Белгілі ғалымдар Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбектің 2001 жылы жарық көрген «Елтұтқа» атты кітабында «Қарабура – сахара тұрғындары арасында қалыптасқан өмір салттың шырқын бұзбастан исламдық наным-сенімді жерсіндіруге белсене ықпал еткен өз заманының қайраткері. Бұл тұрғыда ол әйгілі ойшыл ақын, сопылық дүниетанымның ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауимен мүдделес болды. Фәни мен бақи арасындағы құндылықтарды парықтай отырып, адамдар арасында адамгершілік, ізгілік, қанағат, рақымшылдық, адалдық сияқты қасиеттерді өмірдің өзекті ұстанымдары ретінде насихаттап отырды.
Қарабура есімінің ұранға шығуы, ол ұстанған гуманистік арман-аңсардың кейінгі ұрпақ үшін де бойтұмардай қастерлі екенін пайымдатады. Тіптен, Қарабура дүние салып, сүйегі Созақ топырағына бұйырған соң да, оның қабірі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға айналды. Қарабураның аруағын исі түркі жұрты күні бүгінге дейін зор құрмет тұтады» – дейді.
Қазақ даласы қаншалықты ұлан-ғайыр кең болса, Созақ даласының ұшы-қиырына көз жетпейді. Шығысы мен батысына, оңтүстігі мен солтүстігіне жету үшін ұшқан құстың қанаты талып, арғымақтың тұяғы тозған кең сахара небір тарихи оқиғалардың кіндігіне айналды. Созақ жерінде Баба ата (Ысқақ баб әулие) кесенесінің, Құмкент елді мекеніндегі Бабай Түкті Шашты Әзіз әулие кесенесінің жаңартылуы, Созақ елді мекеніндегі Қарабура әулие кесенесінің (сәулетшісі, салдырушы Құрал Ержанов) жаңартылып жаңаша сипатқа ие болуы, ақ мәрмәр тастан өріліп, ай күмбездің орнатылуы ата-бабалардың көксеп келген армандарының, кейінгі ұрпақтарына тапсырып кеткен аманаттарының, үлкен парыздарының орындалуы деп білеміз.
Ежелгі қарт Қаратаудың теріскей бетіндегі Түркістан облысының Созақ, Жамбыл облысының Сарысу, Қарағанды облысының Жаңаарқа аудандары халықтарының бірнеше ғасыр бойы ауыздарынан түсірмей пір тұтып сыйынып келе жатқан Қарабура әулие туралы Ш.Уәлиханов (1,2,3,5 томдар. Алматы, 1985); М.Тынышбаев (Материалы к истории киргиз-казахского народа, Ташкент, 1925); Ә.Марғұлан (Ежелгі жыр, аңыздар, Алматы, 1985); Р.Мұстафина (Представление, культы, обряды у казахов, Алматы,1992); С.Тебірезов (Қарабура әулие, Қарағанды, 1996); Ә.Кекілбаев (Ерлік пен елдіктің киесі, «Егемен Қазақстан» газеті, 1997, 20 наурыз); И. Жақанов (Қарабура, Алматы, 1997); Ә.Қалмырзаұлы (Тебірек дүние, Алматы, 1997), т.б. ғалым-зерттеушілердің еңбектерінде құнды-құнды деректер бар. Олардың көпшілігі Қарабура әулиенің қазақ жерінде Қожа Ахмет Ясауимен мақсат-мүдделерін ортақтастырып, ол дүниеден өткенде, өзінің өсиеті бойынша оның мәйітін арулап, жаназасын шығарғаны жөнінде шығармаларында деректі құжаттарға тоқталады.
Қарабура әулие кесенесі жөнінде Ілия Жақанов пен менің тұжырымдамаларым Қазақстан ұлттық энциклопедиясына (2003 жыл, 5 том, 547 бет), Өтеш Қырғызбаевтың «Қарабура әулие асы» атты кітабына (Алматы, 1999 жыл) сонымен қатар сарысулық Нұрлан Рахымжановтың тарихи шежіресіне де енгізілуде.
Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «Ерлік пен елдіктің киесі» атты мақаласында (Егемен Қазақстан, 1997, 20 наурыз) «Қарабура әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан Есім, қиналғанда медет болар Қуат, шамданғанда қайрат бітірер Ұран, бүгінгі қазақтың ұлт болып ұйысуына нақты үлес қосып келе жатқан құбылыс» деп өте құнды мәлімет берді. Бізге жеткені, Қожа Ахмет Ясауидің Қаратаудың күнгей бетінде, ал Қарабура әулиенің Қаратаудың теріскей бетінде ежелгі қазақ даласы қазақтың көне заманғы астанасы Созақ жерінде жатуы. Кім біледі, Қарабура әулиенің де өсиетін ұрпақтары орындап, бабасын Созақ елді мекеніне жерлеген де болар. Егер Созақ даласына тіл бітсе адамзатқа беймағлұм Қарабура әулиенің өмірі мен орнынан бөлек, талай шежірені кейінгі ұрпақ алдына ақтарып салар еді.
