Созақ ауданының тумасы, қаламгер Елнұр Қайратұлының фейсбуктегі парақшасында 2020 жылғы 14 мамырда жарияланған “Құпия үңгір” атты шығармасына Қуат Ахметжановтың оқуымен жазылған бейнебаянды көруді ұсынамыз.

Әскерден келген кезім. Анамның әпкесі үйге құтты болсын айтып, жағдай сұрасып арнайы келген болатын. Шәй үстінде әңгімеден әңгіме шығып, нағашы әпкем анама:
– Баяғы Кәрібекті көрдім. Алған әйелінен бала да сүймей, әйелі де жақында қайтыс болып, белі бүкірейіп, әбден әбіржіп қалыпты. Өзіңнен де бар, сол кітаптың киесі ұрды дедім, – деп, әлде кімді әңгіме қылып отырды.
Басында мән бермедім. Кейіннен «Сол киелі кітаптар әлі көз алдымда» деген жерін естіп қалып, құлағым елең ете қалды. Жастайымнан кітап оқып, тарих, әдебиетке құмар болған мен үшін бір қызығушылық пайда болып, сөзге араласып:
– Кімді айтып отырсыз, не болған еді? – деп сұрадым.
Екеуі де бір-біріне қарасып ұзақ жылдар сақтаған құпиясын айтамыз ба, жоқ па дегендей үнсіз отырды да:
– Жай, әншейін, – деп жылы жауып қоя салды.
Бір кереметтей құпия, тарихи оқиға екенін іштей сезіп, анам мен нағашы әпкеме айтуын өтініп қолқа салдым. Басында айтқылары келмей біраз абыржыды да, жаңадан әскерден келіп, ыстық-суығы басылмаған ұлдарының көңілін қимады ма:
– Ех, шырағым, қаншама жыл іште сақталып келіп еді, айтсам айтайын, бір жүк түскендей жеңілдеп қалайыншы, – деп нағашы әпкем әңгімесін бастап кетті. – Кеңес үкіметі орнап, 1923-24 жылдары Лениннің “дін – апиын” деп өз саясатын жүргізіп тұрған қиын-қыстау заман еді. Анаң ол кезде жасы бір-екі жаста ғана болатын. Бай тұқымы деп қуғынға ұшыраған ауылдың бетке ұстар ер азаматтарының ішінде біздің де әкеміз болатын. Ауылда еркек кіндіктілерінің ішінде тек қана жасы сексеннен асқан бір молда шал ғана қалған. Онда да құран, намазын жасырынып оқитынын апам марқұм айтып отырушы еді.
Мамыр айының жайма шуақ аяқ кезі. Табиғат тура бір кілем төсегендей қызылды, көк тамаша құлпырып тұрған кез. Күндегі ермегіміз таудың шатқал-шатқалын аралап, қыр-сайын кезіп, неше түрлі әсем гүлдер теретінбіз. Мен, көрші құрбы қыз және тағы бір ұл үшеуіміз Созақтың әйгілі қарт Қаратауының күн батыс жағында, асыр салып ойнап жүргенбіз. Менің жасым он бірлерде болатын, қалғандарымыз шамалас, арамыз бір екі жас ойын баласы едік. Аспанда алтын күн сәулесін шашып төбемізге келіп, түс уақыты болып қалған кез. Ойымызда ештеңе жоқ, күнде өтіп жүрген бір жартастың жанына өте бергеніміз сол-ақ еді, әлгі көрші қыз аяғы басқан жерінде саудырама тастар сырғып, өзі де жаңа пайда болған белгісіз үңгірге түсті де кетті. Әдепкі де түсінбей, қимылсыз бір-бірімізге қарап тұрып қалғанбыз. Біз барғанда үңгір ауызындағы кәдімгі тастың диірмен сияқты қозғалып ашылатынын көріп таңқалдық. Бір адам түсетіндей текпешекті байқап, сонымен ақырын түсе бастадық. Үңгір ауызы жарық екен де, арғы жағы күңгірт қараңғы. Күн сәулесі үңгірдің ауызына дәл түсіп тұр. Іші шамамен 3-4 киіздің