Алғашкы шежірені жазған Қайырлы атам,
Жиен болам ол адамға, мен мақтанам.
Анам Сара – Қайырқұлдың қызы болған,
Сақтап қалған шежірені атам жазған.

Анамның айтуынша Қайырлы ата 1905 жылы Куйбышев колхозы, Қоспа ауылында дүниеге келген. Ол кісі мұғалім болып, балаларға дәріс берген. Жасынан өлең шығаратын қабілеті болған. 1941 жылы соғыс басталғанда, Қайырлы ата, інісі Қайырқұл атамен бір күнде майданға аттанады. Қайырлы ата Сталинград түбіндегі үлкен шайқаста ауыр жарақат алып, жау қолына түседі. Сөйтіп, есіл ер қапылыста тұтқынға түсіп, көп азап шегеді.
Тұтқын болып, қамауда жатса да, атамыздың болашаққа деген үміт оты өшпейді, ол Қызыл Армияның жеңіске жететініне сенеді. Қайырлы ата тұтқында болған кезінде, тума-туыстарына екі рет «қара қағаз» келеді. Сөйтіп екі бірдей «қара қағаз» келсе де, атамыз аман-сау 1946 жылы еліне оралады. Қайырлы атамның соғыс кезінде жазылған бір-екі өлең дәптерін біздің анамыз Сара сақтап калған. Соның ішінде атамыздың жазған «Ата-ру тарихы» шежіресі бар.
Амантай Төкешұлы Байсариев.


Үлкені Жетірудын ТАМА дейді,
Басқалары Тама руын аға дейді.
Атақты Әулие Есет, батыр Есет,
Би болған Тама ішінде дана дейді.

Қазағы Ақтобе, Орал даласының,
Шынғырлау, Қобда, Елек саласының.
Ішінде руымды сұрасаңыз,
Кіші жуз Жетірудын Тамасымын.

Таманың болған төрт баласы,
Қызылқұрт, Бұрнақ, Құрақ, Шотқарасы.
Бұрынғы шежіреге қарай айтсақ,
Ешкімнің бола қоймас сөз таласы.

Қызылқұрт Құрығының балалары,
Аташал, Қошақ, Қосым, Назаралы.
Туыпты Шотқарадан Есенгелді,
Бұрнақтан Жабал өсіп таралады.

Екі ұлға ата болған Есенгелді,
Ұлдары Кенжебай мен Құдайберді.
Заманда жаугершілік кол бастаған,
Кенжебай болған батыр мерген дейді.

Заманда көшпенділік елдің жәйі,
Таманын көп болыпты батырлары.
Қайсысың сол таманың деп сұрасаңыз,
Боламын сегіз арыс Кенжебайы.

Сегіз дейді Кенжебайдың балалары,
Болса да басқа-баска аналары.
Мырзалы, Жылти, Назар, Құрман, Төлек,
Кұдайқүл, Бұйра, Жылтый болып келді.
Сегіз ұл Кенжебайдан өсіп өнген.
Іргелі ел әрқайсысы бөлек-бөлек.

Шыңғырлау, Қараоба, Ақсай салалары,
Оралдың түстік батыс жағалары.
Жайлаған қатар-қатар екі болыс,
Болыпты екі мың үй шамалары.

Баласы Мырзалының Түрке, Жарас,
Екеуі бір атадан болуы рас.
Ақпамбет, Мырзалылық менің елім,
Жағасы Шынғырлаудың туған жерім.

Ұрпағын Ақпамбеттың әнгімелеп,
Қоялық Мырзалының өзгелерің.
Ақпамбет Тоқмәмбеттің бел баласы,
Жарастан келеді екен аты озып өнген.

Сөзіне шежіренің қүлақ салсақ.
Бір ұлы Ақпамбеттің Түрке дейді.
Шығыпты би атағы ерте дейді,
Атақты Әбілқайыр хан кезінде,
Бастаған елді көсем серке дейді.

Кеші жоқ игіліктің ертесінің,
Менде сол аға ұрпақтың тіркесімін.
Қайсысы бұл атаның деп сұрасаң,
Аталған Ақпамбеттің Түркесімін.

