Ол уақытта Таманың Берді атасынан тараған Байқошқарұлы Әбілданың (ел аузында Жарғақ Әбілда атанып кеткен) балалары жоқ уақыт па, әйтеуір кемпірі екеуі ғана тұрады екен. Шабындықтың басында отырады, әлде егін салып отырса керек. Сырғауылдың басын қосып, жоғарғы жағын байлап қос тігеді. Сырғауылдардың сыртынан баялыш, ебелек сияқты шөптермен жабады да, оның сыртын киіз үйдің киізімен орап байлап тастайды. Киіздің сыртқы етегін күлмен, болмаса қысты күндері қармен көмкеріп тастайтын болған.
Бір күні кеште шамды жағып, кешкі астарын ішіп отырса үйдің сыртынан дүбірлеген аттың дыбысы келеді. Ол уақыттың адамы қазіргілердей үйге бас салып кіріп келмейді, сырттан дыбыстап:
– Кім бар-ау? Сөйлес, – дейді.
Сонда Жарғақ Әбілда отырып:
– Мен бар, Әбілда бар, Жарғақ бар, Пәленше бар (кемпірінің атын атайды), кемпірім бар, – дейді.
Сонда сыртта тұрған адам бес аттылы жолаушы екен.
– Е, бұлар бесеу екен, біз бесеуміз. Кішкентай қостың қай жеріне сиямыз. Түн қараңғысына ілікпей қонатын жер тауып алайық, – деп жөндеріне кеткен екен.

Нұрғали Адырбеков,
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы,
Жайылма ауылы.