Киесіз ел, иесіз жер болмайды демекші, қазақ халқының тарихында соңына өшпес із қалдырған Қорқыт Ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура әулие, Бекет әулие, Домалақ ана, Бегім ана, Айша бибі сияқты небір тарихи тұлғалар мен әулиелер аз болмаған. Солардың бірі жіне бірегейі – Қарабура әулие. Қарабура әулие мемлекет қайраткері, ірі діни уағызшы, атақты әулие және шипагер еиші болған. Қарабура әулиенің негізгі тегі – Тама. Таратып айтар болсақ Тамадан – Кәуіс, Кәпия (ұрпақ жоқ), Баян (қыз), Тана. Кәуістен – Борнақ, Ақыл, Құлай. Борнақтан – Әбді, одан Қарабура, Төрехан әулие.

Қарабура 1104 жылы Нұр ата өңіріндегі Қызылша деген жерде дүниеге келген (Ж.Мұратбаев жазған дерек бойынша). Атақты Қожа Ахметтің замандасы. Ел аузындағы деректер бойынша Қарабура Арыстан бабтың дарынды шәкірттерінің бірі болған. Одан кейін Қожа Ахметпен бірге Бұхарадағы атақты ғұлама Жүсіп Хамаданидың діни медресесін бітіргеннен кейін Қарабураны ел басқару ісіне үйрету мақсатында әкесі шақырып алады. Әкесі өлгеннен кейін ол Боғыра хандығының тағына отырады. Бірде ол тақтың үстінде Аллаға құлшылық етіп отырғанда үйдің төбесінде адамның жүргенін байқап: «Үйдің төбесінде не істеп жүрсін?» деп сұраса төбедегі дауыс: «Түйе іздеп жүрмін» дейді. «Үйдің төбесінен түйе іздей ме?» десе, төбедегі: «Сенің тақтың үстінде тойып алып Алланы іздегенің үйдің төбесінен түйе іздегеннен де есуастық. Егер Алланы шын іздесең, Қарабураға мініп, Алла жолына түс, мақсатыңа жетесің», – деп ғайып болады. Қарабура содан кейін сопылық жолды таңдаған. Қожа Ахмет Яссауи сияқты сопылық ағымды дамытуда көп еңбек сіңірген. Ол кісінің дүниетанымы мен өмірлік философиясы Қожа Ахмет Яссауимен үндес болып, олар бірін-бірі қолдап отырған, құрметтеген. Сондықтан болар қайтыс болар алдында жаназасын шығаруды Қарабура әулиеге сеніп өсиеттейді.

Бұл туралы белгілі қаламгер Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі Жұбатқан Мұратбаев «Қазақ елі» газетінде (25 қазан, 1996 ж. №43) жарияланған. «Тәуке ханның бас әзіреті» деген еңбегінде былай деп жазады: «Мұхаммед пайғамбардан артық жасауды өзіне күнә есептеген Қожа Ахмет әулие 63 жасқа шыққанда пәни дүниенің тіршілігі мен жарығынан қол үзіп жердің астына түсіп, қылуетте жасайды. Алланың нұрлы сипатын дін Мұхаммед пайғамбардың пәк дидарын көруге ынтазар (ғашық) болып, шахадат-ибадат істеп, хикмет кітабын жазып жатқан Қожа Ахмет әулие көз жұмарында ғұламаларды, шәкірттерін қылуетке шақырып алып:

– Мен өлемін, жаназа намазымды қазақ халқының перзенті, тақаратсыз жер баспаған, үйіне, бала шағасының бір күнге жетер нәпахасынан артық ешнәрсе апармаған, бар өмірін мешітке арқалап отын тасумен өткерген Тама Бура баба шығарады», – деп тапсырады. «Мен сені ақыреттік дүниеге шығарып салармын, мені кім аттандырар екен?» деп көзі жасаураған Қарабура күбірлеген екен, жарықтық әулие.