қатар тігілгеніндей көлемдірек. Қыз баласы болғасын ба, қабырғаға жақын бірінің үстіне бірі әдемілеп жиналған, көздің жауын аларлықтай небір парсы кілемдері көзімізге бірден ыстық басылды. Бәрімізде үн жоқ, аң-таңбыз. Бұрын әжемнен талай ғажайып қазыналар жайлы жыр-қиссаларын тыңдағанымыз болмаса, мынадай мол қазынаға тап боламыз деп үш ұйықтасам түсіме де кірген емес. Араларында үлкендері мен болғандықтан, бәрі менің соңымнан қимылдарымды қайталады. Бірінші бастап мен жиналған кілемдерді ұстамақ болып қолымды созғанда, әбден күйе жеп, іріп тұрған кілемдерде қолымның іздері ғана қалды. Тағы да екінші қолымды қозғағанымда тура бір шаң секілді үгітіліп, сырғып түсті де қалды. Бейне бір ертегі әлемі секілді. Тұтылған кілемдердің ар жағында қатар қаланған кітап сөрелері. Таңғажайып, не деген көп кітаптар. Ол кезде ешбірімізде әріп танымаймыз. Бәріміз қызық көріп кітаптарды бірін соң бірін суреттерін тамашалап, әр бетін парақтай бастадық. Әлі күнге шейін сол кітаптан шыққан керемет қалампырдың иісі мұрынымнан кетпейді. Ол өте жағымды иісті қазір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ата-бабаларымыз кез келген затты қалай сақтау керектігін толық меңгерген ғой. Қазіргі күні ойлап қарасам сол кітаптар философия, астраномия ғылымдары жайында екен ғой. Барлығы да сырты саз-балшықпен жұқалап сыланған қалың кітаптар. Кезек-кезек ашып қараймыз. Есте қалғаны, айлы түнде аспанмен жер арасын байланыстырып тұрған даңғыл жолдың үстінде, иығына асқан таяғының ұшында қапшығы бар, сақалды кісімен және біз «кентавр» деп білетін, белінен төмен жағы жылқы, жоғарғы жағы адам бейнеленген суреттер.
Үңгірдің арғы бұрыш жағы қараңғы болса да екі сүйеулі найзаны байқадым. Жақындауға қараңғы болғандықтан жүрексіндік. Алыстан байқағанымыз сандық тәрізді бір жерге топтастырып жиналған әртүрлі пішіндегі заттар болды. Баламыз ғой, қызығып түскі ас ішетін уақыттың қалай өтіп кеткенін үңгір ішінде байқамай, кейіннен қарынымыз ашып мазамыз қаша бастады. Мен өзіме ұнаған екі кітап алдым. Қалғандары да өздеріне ұнаған екі кітаптан алды. Сонымен үшеуіміз текпешекпен жоғары шықтықта, бағанағы диірменге ұқсаған тасты үшеулеп қозғап жаптық. Ішке оңай сырғып ашылғанымен жабылуы біраз қиындықтар тудырады екен. Кейін келгенде тез табуымыз үшін, тастарды үйіп белгі жасадық. Жолда бір-бірімізге бұл үңгір жайлы ешкімге тіс жармаймыз деп келісіп, үйлерімізге тарқастық.
Үйге жақындағанда қалың шидің арасына өзіме ұнаған суреттері бар бір кітапты тығып, үйге кірдім. Апам:
– Осы уақытқа шейін қайда жүрсің? – деп ұрыса бастағанында, қолына әлгі қалған бір кітапты ұстаттым да бір жазадан құтылып кеттім.
Таңырқаған кейіпін байқап, сұрап үлгергенше ғажайып үңгірді көргенімізді түгел баяндап бердім. Апам кітапты ашып біраз қарап шықты да, қазір келемін деген күйі, кітапты ауылдағы жалғыз молда кісіге апарып көрсетіпті. Молда кітапты қарап шығайын деп алып қалған екен.
