Жұма кім, қайдан шыққан батыр? Ол он жетінші ғасырдың аяқ шенінде (1670-1680 ж.ж.) Қарағанды облысының Құланөтпес өзенінің бір саласы Соналының жағасында туған. Ол – Әз Тәуке, Әбілқайыр, Абылай хандар тұсында өмір сүріп, қалмақтармен соғыстан ерен ерлік көрсеткен батыр. Әз Тәуке тұсында жекпе-жекте хиуалықтардың үш батырын бірдей жеңгені үшін сыйлық ретінде «Әндіген» деген ғажайып атты сыйға алған. Ел арасындағы шежіре бойынша ол Тама жұртының Төлеген атасынан шыққан.
Кітап авторы Жәкел Нұрлыбайұлы – осы Жұма батырдың тікелей ұрпағы. «Жұма батыр баһадүр» батырлар жыры дәстүрінде жазылған хикая. Өлеңмен батырдың жаумен шайқастары, басқадай ел ішіндегі әрекеттері кеңінен әңгімеленеді.

Әбіқұл Ибрагимов,
«Қазақ батырлары» газеті №5 (22) 2000 жыл.

КІРІСПЕ

Ойласаң өткен күнді айтады жыр,
Тыңдасаң естіледі бір терең сыр.
Ой өліп, өмір сөніп көп соғылған,
Суреті өткендердің алдымда тұр.

Толқыны бұл өмірдің талайды ұрған,
Көп жанды алдап соғып зарландырған.
Аяған дертті өмірдің пендесі жоқ,
Жас демей кәрі демей торын құрған,
Қазақтың Есім ханы болған кезде
Жау жорық жапан түзге толған кезде.
Иса БАЙЗАҚОВ

ТОЛҒАУ

Кешегі өткен заман, ғасырларда,
Қазаққа үстем болған жоңғар, қалмақ.
Еркежан Қыз Жібектей аруларды,
Қазақтан құда түсіп болды алмақ.
Қазаққа келген бұл бір нәбет.
Бола ма бұдан артық ауыр салмақ.
Берсе қолдан, бермесе тартып алып,
Көрсетті өктемдігін құба қалмақ.
Бірігіп жауға қарсы тұра алмаған,
Ер жаман айқай шықса бұға қалған.
Намыстың туын ұстап қан майданда,
Лайланды шын ақиқат небір тұнық.
Қанқұйлы кирдің басын алған Тұмар,
Қорғанын талқандаған, шебін бұзып.
Бейбарыс – еңіреген ердің ері,
Өмірі шежіреге толған қызық.
Ес жиып, етек жапқан мынау кезде,
Алған жөн шын ерлерді шаңнан сүзіп.
Баһадүр Жұма батыр – соның бірі,
Желкесін жауларының жүрген үзіп.
Елі үшін еңіреген ол да бір ер,
Қалуға хақысы жоқ болып ұмыт!

ЖҰМА БАТЫР БАҺАДҮР

Бисмилла сөз басы –
Әріден сөзді бастайын.
Ертеде өткен заманда,
Беймаза кезең жайлаған
Ой мен қырын, саласын,
Қазақтың байтақ даласын.
Бейбіт шақта халқымыз,
Атпен тартып желіні.
Шұбыртып құлын байлаған.
Ақ Жайық, Еділ жағасын,
Сарытау, Қазан арасын,
Қоныс етіп жайлаған.
Батысында жерімнің,
Жиырма бес ата рулы ел –
Он екі ата Байұлы,
Алты ата Әлім баласы,
Жетірумен жиырма бес,
Бекарыстан тараған.
Тама, Табын, Кердері,
Телеу, Керейт, Рамадан,
Жағалбайлы жетеуі.
Жетіру боп атанған,
Шежіреде жазылған,
Жыл санағы белгілі.
Бес ғасырдан бері қарай.
Тамадан сөзді бастадым.
Дәл сол кезде, сол тұста,
40 мың үй Тама болыпты
Еділдің бойын жайлаған.
Ашық болған аспаны
Астана Қазан қаласы.
Сексен алты мың төрт жүз
Ер Кеуісұлы Нәріктен
Жасы алпысқа жеткенде,
Шора батыр туыпты.
Барлық Тама бірігіп
Әлімхан атты Таманы
Өздеріне хан сайлап,
Хан боп тұрған Қазанда,
Хандардың ханы – Ханзада.
Шыңғыс ханның тұқымы
Сафагерей хандардан
Іргесін салған Әлімхан.
Әрегірек аулаққа.
Есім ердің ағасы,
Бірге туған өзімен,
Шағыстырған дұшпанның
Улы, зәрлі сөзімен,
Шұбар ат үшін Нәрікбай,
Тас-талқан боп бүлініп,
Өзінің туған елімен,
Қырық үйді ертіп соңына,
Түркіменге жол салған.
Одан туған жалғыз боп,
Шора батыр бір дастан,
Жазылған жыр боп бұрыннан.
«Қарабура» ұраны.
Таманың Әліп, Жөгісі –
Сол батырдан тараған.
Халқымның өткен тарихын,
Бабам Түсіп айтқанда,
Таңданатын сан адам.
Мың бір түннен кем емес.
Ғапылдық жасап өмірден
Әттеген-ай дегізіп,
Бармақты тістеп ғұсылмын.
Қадірін білмей қолда бар,
Інжу-маржан алтынның,
Қолға түспес асылдың,
Тереңде жатқан болаттың
Сынығын, халқым, ұсындым.

БАҺАДҮР

Жұма батыр баһадүр
Соғысынан бастайық,
Он сегізінші ғасырда,
Қазақтың байтақ даласын
Тұтас жаулап алам деп,
Қалмақтар ашқан соғысты.
Қазақ халқы басынан,
Небір зұлмат өткерген.
Найза ұстаған жауынгер,
Өмірі өткен соғыспен.
Жібермеген намысты,
Ұлтарақтай жер үшін,
Жандасқан қазақ баласы.
Соның бірі Жұма еді,
Қанын төккен елі үшін
Сол бір тұста, дәуірде,
Қарсы шықты бірігіп,
Жоңғар, қалмақ жауына.
Қаратаудың жерінен,
Түркістанды қоршаған
Сыбан ханды талқандап
Ел ішінен шығарған.
Тәуке ханның тұсында
Ерлігін елден асырған,
Менмін деген батырлар,
Аяғына бас ұрған.
Ерлігін көріп Тәуке хан,
Жиынында құрылтай
«Баһадүр» деп ат берген.
Жұма батыр – жас батыр,
Қазақтан шыққан қас батыр.
Жеті ата арасы.
Атағы шыққан алашқа
Нәрікұлы Шорадан.
Шора батыр бабасы,
Жұма батыр баһадүр
Екеуінің арасы.
Екі жүздей жыл бопты,
Шежіресін қараңыз.
Жұма батыр ер еді,
Отанын жаудан қорғаған.
Елі менен жері үшін,
Бар өмірін арнаған.
Кескілескен ұрыспен,
Қырғын соғыс, айқаспен,
Тізе қосып ерлермен
Жүрек жұтқан жанкетті,
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қалың жұртты меңгерген.
Жаудың бетін қайырған.
Оңтүстік пен Солтүстік,
Батыс, Шығыс арасын,
Қазақтың байтақ даласын,
Шегірткедей қаптаған
Жоңғар менен қалмақты,
Зеңбірексіз, мылтықсыз,
Алмас қылыш, алдаспан,
Найза ұшымен шеттетіп,
Қуып шығып жауларын,
Қазақтың жерін кеңейткен.
Соның бірі – ер Жұма,
Ғажайып ерлік иесі.
Соңынан ерген ұрпағы,
Әруағын тәу еткен.
Батырдың ісі өлген жоқ.
Жалғанған алға дәстүрі
Ілесе шықты соңынан
Кенесары тұсында
Танаш батыр, Ер Нұраба
Арап батыр, ер Орал,
Тойғұлы батыр, ер Құрман.
Көпті көрген көнекөз,
Ақсақалдар бас қосса,
Ерлігін айтып тамсанған.
Жұма батыр есімі,
Қанша ғасыр өтсе де
Ел есінде сақталған.
Болат қылыш секілді
Қын түбінде жатпаған.
Қазіргімен санаса
Үш ғасырдан асыпты.
Әруағы батырдың
Егеменді елімен,
Қасиетті жерімен,
Өсіп-өнген жұртымен,
Азаттық алған ұлтымен
Жаратқан ием жар болып,
Енді мәңгі табысты.

СЫБАН ХАН

Қалмақтың ханы Сыбан-ды,
Зәрін төккен жылан-ды.
Орындатып жарлығын,
Екі еткізбей барлығын,
Ойлады үстем болуды,
Жалпақ жатқан қазаққа.
Қан жылатып халықты,
Бейбіт елді бодан қып,
Халықтарын құл етіп,
Жерін тартып алам деп,
Ежен ханын Қытайдың,
Арқа тұтып өзіне,
Алданып айтқан сөзіне.
Кеудесіне нан пісіп,
Бастады қанды соғысты.
Салыстырса қазақтан,
Халқының саны көп еді.
Жоңғар, қалмақ тайпасы,
Айбаттанған кез еді.
Көрсетіп елге зорлықты,
Қатаң жарлық шығарды.
Салықтың саны көбейді
Салмағы оның тым ауыр,
Түтін басы, жан басы.
Төлейсің деп жоңғарға.
Жоңғардан ірі сол күнде,
Бұл алапта зор бар ма?
Бас көтертпес көп шығын.
Онысы аз болғандай,
Бұрын-соңды көрмеген
Саясат ұстай алдына,
Бастады елге соғысты.
Даланың үстін шаңдатып,
Бейбіт елді зарлатып,
Төрт түлік малын қаптатып,
Басып қонды төріме,
Елімнің үстін таптатып,
Қайтер екен дегендей,
Найзаға басын ілдірді.
***
Бұйрық етті Сыбан хан,
Шақырып алып қасына.
Атағы бар Таразан,
Дауыл батыр қолбасын.
Ортасына ордасы,
Нық бекініп қонған соң,
Айбатын елге көрсетіп,
Сұрқия жоспар көздеді.
***
Қаратауды айнала,
Батысы мен Шығысын,
Оңтүстік пен Солтүстік,
Бөген, Шаян, Отырар,
Мыңжылқының тұсына,
Суындықтың жолына,
Кәрі Созақ бойына,
Қарабура әулие,
Батырдың жатқан жеріне,
Қалың бұлттай қаптатып
Көп сарбазын төккен-ді.
Қарсы шығар күші жоқ,
Лажсыз халық көнген-ді.
Қала әкімі, ел биі,
Әбілхайыр – елбасы,
Жұма батыр – қолбасы,
Қол бастаған ерлерге,
Қазақтың барлық жеріне,
Ат шаптырып асығыс,
Асығыс хабар берген-ді.