Екінші бір аңыз-деректі Ыбырай Бекжігітов «Жас Қазақ» газетінде «Қожа Ахмет мүриттері» деген мақаласында былай ден келтіреді Хазірет өмірінің соңғы күндері жақындағанын біліп, туыстарын, қадірлейтін мүриттерін шақырып алып, былай депті: «Менің дүниеден озатын мезгілім жақындап келеді. Бұл фәниден мен тұрмақ «менмін» деген кісілер де өткен. Сондықтан ешкім қатты дауыстан жыламасын. Ол Аллаға күпірлік қылған болады. Алла құдіретімен өзі берген жанды өзі алады. Бұл бір тілегім». Екінші тілегім, менің жаназамды шығарам деп таласпаңдар. Менің жаназамды шығарушы адамның өзі келеді. Бір қара бура мінген жан шығыс беттен көрінер. Сол кісі мінген бура өзі келіп қай жерге шөксе, мені сол жерге жерлендер. Ал жаназам Алла бұйырғымен сол кісіге бұйырып тұр. Біреудің барып таза жерден таңдап қос уыс құм әкеліңдерші, -депті. Әкелген адам уысындағы құмды шұқыр етіп ішіне су құяды. «Құмды жерге қой» дейді. Жерге қойған құм ішіндегі суды төкпей құмды тазалаңдар депті. Кенет құм ішіндегі су шыныға айналып қалғанын көреді. Осы кереметке таң қалып тұрған сәтте жантайып жатқан Хазірет жан тапсырады.

Туыстары мен мүриттері бір-бірімен көрісіп, қазақы шығарып салу рәсіміне кіріседі. Сол сәтте күн шығыс беттен желдіртіп бір қара бура мінген адам көрінеді. Жұрт сол адамның бурасы шөккен жерді бағып, артынан еріпті. Бура Алла қалаған жерге шөгіп, әлгі кісі Хазіреттің жаназасын шығарады. Бұл Кіші жүз руынан шыққан, кезінде ислам дінін берік ұстанған Тама руының атасы Қарабура әулие еді («Жас Қазақ», 28 маусым 2000ж. №25). Осы екі әңгіменің өзі Қарабура әулиенің абыройын аспандатып тұрған жоқ па?

Қарабураның әулие атануы бір ғана қазақ елі емес, күллі түрік дүниесі мойындарлық рухани пір саналуы, атадан балаға осы уақытқа дейін жетуі. Оның үлкен құдырет иесі екені білдіреді.

Бақтияр Сманов өзінің «Қарабура әулие» деген еңбегінде Түркия Республикасында сапарда болып, ол елдің зиялылығы қоғамның төрағасы атақты ғалым, экономика ғылымның докторы, профессор Нефзат Ялшынтаспен кездесіп әңгіме үстінде қазақ топырағында жатқан барша иесі мұсылманның қауымының, қала берді бүкіл зиялы адам зат баласының өркендеп дамуына көрнекті орын алатын қастерлі тұлғалары бұл ұлы бабалырымыз Қорқыт Ата, Арыстан баб, Қож Ахмет, Яссауи, Ысқақ баба, Баба  Түкті Шашты, Әзіз, Қарабура секілді әулиелердің есімдерін атағанда ол орнынан тұрып қолымызды алып:

– Бұл айтқандарымыздың барлығы бүкіл түрік дүниесінің әулиелері біздің аруақтарымыз рухани байлықтарымыз емес пе, – деп құшақтасып ілтипат танытқаны бар дейді. Міне жоғарыда айтылған Қарабура Әулиенің бүкіл түрік дүниесін мойындаған деумізге бар дәлел осы еді.