Апам келіп, кешкі асымызды ішіп болған соң, күндіз шаршағаннан ба, күндегіден ерте ұйықтап кетіппін. Арада қанша уақыт өткені белгісіз айқай-шу, тарс-тұрстан шошып ояндым. Мылтық ұстаған екі кісі әскери киім киген ба деймін, молда шалды сүйрелеп біздің үйге ертіп келді. Күндіз бірге көрген дос баламыз көргені ішіне сыймай, әлдекімдерге үңгір жайлы айтып, олар кітапты апамның молдаға бергенін, сол кездегі сақшыларға айтқан екен. Молданы сабап:
– Бұл не кітап, оқы, құран ба? – дейді.
Ол байғұс қанша құран емес, бұл ғылыми кітап қана деп ақталса да сенбей, далаға от жағып кітапты өртеп жіберді.
– Егерде кімде кімнің үйінен осындай құран кітап табылса, сендерде мынаның көргенін көресіңдер, – деп молданы алдарына салып жаяу айдап кетті. Сол кеткеннен молда қайтып оралмады.
Абыр-сабыр басылып, біраз уақыт өтіп, жүрегіміз орнына түсіп отырып апам менен:
– Қане шыныңды айт! Тағы кітап бар ма? – деп сұрады. Басында жасырып:
– Жоқ, – дедім күмілжіп. Дауысымнан жасырып тұрғанымды байқады ма, түсі бұзылып, ашуға мінген апам шашымнан шап беріп:
– Сен бізді құртайын деп жүрсің ба? Иттің ғана қызы! – деп сабай бастады.
Жалмауызға да жан керек дегендей, амал жоқ айтуға тура келді. Қалың ши арасынан тығылған кітапты алып келіп, қолына бердім. Киіз үйдің ортасына самаурынды әкеліп, әр бетін кезек-кезек жыртып, оттығына тастап жаға бастады. Әлі таң қалатыным, апам жыртқан кітаптың әрбір беті қазіргі қағаздар сияқты емес, қиын күшпен жыртылғаны есімде. Осы күні ойлап қарасам, әр беті теріден жасалған-ау деп топшылаймын. Одан кейін әлгі жерге бару түгілі ойлауда өте қорқынышты еді.
Әжем айтқан қиссалардың ішіндегі Отырар кітапханасы есімде қалыпты. Ол кісінің айтқан аңызы бойынша, Отырарды Шыңғыс ханның қалың әскері жаулағанда, шаҺарды билеген Қайыр хан бір ұл, бір қыз балаға керуен бастатып, қырық түйеге кітаптарды артып, жер асты жолымен жасырын жіберген екен. Содан сол керуенді көрдім білдім деген адам баласы болмапты, – деп нағашы әпкем әңгімесін аяқтады.
Әлгі Кәрібекті көрдім – деп әңгіме қылып отырған кісісі, бұрынғы кітап жайлы айтып қойған бала екен.
– Сол жазығы жоқ молданың обалына қалды, – деп күрсінді.
Осы оқиға есімнен шықпай ауылға келіп, Омарбек досыма айтып, қазыналы үңгірді іздейікші деп ұсыныс жасадым. Маған таңқала қарап күлді де, қолын бір сілтеді. Арада қанша жыл өтіп жатты. Нағашы әпкемді көрген сайын:
– Сол тауға алып барсам таба аласыз ба? – деймін. – Табуын табам-ау, бірақ, аяғым тауға жарамайды ғой, – деп сылтауратқан болады. Мен де қоймай:
– Арқалап апарсам ше? – деймін.
– Бәлесі жұғады, балам, – дейді.
– Ой, апа, қазіргі заман басқа заман, – деп қоймай, ақыры уәдесін алдым.
Жастық көңілмен әне барам, міне барам деп жүргенде ол кісі де өмірден өтті. Міне, бұл күнде жасым алпысты алқымдады. Осы әңгімені естігеніме қырық жылдай уақыт сусып өтсе де, ойымнан Отырар кітапханасы әлі күнге кетер емес. Қазіргі дамыған заманда арнайы акустикалық құрылғылармен үңгірді анықтап, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бабамыздың құнды кітаптары табылса, ғылымымыз дамып, Қазақстан әлемге танылар ма еді? – деп Қойшыбай ағамыз әңгімесін аяқтады.
Расында сырлы Созақ, қазыналы Қаратау сонау тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін, қаншама құпия-сырларды қойнына бүгіп жатқаны сөзсіз.

Елнұр Қайратұлы.