екі мешітті өз қаражатына тұрғызды. Бүгінде өзі басқарып отырған «Алаш» тарихи зерттеулер орталығы жүзге тарта тарихи танымдық кітаптар шығарды. Ағамыз Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақ тарихын таразылап, алғашқы баяндама жасаған қазақ. Және ЮНЕСКО-да арнайы конференция ұйымдастырып, Атиллаға ескеткіш орнатып, Гете медалімен марапатталғаны да бөлек әңгіменің жүгі.
Хайрекең Самарқанд Мемлекеттік сәулет-құрылыс институтының түлегі, яғни Тәшкен көрген қазақ. Ал кандидаттық диссертациясын қорғаған жылдардан кейінгі уақыт оны бір емес, бірнеше қырынан танытты. Ғылым ордасында – ғұлама, студент аудиториясында – ұстаз, қоғамда – қайырымы мен қайраты мол қайраткер.
Жоғарыда айтқандай, алғашқы қазақтың Ұлттық валютасы – теңгенің авторларының бірі ғана емес, оны жарыққа шығаруды ұйымдастырушы да бола білді. Өзінің маңдай терімен тапқан қаржысымен еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, баянды етуге белсенді үлесін қосып жүрген азамат. Тәуелсіз еліміздің одан әрі нығая түсуі үшін, халықтың рухани-мәдени әлеуетін көтеру мақсатында, 2003 жылы өз қаржысымен «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығын құрды. Қазақ халқының шынайы тарихын зерттеу мақсатында алғаш оны құрайтын ру тайпалар тарихынан бастап жүздеген ғылыми зерттеу негізінде кітаптар жазылды. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының тұсаукесеріндегі Елбасының батасында «Орталық ұлттың қалыптасуына зор рөл атқаратын болады» делінген еді. Иә, Хайрекең осы орталық жүзеге асырып отырған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты жоба идеясының авторы әрі оны қаржыландырушы ретінде қазақ халқының көп томдық, ғылыми негізделген шынайы тарихын жазуды жүзеге асырған ғалым.
Ол «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығының жаршысы «Алаш» тарихи-этнологиялық журналының Бас редакторы, «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығының президенті, 20-дан аса монография мен 100-ден аса ғылыми және қоғамдық сипаттағы мақалалардың авторы. «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығы жүзеге асырып отырған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты жоба идеясының авторы әрі оны қаржыландырушы ретінде қазақ халқының көп томдық, ғылыми негізделген шынайы тарихын жазуды жүзеге асыруда. «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығы қазақ халқын құраған қырықтан аса тайпалардың тарихын зерттеу мақсатында қазіргі таңда Телеу, Жалайыр, Арғын, Найман, Дулат, Тама, Табын, Кердері, Керейіт, Рамадан, Жағалбайлы тайпаларының ғылыми тарихын жазып, Қазақ халқының өзіндік ерекшелігі болып табылатын ру-тайпалық құрылымын ғылыми тұрғыдан зерттеу ісін алғаш рет жүзеге асырды. Ұлы жүзді құрайтын: Сарыүйсін, Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Шанышқылы, Қаңлы, Жалайыр, Сіргелі, Бестаңбалы; Орта жүзді құрайтын Найман, Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей; Кіші жүзді құрайтын Жетіру, Әлімұлы, Байұлы руларының ежелгі дәуірлерден бастап, ХХ ғасырдың басына дейінгі ғылыми тарихын жеке-жеке зерттеу ұлттық тарихымыздың этникалық негіздегі шынайы тарихын жазуға мүмкіндік жасап отыр. Қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың басқа да түбі бір түркі халықтарының құрамында кездесуі аталмыш ғылыми жобаның түркі халықтарының тарихи бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттауы мен қазақ халқының шығу тегін ғылыми тұрғыдан тануына жол ашып отырған «Алаш тарихи-зерттеу орталығы» 2007 жылғы «Президент және халық газеті» мен «Жыл таңдауы» агенттігінің сараптамасы бойынша «Үздік ғылыми зерттеу орталығы» номинациясының иегері атанды.
Иә, Хайрекең қолға алған ісін аяғына дейін жеткізетін азамат. Елге, ұлтқа аса қажетті деген түрлі салалардағы жобалармен айналысты. Архитектор ретінде де Алматыда көптеген ғимараттарды салды. Кеңес өкіметінің маңызды обьектісі болған Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының құрылысын бастан аяқ жүргізді.