СУЫҚ ХАБАР

Осынау суық-сұм хабар,
Жер-жерге суыт жеткен-ді.
Төлегенұлы ер Жұма,
Естіген соң хабарды,
Намыстанып, арланып,
Денесі от боп күйеді.
Мұздай темір құрсанып,
Болат сауыт киеді.
Жаратқан ием жар бол деп,
Қаһарына мінеді.
Басына ойран салмаққа.
Ермесе елі артынан,
Тігеді басын өлімге,
Аз сан қолмен бармаққа!
Болат сауыт үстінде,
Дулығасы жарқылдап,
Алдаспаны белінде.
Ныққа іліп садағын,
Найзасын ұстап қолына,
Айналасын шолады,
Әндіген тұлпар астында,
Түсі жаман тым суық,
Батырдың бар-ды жаршысы,
Кете жырау атанған.
Шақырып алып қасына
Жар салғызды халқына.

КЕТЕ ЖЫРАУ

Боз жорға атын ойнатып,
Жағалай топқа көз салып,
Кете жырау ақынның
Айтқан сөзі бұл еді:
– Ал, халайық, ел-жұртым,
Үлкен-кіші, жасың бар.
Топты бұзған, сарбазым,
Ел шетіне жау тиді,
Сынайтұғын күшіңді
Туып та тұр кез енді.
Түркістаннан батырға,
Суық хабар жетіпті.
Ел ішіне өтіпті,
Үйленбеген жас батыр –
Қаракерей Қабанбай
Хабарға өзі келіпті.
Қаптаған қалың сарбазбен,
Дауыл батыр, Сыбан хан,
Домалақ ана жатқан жер,
Бөген, Шаян, Шәуілдір,
Бәйдібектің еліне,
Қаратаудың жеріне
Көрсетіпті зорлықты.
Қатын, бала аңырап,
Естерінен таныпты.
Кімдер көрген бұл күнде,
Мұнан өткен қорлықты?!
Оған қосып тағы да,
Күнгей беті Қаратау,
Келіншек тауды айнала,
Тұсына кеп төніпті,
Мыңжылқының тұсына,
Қарабура әулие
Бабам жатқан Созақта
Көп әскерін төгіпті.
– Ау, халайық, тыңдаңыз!
Қазағымның баласы
Жаудан қорқып саспаған.
Жауды көрсе аттанған.
Қаһарман менің, халқым-ай!
Ел намысын қорғаған.
Күреске өзін арнаған.
Ерегіскен дұшпанның,
Шекарадан шеттетіп,
Қас ерліктің ғажайып,
Биігінен табылған.
Тағы да бүгін күн туды,
Сыналар шақшын туды.
Дауыл батыр, Сыбан хан,
Бастап кетті соғысты.
Ойланатын жерің жоқ,
Жауды жарға жықпасаң,
Кеудеңе кеп қадалар,
Жауыз атқан зәрлі оқ.
Алмастай мір сөзімен,
Жырау шешен төкпелеп,
Айтар ойын дестелеп,
Сөз тастады кестелеп.
– Үлкен-кіші, жасың бар,
Бүкіл қазақ бірігіп,
Байрақты туды алыңдар!
Алмас қылыш қолға алып,
Шын намысқа жаныңдар.
Атқа түгел қоныңдар!
Осында тұрған жиылып
Қарабура ұлдары,
Дауылпазды дүрлетіп
Дауылдатып соғыңдар.
Найза ұстаған баласы,
«Әулие-бабам қолда!» – деп,
Желекті туды қолға алып,
Жау шебіне тоқталмай
Алдына түсіп, сен барсаң,
Естіген соң хабарды,
Жауға түгел аттанар,
Кіші жүздің баласы.
Сыбан хан мен Дауылдың,
Қан асаған қалмақтың
Береміз сонда сазасын!
Деп тоқтады ұран сап
Кете жырау жез таңдай.
Сонда батыр сөйледі:
– Кәміл перім жар болса,
Астымдағы пырағым –
Әндіген тұлпар сау болса
Қарабура әз бабам,
Әруағы қолдаса.
Ер Шора бабам дем берсе,
Сыбанып келген жаулардың,
Басына ойран салармын.
Естерінен тандырып,
Аспаннан түскен бүркіттей,
Қызыл қанға малармын.
Жаратқан ием жар болсын,
Соңымнан ерген сарбазым,
Аз да болсам барамын!
Мына сөзді естіген,
Төбе биі Таманың
Дәулек сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Келсін деп түгел жиылып,
Ата жұртың бірігіп,
Ат шаптырып жер-жерге
Елге хабар бергейсің,
Жетсе хабар сіз берген,
Айтқаныңнан шықпайды,
Дүйім жұрттың баласы.
Әзірет сұлтан жатқан жер,
Түркістанның қаласын
Қожа Ахмет Яссауи
Әулие баптар мекенін
Жаудан қорғап қалуға,
Өз елім былай тұрғанда,
Күдігім жоқ көңілімде,
Мұсылманның баласы
Атқа түгел қонады.
Жеткен бізге хабарда,
Келіп тұрған қалмақтың,
Есебі жоқ көп екен.
Қара тілді Қабан би,
Ортада қазір жоқ боп тұр.
Қисынсыз жерде жол тауып,
Әр түрлі ақыл беретін,
Сабыр сақтап қамданып,
Ойланатын жер екен, –
Деп тоқтады Дәулек би.
Баһадүр бұған көнбеді,
Көнбегенін көрген соң,
Малайдың үлкен баласы
Төлегенмен немере
Жасы үлкен ағасы –
Оразымбет ақсақал
Батырдың келіп қасына,
Айтқан сөзі бұл еді:
– Малай, Шалай бір туған,
Арғы атамыз шағырдан.
Шалайдан туған қос арыс.
Төлеген мен Бөлеген
Бүгін мұнда осында,
Бөлеген атаң келіп тұр.
Қожаназар, Алдатай –
Екі інің бар қасында.
Бармасын жауға аз қолмен,
Аздың ісі қиын-ды.
Хабаршы сөзі тым жаман,
Келген қалмақ саны жоқ,
Шегірткедей қаптаған,
Жер қайысқан қол екен.
Сайланып шыққан қалың жау
Беті жаман деп жатыр,
Мейірі ешбір жоқ екен.
Хабар салып жер-жерге
Ел басшысы хаменен,
Ел көсемі бименен,
Ақылдасып кеңесіп
Барсын деп көппен жауына,
Атаң тұр мына қасымда!
Естіп жеткен хабарды,
Табын, Телеу туысым,
Кердері, Керейт, Рамадан,
Жағалбайлы, Тама бар,
Барлығы бір қосылып
Жетірудың баласы
Жинап жатыр әскерін.
Аташал Көкі бастаған,
Жиылған қол Әліптен.
Баян батыр қасында
Біразы келді осында.
Көбі елдің хабарсыз,
Біраз күн шыдап тоқтасаң,
Сабыр ғой ерге керегі.
Қару ұстар жігіттің
Бәрі түгел келеді.
Батыр оған көнбеді,
Қол жиылар әп-сәтте,
Деген сөзге сенбеді.
– Күн созбаймын араға
Қаратаудың жерінде
Қыспақта тұрған халқым бар,
Солар үшін жан құрбан.
Аз-көбіне қарамай,
Жиылған қолмен барамын!
Келе жатыр соңымнан,
Естіген халқым жиылып.
Көнбегесін баһадүр,
Туын ұстап қолына,
Өзіңмен жаным бірге деп,
Ер Шеру келді қасына.
Жасы үлкен ағасы
Айтқан да сөзі бұл еді:
– Жауды көрсе жайнаған,
Соғысты көрсе қайнаған,
Ерегіскен жауына
Қан жұтқызбай қоймаған
Батыр туған, бауырым,
Жетірудың баласы,
Азды-көпті болса да,
Хабаршы жеткен жерлерден
Біразы келді осында.
Тама Жөгі ішінен,
Үш абыздың баласы.
Тап-табымен бірігіп,
Қырықбойдақ, Шақа, Есентай,
Құлмырза, Төлеп, Байеділ,
Жарас, Берді, Шажа бар,
Жарқын менен Ботқашы
Құттыабыз, Сүттіабыз
Ремет, Болат, ер Жарас,
Өтеген батыр басында
Жиылып тұр осында.
Айдар, Молдас, Көзей бар,
Жылкелді батыр қасында.
Құлбайұлы Қойбағар,
Сарықпанұлы Өмірзақ,
Тайбағар батыр, ер Бадаш,
Өңшең батыр бірігіп,
Жиылып тұр осында.
Құрақ, Жабал, Аташал,
Дәулеткелді, Кенжебай,
Айдарбалта, Қошқарбай,
Қызылқұрт, Есенқарағай,
Бұзау, Жалпақ, Ерназар,
Барақтар да біраз бар
Ер Әліптің балалары.
Бір емшекті еміскен,
Бірге туған бауырым,
Он екі ата Байұлы,
Алты ата Әлім баласы,
Жағалбайлы – жалпақ ел,
Жиылып келді ұрысқа
Батысында жерімнің.
Онымен қосып тағы да
Еділдің бойын жайлаған,
Сарытау, Қазан арасын
Аралас өскен орыспен
Бес мың түтін Тама бар.
Оған да хабар берейік.
Он-он бес күн аялдап,
Келуін соның тосайық.
Бұған да батыр көнбеді.
Көнбек түгіл шамданып,
Кінәлады ағасын.
-Естіп тұрып хабарды,
Не деп айтып тұрсың – деп,
Жоңғар менен қалмаққа,
Басындырман жерімді,
Ойрандатпан елімді.
Жүргенім тірі құрсын – деп,
Қабағынан қар жауды,
Кірпігіне мұз қатты.
Жауатын бұлттай түнеріп,
Қаһарлы жүзі сұстанды.
Сөзін жалғады,
Ер Шеру
Десте-десте сөздерін,
Баһадүрге арнады.
– Оңай емес мына жау,
Түркістанды қоршаса,
Төгіп жатса әскерін.
Қаратауды айнала
Қалмақ, жоңғар қалың ел,
Өзіне-өзі сенген-ді.
Қаны бұзық Сыбан хан,
Қазақта бұрын өші бар.
Қалың әскер соңында,
Қаруы бар, күші бар.
Қытайдан алған қолында,
Тұтатып атар оты бар.
Қақпанына түсіп қап.
Қапыда кетпе, бауырым!
Бар болғаны соңыңда,
Аз сан сарбаз қосын бар.
Қара бұлттай қаптаған.
Жоңғар менен қалмаққа
Қарсы шығыпаз қолмен,
Қандай амал қыларсың?
Қапыда кетсең мерт болып,
Қапа болып жыларсың.
Артыңда қалған ел-жұртың,
Тоз-тоз болып қалмақтың
Құлы болып кетпей ме?
Ұлы-қызы қазақтың,
Өртке оранып өмірі,
Өкуменен өтпей ме?
Елі үшін туған арыстан,
Жауға қарсы шабуды
Он бесіңнен бастадың,
Өз бетіңнен қайтпадың,
Болып тұрды айтқаның.
Сынайын деп барғанда,
Елімнің асыл тұлғасы –
Салғарбекті өлтірдің.
Халқым деп туған өзіңдей
Қазақтың қамын ойлаған
Қазақ-қалмақ арасан
Біріксе деп армандап.
Ақыл-ойын сайлаған,
Арғыннан шыққан би еді,
Ақылдың кені – данышпан.
Салғарбек жазықсыз,
Өліп бара жатқанда,
Ажалменен алысып,
Бір-екі ауыз сөзге кеп,
Өсиет етіп халқына
Айтқан сөзі бұл еді:
– Мен үшін еш тимеңдер,
Албырт мінез балаға.
Үш ай жүріп мен келдім,
Сапар шегіп жоңғарға.
Өзім жоқта елімде,
Таратқан асты билік қып
Көрмек болдым ұланды.
Барып едім қуанып,
Қас батырдың өзі екен,
Жүрегінің түгі бар
Ойланбай істі жасады.
Бала бүркіт – жау жүрек,
Мен үшін елім қиналма.
Жазуы тағдыр осылай,
Жазымыштың ісі бұл,
Ел бірлігін сақтаңдар,
Ашуға бармай тоқтаңдар.
Бала бүркіт әлі жас,
Мәпелеп ұстап бағыңдар.
Үш арыстың баласы
Үлкен аға бас болып,
Арғын, Тама бірігіп,
Тыныштықты қылыңдар.
Ел ертеңін ойға алып,
Ақылға бетті бұрыңдар.
Жоңғар тыныш жатпайды,
Құба қалмақ жағынан
Зобалаң түр қазаққа!
Қазақтың елін шапса егер,
Түсесіңдер тозаққа.
Жер-жердегі қалмақтар,
Барлықтары бірігіп,
Үш жыл бопты келісіп,
Дайындалып жатқанға.
Айғыр салмай биеге,
Бура салмай түйеге,
Қошқар салмай қойыңа,
Туған төлі малдардың
Көшкен елге кесір деп.
Сарбазын салып соңына,
Елі-жұртын қаптатып,
Көшіп келмек ойы бар,
Жауға қарсы шабатын,
Ел қамқоры болады, –
Деген еді сабазым,
Мінезі мәрт ер еді.
Жүрегі дарқан кең еді.
Деген ұлы сен едің.
Тілімді алсаң, батырым,
Мына келген қалмаққа
Көп қосынмен барғайсың.
Әбілхайыр ел басы,
Ақылын еске алғайсың.
Салынды хабар жер-жерге,
Алды-артыңды жиғайсың.
Шекті, Табын, Адайлар,
Хабар келді кешкілік,
Олар да атқа мініпті.
Тақау отыр іргелес,
Сарыарқаның жерінде.
Жанарыстан тараған
Мейрамның бес баласы,
Арғынның тобын бастаған
Бөгенбайды арқа тұт.
Жас батырлар пір тұтқан
Баян батыр, Жәнібек,
Саурық, Тайлақ, Тұяқ бар.
Бөгенбай мен Қабанбай –
Батырлардың жолын тос.
Алды келді қазақтың,
Көрдің бе, міне, батырым,
Үркердей топтан қол жиған,
Алшын Серкеш осында,
Өзі батыр, өзі би,
Итқара би келіп тұр.
Қарамерген қасында
Саған жеткен сұм хабар,
Кеткен екен оларға.
Тілектес болған ел-жұртың,
Түгелге жуық келіп тұр.
Аялдағай екі-үш күн,
Тағат еткін, бауырым.
Баһадүр сонда сөйледі
Қайтатұғын түрі жоқ,
Айтқан сөзі бұл еді:
– Тағдырдың ісі жазулы,
Ажалым жетпей өлмеймін.
Жерімнің үстін шаңдатып,
Ұл-қызымды жылатып,
Қарабура үстін таптатып,
Дінсіз жауды қаптатып,
Болғаны маған лайық па?!
Тіршілікпен не пайда
Халқымның көрмей көз жасын,
Өлгенім жақсы емес пе?!
Дұшпанмен шығып жекпе-жек,
Ажалым жетсе айқастан,
Арманым жоқ дер едім.
Ел-жұртымның алдында,
Армансыз боп өтер ем.
Көргенім жалғыз осы ма?!
Олжалап басын алғанмын,
Менменсіген қалмақтың,
Менмін деген батырын.
Нартүйедей бақыртып,
Омыртқасын опырып,
Көк найзаны сүңгітіп,
Ақ семсермен бауыздап,
Қанын судай ағызып,
Қылышты қанға суарып,
Бүркіт алған түлкідей,
Табанға талай салғанмын.
Басындырып қоймаймын.
Күтпеймін елдің жиынын,
Күтпеймін ханның келуін.
Келе жатыр соңымнан,
Кәміл пірім жар болса,
Жан серігім астымда,
Әндіген тұлпар сау болса,
Қаратауға барамын.
Найзаны қанға батырып
Қылышты қанмен суарып
Қалмаққа ойран саламын!
Қас дұшпанды қайтармай,