Түркеден сегіз бала туған еді,
Қуандық, Көпбай, Нұржау, Қожабай,
Балапан бес ұлдан соң кіші анадан.
Сәдібек, Сәндібек пен Келібегі.

Түркенің балалары бәрі болат,
Өсірген әрқайсысын көпке балап.
Жанбарақ, Бұйра, Сарқұл ұрпақтары,
Асынған батыр болды қару-жарақ.

Атаға тартып бала туарлығы,
Болмай ма ата жолын куарлығы.
Қайсысы аталарын деп сұрасаң,
Түркенін боламын Қуандығы.

Бір ұлы Қуандықтың Сүйін екен,
Сүйіннің үйі толы жиын екен.
Күндіз-түн дастарханы жиылмаған,
Бас қосар жақсылардың ұйымы екен.

Сүйіннің бес баласы болған дейді,
Бесеуі бес ауыл боп қонған дейді.
Ағасы Өтеліден екі ұл туып,
Жаралғап, Шота есімін қойған дейді.

Қонақбай, Мойнақбай мен балалары,
Жылкелді, Қадір менен Мейірманы.
Болса да екі енеден атасы бір,
Тетелес қатар өскен аралары.

Он екі ұл бесеуінен таралады,
Бектұрсын бәріне аға саналады.
Баймұқан, Дәужан, Нұржан, Әділ, Бораш.
Сүйіннің бел немере балалары.

Болыпты Мейірманнан екі бала,
Баймұқаннан жасы кіші, Мәуке аға.
Батыр да, бай да болған көрінбейді,
Қатардың адамдары еді момын ғана.

Атадан айбынды боп Даужан туды,
Жасынан атқа мініп, белін буды.
Еліне енбек етіп, билік айтып,
Атаның Түрке, Сүйін жолын қуды.
Аталып абыройлы елге сыйлы,
Жанына жақсылардан жолдас жиды.

Баймұқан ақыл-есті адам еді,
Ақкөңіл таза жүрек ақыл еді.
Аздырмай ата жолын берік тұтты,
Мұқият шаруасына тамам еді.

Әйелді жасынан-ақ алған екен,
Қыз бала ертеректе болған екен.
Ол дағы жас кезінде қайтыс болып,
Қайғыны бастарына салған екен.

Келгенде қырық екіге бала көрді,
Сол көрген балалардың кызығына,
Той қылып жинатыпты қалың елді.
Артықша аңсап көрген балалардың,
Қайырлы, Қайырқұл деп атын қойды.
Болыппыз Баймұқанның екі балалары,
Төрт үйге ағайынды ортақтала.

Төл емген екі енені тай құлындай,
Ер жеттік жас күннен ақ ерік берді.
Бүлдірмес оқсатар деп сеніп берді.
Қатарға қағу көрмей қосылсын деп,
Аялап өсіруді қызық көрді.

Жасымнан оқу-білім уыстадым,
Ардақтап сыйлаушы еді туыстарым.
Атамыз адал жүрек таза болды,
Ансаған арманына қожа болды.
Жылында мың тоғыз жүз жиырма төрт,
Жасында алпыс екі қаза болды.

Қадірі әкеміздің сондай еді,
Жас қалдық, екі бала ардақталған.
Кез болған ол бір ауыр жағдай еді,
Атамыз амал нешік кетіп қалды.
Соңында бала-шаға жетім қалды,
Жиналып жекжат, туған көңіл айтып,
Жұбатып қалғандарға тоқтау салды.

Мұрагер соңында екі бала қалды,
Жасында елу екіде ана қалды.
Толық жыл алдарында қызмет етпей,
Арманда келін бала және қалды.
Сол қалған екі бала біз боламыз,
Көп емес бір атадан аз ғанамыз.

Қайырлы, Қайырқұл Баймұқанов,
Шежіре ата-рулық тарихатым.
Иесі жазған хатты кім десеңіз,
баласы Баймұқанның Қайырлы атым.
Атанып шежіреде жазыламыз.

1944 жыл.

Баймүқанұлы Қайырлы, (1905-1991 жыл),

Батыс Қазақстан облысы, Бөрілі ауданы, Қоспа ауылының тумасы.