Қарабура тарихи тұлға, ол алыс дүниенің адамы, естен кетпес ірі-ірі істерімен кейінгі толқын-толқын ұрпаққа аңыз-жырға айналған. Арыстан баб, Баба-ата (Ысқақ баб), Баба Түкті шашты Әзіз, Қожа Ахмет Ясауи, Қарабура әулие – қазақ даласының Қаратау өңірінен топырақ бұйырған халық сан ғасырлар бойы пір тұтатын әулиелер. Белгілі саясаткер, жазушы Қазақстан Үкіметі жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің бұрынғы жауапты хатшысы Бақтияр Сманов «Қарабура әулие» атты мақаласында («Егемен Қазақстан». 20 наурыз 1997 жыл) Түркістан маңындағы әулиелердің халқымыз тарихында, жалпы ислам өркениетінде алатын әрқайсының орны бар. Күллі түркі әлемінде Қожа Ахмет Ясауи өмірімен байланысты жайларды әңгіме еткенде, Қарабура әулие есімі еріксіз еске түседі. Өйткені ол халқымыздың бүтін бір тайпа елінің жауынгерлік ұранына айналған, Әзірет Сұлтан бабамыздың иманын үйіріп, ақ жуып арулаған, ақтық киімін кигізген, жаназасын шығарып, жамбасын жерге тигізген ерекше қасиетті діндар адам. Оның көздегені – Алланың ақ жолы, адалдық, шынайы адамдық қасиет. Сол болмысымен, оның аруақ рухы күшейген, әр нәрсені алдын ала болжай білген, айтқаны айнымай келген, жақсылықты да, жамандықты да күні бұрын сезген. Сондықтан оның атағы жер жарған. Ол – түркі жұртының қасиетті әулиесі саналған» – дейді.
Әбіш Кекілбаев «Ерлік пен елдіктің киесі» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 1997, 20 наурыз) тарихты терең толғай келе былай дейді: «Қарабураны мыңдаған жандар тарихи тұлға деп, нақты адам деп, нақты адамдардың нақты баласы деп біледі. Бірақ, оның хатқа түскен өмірбаяны жоқ… Оның Қарабура атануы да, Қожа Ахмет Ясауиды ақ жуып, арулағанда ендеше бір тайпа емес, күллі түрік дүниесі мойындарлық Рухани пір саналуы да, тегіннен тегін емес. Ол бір кездегі бабаларымыздың нақты тарихи тағдырларын еске салады» – дейді.
Қарабура әулие – халқымыздың санасына ықпал етіп, рухани өміріне таусылмастай азық берген, жүрегіне өшпестей жылу ұялатқан, имандылыққа жол бастаған тарихи тұлғалардың бірі. Бүгінде Созақ топырағындағы Қарабура әулиенің кесенесі іргесіне өз өсиеттері бойынша төре Ақназар хан (Қасым ханның баласы 1533-1590 жылдарын 42 жыл қазақ хандығын билеген), орта жүз Шілмембет би, кіші жүз Дәулет-Қарабура батыр (Әмір Темірдің қолбасшысы, ақылгөй айбынды батыры болған), ұйгыр Шахасум – ахун (шырақшы), өзбек Қожамқұл ғұлама сияқты әйгілі адамдар жерленген.
Түркістан қаласында орналасқан Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжан Нұрболат Қәдірұлының бастауымен қазақ халқының ежелгі мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи туралы тағы да қосымша мәліметтерді жинау мақсатында арнайы іс-шаралар жасағаны, рухани пір баба жолымен өтуі туралы хабар естіп ел қуанышқа бөленіп жатыр. Ел азаматтары профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Шора Исмолдаев және Нұрлан Рақымжановтардың аталған орталықпен осы бір игі істегі ерекше еңбектерін атап өткім келеді.
Қожа Ахмет Ясауи Ибраһимұлы туралы кесененің ішіне кіргеннен соң тайқазаннан өте берісте оң жақта былай деп жазылыпты. «Мұсылман әлеміне зор рухани ықпалын тигізген Әулиелердің Сұлтаны Сайрам жерінде дүниеге келіп, 1166 жылы дүниеден өткен, Шежірелік деректер бойынша Әзірет Әліден тарайтын арғы бабасы – Сыр өңіріне Исламды алғаш таратушылардың бірі болған – Ысқақ баб, Әкесі – Ибраһим, атасы – Махмуд және ұлы атасы – Ифтихар екені «Насабнамадан» белгілі. Қожа Ахмет Ясауидің ғұмыры жайлы еңбек жазған ясауия шайхы Хазинидің айтуынша анасы – Мұса шайхтың қызы – Айша хатун, ал халық аузындағы аңызда – Қарашаш ана. Ясауидің ата-анасының зираттары Сайрамда жатыр. 63 жасына дейін өмір сүрген Ясауи бабамыз 63 жас пайғамбар жастан кейін қылует жерасты мешітінде өмір сүрген. Қайтыс болғаннан кейін шәкірттері арулап жерлеп, басына кесене орнатады. Әмір Темір ХIV ғасыр аяғында күмбезді сағана салдыртады. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуана хикмет/ Диуана хикмат». «Мират-ул Қулуб», «Пахрнама», «Риссала дар адаби тариқат» сияқты тарихи мұралары бар. Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғаннан соң өзінің аманаты бойынша жаназасын мүдделесі Қарабура әулие шығарған. Қарабура әулиенің кесенесі Түркістан облысы Созақ ауданы Созақ елді мекенінде орналасқан.
Осылайша, әділдік орнап Қожа Ахмет Ясауи дүние салғанда, оның өсиеті бойынша мәйітін арулап жуып жер қойнауына табыс ету рәсімін Қарабура әулие орындағаны туралы аса құнды іс-шара өз шешімін тапты. Әрине, осы бір көптен күткен әділ шешімді іс жүзіне асырған Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи мәдени қорық-музейі ұжымына алғысымыз шексіз.