Талқандамай тынбаймын.

Ашуға мінген баһадүр

Өзіне-өзі серт өтіп,

Тебініп қалды тұлпарды,

Найзаны жерге ұрғанда,

Қара тасты қақ жарып,

Бес кез жерге кіргізді.

Осы кезде батырдың,

Қайтпайтынын білген соң,

Төлеген мен Бөлеген,

Бірі – әке, бірі – аға,

Жұмаға бата береді.

Жолына тілеп оң сапар,

Маңдайынан өбеді.

Қанат беріп ұлына

Жігер беріп күш қосты.

  • Тете өстің өзіммен,

Айналайын, жан балам!

Жасына да қарамай

Өз айтқаның болмаса

Айтқанға, сірә, көнбейсің.

Барамын деп сен тұрсың!

Арғы атаң Бурахан,

Қарабура әулие,

Әруағы жар болсын!

Еділ, Жайық бойында

Орал, Қазан арасын

Қазақтың байтақ даласын,

Жауға бермей қорғадың.

Ел басшысы Тәуке хан

Ерлігіңді бағалап,

Хиуа ханын шапқанда,

Бас батыр деп өзіңе,

Ерекке деп берген-ді.

Тұяды, болат темірдей,

Таулы тасты білмеген.

Ерен жүйрік пырағың,

Бауырын жазып алысқа,

Ұшатын құстай гулеген.

Әндігендей тұлпарың,

Серік те болсын, шырағым!

Жаратқан ием жар болсын,

Тағы да тұрсың барам деп,

Қалмақпенен ұрысқа.

Тіледім тілек алладан,

Жолың болсын, жан балам.

Көзінің жасы дөңгелеп,

Тоқтаа алмай көз жасын,

Тебіреніп толғанып,

Батасын берді батырға.

АТТАНЫС

Ақ батаны алған соң,

Шешілмеген түйіннің,

Шиыршығын жазған соң,

Үш мың қолы соңында,

Әділеттің жолында

Бабасынан бата алып,

Батыр судай тасады.

Екі көзі от болып,

Миығынан дем алып,

Томағасын сыпырған,

Тұғырдан ұшқан бүркіттей,

Жан-жағына қарады.

Түнергенде түрінен

Түгі шығып бетінен,

Көрген адам шошыды,

Кірпігіне мұз қатып,

Найзасы күнмен жалтылдап,

Дулығасы жарқылдап,

Даусы шықты гүрілдеп:

Қолда, Кәміл, пірім деп,

Аттан, жұртым, жауға деп,

Жердің үстін шаңдатып,

Көп сан қолға тең етіп,

Қайдасың деп Қаратау –

Оңтүстікке жол салды.

Сарыарқаның белінен,

Қараөткелдің шаһары,

Аталатын жерінен.

Алаша хан, Жошы хан,

Жүріп өткен жолымен,

Құстың жолын бетке алып,

Тәуекелмен аттанды.

Бетпақпен өтті кең жазық,

Алты күн жүріп асығыс.

Өтетін жалғыз жолы бар.

Бұрынғы өткен заманда

Асанқайғы жол салған,

Жүретін жол жазы-қыс

Алаша хан жолы атанған,

Зарып атты жезтырнақ,

Ібілісті өлтірген,

Талай сұмдық зұлымды,

Тәубесіне келтірген.

Сарбас мерген жүрген жер.

Шалқып жатқан көлі жоқ,

Бұлықсыған бұлақ жоқ,

Ат шалдыртып алатын,

Сулы, нулы құрақ жоқ.

Жерінің де сұсы жоқ,

Анда-санда кездесер –

Байғыз бенен кесіртке,

Бұлдырық пен дуадақ,

Шулай ұшар құсы жоқ.

Киік пенен құланның

Жайлайтұғын жері екен.

Көз талдырар көкжиек

Тым алыста ұшы жоқ.

Жұма батыр баһадүр,

Ақ шаңды атып аспанға,

Жұма шапқан қалың қол,

Соңынан шұбап ереді.

Қанжығаға байланған

Білем-білем құйрықты,

Аз-маз сәтке аялдап,

Аттарына береді.

Отыз мың қолдың алдында,

Келе жатыр ер Жұма.

Қатарында ер Шеру,

Туын көкке көтеріп,

Суыт ол да жетеді.

Алты күн өтіп арада,

Алты қонып жолында,

Бетақты басып өтеді.

Қаратауды бетке алып,

Бабасы жатқан Созаққа.

Тұспа-тұс келіп тақалып,

Шу өзені бойына

Жұма қолы жетеді.

***

Басталды қызық әңгіме,

Тыңдаңыз енді қалмақтан:

Қаратаудың басынан

Қарауыл салып қараған,

Көргенеі қалмақтың.

Көз жіберіп әскерге,

Аз көрінген қарасы.

Сыбан ханға хабарлап

Айтқан сөзі бұл еді:

  • Солтүстік батыс жағынан

Созақтың арғы бетінен,

Шу бойына құлады.

Қазақтың сарбаз жиыны.

Мұны естіген Сыбан хан,

Жіберіп жансыз алдынан

Әскердің санын біледі.

Аз көрініп жиыны,

Келген сарбаз әскері

Қорашатанып көзіне

Миығынан күледі.

Менменсіген қалмақтың,

Жиып алып әскерін

Қараңыз айтқан сөзіне:

  • Тыңшыларым жеткізді.

Ажалына келіпті

Жұма батыр баһадүр.

Аз сан қазақ өлімге,

Біреуін де жібермей

Түгел бәрін қырыңдар.

Тірідей түсір батырын,

Бұрыннан қалмақ өші бар.

Еділ, Жайық бойында,

Қырып еді қалмақты.

Ардақ, Боздақ ер, Сайын,

Айдос пенен ер Жабай

Батырлары көп еді.

Барлығына бас болып,

Жұма батыр баһадүр,

Қалмақтан үйген төбені.

Мыңдаған қалмақ қаны бар.

Жұма батыр мойнында.

Аштархан, Қазан арасын

Еділ бойын жайлаған

Қалың қалмақ бар едік,

Зардап шеккен бұрыннан.

Қазақтармен шайқаста,

Қаза тауып қырылған.

Бұрынғы өткен заманда,

Нәрік ұлы Шорадан.

Қолаң шашы ғажайып,

Он екі тарам өрілген.

Бетіне жел тимеген,

Қылығы көп сүйдеген.

Өртейтұғын денеңді,

Оттан ыстық демі бар,

Көргендерді күйдірген,

Қылығымен сүйдірген,

Жүрметоз атты бір қызын

Шораға берген Қараман.

Хан болса да айтулы,

Татулықты жөн көрген.

Дұшпандықтың алауын,

Өшірмекке ұмтылып,

Құдалықпен көмкерген.