Ал, енді Қарабура туралы аңыз болып кеткен әңгімелер көп. Оның бәрі бір мақала көлемінде симайды. Сондықтан тариқшы Сүлеймен Тәбріздің өзінің «Қарабура әулие зияраты» кітабында келтірілген әңгімелердің 1-2-не тоқталып өтеміз. Қарабура әулие бір заманда Ақтөбе жерінде Қандыағашта тұрыпты. Оның отырған қонысы, жайлауы, ішкен бұлағы, ат байлаған ағашы киелі болып есептеле берген. Екі адам жанын ортаға салып кінәласа қалса бірі тұрып: «Егер кінәң жоқ болса Қарабура әулиенің ағашына бір бұтақ кесіп көрші» дейді екен. Егер кінәлі адам ойланбастан Қарабура әулиенің ағашынан бір бұтақ кесіп алса одан қан шығады екен, қан шығуы кінәліліктің белгісі. Қандыағаш атауы сол Қарабура әулиеден қалғаны көрінеді. Бірде созақтың Алау деген кісінің бәйге атын қыр елінің бір жігіті ұрлап кетіпті, бір жылдан кейін атын мініп Созақ базарына келген жерде Алау өзінің атын таниды. Бірақ, атты ұрлаған жігіт «Ат өзімдікі, ұрлады деп жала жауып тұрсыңдар» дейді. Сонда Алау: «Егер ат менікі ұрламадым десең қарабура әулиенің шыбығын кесетін болсан, мен атты дауламадым»-депті. Қарабура әулиенің шыбығының құдіретінен бей хабар жігіт шыбықты кеседі де атына мініп кетеді. Жігіт біраз жерге барғанда ауыз-мұрнынан қан кетіп аттан жансыз құлайды. Сөйтіп әулиенің киесіне ұшырайды. Созақтың белгілі бір адамы кінәлі бір іс жасайды. Түсінде Қарабура әулиені көреді. Әулие оның берген сәлемін қабылдамайды, ызғарлы түрде «Жасаған қиянаты үшін өмірін қысқа болатын болды» дейді, осы түсінен қорыққан ол оның қабірін құшақтап ұзақ жалынып-жалбарынып жасаған кінәсін кешіруді сұрайды. Орнынан тұрып кетпекші болғанда қабірден шапанының етегі ажырамай қалды. «Менің күнәмді Қарабура әулие кешірмейді» – деп қорыққаннан сол жерде жан тапсырады. Келесі күні келген адамдар оның шананының етегі өзінің темір асасымен бірге шаншылып етегі қабірден ажырата алмаған күйі өліп қалғанын көреді.

Алладан перзент тілеп зарығып жүрген Қожанқұл деген кісінің түсіне Қарабура әулие еніп оған 4 асық береді. Қараса асығының біреуі мүжік екен. Асықты нестейін деп сұрамақшы болғанда Қарабура әулие «Асықтың мәнісін Шайхы Ахметтен сұрайсын» деп ғайып болады. Қожанқұл намазын оқып алып Шайхы Ахмет ишанның үйіне келеді. Ишан дарбазасының алдында біреу ескертіп қойғандай Қожанқұлды күтіп тұр екен. Қожамқұлдың айтпақшы болған ойын оның өзінен бұрын сезіп білген Шайхы Ахмет ишан көңілді кейіппен: «түсінде Қарабура баба 4 асық беріп оның жоруын білгенше асығып келдің бе дейді күлімсіреп… Қарабура әулие екеуміз сенің зарынды естіп алладан тілек тіледік. Осы тілегіміз қабыл болып алла саған 4 ұл берді. Оның біреуі кеміс болғанымен елге сыйлы адам болады. Осы хабарды саған жеткізуді Қарабура бабам маған тапсырды» деген екен.

Қожамқұлдың өзі де әулиелігі бар кісі екен. Бірде Қарнақтан шыққан бір ишанның көп олжамен қайтқанын біліп: «Ишанды елінде көп ауыртпалық күтіп тұр, алдындағы малдың бір бөлігін Қарабура әулиеге атасын, әйтпесе іс қиын» деп хабар береді. Сонда қарнақтық ишан: «Созақтың әулиесіне бергенше, Қаранақтың итіне берген жақсы» деп асылық сөйлейді. Келесі күні Қарнақтан шабарман келіп ишанның өлгенін, өлерінде малдың бір бөлігін Қарабураға атап кеткенін айтады. Асылық сөздің аяғы әулиенің киесі ұрып опат болғанын көреміз. Айта берсе әулие туралы әңгіме көп. Осы айтылғандардың өзі оның құдіретті әулие көріпкел болғандылығының айғағы екенін білеміз.

Қасиетті Қарабура әулиенің көп қырлы да, көп сырлы өмірінің бір үзігін әңгімеледік. Мақсат көпшілік оқырман қауымға таныстыруға талпыныс ғана.

Тама тайпасының кемеңгері болған Қарабура әулие Тама руының түпкі аталары және көріпкел тірі қиын қыстау кезінде қуат беретін әруақты ұран болған.

