2020 жылдың 22 қарашасында Шымкент қаласында меценат Бекет Тұрғараевтың бастамасымен күйші Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды.

Шымкент қаласының тұрғыны ЖҮСІП Рәтбек Сәтұлы ағамыздың Сүгір ескерткішінің ашылуына жазған арнауын оқи отырыңыздар.

СҮГІР КҮЙШІГЕ АРНАУ

Уа, шертпе күй, шертпе күй,
Жан қылын қазақ шерткен күй!
Сүгірдей әзіз саңлақтың,
Жан нәрін шекте төккен күй!

Уа, шертпе күй, шертпе күй,
Жанына елдің екпе күй!
Маң бітім, салқам қазақтың,
Тереңіне жеткен күй!

Иійді күйге түгел бой,
Балқиды… дүние түгел ғой.
Қосқанат – қос шек сымпылдап,
Шартарапқа шабар ой.

“Бозінгендей” бүлкіл күй,
Қандырған айыз дүлдүл күй.
Керейтіне келгендей,
Төрт тарапты төрткүл күй.

“Шалқымадай” шалқы күй,
“Қосбасардай” балқы күй.
“Жолдықоңыр жолаушы”,
“Қаратаудан…” келді күй.

Бойға тәсір мәнді күй,
Қырмызы сазды балды күй.
Жұртына жаққан, жатқа да,
Күй біткеннің алды – күй.

Күй біткеннің “Аққуы”,
Айдында әсем қалқуы.
Бұл Сүкең бұл ел Қазаққа,
Алланың берген Тартуы.

“Терісқақпай”, “Телқоңыр”,
Ерек қағыс, арда өмір.
Қобыз күй, шертпе қонған жұрт,
Бірінен бірі өткен пір.

Қазағына “Ыңғайтөк”,
Жанға жағар сыры көп.
Сүкеңнің күйін тыңдай түс,
Тыңдаушы жұрт, сазға бөк!

Асылым, Жампоз, Әздегім,
Өзінде шаһар Шымкенттің.
Ұлықтап қазақ тұр, міне,
Тұғырға қондың– төрледің!!!

ЖҮСІП Рәтбек Сәтұлы,
25 қараша 2020 жыл,
Шымкент қаласы.