Бейбіт өмір басталған,

Ұрпақ өсіп жастардан,

Өртеңге шыққан гүлдей боп,

Қалмақтың саны көбеген.

Шақ туды қазір оңтайлы,

Ескі кекті қайтарар,

Сонда көңіл жай табар

Келді енді реті.

Келген қазір соғысқа

Жоңғар, қалмақ қарасы,

Жер қайысқан көп әскер.

Қазақтың жетпес шамасы.

Қара мылтық білтелі,

Сырты күміс жалатқан,

Ішінде бар сегіз сай

Сауыт бұзар оғынан

Көрерсің қазақ үркеді.

Арғы тегі асыл зат,

Ноян батыр мергеннің

Қолына мылтық беріңдер.

Суындықтай асудың,

Жалғыз аяқ жолына,

Бекіністі орнатып,

Тосқауылды қой

Менменсіген қазақтың,

Әуселесін көріңдер.

Бір мылтықтың аузына,

Бүкіл қазақ сыяды.

Қазақта жоқ, бізде бар,

Тартсын, қазақ сазайын.

Батырын түсір қолыма,

Көздеріңше сендердің,

Тірідей отқа жағайын,

Қалмақтың кегін алайын.

Еркек кіндік тастамай

Ерлерін түгел қырайын.

Сұлу қатын, сұлу қыз,

Бәрі де бізге қалады.

Қайсысын алсаң ұнатып,

Қалауыңа беремін,

Таңдауына саламын,

Сұлуын алып өзіңе,

Күн етесің жаманын.

Осы кезде қараңыз –

Мына сөзге еліріп,

Екі иығынан дем алып,

Қос танауы делдиіп,

Өзінен басқа жан жақтай

Қоқырайып ортадан

Ноян батыр баһадүр

Ноян батыр алпауыт,

Хан алдына келеді.

Тізе бүгіп, бас иіп,

Ант су ішіп Ноян ер,

Қылышын ұстап көлденең:

  • Айтқан сөзге тұрам деп,

Сіз үшін жанды қиям деп.

Алдына ханның келеді.

Тұра тұрсын осымен.

Әңгімені бастайық.

Жұма батыр Баһадүр

Неше күн жүріп арада,

Дүйсенбінің кешінде,

Намаздыгер шамасы,

Тақау келіп Созаққа,

Шу өзенін жағалай,

Кен алқапқа жайғасты.

Жиылған сарбаз ішінен.

Он-оннан бөліп жүз жігіт.

Ер Қойбақты бас етіп,

Бадашты қосып қасына,

Сарбаздарға бұйырды:

  • Бүгін-ертең тынығып,

Аттың белін суытып,

Сәрсенбінің сәтінде,

Таң бозарып атқанда.

Кірісеміз ұрысқа.

Келісіп бұлар жатқанда,

Таңқаларлық іс болды.

Қазалы мен Шиелі

Арыстың бойын жайлаған

Алты ата Әлім баласы,

Шөмекей, Шекті қосылып,

Олар да жетті сайланып,

Жұма батыр тобына

Келіп жетті айналып.

Уәделесіп қойғандай,

Түн ортасы ауғанда

Сарыарқаның жерінен,

Қара түнді қақ шаңдатып.

Шу өзені бойына,

Асығыс сұлтан жинаған,

Арғын, Қыпшақ, Найманнан

Керей, Уақ, Тарақты,

Баян батыр, Байқозы,

Қабанбай мен Жәнібек,

Малайсары, Гауһарқыз

Бөгенбай батыр бастаған,

Ақжолтайлап ұран сап

Жәнібек қолы құлады.

Таңсәріде тағы да

Үйсін, Ойсыл бірігіп,

Қаңлы мен Қапал бірігіп

Құлан, Мәмбет, Қапалдар

Бердіқожа, Рысбек.

Албан, Суан, Дулат боп,

Ыстының түгел баласы.

Тілік, Ойық, Ошақты,

Шапырашты басқасы,

Қаратауда Сіргелі

Тутаңбалы, Шалдармен

Қарабатыр, Байжігіт,

Ақмолда оқым бастаған,

Бестерек қолы жиылды.

Саңырық пен Наурызбай

Райымбек, Шынқожа,

Қарақалпақ Қылышбек

Бақтирялап ұрандап

Ұлы жүздің баласы

Ақша, Сәмен, Өтеген,

Сәдібай мен Байтана.

Қойкелді батыр бастаған

Көп сан сарбаз қосылды.

Кешігіп келген себебі,

Жиналған соң көп халық,

Ақылменен шешкен-ді,

Жанарыс пен Бекарыс,

Жиылуын түз-түгел,

Ойға алып ескерді.

Сыр алдырмай калмаққа,

Бой көрсетпей әдейі,

Алдарқатып, айлалап,

Жаудың жолын кескен-ді.

Аттануға соғысқа,

Дайындалып жатқанда,

Түркістан мен Қараспан,

Арыстың бойын жайлаған,

Қоңырат елі бірігіп

Айшыбек батыр бас болып,

Абылайға қосылды.

Бүкіл қазақ баласы

Кең алқапқа жиналды.

Әскердің саны молайды.

Бұрын жеткен батырға

Абылай сұлтан таң қалды.

Аттанарда бұл жаққа

Бар қазақтан мен бұрын

Жетем деп сұлтан ойлаған.

Болмай шықты ол ойы.

  • Ел басшысы хан ием –

Әбілқайыр кешікті.

Баһадүр мінді ашуға:

  • Күтпейік ханның келуін,

Бастайық қазір соғысты.

Абылайға қолқа сап,

Кіріссек деді ұрысқа.

Хан келгенше тізгінді,

Сізге берген дұрыс та!

АСУДАҒЫ АЙҚАС

Абылай сұлтан айланы

Жасады әдіс қалмаққа

Қашыртқы жасап жан-жаққа

Немересі туған баырмен

Тайбағарды бас етіп,

Ремет батыр қасында.

Жазыққа қарай қаптатып

Біраз тобын жібереді.

Қалмақтың көзін алдады.

Абылай сұлтан айлалы.

Қасында тұрған батырға:

  • Әруақты батырым,

Бұрын сенің жеткенің –

Жақсылықтың белгісі

Талқандармыз Сыбанды.

Жұма батыр баһадүр,

Бас батырдың бірісің.

Жол кезегі сенікі,

Баста, кәне, ұрысқа!

Деп Абылай дем берді.

Шыдамы тұрған таусылып,

Жұма батыр баһадүр

Айқайды салды ұрандап:

  • Қарабура әулие,

Қолда өзің, бабам! – деп.

Жиылған қолдың алдында

Сан соғыста шыныққан,

Батырларын түсірді.

Бөкенбай батыр ішінде.

Ақырып пәрмен қылады,

Атқа қамшы ұрады.

Қаптай шапқан қалың қол,

Қарт Қаратау түбінде,

Амалсыз аял қылады.

Биігінде Суындық,

Жалғыз аяқ жолында,

Білтелі мылтық қолында,

Қалмақтың Ноян батыры

Қазақтың жолын тосқан-ды.

Жақын тақап келгенін,

Шепке жақын енгенін,

Қағып тастап қарап тұр.

Қорғасын оқтан өте алмай,

Талай ерлер жер құшты.

Сүңгітіп найза сала алмай,

Жаудан кегін ала алмай,

Сұр жебелер ұр тасқа,

Межеге жетпей аулақтап,

Қара жерге қағылды.

Намыстанып қорланып,

Шыдамай батыр жұлқынды.

Қаны қашып бетінің,

Екі көзі от болып.

Ашуға мініп бұлқынды.

Тәуекелге бел буды.

«Қолдай көр, Қарабура» – деп,

Өзі шапты ұрандап,

Осы кезде соңынан,

Күрең аты астында,

Көрмеген жігіт қосында,

«Бауырым» деп ұрандап,

Қосыла шапты артынан.

Сан қамалға шапқанда,

Естілмеген бұл дауыс,

Құлағына тың дауыс,

Сүйтседағы батырың,

Қарайтұғын жер емес,

Оққа шапты атыла.

Өлімді де ойламай,

Қарабура әулие,

Бабасы медет қолдады.

Қолдаған емей немене –

Қайта-қайта тұтатқан,

Шақпағы от шаша алмай,

Білтелі мылтық оталмай,

Қалмақ қатты сасады.

Қас батырдың киелі,

Әруағы басады.

Көзді ашып-жұмғанша,

Қайрыла мойын бұрғанша,

Әндіген тұлпар құс болып,

Қалықтап жетті қасына.

Алдаспанын ақырып,

Бар пәрменмен ұрғанда,

Қалқаны кетті домалап.

Жаңғырыққан даусынан,

Шайқалғандай бар алап.

Ұрды найза жүректен,

Ноян батыр өкіре,

Ербеңдей барып жер құшты.

Құлағасын батыры,

Қалмақтың Дабыл қолбасы,

Бас батыры Сыбанның,

Қалмақ қолын бастаған.

Алдаспаны белінде,

Жарқ-жұрқ етіп найзасы,

Ғажайып көп айласы,

Болаттан сауыт киінген,

Жауатын бұлттай түйілген.

Азу тісі ақсиып,

От шашқан көзі шақшиып,

Кісі алар дүлей бурадай.

Түрі жаман шот маңдай.

Бір-біріне ақырып,

Әруақтарын шақырып,

Жекпе-жекке ұмтылды.

Кетті екеуі айқасып.

Қылыштасып шайқасып.

Шыбын жаннан түңілді,

Зор салмаққа шыдамай,

Аттардың белі бүгілді.

Суындықтың асуын,

Аппақ тұман шаң қылды.

Найза кетті бөлініп,

Айбалтамен шабысты,

Оның да кетті басы ұшып.

Семсер қалды майысып,

Алдаспанмен ұрысты.

Екі батыр тіресті,

Тіресіп қатты сіресті,

Бірін-бірі ала алмай,

Бар пәрменмен ышқына

Қайқайта келіп ұрғанда

Алдаспаннан от шықты.

Шақылдаған даусынан

Таудың іші жаңғырып,

Құлақтың ішін тындырып,

Шың басында соғысты.

Тегіс те емес бұл алап,

Үйдім-үйдім қой тастар.

Қарайтұғын бұлар жоқ,

Айқасып бұлар жатқанда

Әбілхайыр хан келді.

Ел басшысы хан ием,

Кешігіп келген себебі:

Алаштың бір баласы

Татар, Башқұрт, Ноғайдан

Екі мың сарбаз жиналды.

Оған қосып тағы да,

Еділдің бойын жайлаған,

Сарытау мен Қазаннан,

Аралас жатқан орыспен

Жетіру, Тама сарбазын,

Біріктіріп бастарын,

Бекарыстан жиылған,

Елу мың қолды жиып ап.

Жеткен кезі осы еді.

Тізгінді қолға алады.

Ақбоз тұлпар астында

Айқайлап ұран салады.

Жұма менен Дауылдың,

Жан аяспас айқасын

Көріп тұрған кезі еді.

Қас батырдың жеңісін,

Жалбарынып құдайдан,

Шын жүректен тіледі.

Сол уақыт болғанда,

Күн төбеден ауғанда,

Бесін намаз жеткенде,

Кәміл пірі жар болып,

Дептеп тиген күрзіден

Қалмақтың басы жұлынды.