Бұл жөнінде Илья Жақанов Қарабура туралы эсесінде: «Таманың құдіретті ұраны Қарабура тек қана өз ұрпағы, не Жетіру ғана емес, жалпақ жатқан ер көңілді жауынгер жұрт кіші жүз баласы қаны қызып үн қосады» деп жазады. Ол тек әулие ғана емес, халықтың берекесі мен бірлігінің ұйтқысы, әрі батыры да болған. Халық жадында сақталған:

Әй, Ноғайлы, Ноғайлы,
Еділ мен Жайық тоғайлы.
Қарабура әз бура,
Қисық қылыш алмаса.
Ол атына қонбаса,
Кәуір дейтін доңызға.

Жер болуы қолайлы деген жыр жолдары елін қорғаған ер болғанын айғақтап тұрғандай. Ал, жазушы Әбіш Кекілбаев «Елдік пен Ерлік киесі» деген еңбегінде былай деп жазады: «Қарабура әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар қуат, шаманданғанда қайрат білдірер ұран, қалай болғанда бүгінгі қазақ ұлты болып ұйысуына ғасырлар бойы нақты үлес қосып келе жатқан нақты құбылыс». Оның халқымыз дамуының жаңа жолына түсіп күллі адамзатқа танылып, жаңа заманға көшіп жатқан тарихи кезеңде қайтадан ауызға алынып кеңінен ұлықталып жатуы да әбден заңды.

Жоғарыдағы үзінділерді келтіру себебім, Қарабура өз әулиенің тарихи тұлға екендігіне оқырманның көзін жеткізу. Өйткені, ел пір тұтқанәулиелердің ешкімге де бөтендігі жоқ. Өйткені ел тұтастығын қорғап, жанын пида қылған батырлары мен ел ұйтқысы, қысылған жерде медет тұтар пірі болған әулиелерді бір рудың адамы деп қарамаған, бөле-жара көрмеген, бөтен деп жат санамаған. Бүкіл қазақ бірдей көрген. Сондықтан мен ел тірегі, мақтанышы, елге, халқына қызмет еткен белгілі адамдарды басқа рулардың адамдары мен салыстыру, бақталастыру мақсатында емес, қайта:

Әссәлам, әруағы Қарабура,
Данышпан, даңқы дабыл дара Бура.
Ақ төсін ашқан тасыр ғасырларға,
Аламан алты алашқа аға бура, – деп Қарабура әз әулие алты алашқа бірдей болғанын паш ету. Пір тұтар әулиесі, мақтан тұтар баласы Төрехан әулие Шиелі ауданының төңірегінде жерленген, басына күмбезді белгі қойылған деген дерек бар (қараңыз: Р.М.Мұстафина «Представления культи, обряды у казахов» Алматы, 1992 г.88 бет).

2005 жылы Қарабура әулиенің жүз өсиет сөзі мен Бегім ананың әкесін жоқтауы Қытайдан табылғаны осы жылы оған арнап берілген ас үстінде жария етілді. Бабамыз туралы мұндай тың деректердің уақыт өткен сайын тарих қойнауынан аршыла беретініне, сүйеніп көне тарихтың бізге парақтары  ашылатын күнде туарына сеніммен қарауға болады.

Қарабура туралы сөзді осымен аяқтай отырып, оның түркі тектес халықтардың көрнекті тұлғасы, мемлекет қайраткері, Орта Азия ислам дінінің орнығуына елеулі үлес қосқан әрі құдіретті әулие болғандығына күні бүгінге дейін Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Баба Түкіті Шашты Әзіз әулиелер қатарында Қарабураны да әулие ретінде пір тұтады, ақын Жарылқасын Боранбаев жырлағандай:

Бура мініп, шаңға көмген байқайды,
Елін қорғап, талай салған атойды.
Осы адамды исі қазақ бүгінде
«Қарабура әулие» деп те атайды.

Сөз соңында айтарым, осы мақала Қарабура әулие туралы Әбіш Кекілбаев, Илья Жақанов, Сүлеймен Тәбірізұлы, Бақтияр Сманов және Жарылқасын Боранбаев еңбектерінің негізінде жазылғандығын оқырмандардың есіне сала кетуі автор парызым деп санайды.

Сейітбек Өтегенов (1934-2017),
“Тама батыр және оның ұрпақтары” кітабынан.