Хайрулла Мағауияұлы қоғамның күрделі мәселелеріне белсене араласып, оның түйінді мәселелерін шешуге ат салысып келеді. Өз отанына шет елдерден оралып жатқан көптеген қандас бауырларымызға, соның ішінде көп балалы отбасылары үшін тұрғын үйлер салып, тегін таратты. Ғылым мен білімге ұмтылған жастардың жоғарғы оқу орындарына түсіп, білім алуларына жағдай жасап, көмектесіп отырды. Сонымен қатар, қоғамның әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына әртүрлі көмектерді тұрақты түрде көрсетіп келеді.
Хайрекең бүгінгі жастарды тәуелсіз қазақ мемлекетінің иесі екендерін әрқашанда еске сақтап, халқыңның салт-дәстүрін, тарихын біліп, тәрбиелі, имандылық пен білімді терең бойына сіңіріп, ұлтына біліктілікпен қызмет етуіне үндеп отырады. Осылайша жас ұрпақ пен отандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосып жүрген азамат.
Хайрулла Ғабжалилов талмай іздену арқылы өзіне тән өмір арнасын тауып, Қазақстанның болашағы үшін шабыттана еңбек етіп, өзінің маңдай терімен ел тәуелсіздігін нығайтуға үлесін қосып келеді. Ол өзі жасаған ұлттық валюта – теңгенің жарыққа шығуымен әлемге аты шықты. Алғашқы теңгелердің дизайнында Шығыстың ұлы ғұламасы, әлемнің «Екінші ұстазы» атанған Әл-Фараби бейнесінің орын алуы күллі мұсылман дүниесінің орны мен беделін асқақтата түсті. Мұндай тарихи маңызы бар іске өз үлесін қосқан азаматтың өнегесі құптауға тұрарлық.
«Қазақ, меніңше, өзіне ғана тән табиғаты, тілі, діні, салт – дәстүрі, әдет – ғұрпы бар, болмысы бөлек ерекше жаратылған ел екендігін мақтанышпен айту керек. Біздің ұлтымыз аталы сөзге тоқтаған, барын бардай, жоғын жоқтай айта білген. Ұлын нарға, қызын арға балаған. Елімізден құт – береке қашпасын деп, жердің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан ел. Ешбір дұшпан басынбаған, достықты сақтай білген, дәм тұзды ақтай білген, басынан сөз асырмаған, үйіне құлып салмаған, кең – пейілді жомарт, дос көңілді даласындай дарқан. Баршаның баласын бауырына басып, кеудесінен итермей маңдайынан шертпей отырған халық. Ол бәрінің басын біріктіруші негізгі омыртқалы – ұлт. Қазақ халқы өзгеге ешқашан өктемдік көрсетпеген. Қазір жадымыз жаңғырып, санамыз сілкінді емес пе?! Олай болса, ақиқат анық, қазақ данышпан халық дейді» – дейді Хайрулла Ғабжалилов.
Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қызырлы мекеніне айналған Ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ шығар. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешудеміз. Біз бүгінде тәуелсіздіктің арқасында — тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас халыққа айналдық. Тірлігі — жарасқан, бірлігі — бақ ашқан елміз.Бұл ретте Хайрулла Мағауияұлы сынды азаматтар қазақ елінің атын төрткүл дүниеге таратып, көк байрағын биікке желбірете берері анық.
Жоғарыда айтып кеткендей, елге сіңірген ұшан-теңіз еңбегі үшін Хайролла ағамызға бар жақсылықты тілеп, зор денсаулық, ғибратты ғұмыр, өмірдің шапағаты мен шуағына кенелеле беруіне тілектестік білдіреміз!
Өзін білген адамдарға қадыр-қасиетін өтінбей өткізе алатын жандар болады. Олар қашанда ел алдында елеулі, ал еңбекте енжар емес. Сондай салиқалы жандардың бірі – Хайрекең өмірдің асау ағынымен өрге ұмтылған дарын иесі, талмай іздену арқылы өзіне тән өмір арнасын тапқан болатын.
Хайрулла Ғабжалилов өзінен бұрын өзгені ойлауға өжеттігі жететін нағыз азамат дейді тұстастары. Бұл меғдарға келгенде о баста уытты, отты жаратылған жанның биік мұратын көресің. Ендеше, үлкен дарын иесі Хайрулла Мағауияұлының ақ адал еңбегі мен айшықты ізі ауыздан ауызға ауысып, қағаздан қағазға көшірілері анық.
Болатбек Төлепберген