Қарақұсы ашылып,

Миы кетті шашылып,

Денесі аттан гүрс етіп,

Қара жерге құлады.

Шамырқанып, ширығып,

Артына мойын бұрады,

«Қарабура, бабам!» – деп,

Аузында болды ұраны.

Мұны көрген екі жақ,

Араласып қым-қуат,

Бірін-бірі кескілеп,

Бірін-бірі найзалап,

Таудың ішін жаңғыртып,

Құлақтың ішін тұндырды.

Суындақтың шатында

Айрылған соң батырдан,

Лепіріп тұрған көңілі,

Жауар күндей бұзылды,

Рухтары басылып,

Жүндері қатты жығылды.

Мыңдаған қалмақ қырылды.

Керегетас кедергі,

Бір қысрыққа ұрынды.

Есебі жоқ, саны жоқ.

Аттан адам жығылды.

Қазақтан да не жайсаң,

Азаматтар мерт болды.

Боздақтардан айрылып,

Жұрттың іші өрт болды.

Деседағы көп қалмақ,

Қыспаққа қатты шыдамай,

Шегіне ұрыс салады.

Келген қалмақ жан-жақтан,

Хан пәрменге бағынбай,

Жан сауғалап жан-жаққа

Асуды тастан қашады.

Сарбаздар түсіп соңына,

Қырғынды әбден салады.

Жаңа келген жасақ та,

Жігер-күшін аямай,

Қаратаудың басынан,

Жоңғар-қалмақ әскерін

Қырып жойып асады.

Есі кеткен көп дұшпан

Жұртына қарай қашады.

Алды-артына қарамай,

Белестен белге асады…

Жарты тобы бөлініп,

Бөген, Шаян үстімен,

Бадам, Ақсу, Түлкібас,

Әулиеатаға бет алды.

Алатауды бөктерлеп,

Соңына түсіп соғысты,

Қойкелді батыр бас болып,

Байтана, Ақша, Наурызбай,

Қас батыр, Сәмен, Оқымдар,

Елім деп туған еңіреп,

Жанынан безген батырлар.

ТҰТҚЫН

Қаһарға мінген батырлар,

Екпіні тасқын селедей боп,

Үдере соққан желдей боп,

Жауды қуып жөнеді.

Баһадүр Жұма – дүр батыр,

Көп батырдан ерек-ті.

Өз қолымен топ бастап,

Қарнақ пенен Шорнақты,

Жау қолынан босатты.

Езгі көрген қалмақтан,

Ата, ана, қарындас,

Ұл қызы мен бауырлар –

Бәрін азат етеді,

Дегеніне жетеді.

Батасын алып қарттардың,

Одан да өтіп кетеді.

Қасиетті Түркістан,

Қаласына өтеді:

Қоршап тұрған қаланы,

Әскеріне шүйіліп,

Қырғын ойран салады.

Қан аңсаған қалмақты,

Найзамен түйреп шабақтай,

Әуелете лақтырды.

Оңын-солын жапырып,

Қылыштың жүзін қан қылды.

Қалмақ та осал жау емес,

Қапыда қаза таптырды.

Қазақтың небір жігітін,

Қыршынынан қиған-ды.

Үзілдіріп үмітін,

Қан төгілді қисапсыз,

Қасиетті жер үшін,

Қан жылаған ел үшін,

Ең соңында ұрыстың,

Түркістандай қасиетті,

Қаланы жаудан босатты.

Қалаға батыр енгенде,

Шулап шықты алдынан,

Аңырап, боздап, еңіреп,

Қажы, молда, ақсақал,

Кәрі, жасы – барлығы,

Ұл мен қызы, қарындас,

Ағайын, туыс, бауырлар,

Жарыса баян еткен-ді

Қалмақтан көрген Қыспағын.

Өшіккен жауға баһадүр,

Зорлық қылған халыққа,

Қанқұйлы тірлік иесі –

Қаншер Доржы ноянын,

Ұстап алып алаңда

Жұма көзін ояды.

Тірідей отқа салады,

Тіреуге байлап жағады,

Бұрын-соңды көрмеген,

Болған мұндай жазаны,

Естіген қалмақ шошыды.

Көргендері жазаны,

Кірерге жер таптады.

Шыбын жаннан түңілді,

Он екі қанат ақ орда,

Баулары түсті жібектен.

Кереге, уық, шаңырақ,

Алтын, күміс жалатқан.

Күнде кеңес өткізген,

Сыбан ханның ордасын,

Шаңырағын шайқалтып,

Ортасына түсірді.

Босағасын талқандап,

Керегесін ұшырды.

Хан ордаға жиналған,

Қазына мүлкін-барлығын,

Алтын, күміс жиһазың,

Үйме қылып жинады,

Төрт түлік малын өрістен,

Бәрін түгел айдатып,

Ел-жұртына сыйлады.

Хан сұлуы Ханзада

Бектері мен Бекзада

Елін, жұртын шауып ап,

Көнбегенін қырып сап,

Қан жұтқызып өлтіріп,

Алдына салып көнгенін,

Мұсылманмын дегенін,

Еркек, әйел, ұл мен қыз

Жеті жүз қалмақ тұтқындап,

Хан алдына әкелді,

Суындықта жеңіліп,

Қаратаудан асқандар,

Жан сауғалап қашады.

Тыңдаңыз сөзді осыдан:

Біраз тобы бөлініп

Келген жағы өзінің

Аштарханға бет алды.

Ремет батыр, Өтеген,

Түсті оның соңына.

Біраз тобы бөлініп,

Келген жағы өзінің

Еділге қарай қашады.

Баян батыр, Көкі ер,

Есет батыр бастаған

Біраз батыр бірігіп

Өзімен келген қосынмен

Соңымнан қуып жөнелді.

Қалған тобы қалмақтың,

Қарааспанға жиылып,

Келген жағы Қытайға,

Күн шығысқа бет алды.

Шудың бойын жағалап,

Шу қамысын паналап,

Өзен бойын сағалап,

Есімханның тұсында,

Жоңғармен болған қырғында,

Қазақ, жоңғар, моңғолдар

Қызыл көпір атанған

Ұланбелге жетеді.

Ұланбелге жеткенше

Біраз қалмақ оққа ұшты.

Дөптеп тиген найзадан,

Талайлары жер құшты.

Жеткендері бұл жерге,

Бірінші тобы қалмақтың,

Балқашқа қарай жөнеді,

Соңына түсті өкшелеп

Малайсары, Олжабай,

Бөгенбай батыр бас болып.

Көпшілігі қалмақтың,

Алатауды бетке алды.

Жетісуды жағалай,

Бет қаратпай артына

Жауды қуды табалай.

Райымбек, Наурызбай,

Сайыпқыран Саңырық,

Ақша батыр, Байтана,

Жауғаш, Қортыс, ер Шінет,

Қарабатыр, Барлыбай,

Үш Арыстың, ерлері,

Қалмақтан үйді төбені.

Екінші тобы бөлініп,

Сарыарқаға бет алды.

Жәнібек батыр, Аралбай,

Қабанбай батыр бас болып,

Тайбағар батыр ішінде.

Өзімен келген сарбазбен

Соңынан қуып жөнеді.

Бұрын жетті соңынан

Қу мойын тұлпар астында,

Тайкөкірек Тайбағар,

Жалтырдан туған жас бөрі,

Жұма батыр баһадүр

Немересі өзінің

Қандас туған бауыры.

Талай жорық, ұрыста,

Көтерген салмақ ауырын.

Қамақтың жиын тобына,

Ат қойып, атой салғанда,

Нар тұлғалы батырын,

Нысанаға алғанда,

Күтпеген жерде кеудеге

Жебелі садақ қадалды

Жай оғындай құлатты,

Қайран елді сұлатты.

Қудалы батыр жер құшты,

Айдын тақыр үстінде,

Ажалы жетіп жас батыр.

Құлаған жері атанды,

«Тайбағардың тақыры».

Еңіреп тұрған қайран ер,

Тайкөкірек Тайбағар,

Айдын тақыр шетіне

Аманат етіп жерленді.

Батысында ірге тау

Қамқалының жолында

Қалмақты қуған батырлар

Олар да бос қайтқан жоқ.

Топтап айдап қалмақты,

Артына қолын байлатты

Қасарысқан қас жауын,

Бір-ақ ұрып жайратты.

Тайбағардың өлімін,

Жәнібек батыр естіртті:

  • Елінің болған ардағы,

Бөлекше еді салмағы.

Жас өмірін халқының –

Қажетіне арнады.

Үйде туып, түзде өлген.

Батырдың бар ма арманы.

Жұма батыр бауырым,

Жендеттің атқан жебесі

Құлыныңды жалмады.

Болған іске бекем бол,

Ажалдың ілді қармағы.

Баһадүр тұр тістеніп.

Көзіне жас та алмады:

  • Шаһит болған боздағым,

Құрбан болдың ел үшін,

Елімнің байтақ жері үшін,

Жазуы тағдыр сол болса,

Жыламақпын не үшін?!

Оңаймен жеңіс келер ме,

Ел шетінен жау кетпей,

Береке елге енер ме?!

Қантөгіссіз қай жерде? –

Соғыстың біткен күні бар, –

Деп толғанды ер Жұма.

  • Ендігі тұрыс –не тұрыс?

Ерлердің ісі бітпейді.

Есірген жауды шекара

Аумағынан асырмай,

Есет батыр, Қабанбай

Жәнібек, Баян, Бөгенбай

Ерлер мұны қоштады…

Өңшең батыр бас болып,

Жаудың бетін қайтарды.

Ел ішінен тазартып,

Шекарадан шығарды.

Көңілдері жайланды,

Желіге бие байланды.

Ағайын, туыс-бауырлар,

Азып-тозған ауылдар,

Бодандықтан құтылды.

Қамытынан салықтың,

Қалмақтардың сорақы

Тұзағынан сытылды.

Күйзелген халық қанша күн,

Өткізді ел боп бірігіп,

Қызық ойын, думан той,

Шат-шадыман қыр мен ой.

Той аяғы тарқады,

Көңілдері хош болып,

Пейілдері тоқ болып,

Төрде отырған хан ие,

Жадырап жаны көңілді,

Күдіктен көңілі сейілді.

Желпіне сөйлеп халқына.

Сөз арнады ең ізгі.

ХАН ЖАРЛЫҒЫ

Жауын жеңген хан енді,

Тұтқынды көріп әкелген

Риза болып батырға.

Көңілденіп жарқылдап,

Пейілденіп саңқылдап,

Жиылған жұртқа көз тастап

Әбілхайыр сөйледі:

  • Қалың қолға жол салдың,

Жол кезегі сенікі.

Қол бастаған батырым,

Жұма батыр баһадүр,

Мына түскен олжадан

Қалауыңша ал деді.

Қақпаймын мен қолыңнан,

Жығылмаймын жолымнан,

Таңдауды бердім өзіңе.

Баһадүр сонда сөйледі:

  • Әбілхайыр хан ием!

Қара қазақ баласы,

Соңынан ердік бірігіп,

Сөзіңді айтқан пір тұтып.

Құлақ салғай сөзіме:

Көңілімді тұр мазалап

Медет бер деп сиынам

Қарабура бабама.

Намыстанып, шамданып,

Оққа қарсы шапқанда,

Естілмеген бір дауыс

Артымнан шапқан бауырымдап,

Жұмбақ күйде қалып тұр.

Сол үн кетпей құлақтан,

Санамды билеп алып тұр.

Тілегім бар сол ғана.

Осынау қалың жиыннан?

Тауып соны берсеңіз.

Болсын сізден алғаным.

Хан бас изеп келісті,

Билердің шешен сөзімен,

Батырлардың күшімен,

Елдің басын қосатын,

Ханға лайық төзіммен,

Ерекше сергек сезіммен,

Әбілхайыр Жұмадай

Баһадүрдің тілегін,

Қабыл алды екі етпей.

Достық көңіл танытты,

Ерлігіне батырдың,

Ықыласы анық-ты.

Жиылған халық алдында

Ерлігін айтып, паш етіп,

Сый-сыяпат көрсетіп,

Сөз айтуды лайықты,

Әбілқайыр шешкен-ді.

Жұманы ерек дос көрді.

Шақырды бірден тоқтамай,

Хан сарайдың жырауын.

Жырау сөзі, –

Торжорғаны теңселтіп,

Торғын шапан үстінде

Топты жарып ортадан

Домбырасы қолында,

Келтіріпті бұрауын.

Бүлкілдеп тұрған көмейі

Шайыр тілді, жез таңдай,

Келді жырау қасына.

Жар шақыр деп халқыма,

Берді жарлық жаршыға.

Шақырып түгел тәртіпке,

Тап-табымен тұрғызып,

Хан сыйлығы барлығын

Түсіндір мына халыққа!

Іркілмеді жас жырау,

Термелеп сөзді бастады.

Айтар ойын дестелеп,

Топ-тобымен тастады.

Бұлбұлдай даусы сайрады.

Қомданып ұшқан қырандай,

Екі көзі жайнады.

Жігер беріп, күш беріп,

Қаптап тұрған жасаққа

Жүйелі сөзін арнады.

  • Кешегі қырғын соғыста

Найза ұстаған ерлерім,

Ел қорғаған батырлар,

Сендер еді сенгенім.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Дөңбекшіген төсекте,

Адасқан жерде жол тапқан

Қасиетті хан ием,

Ерлігің естен кетер ме?

Қызыл тілді безбендеп,

Теңеуім айтсам жетер ме?!

Елдің биі көсемдер

Қара қылды қақ жарған,

Қалың топтың ішінде,

Жай оғындай сөзі бар.

Қысылған жерде сөз тапқан,

Дарын туған шешендер,

Көпті көрген көне көз,

Елімнің құты – Абызым

Сөзімді құп қой десеңдер,

Жиналып бәрің тұрғанда

Айтатұғын сөзім бар!

Жау шапқанда елімді

Ғажайып ерен күші бар,

Таңғаларлық ісі бар,

Найзасының ұшы асыл

Алдаспаны шын алмас

Болатты ұрса кесетін.

Қорамсағы белінде,

Садағы ерен ғаламат,

Адырнасы керілген.

Сауыт бұзар сұр жебе,

Жай оғынан кем емес,

Батырларым аз емес,

Отан үшін, ел үшін,

Қасықтап қанын төкпесе,

Жауды өңменнен теппесе,

Жан алыспай, жан бермей,

Соғыспаған ер емес,

Соның бірі – ер Жұма.

Атағы бар «баһадүр».

Еш батырдан кем емес,

Тайкөкірек Тайбағар,

Немересі еді батырдың.

Оғына жаудың ұшқанда,

Қара жерді құшқанда.

Қайыспаған нарлардай,

Құлыны кеткен арманда-ай.

Көзіне де жас алмай,

Күйремеген сарбазым,

Тіледі елдің аманын,

Намысын қойды жоғары.

Жоңғардың түсіп соңына

Түркістанды қорғады.

Жауларының басына,

Қара бұлт боп орнады.

Батырларын ұстап ап,

Жазаға тартты аяусыз.

Жауызды іліп қармағы.

Қаратаудың басында,

Суындықтың асуы

Есінен жұрттың кетпейді,

Ерлігіне ерімнің,

Сөйлесем тілім жетпейді.

Қия шыңның үстінде,

Жасаулы қолды тоқтатқан,

Білтелі қара мылтықпен

Қорғасынды оқты атқан,

Ноян батыр мергенге.

Өлімді мүлде ұмытып.

Оққа қарсы атылған.

Әруағы үстеп боп:

Мүлт кетіп мылтық шатылған.

Найзасын салып ноянға

Жер қаптырып құлатып.

Жауларын шөптей жапырған.

Екінші рет тағы да,

Жекпе-жек деп айқаста,

Қан төгісті шайқаста,

Қалмақтың қас батыры,

«Тархан» деген даңқы бар,

Жеңілмеген салты бар,

Аты Дауыл айбынды,

Қайраты зор айдын-ды.

Өзінше сұмдық есірген,

Батырын мүрдем кетірген.

Алдарында ер Жұма,

Ғажайып күштің иесі,

Қарабура бабаның,

Қолдап жүр мұны әрдайым,

Қасиетті киесі.

Тыңда, халқым, айтайын!

Қазақ, қалмақ, соғысын,

Есебі жоқ қалың жау,

Ел ішіне толғанда,

Сұрапыл сол бір соғыста,

Қаншама күн болғанда,

Жеті рудың қолбасы,

Жұма батыр сайланып,

Қолдау берген бар халық.

Хан ордасын ойрандап

Қалмақ ханын кетірді.

Бір басына аз емес,

Ерлігі бар не түрлі!

Кереметті қараңыз.

Жұма батыр баһадүр,

Дақпырты оның жер жарған.

Айбарынан шошынып,

Қаһарынан қорыққан.

Қанқасапшыл батырын,

Тірідей отқа бұрында,

Шырқыратып салған-ды,

Зар илеген халқының,

Өстіп бір кегін алған-ды.

Алатауды жайлаған,

Мыңғыртып малды айдаған

Нарын батыр қолбасы,

Қалмақтан шыққан зор батыр

Бетпе-бет келмей батырға,

Жатқан қолын жинап ап,

Елі-жұртын көшіріп,

Алатаудан асқан-ды,

Жаман үркіп сасқан-ды.

Жан сауғалап біразы,

Қытайға қарай қашқан-ды.

Елі үщін туған ерінің,

Қайсы ерлігін айтайын?!

Соғыспен өткен өмірі.

Тыншуды білмей көңілі,

Ел ырысын қорғаған

Бұдан да бұрын сан рет,

Ардақ, Боздақ, ер Сайын,

Айдос пенен ер Жабай,

Бес батырға бас болып,

Әділдікке жақ болып,

Еділ, Жайық бойында

Жатқан тыныш халқыма,

Тыншу бермес қалмақты,

Қанша рет болған соғыста

Іргеден әрмен серпіген.

Ерлігі батыр көп еді.

Енді, міне, қырғында,

Татыған өзі бір мыңға.

Артына мойын бұрмаған,

Тәуекелге бел байлап,

Аз ба, көп пе жауының,

Санына қарап тұрмаған.

Сан мың қолға бас болған,

Қарсы келген жауларын,

Шекарадан асырып.

Күйрете жеңген тас-талқан.

Жеті жүз қалмақ тұтқындап,

Пенде қылған, көндірген.

Қарсы келген жауларын,

Айбарымен шошынтып.

Көнбегеннің үстіне,

Қаһар бұлтын төндірген.

Үлкен-кіші,ұл-қызың,

Бәрін түгел олжалап,

Малын, жанын алға сап

Хан алдына әкелді.

Ендігі сөз, хан ием,

Осы келген олжаны,

Болу жолы сіздікі.

Сіздің кескен шешімге –

Мойынсұну біздікі.

  • Дұрыс, жырау, шешенім,

Сөзіңнің білем бекемін.

Олай болса бөлейін,

Ерге лайық сыйларды,

Ұсынып қолдан көрейін.

Қолға түскен олжаны,

Теңдей бөліп көрейін.

Сарбаздарым – семсерім.

Сайыпқыран ерлерім,

Тап-табымен бөлініп

Ұраныңмен тұрыңдар!

  • Ерекке деп атаған

Жарлығым бар – үш сыйлық.

Ең бас сыйлық атадым,

Қас батырға ылайық

Сыбан ханның қызы бар,

Пана атты аруы,

Дертке қуат дәруі.

Келесі сый олжаны

Орны бөлек бәрінен

Сыртына күміс жалатқан,

Назарын жұрттың қаратқан.

Ішінде бар сегіз сай,

Көздегенін дәл атқан –

Ноян батыр мылтығы.

Қазақта жоқ бұл қару,

Баһадүрге бұйырдым.

Үшінші сыйлық аталды:

Бас батырға дайық,

Ханның қарабурасы

Алып күші аңыздай,

Қара күш, дүлей ұрмасы…

Хан осылай олжаны,

Ретімен бөлген-ді,

Халқы оны жөн көрді.

Олжа бөлу осылай

Біраз жұртқа бөлінді.

Жұрттың көбі көңілді…

Хан жарлығын бұлжытпай

Ащалап талдан анықтап

Тоқталды жаршы аяқтап:

Сол уақыт болғанда

Әмір қылды хан ием:

  • Тілегіңді, батырым,

Орындайтын сәт келді.

«Алға шықсын ер сарбаз,

Жауға шапқан жас батыр

Шырқыраған дауысы

«Бауырымдап» айқайлап,

Құлағымнан кетпей тұр

Сол бір сәтте көрінді.

Сарбаздардың сапынан

Күрең атты жас шықты.

Тебендеп шыққан мұрты бар,

Өзі сары, көзі көк.

Бұрын елде көрмеген,

Сарбазына енбеген,

Орта бойлы, сымбатты,

Сабырлы, сондай салмақты,

Жағалай топқа көз салып,

Кішіге ұлық көрінген,

Әдебі ерек сезілген,

Атынан түсіп байыппен,

Жақын келіп батырға

Топ боп тұрған жиынға,

Қолын қойып кеудеге,

Ізетпен сәлем береді.

Сәлемдесіп болған соң,

Жұманың келді қасына.

Баһадүр сонда сөйледі:

  • Ел ішінде көрмеген,

Өңің бөлек өзгеден,

Түр-сыпатың тым бөлек,

Қандай жансың, шырағым?

Өзіңе сай жарасқан,

Астыңдағы пырағың.

Жас та болсаң пайымды

Жанға балап тұрмын мен.

Жанарыңның оты бар,

Атыңды айтшы, кімсің сен?

Келбетіңе қарасам,

Текті жігіт тектессің,

Шыққан үнің «бауырымдап»,

Өз тобынан адасқан,

Түзде жүрген киіктей,

Қайдан жүрген баласың?

Іркілмеді тоқталып:

Жас жігіт сонда сөйледі:

Тосын барып таныссам,

Қабыл ала қоймас деп,

Сіз шапқанда ұрандап,

Батыр Ноян мергенге,

Артыңыздан «бауырымдап»,

Қосыла шапқан мен едім.

Жиылған Арғын тобымен,

Келіп едім осында,

«Қарабура» ұраным

Ақшадан туған жалқы боп,

Әкемнің аты – Малқара,

Өз есімім – Сеңгірбек.

Азулы Арғын жұртының,

Қаракесек елінде,

Сеңгір таулы жерінде,

Дүниеге келіппін.

Әкемнен қалған өсиет:

Нағашы жұртың болғанмен,

Өз еліңдей болмайды

Ата жұртың тозбайды.

Есейген соң, құлыным,

Еліңді тапқай деп еді.

Өсиеті әкемнің,

Айтқан сөзі бұл еді:

«Арғы тегің, жан балам,

Ер Кеуіс ұлы Нәріктен,

Нәріктің ұлы Шорадан,

Үлкен атаң Шағырдан,

Малай, Шалай бір туған.

Шалайдан туған Төлеген

Есімі елге еленген,

Сол атаның баласы,

Даңқы шыққан халыққа,

Жұма батыр баһадүр

Бауырың сенің деп еді.

Ел билігі қолында,

Жетірудың баласы

Жауға шапса соңында.

Өмірі өткен жорықта,

Қол бастаған қаһарман.

Қан соғыстан табасың!

Серік болсаң соған сай,

Сүйеу болар ағашың! –

Деген сөзі есімде.

Осы кезде батырдың,

Жүрегі кетті елжіреп

Тұла бойы шымырлап,

Көзіне жас тығылды.

Ұялады жүрекке,

Сезімдері ең ізгі.

Нар бітімді денесі,

Қорғасындай еріді.

Дестелеп сөзді тастаған

Жақсыға қадам бастаған,

Жүйелі ойы, ақылы

Астарласып біріккен,

Ісі, сөзі тым мығым

Құрыштай болып біріккен.

Ел билігін қолға алса

Құлашты сілтері ірі, кең

Жақсы мақсат ойға алса,

Ел қамқоры болатын,

Алысқа сілтер қанатын.

Болар осы жігіт, – деп

Ішіне түйді ер Жұма.

Бір сәт тұрды ойланып,

Ат үстінде толғанып.

Құшаққа алып «бауырым» деп,

Емірене сүйген-ді,

Аға-іні екеуі,

Ет жүрегі елжіреп,

Ғажайып бір күйге енді.

Батыр сонда тіл қатты.

  • Қас жақсының баласы.

Қан майданда табысар.

Қас жаманның баласы,

Айдалада қағысар.

Дешен сөз бар көнеден,

Әттең, әттең ғұлама,

Ұлылардың ұлағат,

Саф ойын кім елеген?!

Енді, бауырым, ер маған,

Өзіммен бірге боласың,

Елдің ішін арала.

Ағайын туыс, бауырдың,

Жақсыларын ауылдың.

Ақылға сап, сарала.

Қалмақпенен соғыста

Тоз-тоз болған елімді,

Елін бастар ерімді,

Жинастырып мен жүрмін.

Боларсың серік өзіме.

Ауызыңның ебі бар,

Жүрегіңнің түбінде

Тұнып тұрған тұңғиық,

Ақыл-ойдың кені бар.

Белді шешіп іс қылсаң,

Көрініп тұр жүзінде,

Халқына тиер себің бар,

Болғайсың серік өзіме.

Көрініп тұр жүзіңде.

Сеңгірбек сонда сөйледі:

  • Қамқор болған атамыз,

Шапағатты шырайлы,

Тие де берсін батаңыз!

Тіліңізді аламыз,

Жыл уағы боп қалды,

Ініңіз өткен дүниеден,

Аманаты Алланың

Тапсырған-ды тән-жанын.

Асын беріп әкемнің,

Осы мезгіл келермін.

Ел жайлауы қай жерде,

Кездесерміз сол жерде.

Баһадүр сонда тіл қатты:

  • Қарағым-ау, әлі жас,

Шыңдалмаған баласың.

Қалың Арғын ішінде,

Жалғыз үйлі Тамасың.

Асты қалай бересің?
Ойланып өзің қарашы!

  • Қаракесек елінде,

Нағашым менің Шаншар-ды

Мен кеткен соң артымнан,

Әкесіне ас бермей,

Кетіпті деп Сеңгірбек,

Өсекке таңып жүрмей ме?

Дұшпандарым күлмей ме?

Кең өзенді бойлатып,

Жағаға үйді тігемін.

Қолыма билік аламын,

Шиді жайып саламын,

Табармын істің оябын.

Малды қырып соямын.

Арғынға түгел хабар сап,

Қаз дауысты Қазыбек,

Елінің биін шақырып,

Әкемнің асын берем – деп,

Алдына талап қоярмын.

Үйіңді тігіп, ел боп же,

Ши үстінен бөліп же,

Ерікті бердім өзіңе,

Деп айтқаным жарасар,

Менімен сонда санасар.

Қаракесек намысшыл –

Үйді өздері тікпей ме

Бас ауыртып ойланып,

Мен несіне сасайын,

Осы бастан қолға алып,

Тірлігімді жасайын.

Сеңгірбек сөйлеп тұрғанда,

Баһадүрдың қасында,

Әбілхайыр хан тұрды

Абылай сұлтан қасында

Сұлтан тұрды ойланып

Ішіне сақтап бір сырды.

Тауып айтқан сөзіне

Риза болған «Баһадүр»

Жұма батыр бұл сөзге

Ойланбастан тоқтады.

Уәде етіп Сеңгірбек,

Сеңгір тауға аттанды.

***

Жыл уағы болғанда,

Уәде мерзім толғанда.

Уәделі жеріне,

Қараөткелдің батысы –

Аршалы мен Соналы,

Шұрайлы жер бұрыннан,

Ел жайлауға қонғанда,

Сеңгірбек елге келеді.

Бауыры келіп еліне,

Баһадүр судай тасады.

Халқын түгел жинап ап,

Үлкен тойды жасады.

Таныстар деп жеріне,

Бетегелі беліне,

Құт-береке аңсаған.

Қасиетті еліне.

Ноқта ағасы Жөгінің,

Молдастың үлкен баласы,

Ел көсемі, шешені

Тілеке бидей көшелі,

Әз ағаны бас қылып

Сеңгірбектің қасына,

Бес жігітті қосады.

Тілекке би сөз бастап,

Тілек айтты баталы.

Сөз сөйледі аталы.

Таныстыра бастады

Арнайы мұнда шақырған.

Алқалы топта отырған.

Оң қанатта тым жақын,

Өзіне таяу батырды.

  • Бауырласың қаның бір,

Малқараның әкесі

Ақшаменен бір туған,

Жақсы көрген інісі,

Құлбай бабаң бұл, – деді:

Оныменен тізелес,

Тізе қосқан туысың,

Кедей атты жан ағаң

Оразымбет баласы,

Кіші жүздің баласын,

Бауырына санаған…

Деп осылай таныстық,

Жалғасын тапты жарасқан.

Құдайым қылып ықылас,

Құлбай, Кедей қосылды,

Бес жігітке серік боп,

Туыстықтың тамыры,

Байлана берді берік боп…

Аралады асықпай,

Ағайын, туыс, бауырды,

Төбе биі Таманың

Қашық емес ауылы,

Сөзі болған жүйелі,

Дәулек бидің ауылына

Аттың басын тіреді.

Дәулекті кім деп сұрасаң,

Баһадүрдің ағасы,

Ту ұстаған соғыста

Ер Шерудің баласы.

Бетіне жанды қаратпай,

Тура айтып, тік сөйлеп,

Айтқаны сөзі бұл күнде

Орайын тапса оң еді,

Терісте болса жөн еді.

Осал емес Дәулек би

Құлағы ылғи түрік-ті,

Алып қашпа, қаңқу сөз,

Шығарғандай бір шетін.

Бұрқ еткізер бүліктің.

Биі етіп Таманың,

Сеңгірбекті қоят деп,

Қобалжу енген жүрекке,

Сезімді шымшыр тыз етпе…

Білдірмеді ішінен

Өзімен қосып жетеуін.

Сеңгірбекті қарсы алды.

Қарсы алмаса қабылдап

Мінезі қатты батырдан

Бір бәлеге қалады.

Үйге түгел түскен соң,

Әңгіме-дүкен құрады.

Өткен-кеткен жайлардан,

Сыр қып тартып сұрады.

Әңгіме қызып жатқанда,

Даусы шығып даладан,

Екі жігіт керісіп

Үйге келді ентелеп,

Аумаған тентек баладан,

Екеуінің таласы

Бірі беріп, бірі алған

Бір жабағы тай еді.

Дәулек би мінді ашуға:

  • Таманың мынау ішінде,

Ру басы, билердің

Біріне неге бармадың.

Дәулек саған қол жаулық,

  • Ойда Дәулек, қыр Дәулек

Болған еді қашаннан?

Ұят қайда, ар қайда?

Қотыр тайдың құны үшін,

Дауыңа мені салғаның.

Кісі отыр деп үйінде

Ұялсаң етті, малғұндар,

Заман ақыр боларда,

Ағайын жұрт қырқысып,

Аяқтан шалып азғындар.

Деді Дәулек бұрқырап,

Қатты ашудың үстінде.

Ақ-қарасын шешпей-ақ,

Біріне тайды бұйырды.

«Ақтығыңыз осы ма?»

Деген жігіт басына,

Жетіп барып қасына,

Білем қамшы үйірді.

Аз уақыт өткен соң,

Даугерлер үйден кеткен соң

Биге қарап сөз қатты,

Төрде отырған Сеңгірбек:

  • Ардақты аға, би аға,

Ашу – дұшпан, ақыл дос,

Алдыға іс келгенде,

Кесімді билік бергенде,

Ақ-қарасын анықтау,

Оңай емес кімге де.

Қараулықтың алдында,

Ақ сүрінсе қасірет.

Ақтың ісі тапталса,

Болады қандай қасиет.

Осы көптің көңілі.

Сіздің кескен кесімге,

Толмағаны белгілі.

Сонда Дәулек шарт кетті,

Көзінің оты жарқ етті.

  • Қаракесек ішінен,

Қаңғып келген мүскінсің,

Билігімді түзейтін

Көктем түскен ен кімсің?!

Үйдің іші тып-тыныш

Құлаққа ұрған танадай,

Бола қалған сол сәтте,

Іш тартып қалды көпшілік,

Естілген сөзге одағай!

Бидің айтқан сөзіне

Жауап қатқан кісі жоқ,

Елемеді Сеңгірбек

Сөзді бұрды басқаға,

Қарсы жауап қатпады,

Өңіне сыр алдырмай,

Жайбарақат қалпында.

Көзіне шуақ ойнатып,

Былайғы көптің көңілін.

Жылы жүзбен жайлатып.

Отырған жиын «уһ» деп,

Жеңілейіп қалған-ды.

Тілге майын Тілеке,

Әңгіменің желісін,

Өзге арнаға салған-ды.

***

Қызық енді басталды

Естіген біреу бұл сөзді

Отырған топтың ішінен

Баһадүрге жеткізді.

Естіген сәтте батырдың,

Ашуы бойға сыймады.

Екі көзі қанталап,

Алмас қылыш қолға алып,

Шамырқанып тулады.

  • Әкел деп, – атты ерттеп

Жігіттерге ақырды,

Ашуын қатты шақырды.

  • Еңіреп келген елім деп.

Ерге айтылар сөз бе бұл.

Би басымен жөн айтпай,

Өз басын өзі сыйламай,

Неге ғана етед құл?!

Деп тұтанған баһадүр,

Би ауылын бетке алды,

Жүрекке заһар кек салды.

Жетіп келіп аулына:

  • Шығарып бер Дәулекті,

Шықсын мына үйінен,

Қорлау сөзі сүйектен

Естігеннен күйінгем.

Мінезі батыр белгілі

Кісі өлімі болды деп

Зәре, құт елде қалмады,

Қаһарынан қаймығып

Үнсіз қалды жан-жағы.

Тоқталар батыр түрі жоқ,

Ат ойнатты айнала

Тұяғынан түтеді,

Үй маңайы шаңдана.

Осы мезет Сеңгірбек.

Алдынан батыр шыққан-ды.

Ашудын алдын алмасаң.

Бір сұмдықтың боларын,

Зердесімен ұққан-ды.

  • Сабыр аға, ағатай,

десеңіз ұлым шын сүйген.

Десеңіз бауырым, өзім деп,

Тыңдаңыз кіші інінің,

Ақылын алып ой түйген.

Бір ашуды қиыңыз,

Мен сұраймын өтініп,

Ашу-дұшпан белгілі,

Жақсылықтан жоқ үміт.

Еліне барып Сеңгірбек,

Кісі өлтіріп келді деп,

Халыққа кетер жайылып.

Абыройдан айырып.

Таңба болар сүйекке!

Жас батырдың жүйелі,

Айтқан сөзі орнықты.

Ашуға мінген батырға,

Осы сәтте ой түсті.

Көсем жігіт керек-ақ

Ел қамқоры болатын

Көптен жүрген ойында

Ақыл менен батырлық,

Кемелденіп келіскен.

Көңілің әбден толатын.

Осы жігіт болар деп,

Ойға мықтап бекінді.

Алақұйын ашудың,

Дүмеп келген дүлейін,

Сабырменен өшірді.

Бір тілегін бермесем,

Өкпелеп кетіп қалар деп:

  • Жүр атыңа мін, – деді.

Осы кезде қараңыз

Жиылған топ тұншыққан,

«Уһ» – деп іштен дем алды.

Келгендер түгел жиналып

Аға-туыс, бауырлар,

Алақайлап қуанды.

Жылаған бала уанды.

Жұма батыр баһадүр

Елдің бәрін жинады.

Әділдікті ту етіп,

Ел қамқоры болар деп,

Сеңгірбектей еріңе,

Жас та болса бас етіп,

Ел тізгінін ұстатты.

Жас арыстың қолына,

Ақ бата тілеп жолына.

Қолға түскен қалмақты

Ақылға сап жан-жақты,

Бар қазақты тең көріп,

Енші қылып бөлген-ді.

Көпшілігі тұтқынның,

Мұсылмандыққа енген-ді

Қызын алып, қыз беріп,

Бауырыңдай көр деді.

Бөтенсің деген кісінің

Басын кесіп алмаққа,

Жиылған халық ішінде,

Уәде батыр серт қылды.

Халқы сыйлап батырды,

Баһадүр сөзін пір тұтты,

Сіңіп кетті қазаққа,

Туыс деп берген қалмақтар,

Өніп-өсіп өркендеп,

Бақыт тапты шын құтты.

Еш қазақтың баласы

Еншілес болған қалмақты

Бөтенсің деген болмады.

Өзі тірі тұрғанда

Халқының болды қорғаны.

Бетіне ешкім келмеді

Батыр тірі тұрғанда,

Кеткен емес жауларда

Сынық сүйем ел кегі.

Сан қамалға шапқанда,

Ғайып берен, қырық шілтен,

Жебеген ылғи батырды.

Кәміл пірі жар болып,

Бабай түкті Шашты Әзіз,

Қарабура бабасы,

Әруақтар қолдады.

Жыл артынан жыл келер,

Күн артынан түн келер,

Опасыз мына жалғанда

Шалғайыға жабысып,

Шалғысын тартып отайтын,

Ажал атты сұм келер.

Тағдырдың ісі жазулы,

Уақытысы келген соң,

Жүз бес жасап баһадүр

Дүниеден өткен-ді.

Өлмедім деп соғыста,

Арманда боп кеткен-ді.

БАТЫРДЫҢ АРМАНЫ

Бүкіл қазақ халқы бірігіп, ұзақ жылдар ғасырлар бойы соғысып, жоңғар, қалмақтың бетін қайтарып тоз-тоз болған Ақтабан шұбырындыдан қалған ел бірігіп, ру-ру, тап-тап болып жиналып ел болған кезде, Алшын Итқара би бір топ жолдастарын шақырып: «Жұма батыр баһадүр атамызға сәлем берейік. Осы атамызда арман бар ма екен? Жасы жүзден асып, жүз беске жетті. Өзі қатарлы өзінен кейінгі батырлар соғыста өлді. Одан аман қалды. Қазір бес баласы бес ауыл болып отыр. Қалмақ ханының қызы Панадан туған кіші әйелінен Қойтыман алтау болды», – деп жүріп кетеді. Келіп сәлемдескеннен кейін: «Сізге қоятын бір сауалымыз бар еді», – деді. Сонда батыр: «Сауалың болса, айт», – дейді. Итқара би былай деп сұрақ қойыпты:

  • Сан қамалға шапқанда,

Қайырдыңыз жау бетін.

Оқ дарымай денеге

Жасадыңыз сан ерлік

Ерлерге болып өнеге.

Көрдіңіз өмір сәулетін.

Оққа ұшқанда досыңыз,

Алапат ажал төрінен,

Шықтыңыз алып денесін.

Жау қолына тастамай,

Ерлігіңіз елге аңыз,

Өттіңіз жаудан жасқанбай.

Сәлем беріп біз келдік,

Сұрайық деп атадан.

Жасыңыз жетті жүз беске,

Алты балаң – алты ауыл,

«Арман бар ма сізде?» – деп,

Қойыпты сұрақ батырға.

Сонда батыр толғанып,

Көп отырып ойланып,

Айтқан сөзі бұл еді:

  • Мен айтайын, сен тыңда!

Қан соғыста өлгенде

Жылайтын еді артымнан,

Күңіреніп ел-жұртым.

Қамқор болған халқыма.

Пана болған еліме,

Ел қорғаған, Арысым

Айрылдым деп батырдан.

Енді міне, өлімім –

Кәрі қойдың өлімі,

Кім жылайды артымнан

Емес пе арман бұл маған?

Отан үшін, ел үшін,

Ұлтарақтай жер үшін,

Қан соғыста өлтірдім,

Жауларымның талайын.

Ешбірін оның алмадым,

Өлтірдім деп ойыма.

Үш адамның жазықсыз

Қаны бар менің мойнымда,

Құдайберген, Шәукенің,

Салғарабек – ел биі,

Емес пе арман бұл маған?!

Айналайын, Итқара,

Жақсы болды келгенің.

Көптен жүрген ойымда

Әттеген-ай, дегізген.

Бармағымды тістеткен

Іштен шықты арманым:

Салғарабекті өлтірдім,

Балалықтың ісімен,

Халқымның дана көсемін.

Құдайберген, Шәукені,

Аталас жақын келінім,

Манақа үшін өлтірдім.

Жазығы жоқ жан еді

Кеткенімді келтірген

Кемтігімді толтырған,

Емес пе арман бұл маған?

Деп тоқтапты батырың.

Патша болсын, бай болсын,

Батыр болсын, құл болсын,

Дүниеге келген адамның,

Көңілі көпке толмаған,

Армансыз жан болмаған.

Пәнделік жасап жүргендер,

Армансыз деп өмірден

Батырдың естіп арманын,

Мейілінше бәрі таңданған.

Итқара би кетерінде: «Ата, сау болыңыз», – депті. Сонда батыр оған: «Ал, шырағым, мен өлген соң той жасап, көкпарларыңды тарта беріңдер», – деп қоштасыпты. Міне, одан бері екі жүзден аса жыл өтіпті.

БАҺАДҮРГЕ БАС ИЮ

Қанша ғасыр өтсе де,

Ел есінде сақталған

Пана болған еліне,

Қорған болған жеріне,

Жұма батыр баһадүр,

Санада әлі тірі тұр.

Өлгенге бұлар жатпайды

Туған халқы батырын,

Есінде мәңгі сақтайды.

Алпыс екі тамырдың,

Ішін түгел аралап,

Елім деген жігіттің,

Жүрегінде тұрады.

Дәл қазіргі заманда

Әжеден бастап жас келін,

Бойында болса құнары,

Әруақты ер атын.

Естігенде ерекше,

Ілтипат қылып тұрады.

Атауға атын батпайды,

Жүрегінде әрдайым

Үш жүз жылдан асса да

Ізет етіп сақтайды.

Әруағы батырдың,

Егемен болған елімен,

Құшақ ашып қауышты

Жүрегінен жұртының,

Мәңгі мекен тауыпты.

***

Бес ғасыр өткен бұрынғы,

Нәрік ұлы Шорадан,

Атадан жеткен атаға

Тарихын айтып қалдырған,

Кейінгі өскен ұрпақтың

Санасына сипаттап.

Шежіре қып жаздарған

Тама Жөгі ішінде,

Төлеген деген елінде,

Жиымбайұлы Битұрсын.

Қожабайдың баласы

Түсіп бабам жаздырған

Шежіресін қараңыз.

Нұрлыбай әкем соғыста,

Қаза тапқан майданда.

Әкемнен қалған елес бар.

Алақанын аңсаған,

Жүрген бір жанмын арманда

Түсіп атам шежіре,

Елден бөлек ерек-ті,

Немереден жалғыз мен

Есімім – Жәкел Нұрлыбай,

Жұма батыр бабамның

Атам Түсіп жыр етіп,

Баян еткен тарихын,

Қара сөзден аударып,

Жыр етіп оны мен жаздым.

Оқушы қауым, бауырым,

Бұл дастанның ішінде

Отаным деп, елім деп,

Еңіреп өткен ерлердің

Батырлығын, ерлігін,

Баян еткен тарих бар.

Хат бетіне көп түспей,

Ұмытыла бастаған,

Зерделі ұрпақ болашақ,

Ынта қойса анықтар.

Қаншама батыр опат боп,

Отқа түсті бұрында.

Осыншама байтақ жер,

Ей, бүгінгі жас ұрпақ,

Қаншама батыр қаныма,

Қорғалғанын ұғыңдар!

Жұма да сондай батыр-ды,

Ерлігі ерен ғажайып,

Қас батырға лайық

Оқып шығып дастанды,

Оқыңыз дұға артынан,

Бір Алладан басқаның,

Барлығына өлім бар.

Бұл дүние – опасыз,

Басыңнан бір күн өтеді.

Қызығың көзден бұлбұлдай,

Алысқа ұшып кетеді.

Аллаңа жаса құлшылық,

Туралап келсе ажалың,

Жинаған алтын жиһазың

Жаныңа себеп бола алмас.

Туралап келген түнектің,

Түндігін кері серпетін,

Шырақ – отты жаға алмас.

Қырына алса қу тағдыр,

Көрсетер мінез өктемін,

Өкінгенмен не пайда? –

Өмірден мұны көп көрдім.

Әмин.

1999 жыл.